АҚСЕЛЕУДІҢ МҰРАҒАТТАҒЫ БЕЙНЕСІ
Күні кеше ғана бақилық болған досым әрі құрдасым Ақселеумен мұрағатта сырласатын күнге де келіппіз. Мұқағалидың айтатыны бар еді ғой: «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деп. Өлшеп берілген ғұмыр пенденің қалауына бағынбайды. Қазақ қайсы десе, ұялмай нұсқап көрсететін, бойы да келісті, сары атандай мойнын биікке созып, көзі күлімсірей жымиып, қасқая қарап, шежіре тиегін ағытып, майын тамыза әңгімелеп бергенде, былайғы жұрт оның аузына қарап қалатын. Бітімі көсем, сөз саптасы шешен құрбымыздың өзі жоқ болса да, бейнесі көз алдымыздан кетер емес. Кетпейді. Жақсы адамның өлімі де жақсы деген рас, Ақселеудің қазасы қаншама қазақ азаматының басын қосты. Сырласып, мұңдасып, бір тазарып қалдық. Сыртынан атын біліп жүрген талай жайсаңмен қол алыстық, төс түйістірдік, бірімізге-біріміз көңіл айтыстық.
Күні кеше ғана бақилық болған досым әрі құрдасым Ақселеумен мұрағатта сырласатын күнге де келіппіз. Мұқағалидың айтатыны бар еді ғой: «Шаң басқан архивтерден табылармыз» деп. Өлшеп берілген ғұмыр пенденің қалауына бағынбайды. Қазақ қайсы десе, ұялмай нұсқап көрсететін, бойы да келісті, сары атандай мойнын биікке созып, көзі күлімсірей жымиып, қасқая қарап, шежіре тиегін ағытып, майын тамыза әңгімелеп бергенде, былайғы жұрт оның аузына қарап қалатын. Бітімі көсем, сөз саптасы шешен құрбымыздың өзі жоқ болса да, бейнесі көз алдымыздан кетер емес. Кетпейді. Жақсы адамның өлімі де жақсы деген рас, Ақселеудің қазасы қаншама қазақ азаматының басын қосты. Сырласып, мұңдасып, бір тазарып қалдық. Сыртынан атын біліп жүрген талай жайсаңмен қол алыстық, төс түйістірдік, бірімізге-біріміз көңіл айтыстық.
Мына ғажапты қараңыз. Жаратылысынан тықы, қағазға ықтиятты Ақаң өлерінен аз-ақ бұрын, үйіндегі қағаздарын ретке келтіріп, 40-50 бумаға салып, Ұлттық мұрағатқа қолымен апарып тапсырыпты. Саналы жан иесі өзінің өлерін біледі, бірақ өмір атты қилы жолдың қашан қалай таусылатынын, қай қазыққа ат байларыңды болжау қиын ғой. Ал, Ақаң біліпті, арттағыға аманат қылмай, есі-ақылы бүтін, бойында қуаты бар шағында елу жыл жиналған қағаздарын өзі тәртіпке келтіріп, жөн-жөнімен тіркеп, қаттап байлаған екен. Тіпті, бұрын-соңды жазысқан хаттарына дейін, сонау балалық шағынан бастап түскен фотосуреттеріне дейін... түгендеп қойыпты. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегенге көзіміз жеткені осы-ау демеске шара жоқ. Ақиқаты - осы. Жазған еңбектерінің алғашқы нұсқаларын сызылған, түзетілген, қайта жазылған қалпында сақтаған екен. Әркімнің қолынан келе бермейтін, зиялы қауымға сабақ боларлық бір өнеге осындай-ақ болар. Еуропа жұртында бар дәстүр, қазақ арасында өте сирек кездесетін бұл ісі де замандастарына үлгі боларлық.
Енді, міне, марқұмның өз қолымен тапсырған жеке архиві ұрпақтарына мұра болып, Астанадағы Ұлттық мұрағаттың жетінші қорынан мәңгіге орын алыпты. Қарап отырмыз. Мөрдей анық, маржандай төгілтіп жазылған шежірені оңай оқисың. Заманымыз бір, ортақ тағдыр кешкен қаламдас құрбымыздың көзіндей, әрбір құжат мектептегі қаршадай Ақселеу мен профессор, ақсақал Сейдімбекке дейінгі жетілу, өсу, толысу кезеңдерінен сыр шертеді. Жаңарқа ауданы, Қызылту совхозындағы Ленин атындағы қазақ орта мектебінің 10-а класс оқушысы Ақселеу Сейдімбековтің аудандық «Жаңарқа» газетіне 1960 жылдың күзінде басылған алғашқы мақаласы «Аттестатты жас шопан» деп аталыпты. Мақалада жас шопан Қайныкеш Қасқатаевтың тапсырылған жұмысты адал орындап, жақсы көрсеткіштерге жетіп жүргені баяндалған. Тақырыбы да, мазмұны да таныс, біз көрген заманның өзекті мәселесі. Осы мақаланың авторы мен де алғаш шопандар туралы жазғанмын. Мен де қырықтықшыларды мақтағам.
Өмір жолымыз ұқсас, орта мектеп бітірген соң, Ақселеу қой бағуға, мен трактор жүргізуге кетіп, оқуға көбең тартып іліккенбіз. Солай жүріп қалам ұстағанбыз. Ақселеудің сол жылы басылған екінші мақаласы редакцияға қырықтық басынан, Атасу фермасынан жолданған екен. Кейіпкері Жүнісов Оралсын деген жігіт күніне 120 қой қырқады. Ақселеудің жасынан шебер жаза бастағанын шағын мысалмен көрсетейін: «Сол кезде сұңғақ бойлы қараторы жігіт алдындағы қойдың жүнін «сыр» еткізіп, түсірді де белін жазды». Электр қырықтықты білетін адам, разы болғандай... «жүнін сыр еткізіп түсірді» деген әрі шебер, әрі нәзік көрініс емес пе? Қырықтықшы болған соң, анда-санда белін бір жазып алмаса, шыдамайды. Жас тілші мұны да сергек байқаған. Екінші кейіпкері, қырықтық бригадирі Төлтаев Қасым ағай былай сөйлейді: «Көп баланың арасында бір шал бала болар, көп шалдың арасында бір бала дана болар». Міне, біздің дарынды Ақселеуіміздің журналистикаға салған алғашқы іздерінің табы осындай.
Қазақ университетінің журналистика мамандығын бітіргендегі диплом жұмысының тақырыбы: «Шоқан Уәлиханов және оның «Жоңғария очерктері». Ғылыми жетекшісі - профессор Хайыржан Бекхожин. Менің де жетекші ұстазым сол кісі еді. «Студент Сейдімбековтің мына жұмысы өзінің мазмұн тереңдігімен, жазу шеберлігімен маған ерекше көрінді...» деп жазған доцент Зейнолла Тұрарбеков. Анау-ыынау мақтау сөз аузынан шыға бермейтін, өзі такаппар, мінезі қасаң Зекеңді Ақселеу ғана тәнті еткен шығар.
Осылайша, өзін-өзі қайрап жетіліп, қамшылап, қатарға қосылған Ақселеу тұрғыластарынан оза берген. «Қатарға қосылып» дегенім селкем сөз емес, екеуміз де қатарымыздан кейін қалып барып, кеш жетіліп, кеш піскен мұндар едік қой! Құбыласын дұрыс ұстанып алдына мақсат қойған Ақаңның Алматыға іліккені - оның әдебиет пен ғылымдағы бағын ашты. Оның бер жағында, талаптылардың талайына «алтын бесік» болып, бақытын ашқан әйгілі «Лениншіл жастың» тәрбиесін көрді. Көптің бірі емес, қазақ журналистикасының көркін кіргізген тілші, ойлы қайраткер, өрнекті жазушы ретінде әуелден оза көрінген.
Сол жетпісінші жылдардың өзінде жазған бір мақаласында аралас мектеп атаулыға қарасы дабыл қаққан Ақаңның пікірінің дұрыстығы 40 жыл өткен соң, қайта алдымыздан шығып, маңызды мәселеге айналып отыр. Қазақ ауылының мешеу кезінде қалыптасқан интернатқа қатысты пікірін білдіріп. «Интернат дегенді әуеде қылып насихаттай бермеу керек. Жасынан ата-ана құшағынан жырақта салт өскен бала биопсихологиялық тәрбие жағынан жарымжан болып өседі», - дейді. Осы уақытқа дейін интернатта тек қазақ баласының ғана жатып оқитыны, солар ғана кемдік көретіні өтірік пе?
Бауырмал еді. «Теріскейде сен барсың, Қарағандыда Мағауым бар, «Орталығым» қандай, деп отыратын. «Орталық Қазақстаннан» Алматыға ауысатын болып, «Шайханымды» саған тапсырдым », деген бір ауыз сөзі әлі есімде. Құрбылас болған соң, Шайхан Жандаев марқұмды батыра сынап, әзілдесетінім бар еді. Кейде артық кететін де шығармын. Соған Шайхан құрбымыздың сағы сынып, жасып қалмасын, деп мені ескерткені еді. Уағда бердім, сол өсиетін орындадым.
...Әңгімені Ақселеудің мұрағатқа тапсырған қағаздарынан бастадым ғой, соны жалғастырайын. Ұлттық мұрағаттың қорында тігілген хаттарының өзі 700-ге жуықтайды. Оның ішінде Әлкей Марғұлан, Мәлік Ғабдуллин, Лев Гумилев, Ғабит Мүсрепов, Асқар Тоқмағанбетов, Әбділдә Тәжібаев, Ғали Орманов, Оралхан Бөкей... кім жоқ дейсің, бұлар менің байқағандарым ғана. Хаттардың әрқайсында Ақаңның еңбегі, ісі мен мінезі, адамдармен қарым-қатынасынан бір-бір тамшы мысалдар бар. Тұтаса келе, тірі Ақселеудің болмыс-бітімін түгендеп бергендей.
Реті келгенде айта кетейін Ақаңның Рамазан Сағымбековке, Жайық Бектұров ағамызға, Евней Бөкетовке, Ғабдолла Құлқыбаевқа, әлденеше хат жазғанын білуші едім. Жәкең өзі көрсететін. Осы және басқа да адамдарға жазған хаттарын өзінің «Орталық Қазақстаны» арқылы мен атаған архивке тапсыру жағы ойластырса, артық болмас еді. Бәрі бір жерде жатсын.
Ахаңның көп еңбектері тасқа басылып, ұрпақтардың еншісіне ұсынылды. Ал, өзі тапсырған қағаздарда сол еңбектерді жазуға дайындалған құшақ-құшақ материалдар, небір қымбат деректер мен мағлұматтар жатыр. Тіпті жарияланбаған кейбір дүниелерінің электрондық нұсқасын диск, таспа түрінде айтып жаздырып қойған екен. Көзі тірісінде бір сабақ жібіне дейін шашау шығармай, түгендеп, ұлағатты өмірінің жалғасын кейінгі талапкер немерелері мен шеберлеріне осылай табыстапты.
Әруағыңнан айналайын, Ақам-ай, айтылмаған қаншама сыр кетті ішіңде. Кеудең толы тарих, күмбірлеген замана күйі еді ғой. Енді, міне, сенімен мұрағатта қайта кездесуді жазыпты бізге.
ЗарқынТАЙШЫБАЙ, профессор
Қызылжар қаласы.