АСТАНАҒА АЗЫҚ-ТҮЛІК ТИЕГЕН АВТОКЕРУЕН АТТАНДЫ
Оңтүстiкте өндiрiлген ауыл шаруашылығы өнiмдерi Астана қаласына автокөлiк керуенiмен жөнелтiлдi. Азық-түлiк тиелген жүк көлiктерi бiрiнiң артынан бiрi тiзбектелiп Шымкент қаласын Алматы жол трассасымен жалғап жатқан Бәйдiбек би көшесiнен Астанаға қарай бет алды. Тауарлар 12-13 қыркүйек күндерi Елордада ұйымдастырылған арнайы жәрмеңкеде базар нарқынан 15-20 пайыз арзан бағада саудаланды. Нақты айтқанда, Астанаға диқандар 306 тонна өнiм алып барды. Оның 127 тоннасы көкөнiс, 35 тоннасы бақша өнiмдерi, 52 тоннасы ет өнiмдерi, 11 тоннасы картоп және арасында 55 мың дана жұмыртқа мен 5 тонна қымыз және 36 тонна басқа да өнiмдер бар. Осы азық-түлiктердiң жалпы бағасы 88 480 000 теңгенi құрады.
Жәрмеңкеде 11 қыркүйекте ресми түрде бастау алған Қазақ хандығының 550 жылдық мерекесiне орай, Сарыағаш ауданы үш киiз үй тiкті. Онда арнайы көрме ұйымдастырылып, астаналықтарға Сарыағаш ауданының ауыл шаруашылығы, қолөнер және басқа салалардағы жетiстiктерi ұсынылды. Сондай-ақ, сарыағаштық көркемөнерпаздар ұжымы Астана жұртшылығының алдында өнер көрсетiп, түрлi концерттiк бағдарламалар ұйымдастырды.
Абай-ақпарат