Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 5342 0 пікір 10 Тамыз, 2015 сағат 09:36

«ЕЛ ТІЛЕГІ- ЕЛУ МИЛЛИОН» ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Кеңес заманында шаруашылықты көтеру үшін түрлі ұрандар қабылданып, социалистік жарыстар өткізіліп жататын. Соның бірі шопандар арасындағы: «Ел тілегі елу миллион» бәсекесі. Бұл туралы қазір көп айтыла бермейді. Тіпті ешкім білмейді деуге де болады. Бірақ, бұл бағдарлама елдің экономикасын көтеру мен республикадағы азайып кеткен малдың санын қайта қалпына келтіруде үлкен рөл атқарған еді.

1928 жылы Ф.И.Голощекин бастаған «Кіші Қазан» реформасының салдарынан Республикадағы мал басы саны 45 миллионнан 4,5 миллионға азайып кетті. «Асыра сілтеу болмасын! Аша тұяқ қалмасын!» ұранын бетке ұстаған шолақ белсенділер қазақ шаруаларының қолындағы малдың бәрін етке өткізген болатын. Оларды орталыққа тасымалдайтын көлік болмағандықтан, үйілген етті өртеп отырған. Бұл біріншіден адамдардың ашығуына алып келсе, екіншіден, мал басы санының азаюына соқтырды. 1928-1932 жылдары Қазақстанда адам мен мал ресурстары адам сенгісіз дәрежеде азайып кеткен. Оның орнын толтыруға ұзақ жылдар қажет болды. Тек соғыстан кейінгі жылымық дәуірінде ғана республика бойынша мал шаруашылығында өсім байқалған болатын. Бірақ, ол ұзаққа бармады. 1954 жылы «Тың және тыңайған жерлерді игеру» туралы қаулы қабылды. Оны да шолақ белсенділер көтеріп әкетіп, мал шаруашылығына пайдаланылып келген шабындық және жайылымдық жерлерді жыртып, егін салды. Көптеген агрономдардың қарсы болған пікірлері ескерілмеді. Нәтижесінде мал азығына қажетті жер ресурсының болмауынан бұл сала кенжелеп қалды.
Мал шаруашылығының азаюы салдарынан республикада ет пен жүн тәрізді өмірлік қажеттілігі жоғары шикізат көздерінің тапшылығы сезіле бастады. Осы тұста жоғары жақтағылар, мал шаруашылығын көтерудің жаңа бағдарламасы ретінде: «Ел тілегі-елу миллион!» ұранын бекітті.

Ел қалай қабылдады?

Расында бұл бағдарлама дер кезінде қабылданған болатын. Сонау тың игеру басталған жылдары дүрмекке ілесіп, егін салумен айналысып кеткен совхоздар біртіндеп мал шаруашылығына қайта бет бұра бастады. Неге? Себебі агроном мырзалардың болжағаны келіп, бей-берекет жыртылған жерлер бір-екі жылдан соң түсім беруді қойды.

Егін салып, қарық боламыз деп ауыздары күйген шаруашылықтың бірі менің туған ауылым Томар совхозы. Дүрмек кезінде дәл ауылдың іргесіне дейін егін салынған. Ал біраз жылдан соң нәрінен айырылған жер түсім беруді қояды. Амалсыз егін салу тоқтатылды. Бос атыраптарды қобдыра (жусанның түрі) басып кетті. Ол жарықтықты қойдан басқа ешкім жемейді. Сондықтан, совхоз басшылығы ұранға үн қосып қой шаруашылығы болып қайта құрылуды қолға алған. Нәтижесі жаман болған жоқ. Аздаған жылдың ішінде ауданды былай қойып облысқа дейін аты кеңінен танылған үлкен шаруашылыққа айналып шыға келеді.

«Ел тілегі – елу миллион» ұраны шын мәнінде шопандар арасында бәсекенің басты нысанына айналды. Жақсы нәтиже көрсетіп, төлді көп алғандары мақтау мен мадақтаудың астында қалған. Кейбір кісілерге «Социалистік еңбек ері» атақтары беріледі. Аға буын өкілдерінің айтуынша сол жылдары шопанның баласы болу қазіргі министрдің баласымен тең болыпты.

Совхозға қарасты 28 қыстаудың әр қайсысын иеленіп алған шопандар төл алудан бірінен-бірі асып кетуге тырысып жататын. Жүз саулықтан жүз жетпіс, екі жүз қозы алған шопандар да болыпты. Ешқандай технологияның көмегінсіз, табиғи жолмен. Расында қолда бар қойдың бәріне егіз таптыру шын мәнісінде ақылға қонымсыз жағдай. Сонда бұл қалай болды деп ойлайсыз ғой? Бәрі оп-оңай. Шопандар төл алу барысында өздерінің жекеменшік қойларының төлінде санаққа қосып жіберіп отырған. Бәрі емес әрине, арасында мұндай арамдыққа бармай, қанша туса сонша төл алатындары да болған. Осыған байланысты ел арасында мынадай бір әзіл әңгіме бар:

Қой фермаларын тексеріп жүрген аудандық өкіл бір шопанға ұрсып жатыр дейді:

– Ана саулық неге егіз тапқан да мына қой неге жалқы тапқан? Малға алалап қарағанды қашан қоясыңдар? Екеуін де егіз тапқызбағаныңыз үшін сізге сөгіс беремін!

Сөйтсе шопан әлгі өкілге қарап тұрып:

– Қарағым қалағаныңа егіз тапқызатын қасиетің болса үйдегі келінге неге жылда егіз тапқызбайсың? – депті. (Өкілдің ұзақ жылдар бойына баласы болмай жүрсе керек.). Шопанның бұл бір ауыз сөзі елірген өкілді сабасына түсіріп, кешірім сұрап жөніне кеткен екен.

Мал шаруашылығы қазақ халқының ежелден маманданған саласы болатын әрі жеріміз де қой өсіруге оңтайлы еді. Алайда жобаның жетпей жатып желкесі үзілді. Одақтың шаңырағы шайқалып, Горбочевтің басынан бақ таяған соң нұсқаумен жүріп үйренген совхоздар әрі қарай не істерін білмей дағдарысқа түсті. «Бармақ түгіл бас қайғы» болған тұса, оларға нұсқау беріп жөн сілтеген жан болмады. Совхоз мүлкін әркім өз ыңғайына қарай талан-таражыға салған. Пысықай шопандардың бір бөлігі малдың бәрін басып қалып, өз алдына жеке шаруашылық құрып алады. Ал енді бір бөлігі үкіметтің қаржыландыруысыз қалған совхоз қажеттілігін өтеу (жанар-жағар май, техника бөлшектері, айлық) мақсатында арзан бағаға сатылымға қойылады. Бұдан аман қалғанын кезінде комсомолдық жолдамамен қойға қуылған жастар араққа айырбастап құртады. Сол малды өсіріп-өнідірген шопандардың кеудесінде салдыраған темір мен қолдарында жарамсыз алғыс хаттан өңге дым қалмаған. Бұған наразы болған қариялар біраз жерге шапқылап, малды аман алып қалуды сұрап басшылыққа жалбарынады. Бірақ, олардың сөзін елеп-ескерген жан болмаған. Айтар ақылын тыңдар құлақ таппай сабылған ақсақалдардың жайы күйі туралы «Қой мен гүл» әңгімесінен оқысаңыз болады. Біздің ауылдағы қариялардың да күйініші сол, миллионға жетеміз деп жиған малдың ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетуі.

bnews.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5406