ОҚО. АПАТ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ МЕКТЕПТЕР МҮЛДЕ БОЛМАЙДЫ
Тамыздың да алғашқы аптасы өтiп барады. Ендi шамалы уақыттан соң жаңа оқу жылына дайындық толығымен аяқтап үлгеру керек.
Сонымен, жаңа оқу жылына дайындық қалай?
Жалпы, республикалық және облыстық бюджет есебiнен 23,7 миллиард теңгеге 104 бiлiм нысанының құрылысын салу жоспарланған. Оның iшiнде 67 нысанның құрылысын биыл бiтiру көзделiп отыр. 2015 жылғы 3 тамызға дейiн 30 нысанның (оның iшiнде 24 мектеп, 2 балалар бақшасы, 4 қосымша жай) құрылысы тапсырылды. Оның 15-i апатты жағдайдағы мектептер. Облыс бойынша 46 мектеп апатты жағдайда болатын. Жыл соңына дейiн тағы 14 мектеп тапсырылмақ. Сонда облыстағы 1022 мектептiң 17-сi ғана апатты жағдай санатында деген сөз. Ал, келер жылы облыста мұндай мектептер мүлдем болмайды.
Облыстың бiлiм, жастар iсi және тiлдердi дамыту басқармасының жауапты мамандарының берген мәлiметiне сүйенсек, ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң 2014 жылғы 17 қазандағы «11 жылдық бiлiм беру» бағдарламасы бойынша 2015 жылы 4, 5, 6, 11-сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк құралдары жеткiлiктi дайындалмақ. 3-сыныпқа арналған ағылшын тiлi, 7-сыныпқа арналған информатика пәнi оқулықтары толық қамтылады. Оқулықтар үшiн республикалық және жергiлiктi бюджеттен тиiстi қаржылар толық аударылған. Тамыз айының 15-iне дейiн барлық оқулықтар мектеп кiтапханаларына түсуге тиiс.
Десек те, аудан, қалалардағы бiлiм мекемелерiнiң 2015-2016 жылдардағы қысқы маусымға дайындығында әлi де кешеуiлдеушiлiктер бар сыңайлы. Қолдағы мәлiметке жүгiнсек, Шымкент, Түркiстан қалалары мен Отырар, Ордабасы, Түлкiбас аудандарында қатты отын дайындау әлi қолға алынбаған. Бiрақ олар бұл кешеуiлдеудi жаздың аптабында көмiрдiң қызып кететiндiгiмен түсiндiрiп отыр. Расында, мұнымен де келiсуге болады. Аптап ыстықта көмiрлер күлге айналып немесе өзiнен-өзi жанып кететiнiн тәжiрибе көрсетiп жүр. Сондықтан ауа райы салқындай бастағанда бұл iстi жедел қолға алу керек-ақ.
Арыс, Кентау қалалары, Бәйдiбек, Сарыағаш, Мақтаарал аудандары қатты отынмен 100 пайыз қамтамасыз етiлген. Созақ, Шардара аудандары көмiр тасуды жартылай аяқтаған.
Сайып келгенде, биылғы жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары көңiл көншiтерлiктей. Қоңырау қағылар күн жақын. Оқушылардың алтын ұяларына шат көңiлмен оралуын тiлейiк.
Абай-ақпарат