Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәдениет-әдебиет 10173 3 пікір 5 Тамыз, 2015 сағат 09:06

АБАЙ ХАМЗА. «АБАЙДЫ ҚОРҒАП...»

 

 «Абайды қорғап...»  Осы аяқталмаған жарты сөйлемге Жабал Шойынбет бауырымыздың бүкіл демей-ақ қояйық, жарты тағдыры сыйып тұр десе болады. Оған дәлелдің керегі аз. «Абайтанушы Жабал Шойынбет»  деген анықтама атаумен қазақ зиялылары болып, көзқарақты  оқырман қауым жақсы таныс.

Жабалдың жарты тағдырына айналған осы «Абайды қорғап...»  сөзінің  Жәкең үшін екі жағы бар. Бір жағы – бүкіл қазақ қауымының рухани намысы үшін  «Абайды қорғау»  сөз майданын ашқан  жеке күресі. Екінші жағы –  өзі ғылыми атақ алу жолындағы «Абайды қорғауы».

Иә, Жеңе ең ауыры бірінші жағы болды. Бұл жолда, сөз ұқпайтын Қ. Жүкешев секілді  «іштен шыққан жау жаманға» келетін, өз ана тіліне өзі түкіретін бетбақ, дүйім қазақтың рухани көсемі  саналатын Хакім Абайды менсінбейтін түйсіксізге түсіндірмек болып шаршады. Осы Жүкешев секілділер, Жәке, өзің айтқандай, біздің  орта мектепте  алгебраны, химияны, физиканы, биологияны, астрономияны қазақ тілінде  қатыра оқып, жоғарғы оқу орынына келгенде орыс тілділерден озып жүргенімізді білгісі келмейтіндер ғой. Осыған қосып айтсақ, атау сөздері ең қиын саналатын медицина оқулықтарын қазақша жазғанымыздан осындайлар сірә, хабарсыз. Және, Хакім Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып ұйқыға кетер балбырап, Даланы жым-жырт дел-сал қып түн басады салбырап...» деген атақты аудармасының түпнұсқа Гетеден де, орысша Лермонтовтан да озық екенін айтып кеткен Бельгер ағамыздың бағасын да естімеген  болу керек... Содан да, бұрын Совет заманында қазақ тіліне құрметсіздікті, қазіргі кезде қажетсіздікті әдейі тудырғандар осындайлар ғой.

Және, әлгіндейлер Хакім Абайды «Кәсіби философ емес» дейтін көрінеді. Осындай, шексіз әлемді шолақ ақылмен ғана өлшейтін, илаһи ілімнен хабарсыз еуропалық пәлсапашылардың тар шеңберімен, далалық ерекше дүниетанымды өлшемек болған жатбауыр біреудің пасық пиғылын әшкерлеу де Жабалға аз жұмыс болмады. Әлгі, Жүкешевтің доктор қорғап, одан да есіріп кетуіне әреңдеп  тосқауыл бола білді. Қосып айтсақ, Жәкең өзі көз майын тауыса зерттеген Хаким Абайдың атақты Отыз сегізінші сөзіндегі «Әрбір ғалым – хакім емес, әрбір хакім – ғалым. Ғылымдардың ғақлиясымен мұсылман иман тақлиди кәсіп қылады...» дейтін, бүкіл ғылым халды қамтыған терең толғамын сол жат бауырлар зерделеп көрмеген шығар.  Әттең, егер Жүкешевтер тек қана осы Отыз Сегізінші Сөзді түсіне алғанда докторлық  қорғамай-ақ, кәдімгі доктор құсап жүрер еді-ау, дейсің.

Тағы да, хақ мұсылман Абайды кришнайтқа  айналдырып  «Абайтану» атты оқулық жазған Омаровтардың кім екенін елге ашып берді. Әрі, шетелдік миссионер Ч. Уеллердің қолбала шәкірті болған, белгілі академиктер мен танымал жазушы қатарлы ықпалды адамдардың қолдауына  сүйенген сондай Досым Омаров секілділермен «жекпе-жекке» шығуы да Жәкеңнің азаматтық ерлігі. Бұл күресте өз басына соққы тисе де, еліне пайдасы тиді. Хақ діннен қараңғы қалған  халықты шайтани  секталардан сақтандыра білді. Абайдың өткен жолында  таза мұсылмандықтан өзге ештеңе араласпағанын  айғақтап, адастырушы айтақшылардың ауызын жапты.

Тағы да, ұлттың жанашыры саналатын белгілі философ ғалым ағамыздың әлдебір шетелдік миссионерді қолдап, қазақтың ұлттық мәдениетін қорлаған диссертациясын қорғатпақ болған кезінде Жәкең оның қорғалуына қарсы тұрды және философия ғылымының   жоғарғы мектепке арналған  оқулығында Ислам дінінен мағлұмат берілмей  шаманизм мен тәңіршілдікті насихаттағанын қатты сынады. Сол оқулықты жазған әлгі сөз ұғар деген ағаларымыздың өзі Жабалдың жеке басына тиісіп, жерден алып жерге салды. Алайда, ақиқатшылдар да аз емес екен, Т.Кәкішев, М.Мырзахметов, М.Тоқашбаев, А.Ісімақовалар қолдау көрсетіп халқымыздың өтпелі кезеңдегі  рухани бағытын  түзеуіне үлкен  серпіліс жасады...

Иә, Жабал Шойынбеттің  бұл рухани күрес жолындағы жеңісі – қазақ халқының хақ дін арқылы қалыптасқанын, ал енді де Ислам дінін ұстанудан өзге  жолы жоқ екенін  толық ұғып, «Дініне бекем болмаған ұлт құриды!» деген қатаң қорытындыға келуі.  Өз сөзі бойынша, «Абай даналығын зерттеудің жемісі осы болды...» дейді.

Енді, «Абайды қорғаудың» екінші жағы дегеніміз, оның Қара Сөздерінің  ғылыми негізін ашудағы  Жабал Шойынбеттің жүріп өткен жолы. Өз сөзі бойынша, «Абай Қара сөздерінен профессор  Ханғали Сүйіншәлиевтен кейін екінші рет менің қорғауға қолым жетті. Алайда, Советтік  жүйеде Абайға Исламды тікелей қатысты етіп зерттеуге ешқандай жол жоқ еді. Зерттегендердің бәрі Абайды қандай бір сылтаумен хақ дінге қатыссыз еткенін көрдім. Бәрі ақылдасып алғандай бір ауыздан, қазақтың да, Абайдың да мұсылмандағы аз, дейді.»

Содан да, Жәкең, «Егер, Абайды мұсылман деп дәлдемесем,  онда ғылыми еңбек қорғамай-ақ, қояйын!» деген екен. Міне, Жабал Шойынбет бауырымыздың  қыруар уақытын сарп етіп зерттесе де, кандидаттық диссертациясын қорғауының он жылдан аса ұзақ жалғасуының  сыры оның осы ұстанымында мызғымай тұра білгендігінде болса керек.

Яғни, Абайды «мұсылман» деп, ғылыми негізде дәлелдеу Жабал үшін  қаншалықты қиын болса да, ақыры қайырлы іс болыпты. Жабал: «Абайдан таза мұсылмандықты ұқтым» дейді.

Расында, Жабал «Абайды қорғаймын» деп, жүріп өзінің иманын қорғаған болып шыққан, екен деймін. Бүгіндері, әріптес замандас ретінде байқағаным Жәкең өтпелі өмірдің алдамшы атақтарынан биіктеп, кемел мінезге жеткен. Пәни дүниеге мұсылман көзбен қарап, бақи дүниеге  назар аудара бастаған. Хакім Абайдың бойынан да, ойынан да бүкіл қазақ халқының болмысын таба білгені  Жабалдың әр сөзінен байқалады. Яғни, Хакім Абай қазақ деген қауымның ең соңғы жетілген жемісі, келер  күндердегі үлгі тұтар көрінісі екеніне көзі жеткен.

Хақ дінде, Ибраһим ғалайсаламды жалғыз адамнан қалыптасқан бір ҰЛТ  ретінде бағалайды. Былайша айтқанда, қалың кәпірдің ортасында, сенімімен де, ілімімен де, ақылымен де, ерлігімен де, кісілігімен де қарсы тұра білгеніне қарағанда бір өзі сан мың адамға сай келгені ғой. Дәл солай, жетілген әр халықтың жеке өз басы бүтін ұлтқа тең келетін тұлғалары болған, мәселен қытайда Күнзі, орыста Пушкин, французда Виктор Гюго, немісте Гете, ағылшында Шекспир, американдық Джек Лондон, түрікте Саид Нұрси, үндіде Рабиндрант Тагор... Олай десек, Хакім Абайдың да бір өзі бір ұлт екенінде сөз жоқ. Олай десек, қазақ та кемелденген Ұлтқа жататын ұлы халық деп білуіміз керек...

Қара Сөздерінде Ислам мен Иманды, адамның Аллаһ алдында құл болып Хаққа қауышқандағы құтылу жолдарын Хакім Абай қалай кемеңгерлікпен айтса,  Жабал бауырымыз дәл солай Кемелдікпен үйренгені көрініп тұр. Құрани ілімге де, құлшылыққа да мейілденіп отбасын да, дос жарандарын да сол ізгі жолда болса  екен деген тілекке тоқтаған...

Жәкең алпыстың асқарынан бала күніне көз жіберіп: «Екі жасымда тиген қызылшадан тұралап мешел болып отырған кезімде, ауылдағылар бастаңғы жасады. Аяқ астынан екі мас келіп, жеңешесініп жас  әйелдерге тиісе бастаған секілді. Мен шошығанымнан орынымнан тұрып жүгіріп кетіппін» дейді.

«Шайтанның сусынын ішкендерден періштелер сақтандырған екен ғой!» дедік.

«Бала күнімде айтқанымды орындату үшін  басымды тасқа ұрушы едім.  Қазір екі немерем  де сүйтеді» деп, күлді.

«Е, Абайды қорғауға осы мінезіңіздің пайдасы тиген екен, сірә!» деп, біз де күлдік.

Демек, осындай қарапайым пенделіктен адами Кемелдікке жету жолында Хакім Абайды зерттей беруден гөрі оның ізгі адамшылығынан үйренудің бәрінен де маңызды болғанын Жабал замандасымыз дәлелдеп берген секілді...

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347