ЕНДІ БАЛЫҚ ӨНІМДЕРІ ЕУРОПАҒА ЭКСПОРТТАЛМАҚ
Таяу күндері Оңтүстік Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң ұйымдастыруымен Шардарада балық шаруашылығын дамытуға арналған семинар-кеңес болып өттi дейді ОҚО әкiмiнiң баспасөз қызметi.
Жиынға ОҚО әкiмiнiң орынбасары С.Тұяқбаев, аудан, қала әкiмдерi мен аймақтағы кәсiпкерлер және қаржы ұйымдарының өкiлдерi қатысып, өңiрлiк балық шаруашылығын 2015–2017 жылдары дамытуға бағытталған iс-шара жоспары талқыланды. Аталған жоспар аясында өңiрде 27 тауарлы балық шаруашылығын ашу жоспарлануда. Атқарылған жұмыстың нәтижесiнде балық өндiру көлемi үш жылда екi есеге ұлғайып, 3800 тоннадан 8 мың тоннаға жетiп, өндiрiлген өнiм Еуропа елдерiне экспортталмақ. Биыл көздеген мақсатты жүзеге асыру үшiн «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы» 400 млн. теңге қарастырған. 2016–2017 жылдары қосымша 1 млрд. теңге бөлiнбек.
– Балық өсiремiн деп ниет бiлдiрген әрбiр кәсiпкерге бес жыл мерзiмге жеңiлдетiлген пайызбен несиелер берiлсе, келер жылдан бастап облыстық бюджеттен балық азығының құнын арзандатуға 300 млн. теңге субсидия бөлiнедi. Осылайша облыста балық шаруашылығы жанданбақ, – дедi С.Тұяқбаев.
Семинарға қатысушылар Шардара қаласында орналасқан «Хамит» СТК балық өңдеу зауыты мен 387 гектар аумақты алып жатқан балық тәлiмбағында болып, ондағы жұмыс барысын көрдi. Зауыт басшысы семинарға қатысушыларға балықты қабылдап алу, тазалау, балық филесiн мұздатып, дайын өнiмдi қораптарға салу сынды процестердi таныстырды.
Шардарадағы «Хамит» СТК және «Шардара–1» балық өңдеу зауыттары өткен жылы 3600 тоннаның өнiмiн өндiрген. Бұдан бөлек ҮИИДБ аясында 2 шағын балық зауыты мен бiр балық өңдеу цехының құрылысы жүргiзiлуде. Бұл нысандар iске қосылған жағдайда жылына қосымша 700 тонна балық өндiрiлiп, 85 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бүгiнде осы салада еңбек ететiн кәсiпкерлер пилоттық жоба ретiнде Шардара су қоймасында балықты торлы шарбақта өсiру әдiсiн қолға алуда.