Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3358 0 пікір 4 Тамыз, 2015 сағат 02:00

ОҚО. ҰЛТ ЖОСПАРЫН ИГЕРУДІ ЖОЛҒА ҚОЙЫП ЖАТЫР

Елбасы Н.Назарбаевтың бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадамнан» тұратын Ұлт жоспары елiмiздi дамудың жаңа деңгейiне көтерудi көздейдi. Сондықтан осынау маңызды тарихи құжатта мемлекеттiк басқару мен құқық қорғау, сот жүйелерiн жетiлдiруге бағытталған қадамдармен қатар экономиканы өркендетудi мақсат еткен шаралар да қарастырылған. Мәселен, Ұлт жоспарында ауыл шаруашылығы саласының сүт және ет өндiрiсi мен өңдеудi дамыту тапсырмасы нақты көрсетiлген. Аталған тапсырманы орындау мақсатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан   саланың экономикалық өсiмiн арттыру бойынша жұмыс жоспарлы түрде жүргiзiлуде деп хабарлайды Abai.kz ақпараттық порталына Оңтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Полатбай Тастанов .

Атап айтқанда, облыс бойынша биыл мал шаруашылығы саласында өндiрiлетiн өнiм көлемiн 5,1 пайызға арттыру межеленген. Облыс әкiмдiгi, ауыл шаруашылығы басқармасы және аудан әкiмдiктерi арасындағы үш жақты келiсiмге сәйкес, сүт өндiру көлемiн 727,9 мың тоннаға жеткiзу жоспарлануда. Осы мақсатта өңiрде жаңадан 516 отбасылық шағын сүт фермаларын құрып, 41 сүт қабылдау бекетi ашылады. Аталған жобаларды қаржыландыруға   «ОҚО бойынша мал шаруашылығын дамыту iс-шарасы» бағдарламасына сәйкес 1 миллиард 903,6 миллион теңге қарастырылып, 5 160 бас iрi қара мал алынып, қосымша 24,6 мың тонна сүт сауылмақ. Осылайша облыстағы сүт өңдеу кәсiпорындарының қуаттылығы жылына қосымша 8 850 тоннаға арттырылады. 2015–2016 жылдары сүт өңдеу бойынша жаңадан «Агро 5», (қуаттылығы жылына 990 тонна), «Молочный рай» (қуаттылығы жылына 5600 тонна) секiлдi кәсiпорындар iске қосылмақ.

Үш жақты келiсiмге сәйкес облыста ағымдағы жылы 206,3 мың тонна ет өндiру жоспарлануда. «ОҚО бойынша мал шаруашылығын дамыту iс-шарасы» бағдарламасына сәйкес, жаңадан 2 735 шағын мал бордақылау алаңы iске қосылып, бордақылауға 32 820 бас iрi қара сатып алынады. Осы мақсатта шаруаларға 5,4 млрд. теңге несие берiлмек. Нәтижесiнде облыста қосымша 14,8 мың тонна ет өндiрiледi деп күтiлуде. Тоқтала кетейiк, келер жылы бұған дейiн мал бордақылаумен айналысып келген «Қайып ата» ЖШС-i ет өңдейтiн кәсiпорын ашады. Оның қуаттылығы жылына 1000 тонна болады деп жоспарлануда.

«Мал тұяғы – қазына» дейдi халқымыз. Мал бағу қазақтың ертедегi ата кәсiбi. ХХI ғасырда шаруашылықтың бұл түрi бұрынғыдан да қажеттi әрi тиiмдi болып отыр. Өйткенi, халқы тығыз орналасқан, жер аумағы салыстырмалы түрде шектеулi cаналатын алыс-жақын шет мемлекеттерде азық-түлiк қауiпсiздiгi ең өзектi мәселеге айнала бастады. Осы ұрымтал сәттi пайдаланып, мал шаруашылығын уақыт талабына сай дамыта алсақ, асығымыз алшысынан тұрмақ. Елбасының осынау тарихи құжатта ет және сүт өндiрiсiне ерекше тоқталуының мәнi осында жатыр. Қорыта айтқанда, облыста Ұлт жоспарының 60, 61-қадамдарын жүзеге асыру бойынша жоғарыда баяндағанымыздай, ауқымды жұмыстар атқарылуда.

 Абай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3238
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5378