«ВЛАДИМИР БОЖКО – АПАТ АДАМ»
Ол туралы қазір елі іші осылай дейтін болды. Неге? Себебі, Владимир Божко Төтенше жағдайлар жөніндегі шаруашылықтың тізгінін қолына алғалы бері көлденең кесапат көбейіп кетті. Әрине, ол: «Жұртқа кесірімді тигізейін, апат әкелейін» , - деп жүрмеген шығар, бірақ, аталған салада Божконың жолы болмады. Алайда, Владмир Карпұлы Елбасы сеніп тапсырған істің орайын таба алмағанына өкініп, қабырғасы қайысып, жаны ауыратын адамға ұқсамайды. Қағанағы – қарқ, сағанағы – сарқ. Бәрін табиғаттың тосын мінез танытуына жауып қойып, алшаң басып жүр. Расында, соңғы кездері жиілеп кеткен жағымсыз оқиғалардың бәріне табиғат кінәлі ме? Мәселенки, Қарғалы өзенінің арнасынан асып тасуына Алматының аспанын жазықты етуге бола ма? Аспаннан қара нөсер тоқтамай құйып, Алатаудың басына шөккен қарлар еріп, көлдер шайқалса, онда бір жөн. Олай болған жоқ қой. Табиғаттың мұндағы бар «жазығы» - шілде айы болған соң шіліңгір түсіп, ыстық буды. Ал, мұндай жағдайға ТЖК әрдайым дайын болуы тиіс еді. Қызылағаш қырғынынан соң Божко белді бекем буып, барлық бөгендердің қауіпсіздігін тексеріп, болуы ықтимал тосын жайттардың алды алуы керек еді. Ондай шараларға қазір мемлекеттің ақшасы да, басқасы да жетіп артылады. Әлде, Божконың ниеті «апат елдің ішін жайлай түссін, су тасып, сел қаптасын» дегенге сая ма? Сондықтан да жұрт оны «Апат адам» дейтін шығар. Ал, «Апат адамға» керегі – Қазақстанның тұралап, қиындықтан бас көтермеуі болар... Осы арада кейіпкеріміздің өмірбаянына, қызмет-лауазымына, жүріп өткен жолына көз жүгіртейік:
Владимир Божко, 1949 жылы 16 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген.
1971 жылы Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын бітірген. 1971-1973 жылдары Совет армиясының қатарында болған. 1976 жылы Минск қаласында СССР КГБ-сының Жоғары курсын бітірген. 1976 -1989 жылдары Қазақ ССР КГБ-сында басшылық қызметтер атқарған.1989 – 1991 жылдары Целиноград облысында УКГБ бастығының орынбасары болған. 1991-1993 жылдары Көкшетау облысында ҰҚК басшысы болып қызмет атқарған. 1993-1994 жылдары Шығыс-Қазақстан облысында ҰҚК басшысы болған. 1994-1997 жылдары ҚР ҰҚК-нің экономикалық қауіпсіздік басқармасы бастығының бірініші орынбасары қызметін атқараған. 2001 жылдан бері ҚР ҰҚК басшысының бірінші орынбасары болды. 2007 жылы Мемлекет басшысының жарлығымен Төтенше жағдайлар жөніндегі министр болып тағайындалды. 2014 жылдың 6 тамызынан бері Ішкі істер министрінің орынбасары. Мемлекет қайраткері. Ұлттық қауіпсіздік офицері. Генерал-лейтенант.
Құрметті, оқырман, «ажал – аяқ астында» деген сөз бар. Жамандық та, көлденең кесапат та жақыннан табыла кетуі әбден мүмкін: бір жерден өрт шығып, бір жерден сел қаптап, алып су қоймалары бұзылуы мүмкін. Мәселенки, сіз отырған ауылдың, кенттің, қаланың қауіпсіздік жағдайы қалай? Сізді не алаңдатады? Соның бәрін сұрақ етіп жолдаңыз, ой, пікіріңіз болса, ортаға салыңыз. Біз Божко дейтін кісінің құзырына жеткізуге барымызды салып көрейік. Егер жауап бермесе, онда бұл адаммен ел-жұрт болып, тұтас халық болып басқаша сөйлесуге тура келеді.
Қызылағаш - наурыз, 2010.
Ақсуат - 2010, наурыз(Қызылағаш трагедиясынан 15 күн өткенде).
Қарағанды облысы, Көкпекті ауданы - сәуір, 2014
Алматы - шілде, 2015.
Abai.kz