Сенбі, 23 Қараша 2024
Дабыл 7237 0 пікір 22 Шілде, 2015 сағат 16:43

ЖЕМҚОРЛАР «ХАЛЫҚ ЖАУЫ» АТАНСЫН

 «Қаһарман ұрпақ» қоғамдық қорының президенті, Ауғанстан соғысы ардагерлері қауымдастығы төрағасының орынбасары Қайрат Елубаев жемқорларға қатысты ұстанымдар қатаң болуы керек деп есептейді.

«Әділетсіздікке, өтірікке, жалқаулыққа, сүреңсіз қылықтар мен әрекеттерге, ұлтшылдыққа және нәсілшілдікке төзімсіздік қасиеттерін жас буынға үйретуіміз керек. Жемқорлар мен парақорларға қырғи-қабақ танытуға шақырамыз. Егер мемлекеттік шенеунік пара алып жатқан жерінен ұсталса, жемқорлығы сотпен дәлелденсе, мемлекеттің беделіне нұқсан келтірсе, онда оны - халық жауы атауымыз шарт. Әрбір адам өзіне берген міндетке жауапкершілік танытуы тиіс. Жемқор - ақыл парасаты кем әрі өз жанын сатқан адам», - деді ол бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткізген баспасөз мәслихатында.

«Жеке мәдениетіңді және біліміңді шыңдау арқылы, адалдыққа, шындыққа, ерлік пен батылдыққа талпыну, әрдайым білім ағарту - патриоттық сезімдердің пәктігі мен кеңдігін түйсінуге болады, Отан үшін жасап жатқан істеріңнің маңыздылығын ұғынасың», - деп атап өткен ол, патриотизмнің негізі - Отанға деген сүйіспеншілік, кез келген уақытта оған жанын пида етуге даяр болу, ішкі рухани және дененің саулығы деп есептейді.

Естеріңізге салатын болсақ, Әлем елдерінің жемқорлық жағдайын саралаған халықаралық Transparency International ұйымы есебі бойынша: 2012 жылы жемқорлығы аз елдер  тізімде 133-орында иеленген Қазақстан, 2013 жылы 140-орынға табан тіреген. Бұл ұйымның елдердегі жемқорлық жағдайын анықтау тәртібі бойынша, Ұйым сарапшылары мемлекеттік есептерге жүгінеді, мемлекеттің жалпы саясатына қарайды. Сарапшылар Әлемдік экономикалық  форум, Freedom House, The Economist Intelligence Unit және тағы да басқа ұйымдардың деректерін қолданады. Қазақстанның мемлекеттік секторының есеп беру мәселесінде жабықтығы, мемлекеттік институттардың тиімсіз жұмыс істеуі жемқорлыққа қатысты индекске де кері әсер етеді.  Қазақстан - Ұйымның әлемдегі 2014 жылғы жемқорлық деңгейі жайлы есебінде 2013 жылғы 140-орнынан ілгерілеп, 180 елдің арасында 126-орынды иеленген.

Қазақстанда күн сайын болып жататын жемқорлық фактілерін айтпағанда, ірі көлемде пара алатын шенділердің өзінде есеп жоқ. Айтар болсақ, 2008 жылы сәуірде елден кеткен Төтенше жағдайлар экс-министрі, Алматының экс-әкімі В.Хра­пунов  Швейцариядағы ең бай адамдардың қатарына кірді. Оның елден әкеткен ақшасының нақты саны жоқ. Мәлімет­терге қарағанда, 2003-2007 жылдар ара­­лығында Храпуновтар отбасы Швей­­цариядағы және оффшорлық ай­мақтағы шетелдік шоттарына 48 миллион дол­лар­дың және 7,7 миллион еуроның қаржы­сын аударған. Швейцарияның Bilanz журналы Храпуновты 300-400(шамамен $380 млн) миллион швейцар франк ақшасы бар деп жазған. Ал, Храпуновтың ұлы Ілиясқа қызы Мәдинаны берген құдасы Әбіләзов Тек Қазақстаннан ғана 7 жарым миллиард доллар жымқырып кетті деп айыпталады. Бұлардан тыс, құрықталып, немесе сырттай айыпталып жатқан есімдер арасында төмендегі кісілер бар:

Білім және ғылым министрінің орынбасары Саят Шаяхметов білім мекемесін салуға бөлінген қаржыдан 1,5 млрд. теңгені,  «Батыс» шекара бекетінің бұрынғы бастығы, генерал-майор Әбдыразақ Ильясов 100 млн. теңге пара алғаны үшін, Қазақстанның ауыл шаруашылығы вице-министрі Мүслім Өміраев 100 мың АҚШ доллары көлемінде, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК басшысы Ғ.Мырзақұлов 272   мың АҚШ доллары мен 75 млн. теңге, Қорғаныс министрлігінің қару-жарақпен қамтамасыз ету басқармасының бастығы, генерал майор Алмас Асенов 200 мың доллар, Қорғаныс министрлігі әуе күштері бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Асқар Бөлдешов 140 млн., Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Бағдат Майкеев 2 млн. доллар, «ҚазГидроМет» орталығының бас директоры Нұркен Сұлтанов мемлекетке 1,2 млрд. теңге шығын келтіргені үшін қамауға алыныпты. Сондай-ақ, Рысқалиевтердің ісі, Анар Мелшінбеваның айыбы да бар. Санамаласаң таусылмайтын тізімінің соңында экс-премьер Ахметов тұр. Кіші Ермегияевқа тағылған 4 миллиард 200 миллионның айыбы тағы бар.

Қазақстан үшін көлеңкелі экономика да - ірі мәселе. Халықаралық ұйымдардың дерегінше, соңғы 20 жылда Қазақстаннан 123 миллиард доллардан астам қаржы шетелге кеткен. Жемқорлықпен күрес тек пара алуға ғана қарсы емес, сонымен бірге билік­тегілердің қызметке туыстарын, таныс­тарын тарту, жерлестік, ағайындық, туысқандық топтардың ықпалын жою да күреске үлкен күш-қуат береді.

Кезінде америкалық философ Э.Эбби: «Әрбір шынайы патриот елін шенеуніктерден қорғауы керек», деген екен. Осыны ескерсек, қоғам мұндай ойды көтергені дұрыс. АҚШ-та 1939 жылы қабылданып, күні бүгінге дейін күшінде тұрған Хэтч заңы жұмыс жасайды. Ол заң бойынша мемлекеттік қызметкерлер сайлауға араласпайды, саяси партияларға қызмет етпейді. Лауазымын саяси мақсатқа пайдаланбайды. Бұл біз көп айтатын әкімшілік ресурстардың алдын алады. Тіпті, шотландық жазушы Н.Дуглас: «Шенеунікке сенімсіздік білдіру – әр адамның азаматтық борышы», дейді.  Қарап отырсақ, Қайрат Елубаевтің сөзімен айтқанда Қазақстанда «халық жаулары» көп екен. Әлі қанша адамның халыққа жаулық жасап жүргенін кім білсін. Жемқорлардың жымқырды деген ақшасы халыққа қайтыпты дегенді аз естиміз. Осылай жүріп, түбі тесік сандықты сипалап қалмасақ болғаны...

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379