Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 9135 1 пікір 20 Шілде, 2015 сағат 11:40

ҚАЛЖАН АХУН

XVII ғасыр соңында Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңын қабылдауы қазақ даласындағы діни-рухани ахуалдың аса күрделі өзгерістерге түсуіне ықпалын тигізді. Қазақ халқының жүздеген жылдар бойы ұстанған жолы-йасауийа тариқаты діни идеология ретіндегі ролінен ажырап, оның орнын нақшбандийа тариқаты басты. Парсы мәдениеті негізінде дүниеге келген бұл сопылық жолдың дәстүрлі түркі мәдениетіне негізделген Йасауи жолынан белгілі дәрежеде өзгешелігі бар еді. Ең басты ерекшелігі қазақ халқының дүниетанымдық негіздерімен сай келмейтін. Йасауи жолында таным негізінде «уахдат ал-ужуд» - болмыстың бірлігі жатса, нақшбандилер танымының негізінде «уахдат ал-шухуд» жатты. Бірі халық санасына адам баласының бүтіннің бөлшегі екендігін сезіндіріп, әр бір адамның өзі үшін ғана емес, өзі  өмір сүріп жатқан қоғамның да  болмысына жауапты екендігін сезіндіретін және қоғамдасып өмір сүруге ыңғайлайтын. Екіншісі, әрбір адамның тек өзі үшін жауапты екендігін, әрбір жанның Алламен арадағы байланысы жеке болу керек деген түсінікте болды. Демек, әрбір жан иесі өзі үшін ғана өмір сүруі тиіс деген қағида қоғам санасына біртіндеп сіңе бастады. Бұл танымдағы өзгерістер қазақ қоғамында қалыптасқан рухани, мәдени тұтастықты ыдыратушы басты фактор болды десек, артық айтқандық емес. Оның үстіне сан ғасыр бойы қазақ халқының рухани бірлігінің негізі-Йасауи жолының халық арасында жетекші рухани күш болуына ықпал етуші Йасауи жолы өкілдерінің билік жүйесінен ысырылуы да қазақ халқы арасындағы рухани тұтастықты одан әрі әлсірете түсті.

Әр жүздің басына хан қойылып, ру, тайпалар басына билер сол ру, тайпа өкілдерінің өзінен тағайындалатын болды. Бұл қазақ қоғамы ішіндегі сепаратистік пиғылдың күшейуіне, ру, тайпалар арасындағы бірліктің әлсіреп, бәсекелестіктің артуына әкелді. Бұрын билер тек Йасауи жолы өкілдерінің қатарынан ғана тағайындалатын. Олар үшін бар қазақ бір болатын. Олардың өздері басқарып отырған ру, тайпа арасында туған, туысы болмайтын. Сондықтан да ол билер әр кезде әділдіктен таймайтын. Осы принцип бұзылған соң, әр бидің өз туысының сөзін сөйлеуіне, қазақ қоғамындағы әділдік принциптерінің бұзылуына әкелді. Бұл жалпы мемлекеттің рухани бірлігіне орасан зор нұсқан келтірілді. Әр жүздің әр жаққа тартуы мемлекеттің әлсіреуіне, орталық биліктің қауқарсыз қуыршаққа айналуына әкелді.

Қазақ хандығының жоңғарлардың қазақ жеріне алғашқы басып келген кезеңінде дұрыс қарсылық көрсете алмауының астарында осы фактор жатты. Тек, Абылай ханның қазақ халқын басын қайта біріктіру жолындағы жанқиярлық еңбегі ғана қазақ халқының одан ары этникалық жіктелуге түсуден аман сақтап қалды.[1] Алайда, Абылай ханның діни-идеологиялық саясатты қайта өзгертпек болған әркеті аяқталмай қалды. Ол сатқындықтың құрбаны болды. Қазақ хандығы елу жылдық соғыста жеңіп, тұрып жеңілді. Мемлекеттігін күйретті. Мұның астарында бір ғана себеп жатты. Ол – қазақ қоғамындағы рухани тұтастықтың ыдырауы еді.

Ресей империясы болса, бұл кезеңде қазақ даласын игерудің жолдарын қарастырып жатты. Ұзақ жылдарға созылған зерттеу жұмыстары арқасында, отаршылдар, қазақ қоғамының рухани тұтастығын ыдыратпай тұрып, оны толығымен саяси тұрғыдан игеру мүмкін еместігін айқын сезінді. Орыс зерттеушілері ол кезеңде қазақ даласын шарлап, оның әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, жалпы рухани, мәдени болмысын бүге-шігесіне дейін зерттеуде болды.  Бұл Ресей империясының Қазақ хандығы тарихтан кетпей тұрып, қазақ даласын діни-иделогиялық тұрғыдан игеруге бағытталған әрекетке кірісуіне мүмкіндік берді. Ол әрекет Уфа және Симбирск наместнигі О.А. Ингельстромның ұсынысына сәйкес ІІ Екатеринаның жарлығы бойынша Уфа қаласында мұсылман діни басқармасының 1789 жылы ашылуынан басталды. Сөйтіп, алғаш рет қазақ даласын діни-рухани тұрғыдан игеруге бағытталған Ресей империясының саясаты іске қосылды. Ол діни басқарма Орынбор муфтилігі деп аталды[2.104]. Мақсаты – қазақ даласын діни, рухани тұрғыдан ыдырату, мұсылмандардың діни негізде бас көтерулерінің алдын алу еді. Ол үшін арнайы осы мақсатқа дайындалған молдалар қазақ халқының дәстүрлі дініне қайшы келетін уағыздар жүргізуге тиіс болды. Олар қазақ арасына кіріп, қазақтың дәстүрлі діни танымынан ажырату, таным негіздерін өзгертуге күш салды. Ол молдаларды қазақ арасында «заказной молдалар» деп атады. Өйткені, әрбір қазақ аулы оларды оқыған қаражаты мен өзге шығындарын төлеп, сатып алатын. Орынбор муфтилігінің қазақ арасында   рухани ыдыратушылық бағытта пәрменді  әрекет еткендігін мына цифрлардан-ақ көруімізге болады. XVIII ғасыр соңында қазақ арасында Ресей империясының саясатын жүргізетін 28 ахун, 969 молда, 114 мешіт, 1921 мударрис болды. [2.105] Олардың қазақ халқының дәстүрлі діни танымына қарсы әрекетін қазақ зиялылары көрмей қалған жоқ. Олар қарсы әрекет етті. Діни тұлғалар қазақ халқының рухани тәуелсіздігін сақтап қалуға күш салды. Мұны біз Кенесары ханның Ресей патшалығына қарсы күресін қолдаған Марал ишан мысалында көре аламыз. Оның қазақ халқының тәуелсіздігін сақтап қалу жолындағы әрекеті, тек діни уағызбен ғана шектеліп қалмай, қолға қару алып күресуге де шақырды. Қазақ жерінің солтүстігінде туылған Марал ишан Ресей отаршыл саясатымен  күресе жүріп, Сыр бойына келіп, тұрақтайды. Саяси күресте жеңе алмасын сезген ол қазақ халқының рухани тәуелсіздін сақтап қалуға күш салады.  Ол дін істерін Ресеймен емес, Бұхарамен байланыстырғанды жөн санады. Бұл әрекет өз жемісін берді. [3] Қазақ даласының оңтүстік өлкесінің халқы діни қызметкерлерді Бұхара қаласында оқытуды қолға алды. Бұл әрекет Сыр өңірінде кеңінен етек жайды десек артық айтқандық емес. Оған Марал ишан әректі тікелей ықпал еткеніне дау жоқ. Бұхара қаласындағы медреселерде оқып, қазақ арасына қайта оралған тұлғалардың қазақ халқының рухани өсуінің кезекті баспалдағының бірі болғаны анық. Ең бастысы, Бұхара қаласына барған жастардың алдымен «Мир Араб» медресесіне баруының өзі жас талапкердің өзге діни ағым соңына ермеуін қадағалап, діни танымын қалыптастырып барып, өзге оқу орына ауысатынын көреміз. Өйткені, «Мир Араб» медресесінің негізін қалаған, салдырған Йасауи жолының ортағасырлардағы көрнекті өкілі, Мұхаммед Шайбани ханға пір болған, Сауран қожаларының өкілі болатын. Ол жерде 20 ғасыр басына дейін Йасауи жолы негізінде білім беріліп келді. Білім алуды осы оқу орнынан бастаған жастар одан кейінгі оқу орындарында қанша білім алса да, өзге ағым соңына ілесе қоймайтын. Сол себепті, Бұхара қаласында оқып, білім алған Сыр бойы ахундарының ой-пікірлері қазақтың дәстүрлі діни танымынан алшақ болған жоқ. Оны Сыр бойы ахундарының мысалынан көре аламыз. Алайда, қазақ халқының ішінде оларға да күдікпен қарағанын көреміз. Оған мысал ретінде Базар жыраудың Қалжан ахунға арнаған мына өлеңінен көруге болады:

Жаны ардақты жақсының,

Күнде бірі өлсін дер.

«Жаназасын оқы» -деп-

Шақырушы келсін!-дер.

«Сқат, Құран шығарып,

Мал мен мүлкін бөлсін!» дер.

Сол бөлінген олжадан,

«Өзгелерден көбірек,

Сыбағама берсін!» дер.

Бұл молдалар тілегі. [4.162]              

Бірақ, Бұхара қаласында оқу бітіріп келген діни тұлғалардың көпшілігі Ресей тарапынан дайындалған молдалардан үлкен ерекшелігі болды. Олардың дүние, мал үшін емес, халықтың рухани тұтастығын қалыптастырып, өзгелердің рухани ықпалына түсіп қалмауының алдын алу үшін қызмет еткенін көреміз. Ораз-Мұхаммед ахун Бекетайұлы, Алдашбай ахун Ерназарұлы, Қалжан ахун Бөлекбайұлы сияқты тұрғалар қазақ халқының рухани тәуелсіздігін сақтап қалу жолындағы нағыз күрескерлер болды. Бұлардың еңбектерінің арқасында «Сыр сүлейлері» деген атқа ие болған ақын-жыраулар шоғыры дүниеге келді десек артық айтқандық емес. Сонымен қатар, Бұхара медреселерінен білім алған түлектер арасында қазақ руханийатына жаңа серпін, жаңа леп әкелеген тұлғалар көп болды. Мысалы, Тұрмағамбет сынды тұлғалар араб, парсы халықтарындағы інжу-маржандарды қазақ танымына сай қайта жырлап, қазақтың рухани болмысынның аясын кеңітті.  Солардай  арыстардың арасында пісіп, жетілген Қалжан ахунның да қазақ руханийатын жаңғыртуға  сүбелі үлес қосқанын көреміз. Алайда, оның өзге өлкеде туып, Сыр өңіріне келуінің өзінде белгілі бір заңдылық бар. Ол Сыр өңірінде ғана өзінің рухани қуатын көрсете алатын еді. Оның Ораз ахунмен сырлас дос болуы, соның ықпалымен Сыр бойына келуі жәй емес. Өзінің білімін халық кәдесіне толық жарату мүмкіндігі осы өңірде ғана мүмкін болатынын сезінуі еді. Әрине, Қалжан ахун алдымен діни ілім иесі. Сондықтан Қалжан ахун соңында қалған мұралардың көпшілігі діни мәселелерге арналған. Біз оны Қалжан ахунның Түркия Республикасындағы ұрпағы Хасан Хасан Йылдырымнан алынған қолжазба деректері негізінде айта аламыз. Мысалы, оның қаламынан шыққан дүниелер ішінде шариғатқа қатысты мәселелердің кеңінен қарастырылғанын көреміз. Атап айтқанда, зекет және зекеттің малдан және мүліктен төленетін мөлшерлері көрсетілген.   Сонымен қатар, неке, зина, талақ мәселелері де Қалжан ахун арнайы қалам тартқан тақырыптардың бірі.  Сонымен қатар, мирас мәселесі де арнайы қарастырылып, шешімі көрсетілген. [5]  Қалжан ахунның діни қызметі шариғат мәселелерімен шектеліп қалмайды. Ол діни салт-дәстүрді халық арасына жаюдың жаңа жолдарын қарастырады. Мысалы, рамазан айнына қатысты арнап жазған өлеңі, рамазан айының маңызын халыққа тереңірек түсіндіру болғанын байқаймыз. Ол өлеңді көшіруші сөз басында былай дейді: «Хазраті Халжан ахун шахр рамазан шариф айының ... Аллах тағаланың тарфындан йубарган бізларга азиз қонақ еді деп, мехманға насибат айтыб, аның құрматін йақшы қылыб ... риза айтыб, шығарыб салу үшін (жазған) ғибрат-нама ғазали дүр. Хош келдіңіз біздерден, разы болып кетіңіз. Аллах тағаланың даргахында менің хурметімді дурыс ада қылмады уа мехманлық хақымны утамады деп арыз-дад  айтмаңыз деп йазған ...». Бұдан ары Қалжан ахунның өзінің шағатай тілінде рамазан айына арнап  жазылған мадақ өлеңі былай басталады:

Латиф бірлән бізларга дустлар Худауанда жахан

Ғайбдан йеткурмиш йерді бір муаззаз мехман.

Файз Хақның лазым йерді хурматин қылмақ йахан,

Бей адаблік көрді біздан иззат урныға  ...

Бандасы асы уа лекин хақ өзидур мехрибан

Улуғ, хош келдіңіз мах шариф рамазан... [6]

Қалжан ахун осылай поззия тілімен халыққа рамазан айының мәні мен маңызын түсіндіреді. Айлардың сұлтаны болған бұл айды қадірлі қонақ бейнесінде суреттей отырып, біздің  ол қонаққа лайықты құрмет көрсете алмауымыз жаратушының өзіне құрмет көрсете алмауымыз деп түсіндіреді. Одан кейін рамазан айына біз сені дұрыстап күте алмады деп, бейәдептік көрсетті,- деп айтып барма. Алайда, Жаратушы кең, өз бендесіне рахымы түсіп, біздің бұл қателігімізді кешірер деп үміттенеді.  Бұл оның дін мәселесін халық арасына  уағыздауда жан-жақты тәсіл қолданғанынан хабар береді. Жалпы Қалжан Ахунның ақындық дарыны болғанына бұдан басқа да шығармалары куә бола алады. Оны Қалжан ахунның хикмет сарынында жазылған өлеңдерінен көреміз. Мысалы:

 Уах, дариға кешті өмірім баршасы ойран болуб,

Білмадім халым не дур, дуниа деп хайран болуб,

Қылмадым йақшы амаллар кечалар кариан болуб,

Йа, Аллахым утмагаймыз ахырда бей иман болуб. [6]

Бұл хикметте Қалжан ахунның таным негіздерін айқын аңғаруға болады. Ол Қожа Ахмет Йасауи  сынды өткен өмірін саралай отырып, өзінің өмірінің босқа өткенін, Аллаға шын беріліп, мінәжат ете алмағандығын, ертеңгі күн Алла алдына барғанда имансыз болыб қалмаймын ба?- деген уайымын алға тартады. Бұл Қалжан ахунның халыққа дін үйрете жүріп те, өз ісіне өзі риза болмағанын, қолымнан келген қызметімді әлі де толық атқара алмағандығын, ол үшін өкінетінін көреміз. Бұл Қалжан ахунның халық арасындағы өзінің қызметінің мәнін терең түсінгендігін көрсетеді.

Немесе:

 Сенің дертің менга дармандин артуқ,

Сенга құл болғаным султандин артуқ,

Сенің йадыңны айсам чөл ічінда

Болур ул чөл менга бустандин артуқ.

 

Сенің йадың агар кетса тілімдин,

Ужудим қурайур ойрандин артуқ.

Менің хар болмағым өз ғафлатимдин

Макар қылсаң назар ахсандин артуқ. [6]

Қалжан ахунның бұл жазғандарынан оның Аллаға, Жаратушыға деген шексіз ғашықтығын көреміз. Аллаға шын ғашық болу тек сопыларға ғана тән қасиет. Бұл хикмет жолдарынан біз Қалжан ахунның Жаратушыға деген махаббаты бәрінен жоғары екендігін, Аллаға құл бола білу, сұлтан болудан артық екендігін, Алланы зікір ету шөлді миуалы баққа айналдыратынын; егерде Алланы зікір ету тілден кететін болса, ішкі дүниенің қурап, бос қалатынын, адамның қор болмағы өзінің қателігінен екендігі, ол үшін Алла жаза берсе, жақсылықтан артық екенін баяндайды.  Бұл жолдар оның діни танымының қай бағытта болғанын айқын көрсетіп тұр. Біріншіден, сопылық танымда, екіншіден Йасауи жолының өкілі болғандығын аңғару қиын емес. Бұл оған қазақ халқының дәстүрлі діни танымына белгілі дәрежеде қомақты үлес қосуына мүмкіндік берді.

Қалжан ахунның тек діни қызметпен айналыспай, мектеп ашып, бала оқытқаны туралы да деректерді осы қолжазба ішіндегі жазбалардан таба аламыз. Оның араб тілі грамматикасына арналған жазбалары Қалжан ахунның бір жағынан білімінің қаншалықты терең болғанын білдірсе, екінші жағынан сол кезеңдегі қазақ даласындағы оқу деңгейінің қандай дәрежеде болғаныннан хабар береді. [5] Демек, бұл қазақ арасына таралған қазіргі сауатсыздық туралы «аңыздардың» негізі жоқтығын көрсетеді.

 Жалпы Қалжан ахунның артына қалдырған дүниелерінің бір бөлігін ол кісінің  өз замандастарына жазған хаттары құрайды. Олардың біршамасы өлеңмен жазылса, кейбір хаттары қара сөзбен жазылған. Өлеңмен жазылған хаттарының барлығы дерлік руханиат мәселесіне арналса, ал қара сөзбен жазылған хаттары саяси оқиғаларды да қамтитынын байқаймыз. Оған мысал ретінде Қалжан ахун Меккеге қажылыққа барғанда елге жазған деген хаты дәлел бола алады. Бірақ бұл хаттың Қалжан ахун қаламынан шықпаған болуы да мүмкін. Өйткені, ол хатта хатты жазушының аты көрсетілмеген. Оның үстіне өзге қолжазбаларға қарағанда, жазу үлгісі де ерекше.   Алайда, бұл хат Сыр бойындағы көзі ашық, көкрегі ояу жандардың тек қазақ даласындағы саяси оқиғалардан ғана емес, жалпы әлемде болып жатқан саяси үдерістерден де хабары болғанын және ол оқиғаларға өздері тарапынан баға беретін дәрежеде болғанын көрсетеді. Мысалы, ауыл-елдің амандығын сұраған соң, өздерінің Меккеге қалай, қашан жеткенін, қай жерге тоқтағанын баяндағаннан кейін Османлы халифатының Балқан түбегіндегі соғысы және ол соғысқа қандай мемлекеттердің тартылғаны, бұл соғыстың болашақ нәтижесі қалай болу ықтималдығы туралы жасаған сараптамасы сол кезеңдегі қазақ оқығандарының саяси санасы ояу болғандығын көрсетеді. 

Қорыта айтқанда, Сыр бойы ахундарының қазақ халқының рухани, мәдени болмысын, Ресей отаршылдығы жағдайында, қорғауға бағытталған әректеттері жемісті болғанын, солардың жанқиярлық еңбегі арқасында қазақ халқының рухани дүниесі қорғалып қана қоймай, оны одан ары дамып, байи түскенін көреміз. Осы рухани жетекшілердің рухани ықпалының арқасында Сыр сүлейлері деген атқа ие болған ақын жыраулар шоғыры шықты, олардың соңында өлшеусіз рухани мұра қалды. Бұл Сыр бойы ахундарының қазақ халқының руханийатынан алар орны жоғары болғанын білдірсе керек. Ол тұлғалардың арасында Қалжан ахунның  да қомақты үлесі болғандығына дау жоқ.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Жандарбек З. Йасауи жолы және қазақ қоғамы. –Алматы: «Ел-шежіре», 2006.
  2. Жолсейітова М., Рүстемов С. XVIII ғасыр соңы мен XIX ғасырдың бірінші жартысында татар дінбасыларының қазақтар арасындағы қызметі хақында / Түркология, №3, 2005. 104 б.
  3. Тебегенов Т. Марал ишан баба немесе қазақстандағы Ислам ағартушыларының тарихи-мәдени негізі / «Ана тілі» газеті, 27.01. 2011.
  4. Қалжанова Ш. Қалжан ахун. Алматы: «Санат», 2002.
  5. Қалжан ахунның түркиялық ұрпағы Хасан Йылдырым тарапынан алынған қолжазбалары.
  6. Қалжан ахунның М.Төлегеновтен алынған қолжазба көшірмелері.

 

З. Жандарбек, т.ғ.к.,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы

ХҚТУ-і Түркология институтының

аға ғылыми қызметкері.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1474
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5450