«СЕРПІН» ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫН САРЫАРҚАҒА ШАҚЫРАДЫ
Редакциямызға Abai.kz ақпараттық порталының тұрақты авторы, ақын Ауыт Мұқибек қоңырау шалды. Дауысы саңқылдап тұр. Көңілді. Көші-қонға, алыстағы бауырларға қатысты бір жылы сөз естіп, игілікті істің нышанын аңғарса, ақын бауырымыздың осылайша аңқылдап кететіні бар. Соны білетін біз де мына жақтан дабырлай сөйледік:
- Иә, Әуке, көңілдісіз ғой?!
- Ой, айтпа. Жақсы әңгіме болды.
- Кіммен жақсы әңгіме болды?
- "Серпін" ұлттық жобасының төрағасы Мұрат Әбенов мырзамен.
- А-а, Мүкеңмен бе? Иә, сонымен не әңгіме болды?
- Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері, «Серпін» ұлттық жобасының төрағасы Мұрат Әбенов мырзамен кездесіп, «Серпін» жобасының аясында шетелден келетін этникалық қазақ жастарын Солтүстік аймақтарға тарту, оқыту, жұмыспен қамтамасыз ету жөнінде әңгімелестім. Бұл мәселе жөнінде Мұрат ағамыздың өзі де ойланып жүр екен. Ары қарай әңгімеміз жарасып, бұйырса, біраз шруалар жасауға келістік. Алғашқы кезекте шетелден келетін этникалық қазақ жастарын Солтүстік аймақтарға тартудың нақтылы жобасын әзірлеу керектігіне тоқталдық.
- Әп-бәрекелді! Мүкең бұрын Білім және ғылым министрлігінде лауазымды қызмет атқарған, вице-министр, оның алдында депутат болған адам ғой. Істің мән-жайын бір білсе, сол кісі білуі мүмкін. Оның үстіне, пайдалана білсек, шет елдердегі қазақ жастарына елімізде жоғары білім беру туралы заң да бар емес пе?
- Иә, бар. «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 66-бабында «1.Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар. 2.Мемлекет шетелдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға жәрдемдеседі» деп ашық жазылған. Соған сай, Үкімет әр жылы шетелден келетін 1400 балаға деп, арнайы грант бөледі» деп жазылған.
- Әуке, заң-зәкөнге әбден бап болып алыпсыз ғой. Кәнігі кәсіби заңгерлерше заулайсыз. Біздің айтып отырғанымыз осы заң. Сіз қазір көші-қонға қатысты заң жобасын да Паралмент депутаттарымен бірге талқылап, сарапқа салып жүрсіз. Ол жобада Солтүстікке қонсыстану туралы айтыла ма?
- Айтылады. Айтылғанда қандай! Елбасы Үкіметке оралмандарды қоныстандыруда басымдық берілуге тиіс бес облысты белгілеп бергенін білесіздер. Мәжілісте талқыланып жатқан "Халықтың көші-қоны туралы" жаңа заң жобасында аталған аймаққа қоныстанатын ағайындарға жеңілдіктер қарастырылған.
- Президент өткендегі бір сөзінде «Қазақтар, жалпиып жатып алмай Солтүстікке қарай жылжыңдар» дегенді айтты. Дұрыс қой. Алайда, осы күнгі қазақтың жалпиып жатқысы жоқ. Мүмкіндік болса, жері кең, кәсіп-қарекет ететін тіршілік көзі бар, жайлы қонысты жайламақшы. Әйткенмен де, бүгінгі күнге дейін осы мәселе күн тәртібіне нақты қойылды ма? Жоқ. Тіпті, керек десеңіз, шет елдерден келген қазақты қазағы қалың Оңтүстікке ғана жіберіп отырған басқа билік емес, өзіміздің қасқа билік еді ғой?
- «Ештен кеш жақсы» деген атамыз қазақ. «Игіліктің ерте кеші жоқ» дегенді де сол аталарымыз құлағымызға құйып кеткен. Сондықтан, бір игілікті іс басталып жатыр екен, енді оған тілекші, жәрдемші болайық. Рас, бұдан бұрынғы жылдары дайындық бөлімдерінде оқитын оралман студенттерге онсызда халқы лықсып отырған Оңтүстіктегі облыстардың ЖОО-на жолдама берілетін. Мұрат Абдуламитұлына осы жағдайларды баяндап бердім. Осыдан кейін Мүкеңмен екеуара әңгімемізде дайындық бөлімдерінде оқитын қазақ жастарын ендігі ретте "Серпін" бағдарламасының аясына беріп, оларды келген бетте бірден халқы шалаң, жұмыс күші жетіспейтін Солтүстік аймақтарға жіберген дұрыс деген пікірге тоқтадық. Ол үшін Білім министрлігінің келісімі керек.
- Бұлай болғанда, жаңа келген жастар бытырамай, делдалдарға да жем болмай, бір орталықтан басқарылатын болады ғой?
- Қазірдің өзінде «Серпін» ұлттық жобасының төрағасы Мұрат Әбенов мырза он ұл, он қыз – жиыны жирма баланы Астана маңындағы колледжден оқытуға әзір екенін айтты. Оқу тегін, жатақхана және үш мезгіл тамақпен қаматамасыз етеді. Шарт - "Серпінде" көрсетілген облыстардан болу керек. Оқығысы келетіндер маған тікелей хабарласа берсе болады.
Сұхбаттасқан – Дәурен Қасенұлы
Abai.kz