МЕШІТТЕГІ «ТҮНГІ АКЦИЯДАН» ҚҰР ҚАЛМАҢЫЗ...
Жуырда еліміздегі ірі сауда дүкені тұрмыстық заттарға түнгі акция ұйымдастырды. Сондағы саудасы: бір зат алсаңыз – екіншісін жарты бағасына сатып аласыз. Қарақұрым халық, ығы-жығы жұрт. Түнгі екіге дейін барсаңыз – үлгердіңіз, әйтпесе акциядан құр қалады екенсіз.
Пендеміз ғой, кейде осынау болмашы жеңілдіктер үшін желпініп, жетіп баратынымызды несіне жасырамыз?! Ол да дұрыс қой, тұрмыс үшін, өмір үшін қажетті заттарды алуға тиіспіз.
Біздің айтайын деген ой басқа еді. Адам баласына жылына бір рет келетін, екі дүниенің қайырлы сәті – Рамазан, оның ішіндегі қасиетті Қадір түні. Нағыз жеңілдік, нағыз жетістік, нағыз жеңіс, міне, осы – Қадір кеші. Әрине, Жаратқанның Қадір түніндегі жарылқауын, жеңілдігін әлгінде айтқан сауда дүкенінің жеңілдігімен яки түнгі акциясымен салыстыру санамызға да келмеген.
Біздің ниет – Қадір түніндегі мол мүмкіндіктен, теңдессіз сауаптан, шексіз нығметтен, бір пенденің бүкіл өміріне татитын құлшылықтан құр қалмауға үндеу. Расында, Қадір кешінің әрбір сәті қадірлі.
Пайғамбарымыздың (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағаланың мың айдан қайырлы түні бар, кім сол түннің сауабынан, жақсылығынан шет қалса, барша сауап, жақсылықтан құр қалады», – деп, бұл түнді бейқамдықпен өткізбеуді насихаттауында үлкен мән бар.
Қасиетті Құранның алғашқы аяты түсе бастаған, түндердің төресі – Қадір кеші – мың айдан да қайырлы. Бұл түнде періштелер жерге түсіп, жер бетінде береке орнайды. Жүректерге иман ұялап, адамзат баласы ерекше ізгі сезімге бөленбек.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) өсиет сөзінде: «Алла Тағала Қадір түнін менің үмбетіме сыйлық етіп берген. Мұндай нығмет бұрынғы үмбетке бұйырмаған», – деп, барша мұсылман қауымына сүйінші хабар жеткізген.
Бүгін Қадір кешінде мешіттерімізде уағыз айтылып, көпшілікпен намаз, Құран оқылады, жамағатпен дұға жасалады. Кейбір мешіттерде, мәселен, Елордамызда еліміздің бас мешіті – «Әзірет Сұлтанда», «Нұр Астана», «С.Ғылмани» мешіттерінде Құран хатым жасалады. Алла үйіне келіп, жамағатпен бірге жақсылыққа, ізгілікке бөленіп, дұға жасау – абзал амал. Қадір кешін ізгі амалдармен үйде де өткізуге болады.
Иә, Рамазан – ұлы нығметке бөленетін кез. Мешіттегі игі шаралардан, салыстырмалы түрде айтқанда, «түнгі акциядан» құр қалмауға шақырамыз.
Алла баршамызға жар болғай!
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,
ҚМДБ Баспасөз бөлімінің меңгерушісі