ӨЛЕЙІН ДЕП ӨЛМЕЙДІ ӨЛЕРЛІК ЖАН (Уәсиланың жоқтауы)
...Сөзімді кей надандар ұнатпаған.
Жүзіне бұл фәнидің көз тастасам,
Пенде жоқ мәңгі қалып тұрақтаған
(Қожаберген жырау)
Ғұмырлық тіршілікте адам пенде болып жаратылған соң талай тепкі мен теке-тіресу арқылы қайтымсыз қақпақылға қабынбай, баз кешіп, тағылым түзейді. Өмір ғой, әрине. Алайда, «өмір бар жерде, өлім де бар». Әйткенмен де даналар мен ұлылардың дүние салуы, бүтін бір халық пен тұтас ұлт үшін – таусылмас тақсырет, қайыспайтын қасірет екендігінде кәдік жоқ. Соңғы дем тереңнен таңбаланып, бұлқынысқа түсер сәтінде, жүректен берілетін тылсым ол – ақырғы аян. Абайдың аяны, ағасы Тәкежанға «ез күнде өледі, ер бір-ақ өледі» дегені. Ағаның ауыр күрсіністе күңіренген бауырына айтқан бақұлы кез келген жүректі ерітіп, елжірететіні адам табиғатындағы сезімінің ұлы танымы. Сол таным адам баласының өне-бойына тереңделіп тамырлана береді. Тамыр жайып қана қоймай жан-әлемдегі өмірлік өлшем мен өткен ғұмыр құжынаған құса болып зарлы запыранын сарқа төгеді. Иә. Запыран. Абайдың запыраны:
Сарыарқаның самалы-ай,
Самалда өскен дүние-ай.
Қорлықта өткен өмір-ай,
Өтті деген осыма-ай,-
деген зарлы самал баяу ғана буырқаныс пен тұла бойды тұмандандыра түседі.
«Тас түскен жеріне ауыр» демей ме дана халық?! Ал ол кемелділіктің ұлы кемеңгері бола тұра, түскен жеріне ғана емес, мұқым ұлтқа таңылған тақшылық.
«Күнім санаулы, мен де жоқпын, дауа жоқ!» деген екен Баймағамбетке [6,396-б]. Сол санаулы күні, рухани дерттің бейдауасына ұшыраған ұлы кеуденің ыстық демі осылайша соғысын тоқтатты.
«Шөл даланы жарып аққан дариядай игілік өмір үзілді. Сонау бір шақта тақыр, жалтыр биік басына жалғыз шыққан зәулім өскен алып шынар құлады. Өмірден Абай кетті.» Зарыққан көңіл-ай, өмірдің ащысы жегідей жеді, мыңмен жалғыз алысты. Қам көңілді бунамай қоймайды, аңсарлы арман шарқ ұра, жүректі елжіретеді, бірақ та өмірлік қағида осы. Көнесіз де көндігесіз.
Абай бақилық болған соң өзінің қолында өскен немересі, ақын Уәсила Мағауияқызы (1890-1954) қамыққан көңілін былайша ағыта толғайды:
Мұндай да ажал көрдің бе
Тонаудан бір күн танбаған?!
Мендей де ғаріп бар ма екен,
Бақытының оты жанбаған?
Қызықты дәурен оты жоқ,
Дүние болды тар маған.
Сізсіз де маған жарық жоқ,
Өзгеге мейірім қанбаған.
Артында қалдық көп жетім.
Арманда болып зарлаған...
деген ызғарлы толғаныс, қанатынан айырылған балапанның жаралы жүрегінің сызын ақтарады. Құсалы қайғының лебі осы үннен анық естіледі.
Ал сол жүректің лебін сезініп, өткенді саралап, мақсатын айқындау болашақтың еншісіндегі бағдарлы бетбұрыстың куәсі болмақ!
Әзімхан ИСАБЕК
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың
2-курс студенті
Abai.kz