Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Не көріп жүрсіз? 12296 0 пікір 6 Шілде, 2015 сағат 02:01

ҚЫТАЙ ҰЙҒЫРЛАРҒА ШЫНЫМЕН ЗОРЛЫҚ КӨРСЕТІП ЖАТЫР МА?

Бейжің билігіндегі  Шыңжаң Ұйғыр Автономиясында ғұмыр кешіп жатқан ұйғырларға Түркия аса алаңдаулы. Рамазан айында Шығыс Түркістанға Түркияның назары тіпті де қатты ауа бастады. Қытай үкіметінің мемлекеттік қызметтегі шыңжаңдықтарға ораза ұстауына тиым салуы және 18 жасқа толмағандарға мешітке кіруін шектеуі, сондай-ақ ерлердің сақал қоюы мен қыздардың орануына шек қойылуы Түркия халқының наразылығын тудыруда.

 Үлкен қалаларда түрлі демонстрациялар мен қарсылық шерулері болып өтсе, әлеуметтік желілердегі көптеген Түркия азаматтары профиль суреттерін Шығыс Түркістан(Ұйғырстан) туы саналып жүрген көк түсті, ай жұлдызды байрақпен белгілеп алған.

Рамазан айы басталысымен, қытайдағы ұйғырлардың жайына алаңдаған Түркия Анкарадағы Қытай елшілігіне өз наразылығын білдіріп, Қытайдағы мұсылмандарға қысым жасамауын сұраған.

Соңғы күндерде Түркия үкіметі осы елде саяхаттап жүрген Қытай туристтеріне қарата хабарландыру таратты. Хабарландыруда: Туристтердің жалғыз жүрмеуін, қандай да бір қақтығыстар мен демонстрацияларды фото және видео естелікке алмауын талап еткен.  Түріктің RADİKAL агенттігінің жазуынша, Қытайдың мұсылмандарға қарсы ұстанып отырған саясатына қарсы Түріктер қытайлық туристтерге соқтыға бастаған. Тіпті, Ыстамбұлда бір күн бұрын түріктер корейлік туристтерді де қытай санап нысанаға алып, күш көрсеткен.

Өз кезегінде Қытайдың Сыртқы Істер Министрі Хуа Чуниң: «Бүгінгі күнде Түркияның өзінде бар мәліметтерді нақтылауын талап етеміз, ал, отандастарымызға жасаған хабарландыруына алаңдаулымыз», - деп мәлімдеме жасады. Ол сондай-ақ: «Шыңжаңның тұтас халқы Қытай конституциясына сай діни сенім бостандығына ие. Түрік тарапы бізге түсіністік танытады деп сенеміз», - дейді өз сөзінде.

Түркияға түрлі жолдармен келетін шыңжаңдықтар көп. Олар келе сала Түркиядан «қытайдың қысымындамыз» деп саяси баспана сұрап жатады. Түркия билігі де ұйғырларға көптеген жеңілдіктер жасап, шексіз қамқорлық көрсетіп келеді. Алайда, Қытайда туып-өскен, әрі Түркияда бір жылдан бері жүрген азамат ретінде жағдайды төмендегідей бағамдауға болады: Ұйғырлар көбіне Шыңжаңдағы жағдайды дабырайтып, түймедейді түйедей етіп көрсетеді. Сондай-ақ, Шыңжаңда жасап жатқан Ұйғырдан басқа да, қазақ, қырғыз, дүнген сияқты мұсылман халықтар бар екенін ұмытып кетеді. Шыңжаң сөзімен қосарланып тұрған «Ұйғыр автономиясын» пайдаланып, Түріктерге бабалық етіп жүрген ұйғырлар көбіне Шыңжаңды тек ұйғырдың меншігі ретінде сипаттап, өздерін мүлде озбырлықтың, қудалаудың астында қалғандай көрсетеді. Сонымен қатар, Шығыс Түркістан мемлекетін құру жолында XX ғасырда тек ұйғырлар сансыз көтеріліс жасады, көп қан төкті деп жаңсақ ақпарат беріп келеді. Анығында қытайға бір қадам болсын жақын отырған дүнгендер XX ғасырдың бас кезінде бостандық үшін көптеген қанды көтерілістер жасады. Ал, жарты Шыңжаңды, Шығыс Түркістанның солтүстігін мекен еткен қазақтар ерте оянып, бостандық үшін атқа мінген. Бұл тұста қауын егіп, үзім кептіріп жүрген ұйғырлар қазақтар құрған Шығыс Түркістан мемлекетін біз құрдық жеп жар салып жүр Түркияда. Анығында олардың құрған Жеті Шар(Шаһар) үкіметі қазақтар құрған Шығыс Түркістаннан кейін дүниеге келген болатын. Алтайдан гималай асып Анадолы кеткен қазақтарды жолшыбай тонағандары да бар. Тарихқа кірмей-ақ қойғанның өзінде, Қытайда мекен етіп жатқан ұйғырлар соңғы 20 жылдың ішінде көптеген жоспарсыз және әсіре радикалды бас көтерулер жасады. Әрине бұның зардабын өздері ғана тартты. Олардың кейінгі жылдары ұлты қытай азаматтар мен қытайлар көп жүретін қоғамдық орындарға түрлі қанды шабуылдар жасауы Қытайдың шеңгелін қыстыра түспесе босатқан емес. Бұл өз кезегінде Батыс Қытайға аса назар салмай, жергілікті халықтардың момындығына шәк келтірмей келе жатқан Қытай билігінің Шыңжаңға қатысты саясатын асқындырып жіберді.

Ұйғырлардың көтеріле бастағанына алаңдаған олар қытай азаматтарды Шыңжаңға көптеп жіберіп, олардың санына жергілікті халықтардан әлдеқайда асырып жіберді. Тіпті Қытай парламентінде Шыңжаңның автономиялық дәрежесін алып тастау туралы ұсыныстар көтерілуде(1950 жылы бітімге сай, Шыңжаңның билігі ұйғыр ұлтының қолында болуы тиіс болған, оның ішінде Іле Қазақ автономиялы облысы, Қызылсу Қырғыз Автономиялы облысы сияқты жекелей бес облыстың билігі жергілікті халықтардың қолында болуы тиіс). Бұндай саясаттан Шыңжаңдағы басқа да мұсылман ұлттар қатты зардап шегуде. Қытайдың оқу-ағарту бағдарламасында барлық пәндердің қытай тілінде оқытылуға жедел көшуі, Оңтүстік Шыңжаңға басқа да мұсылман ұлттардан ұлттық әскерлердің жасақталып жіберуі... бұлардың бәрі жергілікті халықтардың қытайлана түсуін тездетпесе бір жақсылық әкелетін дүние емес. Ал, ұйғырлардың ақиқаттан алыстау кетіп, зорландық, зобалаңға түстік деп байбалам салуы ұйғырмен бірге басқа да жергілікті ұлттарды қытайдың қылбұрауына жақындата түсуден басқа пайда әкелмейді. Тілі жақын болған соң қытайға жұтылып бара жатқан дүнгенді былай қойғанда, ондағы екі миллион қазақ пен аздаған қырғыздың жаны ұйғырдан артық емес. Ұйғырдың басына не келсе басқаға сол келмек. Біз, әрине ұйғырдың бостандық жолындағы арман-мұратын толықтай құрметтейміз. Дегенмен де жарға жығатын жаңсақтықпен жалқы ойланбай, сабырмен іс қылса дейміз.

 

Нұрғали Нұртай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2060