Жұма, 27 Желтоқсан 2024
46 - сөз 6871 1 пікір 2 Шілде, 2015 сағат 08:39

ТЕЛЕАРНАЛАРДАН БІРДЕ-БІР ТАПСЫРЫС АЛМАЙМЫН

«El.kz» редакциясының «Экслюзивті сұхбат» айдарының кезекті саны. Бұл жолғы кейіпкер – журналистика саласының белсенді әрі салмақты қайраткері Мәди Манатбекұлы. Әскери маман болуды армандап, ойламаған жерден журналист атанған кейіпкеріміз осы күнге дейін журналистика саласында өзін әртүрлі қырынан таныта білді. Қалалық газет тілшісі, телеарна жаңалығының жүргізушісі, одан соң республикалық деңгейге көтеріліп, «Астана», «31 арна», «Хабар», «Қазақстан» арналарының тележүргізушісі, бөлім жетекшісі бола білді. Тіпті соңғы жұмыс орнында басшылық қызметті де атқарды, нақтырақ айтқанда «Қазақстан РТРК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары болды. Бүгінде «Бақорда» медиа тобының бас директоры.    

Мәди Манатбекұлы жайлы:

Туған жылы  

  •  25.05.1978 (Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Еңбек ауылы)

Білімі

  • Шымкент қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахимов атындағы республикалық әскери-мектеп интернаты 
  • Көкшетау университеті, Заң факультеті, заңгер

Еңбек тәжірибесі

  • Республикалық «Нартәуекел» газеті – тілші (1998-1999 ж.)
  • «Шымкент келбеті» газеті – тілші (1999-2000 ж.) «Сайыпқыран» спорт қосымшасының редакторы

  • «Отырар» телеарнасы – тілші; жаңалықтар жүргізушісі; «Топжарған», «Экстренный вызов», «Нұрлы арай» бағдарламаларының авторы әрі жүргізушісі (2000 – 2001 ж. Шымкент
  • Республикалық «Астана» телеарнасы – тілші, жаңалықтар жүргізушісі; «Үш ширек» ақпараттық сараптамалық бағдарламасының, «Ашық әңгіме», «Оқиға ізімен», «Топжарған» хабарларының авторы әрі жүргізушісі, Бағдарламалар өндірісі қызметінің жетекшісі (2001-2006 ж. Астана қаласы)

  • Республикалық «31 телеарна» – Астана бөлімшесінің тілшісі (2006‑2007 ж.)

  • «MARMILAT» жарнама агенттігінің директоры (2007‑2008 ж. Астана қаласы) 

  • Республикалық «Хабар» агенттігі – тілші, жаңалықтар жүргізушісі (2008-2010 ж.)

  • «Қазақстан РТРК» АҚ саяси бағдарламалар бөлімінің жетекшісі (2010-2011 ж.)

  • «Қазақстан РТРК» АҚ төрайымының орынбасары (2011-2013 ж.)

  • «Бақорда» медиа тобының бас директоры

Отбасы

Үйленген, екі ұл, бір қызы бар 

– Журналистика саласын не себепті таңдадыңыз?

– Ол аяқ астынан болды. Үш ұйықтасам түсіме кірген мамандық емес. Бала кезімнен десант, яғни әскери боламын деп армандайтынмын. Сол әскери оқу орнын бітіргенмін де, алайда Алла тағаланың қалауымен журналистика жолына ауысып кеттім.

– Толығырақ тоқтала кетсеңіз...

– Өзім Қызылорда облысының тумасымын. 9-10-11 сыныптарды мен Шымкент қаласындағы әскери мектепте (Шымкент қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахимов атындағы республикалық әскери-мектеп интернаты – редакция ескертпесі) оқыдым. Кейіннен жолдама бойынша Алматы қаласындағы әскери академияға оқуға түстім. Бірақ, өкінішке орай, белгілі бір жағдай болып оқудан шығуға тура келді. Әскери өмір осылайша аяқталды. Журналистикаға келер болсақ, оқудан шыққан соң күнкөрістің қамына кірістім. 96-жылдар болу керек, мен студенттерге курстық және бақылау жұмыстарын ақшаға жазып беретінмін. Өзім студент емеспін. Кішкентайымыздан кітапты көп оқып өскенбіз. Кітапханаға баратынмын, тақырыпқа сай әдебиетті ақтарып, қажетті студенттік жұмысты жазып шығатынмын. Қарап тұрсаң, қиын ештеңе жоқ. Сол кездің өзінде жастар еріншек болған екен. Жастар ерінсе, біз солардың еріншектігінен жағдайымызды жасап жүрдік. Содан бір-екі студент «Ағай, сіздің сөйлегеніңіз, жазғаныңыз – барлығы журналистикаға келеді екен, журналист емессіз ба?» – деді. Мен «Жоқ, мен жай жүрген саудагермін» – деп жауап қаттым. Ол кезде базарда саудамен айналысатынмын, ойыншықтар саттық. Сол студенттер бағыңыз сынап көріңіз деген соң, Шымкентте жаңадан газет ашылып жатқан, соған бас сұқтым, тапсырма берді. Тапсырмасы қаладағы қылмыстық оқиғаны зерттеп, мазмұнды мақала жазу еді. Жазып берген едім, жұмысым мұрты бұзылмастан мақала болып жарық көрді. Сөйтіп журналист болып кеттік.

– Кейін оқып алдыңыз ба?

– Журналистиканы оқыған жоқпын. Менің кейінгі оқығаным – заңгер мамандығы.

– Сіз үшін журналист деген кім?

– Журналист деген, әзілдеп айтатын болсақ, ол – бір орнында отыра алмайтын жыбырлақ адам. Бөріні аяқ асырайды дегендей, журналистті де сол аяқ асырауы тиіс. Журналист –  қоғамның барометрі, ол енжар адам бола алмайды. Оған өзінің ғана қарны тойғаны, көйлегінің көктігі қызық емес. Журналист – өз елінің патриоты, мемлекетшіл азамат. Ол тілге де, дінге де, экономикаға да араласады. Түптеп келгенде, журналист дегеніміз – ол ағартушы, зерттеуші.

– Қазіргі қазақ журналистері зерттеуші бола алып жүр ма?

– Бола алып жүр. Ол аз десеңіз айтайын. Қазақ журналистері кезінде жазған үлкен-үлкен мәселелерді орыстілді журналистер енді көтеріп жатыр.

– Мысал келтірсеңіз, ол қандай мәселелер?

– Мәселенки, радикал діндегі адамдар бір қызға үйленеді де, содан кейін ол қыздан шаршаған соң талақ сөзін үш рет айтып, ажырасқан болып есептейді өздерін. Әлгі байғұс әйелді қиын жағдайға келтіріп қояды. Сөйтіп ол жігіт бауырына звондайды «Ақи, мен ажырастым, сен алып алсайшы» – деп. Ол алады. Ол шаршағаннан кейін  тағы бір ақи бауырына звондайды. Бұл үлкен мәселе. Оны қазақтілді журналистер бірнеше жыл бұрын көтерген. Орыстілді БАҚ бұл тақырыпты енді ғана қолға алды.  

– Бұл мәселені бірінші болып қазақтілді журналистердің көтеруі аталмыш сұрақтың қазақтілді ортаға жақын болғандығынан емес пе? Орыстілді азаматтардың салыстырмалы түрде кейіннен қозғалуы содан емес пе?

– Алыс бол, жақын бол бір қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, қандай да бір мәселе болмасын, олардың бәрі бізге ортақ. Осы секілді тақырыптар бойынша қазақ журналистері біршама алда тұр. Бірақ, өкінішке орай, қазақтілді журналистиканы қолдау жағы сәл кемшілдеу. Жекелеген арналарда орыстілді журналистердің жағдайы көп жасалған: жалақысы жоғары, баспана, гонорар мәселесі шешілген, олардың жүлде алуына көбірек мүмкіндік беріледі. Мысалы, үлкен бір байқау жарияланып, сол байқауда қазақтілді журналист пен орыстілді журналист келіп тұрса, «бере салайық» – деп, өзіміздікін кейінге қалдыратын жағдайды үнемі кездестіреміз. Бұл енді қазақтілді журналистердің төмендігінің белгісі емес. Ешқандай да. Бәлкім шешім шығарушы тарап орыстілді БАҚ-ты көбірек оқитын шығар... Тілді білмейді, сол себепті оқымайды. Ал бұл қазақтілді журналистердің проблемасы емес.

– Қазіргі журналистиканың жарқын өкілдерін атай аласыз ба?

– Тележүргізушіліктен басқаларын айтайық, мысалы Қасым Аманжолұлы өте мықты журналист, өзімнің досым Азамат Кеңесұлы да мықтылардың қатарында. Халима Тәжіқұл мен Кәмшат Тасболатты да ерекше атап өтуге болады. Қыз баласы болғанымен, елім дегенде елжіреп тұрады. Өзіміздің Нұрмұхамед Байғара, Ержан Байтілес. Жалпы көп, бірден есіме түспей тұр, сол себепті жігіттер-қыздар ренжімесін. Біршамасы мемлекеттік қызметке ауысып жатыр.  

– Мемлекеттік қызметке ауысу демекші, өзге елдерге қарасаң, аталмыш кәсіпті таңдағандар 50 жаста да, 60 жаста да журналист қызметін атқарып жүреді. Неғұрлым жасы мен тәжірибесі өскен сайын оның кәсіби тұрғыда шыңдалуы арта беретін білеміз. Ондай адамдардың өмірге деген көзқарасы әлдеқайда кең болады, алдындағы сұхбат беруші адамды толығымен аша алады. Мысалы, Ларри Кинг, Опра Уинфри, Владимир Познер және т.б. Қазақстанға келсек, журналистика тек жас кезде айналысатын кәсіп секілді.    

– Бұл енді журналистердің проблемасы емес. Журналист ол қай кезде де журналист. Таза журналистер өздерінен өздері жылы жерлерінен кетіп қалып жатыр деп айта алмаймын. Журналистке жағдай жасалған болса, оны қараламай, қудаламай, қазақ журналистерін айтып отырмын, қолдап отырса ешкім ешқайда кетпес еді. Қазір көптеген журналистердің мемлекеттік қызметтерге, Болашақпен оқуға кетіп бара жатқаны содан. Ол өзі жұмыс істеп жүрген жерден қолдау көріп отырған жоқ. Газет, радио, телеарнасы, сайт – бәрінде осы жағдай.  Олар қайта қудалау көріп отыр, қыспақ көріп отыр. Ертеңгі күнге сенімі жоқ. Бұл деген нені білдіреді? Егер журналистердің ертеңгі күнге сенімі болмайтын болса, онда елдің сенімі қайдан болады? Журналистер өзінің қалаған тақырыбын жаза алмаса, ашып көрсете алмаса, тақырыбын айқайлатып қоя алмаса, соны зерттей алмаса ол журналист не істей алады? Оның да отбасы бар, баласы бар, оларды асырау керек. Жалақысы жоғары болып, сыйақылары бөлініп тұрса, шығармашылық еркіндік болса, ешкім ешқайда кетпейді.  

– Мәселе сөз бостандығына келіп тіреліп отыр ғой. Сөз бостандығы абсолютті болуы керек деген пікірмен келісесіз бе? Әлде бір деңгейде цензура болуы қажет пе?

– Цензура деген сөздің өзі маған жат нәрсе. Бірақ тосқауыл болу керек бәрібір. Енді журналист келіп, ұлтты аздыратын, арсыздандыратын, арзандататын дүниелердің насихаттаудың керегі жоқ деп ойлаймын. Оның бәрі онсыз да болып жатыр. 

– Журналистика саласына журналистика мамандығын бітірмеген адамдар көптеп келуде және көпшілігі журналистика мамандығын оқытудың қажеті жоқ деп айтады. Сіздің көзқарасыңыз қалай?

– Мен де осы пікірдемін, өкінішке қарай.

– Бұл шынымен де журналистиканы арнайы оқытуды қажет етпейтін мамандық екенін білдіре ма, әлде бұл біздегі журналистикалық білім беру мектебінің қалыптаспағандығынан не болмаса журналистика «планкасының» төмендігінен ба?

– Енді бұл жерде шектеу қоя алмайсың. Әрине, инженерге, тарихшыға, дене шынықтыру мұғаліміне шектеу қоя аласыз, ол жерде барлығын біліп тұру керек.  Кез келген адам арнайы оқусыз дене шынықтыру мұғалімі бола алмайды ғой, инженер бола алмайды. Журналист деген осы кәсіптердің барлығының қосындысы ғой. Егер адам жаза білсе, ал жазудың алдында ойланып, толғана білсе, ал оның алдында елім-ай, мемлекетім-ай дейтін болса, ол – журналист. Сондықтан бұл жерден шектеу қою дұрыс емес.  

Мен енді журналистикадан сабақ беретін жоғары оқу орындарын қаралағым келмейді. Олар қолдарынан келгенше тәрбиелеп жатыр. Олардың кінәсі емес. Кемшілік сол, жастардың көпшілігі журналистика факультетіне журналист болуға бармайды, олардың көздегені тележүргізуші болу. Ал тележүргізуші дегеніміз  – дайын асқа тік қасық демекші, дайын мәтінді оқып беруші ғана. Біздің кезімізде басқашалау еді. Тележүргізуші деген ол тек жүргізуші ғана емес, ол репортер, ол сарапшы, ол журналист еді. Қазіргі тележүргізушілер тек түрінің әдемілігіне иланған. Енді, қазіргі талап та осындай шығар. Батыс елдерінде «сенің төрт жылдың білімің бар ма?», «дипломыңды көрсет» деп отырмайды. Ол жақсы тақырыпты қаузап ашып беретін болса, мақаланы тапсырады да, гонорарын алып жүре береді және батыс елдерінде бұл дамыған.

– Олай болса, журналистика мамандығы, журналистика факультетінің не керегі бар. Оған жыл сайын грант бөліп, ақша бөліп. Оның мемлекеттік тұрғыда маңыздылығы қандай?

– Бұл енді күрделі сұрақ. Мен өзім мұғалім емеспін, журналистика сабағын бере алмаймын. Ол жағын оқыған емеспін. Сондықтан айта алмаймын. Журналистика факультетін жауып тастаңдар деп айтқан, тағы да дұрыс емес шығар. Мүмкін сәл қысқарту керек шығар. Мүмкін тек мықтыларды жинау үшін еліміздің бір-екі жерінде ғана қалдыру керек шығар.   Әйтпесе қазір әр өңірде бар ғой журналистика факультеті. Осы жағынан арзандатып жіберген сияқтымыз. Мүмкін 4 жыл емес, мүмкін 2 жыл оқу керек шығар. Мүмкін 1 жыл не жарты жылдық, бірақ кәсіби деңгейде дайындалатын журналист қылу керек шығар.  

–  Сіз басшылық ететін Baqorda медиа тобына тоқталсақ.  Қазіргі таңда көптеген медиа топтар, агенттіктер мемлекеттен тапсырыс алады. Оның ешқандай ағаттығы жоқ деп білемін. Алайда, мемлекеттік тапсырыс деген бірде болатын, бірдей болмайтын дүние, оған әрдайым сеніп отыра беру үлкен тәуекел. Егер мемлекеттік бюджет қысқарса, олар қиналып қалмай ма? Елімізде бейнеролик, деректі фильм түсіруге жекеменшік сектор тарапынан тұрақты ұсыныс бар ма? Сіздерде бұл жағы қалай?

– Осы сұрақты мен күткен едім. Қызық сұрақ. Мен телеарналардан бірде-бір тапсырыс алмаймын және маған бермейді де. Бәрі бір-бірімен құлағына сыбырлап қойғандай, «Мәди Манатбекке бермеңдер» деп. Неге бұлай болғанын мен түсінбеймін. Ал өзге аутсорсингтік компаниялардың көбі,  мемлекеттік арналардан тапсырыс алып отыр.  Өзіңіз айтқандай, егер арна тапсырыс бермей қоятын болса, олардың жағдайы қатты қиындайды. Өйткені сол тапсырыстан басқа жұмыстары жоқ. Ал мен саналы түрде компанияны коммерциялық бағытта ұстап отырмын. Мен жасап жатқан роликтер, бағдарламалар, клиптер және өзге де телеөнімдер жеке тапсырыспен келуде.

– Яғни жеке сектордан сұраныс бар?!

– Жеке сектордан сұраныс көп. Бірақ бұл сұраныс өте арзан. Ал біздікілер бірден байып кетуді ойлайды. Олай болмайды. Теңге тиыннан құралады дейміз. Мен сол тиыннан құрауға балдарды үйретіп келемін. Әрине тапсырыс алғымыз келеді мемлекеттік арналардан. Бермейді. Жолатпайды. Менің ойымша, олар өздерінің қалауымен емес,  шынайы тендер арқылы беруі тиіс. Кім мықты сол алатындай болып. Қазір олай емес. Жеке тапсырыстарды тендермен аламыз. Бұл енді біздің тек бір қанатымыз. Екінші қанатымыз – баспахана. Кітапшалар, диплом, стендтер басамыз, зергерлік бұйымдар жасаймыз. Бұл да таза коммерция. Сонымен қатар, өзіміздің ішімізден әнші шығарып отырмыз. 

– 50 жастағы Мәди Манатбекті қалай елестетесіз?

– Осы өмірді сүре береміз, бірақ қазіргіден сәл сабырлы болып, тынышталғым келеді. Тазы иттерім, төбетім, сайгүлігім болады деген ойым бар. Неге мұны айтып отырмын? Қазақ болу оңай емес. Қазақ болу деген тек бай болу емес. Әрине қазақ бай болуы керек. Өйткені мына нәрсенің бәрін ұстау ақшаны қажет етеді.  

Бала-шағаға ертегі оқып беретін, атқа мінуді және тазы баптауды үйрететін ақсақал болғым келеді. Жалпы шал емес ақсақал болғымыз келеді. 70-ке толған бір үлкен кісімен сөйлесіп қалдым. Біраз әңгімелесіп болған соң «Ал ақсақал рахмет» – деп айтқанмын, айқай салды. «Ты что мне говоришь, я тебе какой старик» – деп орысша кетті бір кезде. Сосын, «Ойбай, ақсақал» – дей бергенім сол еді, тағы ұрысты ақсақал деп айтпа деп. Ақсақал деген сөзге мен көпті көрген деп айтқан едім, оны ұқпады. Әдетте, үлкендер жастарды айыптап жатады, жауапсыз, көп нәрсеге жеңіл қарайды, үлкендер ғана мықты деп. Сөйтсек олай емес екен. Керісінше, қазір жастар мықты болып өсіп келе жатыр. Мешітке барсаңыз орын жоқ қой!

Шетелді аралап жүргім келеді. Қазақтың туларын насихаттап, таратып жүргім келеді. Айтпақшы, биыл  4 маусым күні Астанада біз «Мемлекеттік рәміздер күнін» ұйымдастырдық. Сонда өзіміздің компаниямыздың атынан 10 мыңдай жалауша сатып алдық. Соны қазір ел-жұртқа тегін таратып жатырмыз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 Сұхбат құрған: Дархан Өмірбек

El.kz


 

 

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053