«АРЫНОВЩИНА» НЕМЕСЕ ОРЫСТІЛДІ БАСЫЛЫМДАР АРАНДАТУДЫ ҚАШАН ҚОЯДЫ?
Жуырда ғана өтіп кеткен ақпарат қызметкерлері мерекесінің қарсаңында Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев жылдағы дәстүр бойынша журналист ағайындардың басын қосқан болатын. Бұл жолғы бір өзгешелік, аймақ басшысы қаламгерлерді құттықтаудан бұрын, сөзін бірден елге белгілі шулы оқиға жөнінде бастады.
-Сіздер сұрақ бермей тұрып-ақ, өзім айтайын, тергеу әзірше жүріп жатыр. Өзім лауазымдағы адам және жәбірленуші жақ болып есептелгесін, кейінгі кезде болған жағдайлар туралы сот шешімі шықпай, ешқандай мәлімет беруге мүмкіншілігім жоқ. Оның үстіне аталмыш қылмысты істің маған тәуелсіз, заңнамалық тұстары да бар. Менің сіздерге айтарым, біздер әлі осы жерде өмір сүреміз, кездесеміз, бір-біріміздің көзімізге қараймыз, сондықтан әзірше ешқандай негізсіз болжам жасамай, соттың шешімін күтіңіздер. Және атап айтарым, осы оқиғаның ішінде журналист Ярослав Голышкинның болғаны мен үшін күтпеген жағдай, төбемнен жай түскендей әсер етті. Шынымды айтсам, Голышкин сот процесі үстінде өзін-өзі ақтап алар деп үміттенем. Әзірше бар әңгіме осы,-деп қайырды әкім мырза.
Осыдан соң арнайы шақырылған ақпарат қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтаған әкім қашанда олардың еңбегін бағалай білетінін айта келіп, кейбір журналистер негізсіз сын айтып, өзінің жеке басының пайдасын ойлайды деді. Және бұл сөз қазақ тілінде айтылды. Егер ол барлық журналистерге арналған сөз болса, орыс тілінде естілуі керек еді. Себебі отырғандардың жартысынан көбі орыстілді адамдар. Оның үстіне біздің жақта бұндай деңгейдегі басқосулар міндетті түрде орыс тілінде жүреді. Ал қазақ тілінде арнайы айтылғасын, біз бұл сөзді өз атымызға қабылдадық. Өйткені сол жерде бас қосқан қазақтілді басылымдардың ішінде облыстағы билік тарапына сын мақала жариялайтын жалғыз «Жас Алаш» газеті ғана.
Сосын, әкім неге бұлай деді екен деген ойға қалған едік. Ұзамай, оның себебі де белгілі болды.
Осыдан бірер ай бұрын тәуелсіз басылымдардың бірінде «Амалдың жоқтығынан айтамыз» деген тақырыппен біздің мақаламыз жарияланған болатын. Онда осы облысты бұрын басқарған Ғалымжан Жақияновтың,
Ерлан Арынның тұсында ұлттық рухымыздың еңсесін көтеру бағытында жасалған азды-көпті игі істерге тоқталған едік. Және соның ішінде мынадай бір абзац бар болатын: «...Өткен жылдың аяғында облыс аумағында тұратын қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері, ел ақсақалдары Бозымбаев мырзаға хат жолдап, қазақ тілінде шығатын аймақтық бір газет ашып беруі туралы өтініш жасаған. (Бұл хат ол кісіге жетпей, ішкі саясат басқармасынан қайтқан секілді. Себебі, сол басқармадан қазақша шаласауатты жазылған бір хат алдық).
Егер сөздің шынына көшсек, осы өңірде ондаған үлкен кәсіпорын, кеніштер жұмыс істеп тұр. Қазақ жерінің астындағы есепсіз байлықпен талайлар қалтасын толтырып жатқанын әркім біледі. Мысалы: «Богатырь» көмір кеніші бас директорының бір айлық жалақсын табу үшін мен 5-6 жыл жұмыс істеуім керек екен. Бір қызығы, осы кәсіпорындардың басшыларының қай-қайсысы мінбеге шыға қалса да «Қазақстан менің отаным, қазақ деген халықты ерекше сүйемін, тілі мен мәдениетін қолдаймын» деп жар салады. Егер қазақ тілін қолдаса, осылар қазақ жерінен миллиардтап тауып жатқан байлықтан шамалы ғана бөліп, қазақ тілінде бір аймақтық газет шығарып берер еді ғой. Бұның барлығы әрине, облыс әкіміне байланысты, егер ол кәсіпорындарға қолқа салса, олар ұялса да көмектесері анық. Бірақ, оны жасамай отыр»-дегеміз.
Менің осы пікірім шыққан соң, көп ұзамай (21 мамыр күні) Павлодардағы жекеменшік «Новая время» деп аталатын орыстілді басылымның тұтас бір бетіне «Арыновщина» деген мақала басылыпты. (Тапсырыспен жазылған дүние ме деп ойладық). Себебі авторы Булат Шарипов деген бұрын естімеген адамамыз, сұрастырып көріп едік, ондай журналист жоқ, аты-жөнін өзгертіп берген деді жергілікті қаламгерлер. Оның үстіне менің мақаламды автордың тіпті оқымағаны көрініп тұр, негізі біреулер шала-пұла аударып берген секілді. Әйтеуір тисе терекке, тимесе бұтаққа деп, соға беріпті. Мақала негізінен павлодарлық ғылым докторы, әдебиетші Бекен Сағындықов атты азамат пен мені қаралауға бағытталған.
Былай дейді «Новая время» : «...Читая статью С.Байбосын, я удивился тому, что какие странные претензий предьявляет он к акиму области К.Бозымбаеву. Я, понял, если бы С.Байбосын продолжил развивать жакияновские зерна» публичности, демократий (в лучшем значений); а дальше продвигать в реальных делах госязык (не ущемляя других), в конце концов построить запланированный Г.Жакияновым зоопарк (был сосотавлен и утвержден его проект), довести до ума центральную набережную-основное место отлыха павлодарцев.
...Но уважаемый С.Байбосын упрекает К.Бозумбаева за то, что он снизил литераторам премий, не открыл за госсчет очередную газету, мало выдвигает на должность казахскоязычных специалистов и т.д».
Көріп отырсыздар, мен кәсіпорындардың көмегімен қазақ тілінде бір газет неге ашылмайды десем, «Новая время» оны мемлекет есебінен, яғни бюджеттен деп өзгерткен. Бюджеттен ешқашанда жекеменшік шаруаға қаржы бөлінбейтінін білеміз. Және бұған дейін қазақ тілінде бірнеше газет шығып жатқандай «очередную газету» деп жазыпты. Бұған таң қалуға болмайды, орыстілді ағайындар қазақша жазатын журналистерді ақмақ деп санайтын баяғы әдетінен жаңылмағаны көрініп тұр.
Орысша оқитын Қ.Бозымбаев мырзаның көзі «Новая времядағы» осы мақалаға түссе керек. Оның жиналыста қазақ тілінде реніш айту мәнісін солай деп түсіндік. Бірақ ол кісі қатты қателеседі. Қазақ тілінің проблемасы ешқашан журналистің жеке басының пайдасы болып көрген емес. Бұл ашығын айтсақ, бүгінгі күнде ұлттық трагедияға айнаған жағдай. Егер әкім мырза оны түсінбесе, басқадай айтарымыз жоқ.
Осыдан соң «Новая время» газетінің редакциясына хабарластық. Өзін басылымының редакторы деп таныстырған Лебедева Ирина Анатольевна деген әйел адам: «Егер бізге қоятын кінәңіз болса редакцияға келіңіз, сол жерде сөйлесейік, мақала жөнінде автордың өзімен хабарласыңыз»-деп, оның қалта телефонының нөмірін берді. Автордың шын аты-жөні Булат Қазиев екен. Оған бірнеше рет телефон шалып едік, алмады. Тіпті болмағасын: «Мен Сайлау Байбосын деген журналистпін, телефоныңызды көтеріңіз, сізбен сөйлескім келеді» деп жазба хабарлама (SMS) жібердім. Осыны айтып, Лебедева ханымға екінші рет телефон шалып едім, ол кәдімгідей ашу шақыра бастағасын, әңгімені тоқтатуға тура келді. Ақыры Қазиев мырза түстен кейін өзі хабарласты. Бірақ менің: «Мақаладағы сөздерімді, пікірімді неге өзгертіп бересіз?» деген сауалдарыма жарытып жауап қайтара алмады.
Әңгіме барысында Лебедева ханымға айтқан сөзімізді біз оған да айттық: «Кез келген мақаланың артында адамның тағдыры тұрады. Соны неге ойламайсыздар, журналистік этика деген қайда? Біз сіздер жайлы осылай оймызға келген сөзді жазып жатсақ, жақсы бола ма?»-дедік. Бірақ одан Лебедева мен Қазиев қаншалықты ой түйетінін кім білсін.
Енді амалсыздан «Новое времяның» редакциясына барамыз, егер газет аталмыш мақалаға түзету бермесе, амалсыздан соттасуға тура келеді деп отырғанда, Қазиев мырза хабарласып, басылымның келесі санында «Арынощина» деген мақалада кеткен қатеге түзету берілетінін жеткізді.
Сайлау Байбосын, Павлодар облысы
Abai.kz