Жұма, 22 Қараша 2024
Алашорда 28487 0 пікір 27 Маусым, 2015 сағат 05:10

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ. АБАЙТАНУ – ХХІ ҒАСЫР КӨГІНДЕ

Қазақ елі ойшыл хаким Абайдың әдеби мұрасын танып білуіне 125 жыл толып отыр /1889-2014/.  Аз уақыт емес, ғасырдан астам мерзімді  қамтиды екен.  Осы аралықта абайтану тарихының үш кезеңін бастан өткізіппіз. Әуелі абайтану тарихының «Мұхтар Әуезовке дейінгі  зерттелу тарихында /1889-1834/»  Абайды танытудағы Алаш арыстары халықтық таным тұрғысынан мақала  зерттеулері арқылы насихаттау әрекеттері  дұрыс жолға түсіп еді. Бірақ кеңестік билік тұсында 1923 жылы Сәбит Мұқановтың  «Шешендер, қара тақтаға жазылып қалмаңдар» деген аты шулы мақаласынан басталған тұрпайы социологиялық, компоратавистік, формалистік танымдағы идеялық саяси шабуылдар қараборандатып ушығып тұрды. Бұлар, тіпті, ұлы ақын мұрасын терістеп, әдеби мұра ретінде  мансұқтауға дейін барды. Мысалы «Әдебиет майданы» журналының 1934 жылғы тұтас бір саны түгелдей Абай туралы зерттеулерге арналды. Мақаласы жарияланған авторлардың басым көпшілігі Абай мұрасын тұрпайы социологиялық, компаратавистік, формалистік тұрғыдан теріс танытып, Абайдың әдеби  мұрасына таптық, саяси-әлеуметтік тегіне қарай бағаланып жатты.  Бұлардан бағыт-бағдары мен мән-мағынасы мүлде аулақ М.Әуезовтің «Абай ақындығының айналасы» мен профессор Қ. Жұбановтың «Абай –  қазақ әдебиетінің классигі»  деген  зерттеу мақаласы абайтанудың сол тұстағы болашағына ғылыми жаңа бағыт бағдарына тыңнан жол салған көсем ойлы танымдар болатын.

1933-1934  жылдан 1961 жыл аралығында қанаты кең жайылған «Абайтану тарихының Мұхтар Әуезов кезеңі» дүниеге келді. М. Әуезовтің Абай  мұрасы туралы іздену, зерттеу, ақын мұрасын әлем жұртшылығына таныстыру жолында атқарған қызметінің қол жетпес екі шыңы болды. Бірінші шыңы, көркем сөз өнері арқылы, әсіресе, «Абай жолы» эпопеясын әлем халқы жарыса оқып, ХХ ғасырдың ұлы туындысы деп бағаланып жатты. Екінші шыңы, абайтану жолындағы  ғылыми-зерттеу еңбегі «Абай Құнанбаев» деп аталатын ғылыми монографиясында ақын туындысы терең талданып жүйеленді. Осы кезде абайтану саласында тұңғыш рет кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалып, монографиялық еңбектер басылым көріп жатты. М.Әуезов абайтануды биік деңгейге көтеріп кетті. Абайдың жүз жылдық мерейтойында ақын мұрасы жан-жақты  зерттеліп, баспасөзде кең тұрғыдан насихатталып жатты.

1961 жылы атақты жазушы өмірден өткен соң, «абайтанудың М. Әуезовтен кейінгі дәуірі» басталып та кетті. Біршама  үзілістен соң жаңа буын,  жас талапкерлердің ғылыми-зерттеу еңбектері басылым көре бастады. Осы жаңа буын, жас толқын жастар өкілі ғылыми тұрғыдан ізденіп, жаңа таным, тың көзқарас тұрғысынан келіп, Абай  мұрасының шығыстық рухани  қазына көздеріне қарым қатынасы жайлы күрделі мәселелер көтеріліп жатты. М. Әуезов танымын бастапқы табиғи қалпына келтіруге қызу атсалысып, оны ғылыми ойда қалыптастырды да /М.Мырзахметов. «Мұхтар Әуезов және абайтану проблемалары. Алматы, 1982»/.  Мұндағы бір ескерер жағдай космополитизм  туралы қаулы қатаң бақылауда тұрған кезде, сол саяси қысымнан сескенбей – ақ   «Абайдың шығысы М.Әуезов зерттеуінде» деген төрт тараудан тұратын еңбектің ең үлкен тарауы  1982 жылы  жарияланып кеткен еді. Тұңғыш рет бұл сала ғылыми тұрғыдан өз шешімін тауып, 1989 жылы докторлық дисертация қорғалғаннан кейін Абай мұрасының шығысына орай кандидаттық диссертациялар да қорғала бастады. Мысалы Жабал Шойынбеттің «Абай қарасөзінің жанрлық, стильдік ерекшеліктері», Мақсат  Әліпханның  Абай мен Жүсіп Баласағунидің «Құтадғу білігіне»  байланысты «Құттың кілті-кісілік», Сайдалы Оразалиевтің «Абай мен Дауани», Ноябрь Кенжеғараевтің «Абайдың айтушы мен тыңдаушы туралы танымы»,  Тоты Көшенованың «Абай өлеңдері құрылысындағы ерекшелік», Рахат Саламатованың «Абайтанудың Мұхтар  Әуезовтен кейінгі кезеңі», Талғат Ербай «Абай және Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау», Айжан Картаева «Абай мен М. Әуезов әлеміндегі рухани сабақтастық», Қалипа Әтенова «Қазақ отбасы тәрбиесінің даму тарихы», (Алматы, «Қазақ университеті» баспасы,  2007)  Иманғазы  Нұрахметұлы   «Ұлыстық әдебиеттен ұлттық әдебиетке дейін» /Алматы, 2005/ деген гылыми монографиялары жарияланып, Абайдың шығысына байланысты күрделі мәселелер көтере отырып  әр қайсысы өз үлестерін қосып жатты. Ал Мақсат Әліпхан өзінің докторлық диссертациялық еңбегінде адамгершілік идеясының көне  грек өркениетті заманынан бүгінге дейінгі даму жолы туралы «Қазақ әдебиетіндегі адамгершілік ілімі» деген көлемді   ғылыми монографиясын 2013  жылы жариялады. Осы жолдар авторының 2014 жылы басылым көрген «Абайтанудың» аса көлемді  қос томдығы/125 баспа табақ/ мен «Өнер» баспасынан  жарық көрген «Абай лұғаты»,  2013 жылы жарияланған «Қазақ әдебиетіндегі сопылық таным», 2015 жылы «Медет» баспасында жарық көрген «Абайтану тарихы» мен «Абайды оқы таңырқа» оқулықтары басылым көрді. Бұлардың бәрі де Абай мұрасының шығысы туралы  жазылған жаңа таным, соны бағыттағы бірегей туындылар.                                                            

Соңғы жылдарға дейін Абайдың әдеби мұрасын танып білу, оны насихаттау жұмысының бәрі де материалистік, атеистік дүниетаным негізінде зерттеліп насихатталып келгенін ешкім де  терістей алмас. Өйткені шындық осылай болып тұр. Абай дүниетанымын марксистік-материалистік, жауынгер атеистік таным тұрғысынан танытудың басында қазақ философтарының айғайшы болып тұрғаны да рас. Абай туралы көркемөнер жанрында жазылған шығармалардың бәрі де социалистік реализм талабы шеңберінен шығандап кете алмағаны, өйткені оған таптық дүниетаным  қалқан етіп қойылғаны белгілі.

Қазақ әдебиетінің ұлы классигі Абай дүниетанымын қазақ философтары материалист, атеист деген байламды ұстанып  келді.

Абайды танып білудегі басты кедергі оның дүниетанымының барлық салаларын, яғни, философиялық, этикалық, эстетикалық, саяси-әлеуметтік салаларын анықтауға келіп тіреледі. Осы салалардың бәрін де қазіргі философтар материалистік модель тұрғысынан қарастырып келеді. Осы әрекет, әсіресе, Абайдың 150 жылдық мерекесінде Қазақстан филосрфтарының ұжымдық еңбегі «Абай дүниетанымы мен философиясы» деп аталатын арнайы ғылыми зерттеулерінде өз көрінісін тапты. Бірақ фиософтарлың бәрі де Абайдың жетінші  қарасөзіндегі «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген  сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды.  Оны білмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Әзелде құдай тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол әсерін көрсетіп жаратқан/Абай. 2-том, Алматы, 1995, 165-бет/, деген даналық сөзіне назар салмай келеді. Абай дүниетанамын танып білуде Абай айтқан бұл ой пікірдің мән мағнасы, болмысы, тіпті, бөлекше өркештеніп дараланып тұр. Абай  бұл пікірін ХІХ ғасырдың соңында айтуымен де  ерекшеленіп тұр емес пе?

Абай «дүниенің көрінген сыры» деп бізді қоршаған материалдық әлемді айтса, «дүниенің көрнбеген сыры» деп біздің құпия сырға толы рухани әлемімізді меңзеп отыр. Бұл іспеттес терең пікірді Ясауидің «Девони хикметінен де» ұшыратамыз:

Ілім екеу-дүр: тән мен жанға басшы турар,

Жан ғалымы хазретіне жақын турар.

Тән ғалымы залымдарға  ұқсар ерміш /Ясауи «Девони хикмет», Түркістан, 1993, 74-бет»/ деп ой толғауында «дүниенің көрінбеген сыры» мен жан ғалымы айналысады деп кесіп айтатыны бар. Жан ғалымы көрінбейтін рухани әлем сырымен айналысса, тән ғалымы «дүниенің көрінген сырымен»  бір жақты айналысып, нәпсілік жолға ұрынып, дүниеқор, дүниеқоңыз болып қалатынына назар аударатынын ашық аңғартады.

Абай айтқан дүниенің көрінген сырын ашумен айналысатындар тән ғалымы/технократ ғалымдар/ болып шыға келеді де, дүниенің көрінбейтін сырын  ашуға ұмтылғандар жан ғалымы болып шығады. Соның бірі хаким Абайдың өзі болғандықтан, Абай жан ғалымының ең көрнекті өкілі  болып шығады емес пе?  Өйткені Абай 1898 жылы жазылған 38 қарасөзінде жантану ілімі  ой танымдары біздің заманымыздағы квантты физиктерден бір ғасырдан астам уақыт бұрын «дүниенің көрінбеген сырына» айрықша мән беруі арқылы жантану ілімімен айналысып, пәлсапалық лирикаларын жазуы ойшыл  ақынның кемеңгерлік тұлғасын көрсетеді.

1501-1510 жылдар арасында Фирдоусидің «Шаһнама» дастанын қыпшақ тіліне толық аударған мамлюк қыпшақ ақыны Шәріп Әмеди:

Хақты тану жолын іздегендер,

Бұл әлемде барша аң таң қалғандар,

деп  аса жоғары бағалап ой толғауы кездейсоқ болмаса керек -ті.

Абай  «дүниенің көрінген сыры» мен «дүниенің көрінбеген сырын»  бірлікте қатар алып танып білуді меңзейді.

Абай айтқан бұл даналық ойлардың дүниені танып білуде мән-мағынасы аса терең пәлсапалық ой танымдар «дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын» европалықтар ХҮІ ғасырда-ақ танып білген. Бірақ олар дүниенің көрінген сырын ашып тануға, заттық игілікті молайтуға, баюға шешуші мән беруі  себепті, материалистік, атеистік дүниетанымға біржолата бағыт алды. Испан ғалымы Рена Декарт болмыс пен  сананы бөліп қарауға ерекше мән бере қарағандықтан «Арнайы құрылғылармен өлшеуге болатын нәрселерді ғана зерттейік,  ғылым деп осыны ғана айтайық. Ал, сана деген көзге көрінбейді, прибормен өлшенбейді. Бар екенін білеміз. Бірақ көзге көрінбейтін нәрсені зерттеп қайтеміз», – деп, адамзаттың рухани әлемін танып білуден теріс айналды. Мұның нәтижесі бүгінгі европа халықтарының мінез-құлқы жағынан бұзылып, моральдық қасіретке алып келді әрі олар ғылымды имансыздық жолға түсірді.

Абай дүниенің көрінген және көрінбеген сырын үйлестіре танып білуді мақсат тұтты. Абайдан бастап түп иені танып білу жолында пәлсапалық лирика жанрында жантану ілімін меңгеруге, яғни дүниенің көрінбеген сырын ашып, танып білуге ұмтылды. Абай бастаған бұл дәстүрді ойшыл ақынның шәкірттері Шәкәрім, Мағжан үдере дамытып тереңдете түсті. Осы арқылы қазақ поэзиясында пәлсапалық лириканы әлемдік деңгейге көтеріп, көш бастады.

Бірақ бұл танымды кеңестік билік тұншықтырып тастады.

Енді ХХІ ғасыр басында квантты физиктер танымынан кейін дүние бастауында САНА тұр деген мүлде жаңа танымға келдік. Бұрынғы материалистік, атеистік дүниетанымымыз түбірінен қопарыла өзгерді. Бұл жаңа танымды  кванттық физиктердің атасы, неміс  ғалымы, Нобель сыйлығының лауреаты Макс  Планктің «Ғаламды жоғары сана билейді. Күллі әлем оның көзге ілікпес қуатымен өзара байланысып тұр» деген шешуші байламға келді. Біздің «материя мәңгілік, ол өзгермейді» деген танымымыз жалған таным болып шықты. Материя  – сананың туындысы деген жаңа танымға біржола бет бұрдық.

Сана тұр деген мүлде  жаңа  дүниетанымға келдік. Бұл  құбылыс әлем халқының ой санасындағы шешуші төңкеріс болып, идеялық бағыт-бағдарымыз біртіндеп өзгере бастады. Біздер, күдіктенгіш ғалымдар, бұл жаңа танымның тез өріс алмай, тым баяу қозғалысын шыдамсыздана әрі күдіктене қараудамыз?!

Осы саланың оңалмай  шабандап тұруы көпшілік көңілін алаңдатуда. Өйткені, бұл саланы ұлттық рухының  бары-жоғы белгісіз қойбастықтар басқаруда. Бұл жерге Жүргенов сияқты ұлттық рухы басым арыстан бастықтар қара көрсетпей тұрғаны өкінішті-ақ!

Енді жаңа дүниетаным тұрғысынан ойлап  қарағанда, Абайдың әдеби мұрасы мен ақын дүниетанымын танып білу жолында жүргізілетін бүгінгі ғылыми зерттеу жұмыстарымыз қандай бағыт бағдарда болатындығын айқындауға аса басым түрде мән беретін уақыт келді. Абайтану саласында 125 жылдық мерзімде жазылған өткендегі ғылыми творчестволық зерттеулерге де осы жаңа дүниетаным тұрғысынан қарап, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізге де сын көзімен қарап, бағалайтын  боламыз. Бұл дегеніміз орасан зор қиын жұмыс болса да, қолға алатын тікелей парызымызға айналып тұр.

Ал, Абай әдеби  мұрасы мен дүниетанымын осы жаңа дүниетаным тұрғысынан салыстырып ғылыми зерттеу  жұмысына Астана қаласынан бүкіл әлемдік  ғылыми зерттеу институтының деңгейінде тұра алатын Абайтану, Жамбылтану ғылыми зерттеу институты өзінің болашақ зерттеу бағыт, бағдарын енді дүние бастауында САНА тұр деген жаңа дүниетаным тұрғысынан жүргізуді өзінің ғылыми жоспарына негіз етіп алуы- уақыт талабы.

Ғылым, Білім министрлігі біздің ұлттық болмысымыздан  не өлмейтін, не  өшпейтін реформалар ендіріп, батысқа еліктей бергенше, енді күшті жаңа дүниетанымды тез меңгеріп, салбөкселік қалыптан арылып, сілкіне жұмысқа кірісетін уақыт жеткенін ұғынып жол бастаса, кәнеки!?

Абайтану саласында  ғылыми зерттеу  ісімен айналысатын Мұхтар Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтындағы Абайтану бөлімі, Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінде ашылған Абайтану ғылыми зерттеу орталығы, әл Фараби атындағы ұлттық университетіндегі Абайтану ғылыми зерттеу институты және М. Әуезов атындағы Оңтүстік  Қазақстан университетіндегі жаңадан ашылған Немат Келімбетов атындағы Гуманитарлық ғылыми зерттеу институтындағы абайтану тобы т.б. зерттеу орталықтары баршылық.  Бірақ бұлар бір бірімен байланысы жоқ,  не істеп жатқаны беймағлұм бытыраңқы күйде келе  жатыр.  Бытыраған сайын күш бөлінеді. Бағыт, бағдар беруге біреуі де ұмтылмайды...

Енді Астанадан ашылатын абайтану ғылыми зерттеу институты осы кемшілікті бір ыңғайға келтірер. Бұл үкілі үміт жүзеге асуы үшін республикадағы абайтанушы ғалымдардың басын қосып, ғылыми теориялық семинар ұйымдастырып, пікірлер ағысын айқындап, жаңа ғылыми танымға негізделген ортақ бағыт бағдарымызды нақтылы түрде айқындап, бекітіп алуымыз аса қажет болып тұр. Осы тұрғыдан келіп абайтанудың болашақта алға қойылар міндеттері туралы өз пікірімізді ораға салудың  және басқалар тарапынан қосымша толтырулар болар деген үміттеміз.

 

***

Ендігі мақсат  зерттеліп жазылған көптеген  ғылыми еңбектердің идеялық ықпалынан оқырман санасын арылту үшін жаңа дүниетаным тұрғысынан ақын мұрасын жаңаша бағыттағы насихатты күшейту уақыт талабына айналғанын білу қажеттілігі туындап отыр.

 

***

Абай дүниетанымы ендігі туындайтын ғылыми зерттеу жұмыстарында обьективті шындық тұрғысынан ашылуы-басты шартқа айналмақ. Ойшыл ақын дүниенің  көрінбеген сырын танып білуге ұмтылу арқылы  жол салған жантану ілімі мен толық адам ілімінің құпиясын ашып, не себепті адамзаттың рухани әлеміндегі тылсым сырды танып білуге ұмтылу  себебін біле алмаймыз. Абайдың пәлсапалық лирикасында орын алған басты мәселе – түп иені танып білу. Абай ой танымындағы сөз болатын пәлсапалық ой пікірлердің бәрі де осы мәселе төңірегіне  жинақталған.   Соның бір тармағы жан мен тән  туралы:

Ақыл мен жан  мен өзім, тән – менікі,

«Мені» мен «менікінің»  мағнасы  – екі.

Мен өлмекке тағдыр  жоқ әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі,

деп, өлең сөздің өрнегімен сыртқа шығарған ой қазынасын бір шумаққа сидырған ақынның пәлсапалық ой толғаныстарының сыры мен мән мағынасы бүгінге дейін толық жан жақты шешімін таппай келеді. Бұл бір шумақ өлеңнің мән-мағынасын қарапайым тыңдаушы мен оқырманның өзі де бірден түсініп кетуі өте қиын. Осы қиындықты жете  ұғынған қытай қазағынан шыққан ірі ақын Ақыт Үлімжіұлы 1930 жылы Абай кітабымен тұңғыш рет танысқан соң, ойшыл ақын Абайдың мағнасы терең ой пікірін тыңдаушысына жеңілдетіп беруге кіріскенде «Абай өлеңдерінің үзіндісін басына алып,  күрделі лебіздерін шештім. Бұл нұсқаға сонан «Ғақылиялық үндеулер» деп ат қойдым» деп ескертетіні бар. Мысал ретінде алар болсақ Абайдың «Ақыл мен-жан мен өзім» деген өлең шумағын тыңдаушы ұғымына  лайықтап, жеңілдетіп:

Ойласаңдар жігіттер,

Тән өледі, жан өлмес.

Денеден шығып кеткен соң

Қайта айналып, ол келмес.

Мені менен менікі

Айрылғанын ел білмес.

Мен дегенің жан болар,

Менікі деген тән болар.

Жан кеткен соң байқаңыз

Тәнде қандай сән қалар. (Ақат Үлімжіұлы. Шығармаларының толық жинағы. Кония) деп сол кездегі қытай қазақтарының ұғымына түсінікті етіп жеткізуге ұмтылған. Бұл әрекет қазірдің өзінде қалың оқырмандар ой танымына жеңіл әрі жетімді түрде қабылданатынын көріп отырмыз.

Кеңестік танымдағы философтар Абайдың осы ой пікірін негізінен идеалистік танымға жатқызып, теріс мағынада насихаттап келді. Абай осы өлеңінде «мен»  яғни жан өлмейді дей отырып, жанның өлмеу сырының екінші бір көлеңкелі жұмбақ сырын ашып кететіні бар. Ол «жан» деген адам баласы жан қуаты арқылы өзінің өмірден ізденіп танып білгенін ой сарабынан өткізе  отырып:

Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,      

Өлмейтұғын артына  сөз қалдырған,

деп жанның екінші бір  бүркеулі тылсым сырын ашатыны бар. Адам өмірден көрген білгенін, сол арқылы танып ұғынған ой пікірінің түйінін өлең сөз өнерімен сыртқа шығарған ой қазынасы да мәңгі өлмейді деген байламға келеді. Біздер мұның тереңде жатқан жұмбағын әлі де сезіне алмай келеміз. Бұған Абайдың өз өмірінен түйген сырын, немесе екшеп тереңнен алған ой қазынасын өлең сөзбен сыртқа шығарып, келер ұрпақ санасынан орын алып отыр. Абай сөзі күнде ауызға алынып, мектеп, жоғары оқу орындарында күнделікті айтылып, өздерінше ой қорытып сөйленіп жатуы «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» ақын сөзінің жан сияқты өлмейтін мәңгілік құбылысқа айналуында жатады екен. Немесе Абайдың «Алла деген сөз жеңіл» өлеңін  философтардың біреуі де шындап білуге ұмтылған емес. Себебі олар бұл өлеңнің идеялық мазмұны дінге байланысты деп қарады. Өйткені діни ой пікірді атеистер терістеп жоққа шығаратын. Осы өлеңдегі    «Ақыл мен хауас барлығын, білмей дүр, жүрек сезе дүр» деген өлең жолын академик С.Мұқанов алғаш рет өзінше талдап көрді. Бірақ «ақыл» сөзі мен «хауас» сөзін екі бөлек ұғым деп қарады. Себебі Абай өлеңдер жинағында осы тұрған қалпында басылып келеді. Сондықтан С. Мұқанов екі сөзді екі бөлек ұғым деп мәтінге сеніп қалып, мағынасынан адасты.

Аспирантурада оқып жүрген кезімде мен де Сәкеңе ілесіп біраз жыл жете түсіне алмай адасқаным бар. Келе  өлең тексіне күдіктене  бастадым. Екі сөзге қарап/ақыл, хауас/  мағыналық жағынан талдағанда логикалық ұғым талабына үйлесе бермейді екен. Осыдан кейін бұрынғы өлең тексін өзгертіп:

Ақылмен хауас барлығын

Білмейдүр, жүрек сезедүр,

деген қалыпқа салып қарадым, яғни екі сөз арасындағы «мен» деген жалғаулықты «ақыл» сөзіне қосып, «ақылмен» деп жазып едім, түп мағынасы кенеттен ашыла кетіп, қуанышқа бөленгенім бар. Сонымен бұл өлең жолының мағынасы түп иені /хауасты/ ақылмен тани алмайсың, оны жүрекпен сезесің болып шығады екен.

 Абай қолданысындағы хауас сөзінің  үш түрлі мағынасы бар: Біріншісі,  хауас арапша түйсік, сезім. Екіншісі, сыртқы бес сезім мағынасында. Үшіншісі,  хауас сәлим, яғни ішкі, сыртқы он сезім мағынасында.  Түп иені ақылмен тани алмайсың, жүрекпен сезесің дегені сопылық танымның өзекті  пәлсапасына соғады екен.

 

***

Ең күрделі әрі келешекте жан жақты терең зерттелетін зор мәселенің елеулісі қазақ әдебиетінің сопылық танымға қарым қатысы туралы таным болмақ. Бұл мәселені түбірінен қазып шешпей  әдебиет тарихындағы пәлсапалық лириканың пайда болу, өзіндік даму жолын толық танып біле алмаймыз. Бұл аса күрделі әрі  шетін мәселеге тұңғыш рет қалам тартқан академик Мұхтар Әуезов.  М. Әуезовтің абайтану туралы ізденіс жылдарында қағазға түскен, бірақ баспасөз бетіне жарияланбаған үзік пікірлері мен терең ой толғаныстарының 97 дерек-мағлұматтарын іздеп  тауып «Абайтанудан жарияланбаған материалдар» деген кітапты жариялап та үлгердік.  Осы кітапта Абайдың Ясауидің «Девони хикметіне» қарым-қатынасы көрініс берген. Мұның үстіне «Абай жолы» эпопеясында Құнанбайың  «Девони хикметін» баласына оқытып, ойға батқан толғанысын шебер суреттеп жеткізуі де жай көрініс болмаса керек-ті. Бірақ 1949 жылы КПСС ОК космополитизм туралы зәрін бойына жинаған сұр жыландай  суық түсті қаулысы шығып, М.Әуезовті шығысшыл деп жерден жеті қоян тапқандай әдебиет полицайлары жабыла сынап, қуғынға түсірсе, Абайдың шығысы жайлы мақалалар жазған доцент, білгір зерделі ғалым Ә. Қоңыратбаевты Қызылорда облысына қуалап, жер аударып қаңғыртып жібергенін көрдік те. Осы жағдайға саяси жағынан сақтанып, әдеби маневр жасап қуғындалған М. Әуезов «аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей тартына сөйлеп  қамыққан күндерінің бірінде Ясауи мұрасы туралы қалдырған жазба пікірінде «...Абайдың Науаи, Низами,Физулилерге көзқарасын Қожа Ахмет Ясауидің «Хикметі» тәрізді мистикалық суфистік әдебиетіне деген қатынасынан қапысыз, дәлме дәл ажыратып алу қажет.  Алдыңғы аталғандар Абайдың зердесінің жоғары дәрежелі шеберлігімен, өмірге деген гуманистік көзқарасымен және өздерінің эстетикалық пікірімен баураса, Абайдың өз тұстастары   Шортанбай, Мұрат, Әубәкірден айырмашылығы суфизмге тән жер бетіндегі тіршілікті мистикалық пен жоққа шығаруды, оның ішінде қоғамдық өмірді місе тұтпай  және оны қайта құру үшін күресті мансұқ етуін қабылдамайды» / Абайтану дәрістері,  Алматы, 1994  деп саяси Орталық тудырған идеологиялық қысымға  бейімделе сөйлеуге еріксіз барған замандар болған. Болмаса Науаи, Низами, Физулилердің суфизммен қоян қолтық байланысын біле отырып, оның  тереңіне бойлай отырып, олардағы сопылық ой танымдық Ясауидің «Хикметінде» баяндалған басты сопылық танымдардан бөлектей ажырата қарауды алға тартады. Бұл құбылыстарды тереңдей зерттеп, танып білу міндетін алға қояды. Ал соңғы жылдардағы зерттеулер Ясауидің пенделіктің кәмалаттығы бағытын ұстанғанын, ал Абайдың инсаияттың кәмалаттығы жолын ұстанғанын анықтап беруі арқылы М. Әуезов талабының жүзеге асқанын аңғартады.

 

***

Абайдағы толық адам ілімінің бастау көздерін тауып, оның тарихи жолдарын анықтау аса қажет болып тұр. Көпке дейін зерттеушілер Абайдағы толық адам ілімінің төркінін мұсылмандық шығыстан іздеп, «Кабуснамадағы»  жәуанмәртлік туралы пікірмен ұштастырып келдік. Сөйтсек  жәуанмәртлік ілімінің төрт негізі яғни оның іргетасы ХІ ғасырда қазақ жерінде яғни қазіргі Жамбыл облысындағы, Шу өзені бойындағы Баласағун  қаласынан шыққан ғұлама ақын жазғаны анықталып отыр. Ал, «Кабуснама» кітабы «Құтадғу біліктен» кейін ХП ғасырда жазылған. Осыдан кейінгі ғасырларда жәуанмәртлік ілімі туралы жазылған еңбектер қарасы молығып отырады. Мұсылман әлемінде ХП ғасырға дейін кемел адам ұғымы болған емес деп Иранның атақты  ғалымы Мұртаза Мұттакари Мәскеуде басылым көрген «Усовершенный человек в исламе» (Москва. 2008) деген ғылыми монографиясында пікірін ғылыми тұрғыдан дәлелдеп айтатыны бар.

Жәуенмартлік сөзін біздер Будаговтың сөздігіне сүйеніп «юнный шедрый» деген парсы сөзі деп келдік. Жәуәнмәртлік сөзі парсы тіліндегі сөз емес, көне түрік тіліндегі «зомарт» яғни жомарт деген сөз деп өзінің  этимологиялық зерттеуінде әзербайжан ғалымы профессор,  филология ғылымдарының докторы  М. Шералиев           ғылыми тұрғыдан дәлелдеп отыр. Тіпті, 1501-1510 мамлюктер билеген Мысыр жерінде қыпшақ ақыны Шәріп Әмеди Фирдоусидің «Шаһнама» дастанын қыпшақ тіліне тұңғыш рет толық аударған болатын. Түп нұсқасында бір жүз он мың өлең жолы болса, Шәріп Әмеди аудармасы жүз жиырма екі мың жол болып шыққан. Бұл туынды «Қазыналы Оңтүстік» кітапханасында 37 том көлемінде басылым көріп жатыр. Осы басылымда 

«Жомарттық елінің кеніші ғой ол,

Барша адамзат ұлының жаны ғой ол»,

деген өлең жолындағы «жомарт » сөзі көне түрік тілінде айтылатын «зомарт»  сөзі болып тұр.

Тұранның ұлы қағаны Алып Ер Тоңа /шын аты Мадай б.з.д. ІІ ғасырда/ туралы халық аузында жырланған тарихи жырда жәуанмәртлік сөзі «ақи» /жомарт/ деген сөзбен берілетін.   

«Қойғын маған ақилық

  Болсын менің лақабым»,

деген сөз жау қолынан уланып өлер алдындағы өсиеті ретінде Алып Ер Тоңа аузымен айтылады.Осы «ақи» сөзі «Құтадғу білік» дастанында да осы мағынада қолданылады. Бұдан шығатын қорытынды,  жәуанмәртлік ілімінің бастау көзі Шу өзнеі бойындағы қазақ жерінде жатыр деген байламға келеміз.

Абай толық адам іліміне айрықша мән беріп, неге ой толғанысына түскен деген сұрақ алдымызға көлденең қойылады? Қазақ қауымының саяси-әлеуметтік жағдайы 1867-1917 жылдар аралығында Ресей империясының қазақ еліне арнайы саяси мақсатпен жүргізген мейлінше кертартпалық ел билеу жүйесінің нәтижсінде туындаған территориялық принципке негізделген болыстық сайлауға орай туындаған қасіретті құбылыс.  Өйткені «Қазақ заманы қалып, орысқа қараған соң, бір тағлымды ел, білімді жұртқа еріп, іргелі  баспақ түгіл, бұрынғыдан жаман кейін кеттік...

Енді біздің көксерлік ісіміз-тасталған сүйекке  таласқан мойнақша орыстың знағіне таласып,  ата-бабамыздың елдік, жұрттық сақтап келген бірлік берекесін жыртып алғанымыз» деп жазған еді «Сарыарқа»  газеті.  Қазақтың осы береке бірлігін отаршылдар саналы түрде саяси мақсат қоя отырып бүлдіргенін Сібірдің генерал губернаторы болған М.Сперанскийдің патшаға жазған хатында «Қазақ жерінде сексеуіл деген ағаш өседі. Соны бір біріне ұрып жарады екен. Сол сияқты  қазақтар үш жүзге, руға бөлінеді. Біз соларды  бір біріне ұрып жаруымыз керек» деп бар шындықтың бетін ашып беріп отыр. Қазақтарды оп-оңай тобықтан бір-ақ ұрып жығатын бұл саяси тәсілді Кеңестік билік те пайдаланғанын саналы қазақтар білген. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысының бірінші хатшысы Ливенцовтың М.Сперанскийдің әдісін қолданғанынан жұртшылық хабардар. Отаршыл Ресей патшалығы ендірген  ел билеу жүйесіндегі осы қасіретті терең сезінген ақын С.Торайғыров:

Абай тұсы қазақтың бұзылғаны,

Қаралыққа айналып қызыл қаны...

Ақ пейіл, бауырмалдық қалып кетіп,

Желбуаз, «сұрқия» боп қызынғаны.

Мас болып партияға қызып алған,

Даланың табиғатын бұзып алған.

Елдігіне, жеріне һәм дініне,

Құрылды талай тұзақ, талай қақпан,

деп ой толғанысында халқымыздың отаршылдық жұтқа ұшыратқан орны толмас қасіреті жатыр. Қазақ елінің мінез құлқының бұзылуы-тікелей отаршылдық саясаттың нәтижесі екенін Абай білді. Білді де осы қасіреттің отына күйер елінің алдын алу үшін толық адам ілімімен емдеп, мінез-құлқын бұзылудан аман алып қалатын жолын ізденді. Бұл жол Абайды толық адам іліміне алып келді.

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың. 

 Жақсы менен жаманды айырмадың

Бірі қан, бірі май боп екі ұртың.

Бет бергенде шырайың сондай жақсы,

Неге ғана  бұзылды сартша сыртың...

Өздеріңді түзелер дей алмаймын

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.

Баста ми, қолда малға талас қылған

Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын,

деп халықтың мінез-құлқын бұзудың түп төркіні қайда жатқанын дәл меңзеп отыр емес пе?

 

***

Абай мұрасының  рухани нәр алған үш қазына көздерінің ішінде шығысы қатты  қысымда ұсталып келді. Бәрі бір  шығыспен қарым қатынасы ең күрделі де қиын мәселеге айналғаны абайтану тарихына назар аударсақ мен мұндалап тұратыны бар. Бұл салада академик М. Әуезовтің ғылыми зерттеулері, ой-пікірлері шешуші мәнге ие. Бірақ  өз ой танымдарын ілгері қарай дамытып жалғастыруға 1949 жылы КПСС ОК  космополитизм қаулысы мүмкіндік бермеді. Яғни, Абай мұрасының шығысқа қарым-қатынасын зерттеп, танып білуге қатаң тиым салынды.

М. Әуезовтің «Абайдың батысынан шығысы басым» деген ой танымы әдебиет полицайлары мен философтар тарапынан қатты сынға алынып,  қудалауға ұшырады. Бұл мәселе, шындығын айтсақ, М.Әуезовтің Абай мұрасының рухани нәр алған қазына көздері Абайдың «Сәулең болса кеудеңде» деген өлеңінен өріліп барып айтылған пікір екендігіне көзіміз жете түседі. Абайтану тарихының М. Әуезовтен кейінгі үшінші  кезеңдегі абайтанушылар тарапынан қайта көтеріліп, қиындықпен қолға алынса да, оларға еркін жол берілмей қысымда ұстап келді. Бәрі бір «өлермендікпен» зерттеу жұмыстары жүргізіле берді. Енді ғана философтар тарапынан академик  Ғ. Есімов  Абай мұрасының шығысқа қатынасына оң көзбен қараған ой пікірлері алғаш рет белгі бере бастады. «Абай  шығыс ақыны, шығыс мәдениетінің қайраткері, нақтырақ айтсақ мұсылман шығысының аса көрнекті ойшылдарының бірі... оның көзқарасын діни философия жағынан іздеу керек.» / Абай. Ұлы дала тұлғалары. Алматы, 2013, 361-362 бет/ деген салиқалы ғылыми ой танымдар алғаш рет көрініс бере бастауы — Абай шығысына тарс жабылған есіктің айқара ашылуына сеніммен келіп отыр. Абайдың дүние танымы ғылыми тұрғыдан тереңдеп дендей енбей мақсатқа жету қиын.  Ол үшін Абайдың шығысқа қатысы жайлы ақындық  кітапханасының көлемі мен жағдайын  анықтап алмай іске кірісу-далаға лағумен бірдей болып шығады. Абай ой танымының бұл болмысын танып білмек үшін екі түрлі тәсілді  ұстану қажет.

а. Абай өз шығармаларында аз да болса нақтылы түрде атап отыратын дерек мағлұматтар сілтемесі.  Мысалы, Ғұламаһи Дауани, Бабырнама, Құтайба т.б.

ә.  Абай ой танымының кейбір  иіні келетін шығыстың ақындары мен ғұламаларының шығармаларындағы сабақтасып іліктесіп келетін туындыларды қаншалықты қиын болса да сарыла іздену арқылы тапса болады. Мысалы мен Абайға тікелей  қатысы бар Жүсіп Баласағұнидің «Құтадғу білік», Наршаһидің «Бұхара  тарихы» мен әл Фараби, Қарабағи, ибн Сина, Журжани т.б. осындай дерек көздеріне сүйене отырып тапқаным бар.

Ғ. Есімов «...ислам философиясына  үңілмей Абайдың көзқарастарын талдау өте қиын шаруа», деп өте дұрыс пікір қозғап отыр.  Бұл үшін Абайдың ақындық кітапханасын екінші тәсілмен іздеп табуға мүмкіндік туады. Бұларсыз босқа лағып айтар пікірімізді нақтылы талдауға бара алмайсың.  Көптеген абайтанушылар осы мәселені жете түсіне алмай Абайды әлем алыптарымен орынсыз салыстырып  әуреленіп, сабылып жүр.

Суфизмнің білгірі атанған ғалым Е.Бертельс «Суфистік әдебиетті зерттемейінше шығыстың орта ғасырдағы өмірін түсіну мүмкін емес. Оның классиктері шығыс әдебиеттеріне ХІХ ғасыр басына дейін ықпал жасап келеді», деп жазуында елеулі шындық жатыр. Мұны, тіпті, Абай мен Шәкәрім туындылрынан анық аңғарамыз. Сондықтан суфизмді танып білуді Ясауиден бастамағы керек. Бұл әрекет басталып та кетті. Мен қазақ түрік халықаралық университетінде барлық факультеттерге ректордың тапсыруы бойынша Ясауидің өмірі мен шығармаларынан тұңғыш рет таныстыру мақсатында шолу дәрістерін өткізе жүріп, «Қазақ әдебиетіндегі сопылық  таным»/Алматы, «ГИС -frint» баспасы, Алматы, 2012, 182 бет/ деген кітабымды жарияладым. Әсіресе, Ясауидің философиясы туралы ізденгіш ғалым Кенжетай Досаев «Ясауи дүниетанымы» деген докторлық диссертациясын қорғаса, бірнеше жас ғалымдар осы тақырыппен айналысып, зерттеу нысанасын молықтырып ізденіп жатуы –  рухани  өсуіміздің нышаны деп қараймыз.

Абайдың толық адам ілімі мен жантану ілімін ерекше әрі жан-жақты терең зерттеу ісіне тікелей кіру қажеттілігі туып отыр. Ол ілім қазақ жерінің туындысы болу үстіне бүкіл түрік халықтарының келешекте қабылданар моральдық кодексінің іргетасына айналумен бірге күллі әлем халықтарының кемел адам қалыптастыруында толық адам іліміне тең түсер өзіндік ілімі болмауы себепті де, бар күшті осы мәселені шешуге салып, тезірек зерттеу нысанасына қоюға міндеттіміз.

 

6

Абай мұрасын танып білу тарихына 125 жыл(1889-2014) толып отыр. Қазақ елі ойшыл, хакім ұлын ғасырдан астам уақыт ішінде қалай танып білу жолын, ғылыми тұрғыдан талдап, көп мәселенің бар болмысын өз деңгейінде шешу міндеті тұр. Осы міндетті жүзеге асыра алсақ, Абайды танудың ұзақ жолында, ғылыми зерттеулерде жіберілген сан түрлі кемшіліктеріміз бен қол жеткен жетістіктеріміз көз алдымызға келеді. Жалпы, Абайтану тарихы филология, тарих факультеттерінде арнайы курс, арнайы семинар сабақтары ретінде оқытылуы жөн. Өйткені бұл сала студенттерге Абайтанудан терең мағлұмат берумен бірге Абай мұрасының рухани, тарихи болмысынан кең, жаңаша соны танымдар беруімен ерекшелінеді. Ол үшін «Абайтану тарихы» оқулығы мен хрестоматиясы, бағдарламасы мен арнайы библиографиялық көрсеткішті қоса жазып беруі — қажеттілік.

   Ал, барлық университеттер мен пединистиуттарда және орта мектеп пен арнаулы оқу орындарының барлығында «Абай: Толық адам ілімі» деген арнаулы ортақ оқулық пен хрестоматия, бағдарламасы мен библиографиясымен қамтамасыз ету — рухани қажеттілікке  айналып отыр. Өйткені бұл ілім жас ұрпаққа жетілген, кемелденген мінез-құлықты қалыптастырып, сырттан еніп жатқан жат қылықтардан сақтайтын «қазақ қорғаны» болатынын назарда ұстау  – әділетті жол болмақ.

 

***

 Абайтанудың ғасырлық мерзімінде кеңес билігі орнасымен тұрпайы социологиялық танымға танылған әдебиетшілер мен философтар ұлы ақын мұрасын терістеуге дейін барып, тұрпайы социологиялық,  компоратавистік, формалистік таным шеңберінен шыға алмады. Олар әдебиеттің партиялық, таптық ұстанымына сүйене отырып ұлттық мұраға айналған ақын туындыларын ғылыми тұрғыдан танып білуге кедергі жасап келеді. М. Әуезовтің бүкіл әлем танып, мойындаған әрі аса жоғары бағалаған «Абай жолы» эпопеясын қатаң сынға алып, байшылдық феодалдық ескілікті дәріптеді деп, Абайдың ақындық дәстүрін терістеуге шейін барған саяси идеологиялық тұрғыдан шабуылдар жасап жатты. Абай мұрасының, әсіресе рухани нәр алған Абай шығармаларының шығыстық қазына көздерін танып білуге тыйым салумен қатар, халықтың рухани тірегі болған сопылық негіздегі Ясауи мұрасын теріс танытып, оны ғылыми тұрғыдан танып білу әрекетіне өлердей қарсылық жасап, мұра ретінде терістеумен келеді. 

   Тарихқа азырақ көз жіберсек, Ресей патшалығы қазақ жері мен Орта Азия халықтарын жаулап алған соң, алдымен, халықтың рухани әлеміне қол салып, миссионерлік саясатын  астыртын түрде жүргізе бастады. Ясауи жолына өшіге тиісті. Тіпті, Түркістан қаласын басып алған соң, Ясауи кесенесін жойып жіберу, талқандау ниетінде болды. Өйткені Ясауиге деген түрік халықтарының  рухани ықыласынан шошына түсті.

   Артынша кеңес билігі орнап, жалпы дін атаулыны терістеп, атеистік насихатты күшейтті. Кеңестік идеологтар да Ясауидің сопылық жолынан дін мен халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін үйлестіре білген бағытына сескене қарады. Ясауи кесенесіне ағылып зиярат етушілерден құтылу үшін Ясауи кесенесін астық қамбасына айналдырып жіберді. Ақыры кесенені атеистік музейге ауыстырып, Ясауи мұрасын мейлінше кертартпа мистикалық әлем ретінде бағалап, жас ұрпақты адастырып жатты. Ясауи кітабы басылымнан қалып, мұрасы насихатталмай жер бауырлап қалған күндерді де бастан өткіздік. 

   Енді Тәуелсіздік заманда шетелден бізге қарай ағылған, мұсылманның рухани әлемін бүлдіруге жіберілген вахабистер құдды генерал Черняевке ұқсап Ясауи кесенесін жарып жіберуді армандап жүр. Бұлар аз дегендей, ислам атын жамылған көптеген жат ағымдар да Ясауи жолына қарсыласып жаулық әрекеттерін тоқтатар емес. Сонда неге бұлардың бәрі жабыла кеп Ясауидің сопылық жолына жаулық ниет ұстанып, бәрі бір нүктеге яғни, Ясауи әлеміне идеялық соққы беруге жабылуда. Мұның да басты себебі болса керек. Ол себеп егер ой санасына Ясауидің сопылық танымымен хәл ілімінің адамгершілік, гуманистік негіздері сіңген пенделерді бұл жолдан, бұл танымнан айырмайынша, оларды соңынан ерте алмайтығын, нандыра алмайтындығы танудан шығып отырған қастандық әрекет деп тану-шындыққа келеді.

   Егер қалың қауымды Ясауи жолынан тайдыра алса, оларды мұрнын тескен тайлақтай қайда сүйресе солай кете беретін еріксіз тобырға айналарын   біліп отыр. Халықтың рухани тұтастығын бұзу, ыдырату үшін ислам дінін жамылған жат ағымдар өз мақсаттарын жүзеге асыруға жан сала күресуде. Ең өкініштісі, бұл күресті ақшаға сатылған космополиттенген қазақ өнерпаздары мен  жазушы, ғалымдары бастап жүр. Әрине, бұның да бір себебі болса керек, меніңше, бұл себеп Ясауи жолы хәл іліміне сүйеніп, сопылық таныммен халықтың ұлттық дәстүрін бірлікте үйлестіре кемел адам тұлғасын қалыптастыру қуатында жатса керек. Осы себептерді назарда ұстай отырып, Абай мұрасымен сопылық таным болмысындағы қарым-қатынасын ғылыми тұрғыдан танып білмейінше, Абай дүниетанымын анық танып біле алмаймыз. Өйткені Ясауи исламның діни философиясы болуы себепті академик Ғ. Есімов: «Абай...  көзқарасын діни философия жағынан іздеу керек»  (сонда, 362 бет) деп осы пікірге салмақ салуы – тегінен-тегін болмаса керек-ті.

      

8

ХІІ-ХІІІ ғасырда өмір сүрген рухани бабамыз Ясауиде «жан ғалымы» және «тән ғалымы» деген күрделі ұғым бар. Жан ғалымы дүниенің көрінбеген сырын танып білуге, оның құпиясын ашуға ұмтылған руханияттын өкілдері. Ал, «тән ғылымы» дегені дүниенің көрінген сырын ашып, танып білуге ұмтылған заһри  ғылымның өкілдері. Ясауи «жан ғылымын» жоғары бағалап, нәпсіге бүйрегі бұра беретін тән ғалымынан бөлектей қарайтын пікірі де бар.

   Ал, Абай жетінші қара сөзінде «дүниенің көрінген сыры мен көрінбеген сырын» танып білуге шешуші мән бере қарайды. Ол екі құбылысты бірлікте алып, танып білуді меңзейді. Абай бұл  ой-танымының 1898 жылдары қазіргі кванттық физиктерден бір ғасырдан астам бұрын-ақ болжап, толғанысқа түсіп пікір білдірген.

   Бірақ европалықтар XVI ғасырдан бастап дүниенің көрінген сырын ашып, танып білуге шешуші мән берді де, тән ғалымдарын осы жолға бағыттап, таза материалисттік, атеистік дүниетаным жолын ұстанып кетуі себепті, адамдардың мінез-құлқы бұзылып, рухани қасіретке ұшырауда. Олардың бұл рухани дерттен құтылуы екі талай. Өйткені европалықтардың дүниетанымы материалистік негізде қалыптасып, тұрақты көзқарасқа айналып кетті. Қатты қалыптасқан, бір жүйеге түсіп бекіп кеткен дүниетанымдағы материалистік модельді санадан сырып тастау – қиынның қиыны. Әрі оларды бұл теріс танымнан алып шығарлық европалықтарда толық адам ілімі тәрізді рухани құбылыстың ізі де жоқ. Осы себепті де біздер Абайдың толық адам ілімінің болмысын жан-жақты тереңдете зерттеп меңгеріп алуға, онда қол жеткен жетістікті қоғам игілігіне айналдыруға бар күш-қуатымызды жұмсау – қоғамның қажеттілігіне айналып отырғанын түсінетін уақыт жетті деп білеміз.

 

***

  Абай мұрасын танытудағы қуатты құралдың бірі «Абай» энциклопедиясы ойшыл, хәкім Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында басылым көрді. Бірақ шынын айтсақ, бұл энциклопедия асығыс, жылдам, тез даярланумен бірге ақын мұрасын ғылыми тұрғыдан өз деңгейінде таныта алмады, себебі кеңестік тоталитарлық идеология оның өрісін тарылтты. Әдебиет пен өнерге, ғылымға таптық, партиялық принципті орынсыз тықпалап қақпайлай  берудің қажет еместігін Қытай Компартия жетекшілері өз тәжірбиесінен көріп сезінуі себепті Дын Шау Пин: «Әдебиет пен көркем өнер саясатқа тәуелді деген сөз бұдан былай айтылмауы керек. Өйткені бұл ұран әдебиет пен көркем өнерге қисынсыз килігудің оп-оңай теориялық негізі болып шыға келді. Бұл тектес ұрандардың әдебиет пен өнерге пайдасынан зияны көп екені өмірдің өзі көрсетіп берген жоқ па?» деп өте сындарлы пікір білдіруі өмір ағысынан туындап отырған  шындық екенін көріп, сезінудеміз.

   Абай мұрасының шығысқа қатысын жан-жақты ашып көрсетуге мүмкіндік берілмеді. Абайдың орыс әдебиеті мен европалық мәдениеті шамадан тыс мадақталып, назар осы тарапқа молырақ аударылды. Ал, Абайдың дүниетанымы жайлы мәселелер материалистік, атеистік таным тұрғысынан баяндалып, насихатталды. Кейде, тіпті, Абайтануға қатысы жоқ кездейсоқ лауазымы жоғары тұлғалар еніп кетіп, энциклопедияның ғылыми құндылығын төмендеткені де рас. Мәселе – осы кемшіліктен арылған энциклопедияны асықпай жан-жақты қарастырып, ақын дүниетанымын кванттық физиктер ұстап отырған жана дүниетаным негізіне сүйене отырып шығаруды қолға алуда жатыр. Жаңадан қолға алынып, басылымға даярланатын «Абай энциклопедиясы» өте биік талғаммен, әсіресе ақын дүниетанымының салаларын жаңаша көзқараспен танудың үстіне бұрынғы энциклопедияда қалың бұқара оқырмандардың санасына сіңірілген кеңестік идеологияның сарқыншақтарынан арылтып, тазалауды басты мақсат ретінде ұстану – уақыт пен жаңа таным қажеттілігі деп ұғыну жөн.

 

***

Абайтану тарихында ақын дүниетанымына байланысты аса күрделі де қиын мәселенің бірі – қазақ поэзиясында Абай негізін қалаған жантану ілімі мәселесі. Жантану ілімінің дүниетану тұрғысынан екі салаға бөлінетіні  бар:

Бірі, европалық танымдағы жанды адамның психикалық әрекетінен, териалистік танымнан туындайтын жантану ілімі. Бұл ілім бойынша жан ешқайдан келмейді. Ол адамның ішкі психикалық сан түрлі әрекеті  арқылы көрініс беретін заттық құбылыс. Ол адам қайтыс болғанда бірге жоғалатын, қайтып келмейтін нәрсе. Осы ұғымды Мағжан «Жан деген жеке зат жоқ, жан деген дененің бір бөлігі деген сөз» деп материалистік танымды меңзей көрсетіп отыр.

Екіншісі, Абайдың жиырма жетінші қара сөзінде «Жә, сен бұл ақылға қайдан ие болдың? Әрине, қайдан келсе де, жан деген нәрсе келді де, сонан соң ие болдың» деген ой толғанысында жан сырттан, түп ие тарапынан келгенін меңзеп отыр. Ал, Шәкәрім болса:

Жанымыз күннен келген нұрдан,

Тәніміз топырақ пен судан,

деген ой танымын ортаға тастайды. Жанды танып білу, ғарыштан келетін яғни, жанның тылсым құбылыс болуы себепті, ол жантану іліміне жатады.

Абай мен Шәкәрімнің зерттеу нысанасына алып отырғаны да осы ғарыш яғни, түпиеден келеген жанды танып білу іліміне жатпақ.

Шәкәрім:

«Жанның бастан барын байқамапты

 Психолог ғылымын ашқан адам»,

деп, батыс ғалымдарын адасқанына сын көзімен қарап сынауы жай нәрсе емес. Дарынды ақын Мағжан Жұмабаев «Пайғамбар» деген өлеңі бізден бір ғасыр бұрын жазылса да, ақын дүниетанымының арқауы Абай ой танымымен сабақтас жатқан құбылыс екеніне көзіміз жете түседі. Европалықтар Абай айтқан дүниенің көрінген сырын танып біліп, материалдық игілікке жетуді мақсат етуден, ғылым табысын имансыздық жолға түсіріп, отарлаған елдерді қырып, жойып, тілін, дінін, ділін, салт-санасын аяқ асты етуден тартынбай адамшылық жолынан шықты. Мағжан терең мән бере айтатын:

Білген емес иман деген не нәрсе,

 Болған емес жұмысы оның жанменен,

деген өлең тезистік мағынада қолданысқа түскен «иман, жан» деген сөздерінің мағынасын батыс елдерінің танып білуі мүмкін емес. Өйткені «иман» ұғымы түпиенің барлығына нануды алға қойса, олар оған нана алмай атеистік жолға түсті. «Жан» сөзін де осы мағынада ұғынды.

Абайдың түпиені танып білуге айрықша ізденіске түскен әрекеті «Лай суға май бітпей қой өткенге» (1895 жыл) деген өлеңінде:

Өзгені ақыл, ойға қондырады,

Біле алмай бір тәңіріні болдырады.

Ақылдың жетпегені арман емес,

Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын,

деп, түпиені танып білуге ұмтылады. Бірақ түпиені танып білуге адам ақылы жетпесін білсе де, «Сонда да оны ойламай тұра алмаймын» деп алда да іздене беретінін меңзейді.

Абай түпиеден келген жанның болмысын танып білуге ұмтылу әрекеті оны жантану іліміне алып келеді.

Бұлар  адамзат баласының алдына қойылып отырған ұлы мәселелер. Мұны тек қана кванттық физиктердің «ғаламды сана билейді» деген жаңа дүниетанымымен сабақтасып жатқан мүлде соны тың танымға қадам бастық.

Абай, Шәкәрім, Мағжан сынды дарабоз ақындар дүниетанымының енді дүниебастауында тұрған сана билігі арқылы танып білуге күш салу – Абайтану саласындағы ғылыми зерттеу, ізденістеріміздің өзегіне айналар уақыт жетті деп білеміз.

Мекемтас Мырзахметұлы, Абайтанушы,

Филология ғылымдарының докторы,  профессор.

"Жұлдыз журналы"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3226
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5282