Жұма, 22 Қараша 2024
Өмірдің өзі 7696 0 пікір 25 Маусым, 2015 сағат 05:00

ТӘҢІРШІЛДІК ЖӘНЕ ИСЛАМ: ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР (Соңы)

(Соңы. Басы мына сілтемелерде:

http://abai.kz/post/view?id=3654

http://abai.kz/post/view?id=3663

http://abai.kz/post/view?id=3689

http://abai.kz/post/view?id=3784)  

Ислам өмір философиясы, қоғамның әрбір мүшесінің ең ұлы кісілік, құндылық иесі болып қалыптасуына, адамды сүюге, әділет, адалдық, басқа дінге құрмет пен төзімділік түсінігін егетін дін деп түсінеміз. Сол үшін исламның тарихын, жүріп өткен жолын, өзіміздің осы жолдағы ата-бабаларымыздың ислам өркениетіне қосқан үлесін тану арқылы білу әрбір мұсылманның парызы. Біз зерттеушілер ұлттық тәуелсіздігімізді баянды ету мақсатында қоғамдағы әрбір адамға жалпы адамдық құндылықтарды, исламның негіздерін уақыт пен кеңістік талабы шеңберінде түсіндірумен қатар, исламдағы зиянды ағымдардың негізгі стратегиясын, мүддесін қоғамдық пайда тұрғысынан ашып көрсетуіміз қажет.
Уаххаби өкілдерінің алдарына қойған мақсаттары, көзқарастары және қозғалыс-әрекеттері арқылы діни, қоғамдық және саяси мәнге ие ағым екендігін көруге болады. Олар тарихта доктриналары мен мақсаттары тұрғысынан “Алланы бірлеушілер” (муаххиддун), пайғамбардың жолындағылар (салафиуун) немесе уаххабтың жолындағылар (уаххабиун) деген атпен белгілі. Бұл ағымның қалыптасуына сол дәуірдің қоғамдық, экономикалық, діни және саяси жағдайлары себеп болды. Ағымды негіздеген Мұхаммед Ибн Абдулуаххаб ХVІІІ ғасырдың орталарында Орталық Арабстанда Нажд және ал-Хаса аймақтарында қозғалыс жетекшісі болды. Бұл ағым негізінен араб ұлтшылдығын, Осман империясынан азат болу идеясын ту етіп көтерді. Бұл аймақта ешқандай империяның ықпалы болмады. Жеке-жеке тайпалардан құралған арабтардың басын қосып, бір идеологияға біріктіру, ұлт жарату, ортақ мүдде, ұлттық мемлекет құруға негізделді.

         Уаххаби қоғамдағы құбылыстар мен діни, философиялық мәселелерді терең талдамайды, бір жақты тұжырым, үкім береді. Олар үшін Құран мен Суннадан кейін Ибн Таймийа мен Ибн Жаузийа еңбектері кодекс ретінде қабылданады. Бірақ, бұл ғалымдарды да дұрыс түсініп, меңгере алмағандары белгілі. Абдулуаххаб “дінді тазалау”, яғни, пайғамбар заманына оралу мақсатымен өз ағымын, қозғалысын ұйымдастырды. Оның ойынша, тек бәдәуи арабтар емес, барлық мұсылмандар таза ислам доктринасынан алыстаған болып есептеледі. Таухид жүйесіне қауіп төнді. Таухидті дұрыс түсінбеуімізден, ұмытуымыздан саяси, экономикалық, этикалық бодандықтамыз деп ұйымдастырды. Пайғамбар қабірін зияраттың өзі таухид теориясына қарама-қайшы келеді. Олар үшін пайғамбардың, әулиелердің қабірлерін зиярат ету, Аллаға жеткізуші құрал (тауассул) Аллаға серік қосу болып есептеледі (ширк). Олар өте қағидашыл. Мысалы, “бас ауруға анальгин ем” десеңіз, бұл сөз Аллаға серік қосу (ширк) болып есептеледі. “Иасауидей әулиенің құрметі үшін мына дұғамды қабыл қыл” десең діннен безгенсің (мушриксің). Бұлар өз дінінен жат, алыс қалғандарды тез баурап алатын доктрина. Абдулуаххаб “Құран мен Сунна” басқа да негіздерді қабылдайтын мазхабтарды дінге жаңалық қосу деп (бидғатшылықпен) күстаналайды. Ал, өздерін түсінгісі келмегендерді надан (жахил), олардың сеніміне кірмегендерді “дінсіз” деп қарайды. Абдулуаххаб “біздің ханафи мазхабын кафирлердің мазхабы” деп қарайды. Олардың қас дұшпаны мұсылмандар. Өйткені, таухид ұстанымы христиан, йахудилерге сәйкес келмеді. Сонда да оларға мұсылманға қылған әрекеттерін қыла алмайды. Олардың иман мәселесі бойынша айтқан идеялары, жолдары мұсылмандар арасында түрлі түсініспеушілікке апарып соғуда. Сонымен уаххабилер Қазақстанда ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан дәстүрлі ханафи мазхабына қарама-қайшы көзқарастағы ағым. Мысалы, біз өмірден өткендерге, рухына Құран бағыштаймыз, тариқат, қабірді зиярат ету, оларға белгітас орнату исламға жат деп уағыз айтушылар көбейді. Бұл қоғамды қайшылықтар мен келеңсіз жайларға апарып соғуда. Музыка, театр, өнер, туылған күн тойлауды харам, күнә деп есептейді. Бұлар, уаххаби ағымындағылар үшін Аллаға серік қосу (ширк) және дінге жаңалық қосу (бидғат).
         Міне осындай қазақ мұсылмандық түсінігінің негіздері жоққа шығарылып жатқанда қазақтардың ойына шындығында «біздің ата-бабаларымыз қай ислам дініне сенген?» деген психологиялық танымдық қобалжу туатындығы сөзсіз.Исламның иман, намаз, ораза, зекет және қажылық шарттарынан басқа тағы да өзгеріс енгізуіне жол жоқ. Мысалы, бес уақыт намазды, алты уақытқа шығаруға немесе екі уақытқа түсіре алмайды. Егер осы негіздерге өзгеріс енгізілсе ол әрине бидғат болады. Ал қазақтардың мұсылмандық түсінігінде ешқандай бидғат жоқ. Мысалы, Хз.Мұхаммед пайғамбардың туылған күні (мәулід), тәспі (тасбих), салауат (тахлил), Алланы еске алу (зикр), әсем үйлерде тұру, техника жетістіктерінен пайдалану және т.б. уаххабилер бұларға, пайғамбар дәуірінде болмаған нәрсенің бәрін жоққа шығарады. Оларды тұтастай бидғат деп қарайды. Ислам ешқашан адамның рухани, материалды дамуына, кемелденуіне қарсы шықпайды. Адамның ашқан жаңалықтарына Алла сүйіспеншілік танытады. Құран мен Суннаға оның талаптарына сай келетін нәрсенің бәрін ислам “ғұрып” дейді. Яғни, көркем, әдемі деген сөз. Барлық мұсылманның қабылдаған ісі Алла тарапынан да қабылданады (Хадис). Егер біз Пайғамбар дәуірінде болмаған деп, Суннитке сай емес деп, бүгінгі ғылымдар мен ислам ғылымдары тафсир, хадис, араб тілі (сарф, наху) бас тартсақ, мектеп, медресе, университетке бармасақ, бұл таза исламның рухына абсолюттік тұрғыдан жат нәрсе. Ислам қатып қалған қағида емес. Ол адамды, әсіресе, мумин-мұсылмандардың дамуы мен кемелденуіне бастайтын, қияметке дейін үкімі жүретін Алланың соңғы діні. Пайғамбарымыз алғашқыда қабірді зиярат етуге тиым салған. Кейіннен пұтқа табынушылық тоқтаған соң, ислам мұсылман жүрегіне ұялаған соң, қабірді зиярат етуге рұқсат еткен. Пайғамбар: “Мен сіздерді қабірлерді зиярат етуден тоқтатып едім, енді қабірді зиярат ете беріңдер, өйткені онда сіздер үшін ғибрат бар” деген еді. Демек, алғашқы ислам дәуірінде, пұтқа табынушылық сияқты ширкке себеп болатын салт-сана басым кезде қабірге зияратқа тиым салынған.
Кейіннен ғұламалар тарапынан қабірге зиярат жасаудың қағидалары деген атпен кітаптар да жазылды. Демек, егер қағидалар исламда қабірді зиярат ету, әулиелерді ардақтау сауапты іс, бұзылмаса. Мазарға қабіртас-ескерткіш қою. Пайғамбар, Усман Ибн Мазун қайтыс болғанда оның қабірінің үстіне белгі тас әкеліп қойған. Себебін сұрағандарға “Осы жерден өткенімізде тасты көріп, Усманды еске алып, дұға қылып тұрамын”деген екен. Демек, дінімізде өлгендерге белгітас қою шариғатқа жат емес екен. Өлгендерге Құран бағыштау – барлық мұсылман әлемінде кең таралған. Ол өлілерді еске алу үшін жасалған шара, Ғибраты, хикметі мол нәрсе. Құран оқу арқылы өлік шыққан үйге өзіңнің оның қайғысын бөліскеніңді білдіресің.
Пайғамбар айтады: “Құран Кәрім оқылғанда, Алла Құран оқығанға да, оны тыңдағанға да, сауап жазады. Сондықтан егер, оқушылар мәйітке Құран бағыштаса, Алла оқушыларға берген сауабын кемітпестен мәйітке де жазады” дейді. Сондықтан Құран тілуәты Алланың сөзінің сақталуы және ислам дінінің жандануының бір жолы деп қарау керек.
Құранда “… Кейінгі келген әулет өкілдері өздерінен бұрын өтіп кеткен ата-бабаларына дұға оқып: Әй, Алла, Бізді кешір, иманда бізден бұрын өткен бауырларымыздың күнәларын кешір” (Хашр сүресі, – 10 аят).
Пайғамбардың өзі кейбір сүрелерді мәйітке оқудың артықшылығын айтқан. Мысалы “Ясин сүресін оқысаңыз, мәйіттің азабы жеңілдейді” (Имам Ахмад Муснади). “Адам баласы қайтыс болса, оның істеген сауап амалдары тоқтайды, бірақ үш нәрсе тоқтамайды. Садақа-и жария (жақсы іс), перзентінің оған жасаған дұғасы және пайдалы ілімі”. Уаххабилердің атақты сүйенген ғұламасы Ибн Жаузийа: “өзінің “Китаб-ур-рух” атты еңбегінде алдыңғы үш ғасырдағы ислам ғұламаларының жерлеу рәсімінен кейін Құран оқуды өсиет еткен” дейді. Уахабилер өз көзқарастары бойынша Ибн Ханбал, Ибн Таймийа, ал-Жаузийа доктриналарына сүйенгенмен, өлген адамдар өзі, мәйітке, Құран тілауатының сауабы немесе оларға жасаған қызметінің сауабы жетпейді дегендерге қарсы шыққан. Тауассул пайғамбардың өзі “Әй, Алла, Сенен, тек Сенен ғана сұраушылар үшін сұраймын” деген еді. Пайғамбар бір бишараға: “Әй, Алла, Сенен Сенің пайғамбарың арқылы сұраймын. Әй, Мұхаммед, Сіз арқылы Аллаға жалбарынамын. Әй, Алла, пайғамбардың хаққы, үшін мінажатымды қабыл ете гөр” деп дұға жаса дейді.
Қысқаша түйіндеп айтсақ, салафилер исламды тарату мен халифат орнатудың негізгі жолы жиһад, яғни дінді күшпен енгізу деп санайды. Бұл Құран ұстанымына түбірімен қайшы келеді. Қазақстан Республикасы Конституциясына қарама-қайшы көзқарастарын жасырмай айта алады. Олардың пікірінше, Қазақстанның билік тобы әбден сыбайластыққа батқан, «мұсылман» атына сай емес. Сондықтан салафилер бүгінгі конституциялық құрылымды халифатпен алмастырып, шариғат заңдарын ұстануға, мемлекет басына «халифа, әмір» сайлауға үндеп жүр. Бұл біздің тәуелсіздігіміздің баяндылығы мен қауіпсіздігіне төнген қатер.

         Қазақ мұсылмандық түсінігі мен әдет ғұрпына ашық түрде ревизия жасаумен айналысып жатыр. Уаххаби діндарлардың пікірінше, славян халықтарын айтпағанда, қазақ, өзбек, ұйғыр, қырғыз т.б. халықтың барлық дәстүрі ислам догмаларына қайшы, сондықтан тез арада жойылуы тиіс. Салафилер «өз еліңнің патриоты болма, Ислам дінінің патриоты бол» деген идеяны насихаттайды. Бұл әрбір Уаххабидің салафилік идеяны тарату үшін ұлт пен мемлекет мүддесін оңай сатып жіберетінін көрсетеді. Сен егер ұлттық мүдде туралы айтсаң мининационалист болып қоғамнан аластатыласың. Ал Құранда адамдарды өзара бір бірінен үйрену үшін қауым, ұлт ретінде жараттық деген аят бар. Исламның негізі – жиһад деп түсіндіріп, кәпірлерге қарсы қарулы соғысқа үндейді. Уаххабилердің түсінігіндегі «кәпір» ұғымына қазіргі Қазақстан халқының 90%-ы кіреді. Уаххабилік ағымның ерекшелігі – сенім мәселесінде фанатизмге бой алдырса, өзінен басқа түсініктегі мұсылмандарға экстремистік өшпенділікпен жауап береді. Мұнда олардың ұстанымында Құран психологиясынан, рухынан атымен жұрдай. Салафилердің ұраны, идеологиялық негізі – «Лә илаһа ил-Аллаһ, Мухаммадун расул-Аллаһ» кәлимасын өзінше бұрмалап түсіндіруде жатыр. Мысалы, Уаххабилер осы кәлиманың алғашқы бөлігін «Алладан басқа бас июге лайық нәрсе жоқ» деп түсіндіреді. «Бас ию» ұғымының аясына бағыну, сену, қорқу, құлшылық қылу, жалбарыну, ұмтылу, көмек, қорғаныш сұрау, т.б. кіреді. Осылайша, адам Алладан басқаға бағынса, сенсе, қорықса, ұмтылса, жәрдем сұраса, т.б. діннен безген «кәпірге» айналады. Мысалы, егер бір адам Құдайдың құлы ретінде Алла заңына (шариғатқа) емес, конституцияға бағынса, ол адам Бір Құдайға сену формуласын бұзғаны үшін «көп Құдайға табынушы» (арабша – мүшрік, кәпірдің бір түрі) атанады. Уаххабилік «ілімді» ұстанушылардың пікірінше, ажалды пенделер ойлап тапқан конституцияға бағыну арқылы ол адам конституцияны Құдай заңына теңгеріп, оны жазған адамдарды Құдайға санағанмен бірдей күнә жасайды. Бұл күнә «Құдайға серік қосу» немесе араб тілінде «ширк» деп аталып, оны жасаған адамды өлтіруге де болады деген пәтуа шығарады. Бұл дегеніңіз құдай бетін аулақ қылсын ертең олар Қазақстанда елі іші бүлік шығаруға негіз болатын идеологиялық кеңістік жасап жатыр. Олар көршілерін осы пәтуа арқылы тонап кете беретін болады. Жалпы кеңестік режим кезінде тұқымы себілген вахабилік тенденцияны бүгінгі Ресей саясаты қолдайды. Өткен ғасырда КСРО құлаған соң посткеңестік елдердің ішкі тыныштығын бұзу үшін ұйымдастырылған «уаххабилік «ілім» Орта Азия елдері мен Кавказ аймағына кіргізілді. Соның нәтижесінде бұл діни-саяси доктрина Шешенстан мен Өзбекстандағы, Қырғызстан мен Тәжікстандағы талай қарулы қақтығыстар мен жанжалдардың шығуына басты себеп болды. Бұл құбылыстан Қазақ елі де тыс қалмасына куә болатын уақыт та таяп қалған секілді. Оған бүгінгі діни ахуалға сараптама жасағанда көз жеткізіп отырмыз.
Сонымен қорыта келе вахабилк салафилік тенденция бүгінгі қазақ мұсылмандық түсінігінің тарихи қалыптасу ерекшеліктерін мойындамайтын теологиялық тұрғыдан Ашари жолындағы оның ішінде нақыл мектебінің өкілдері. Ал фиқхтық тұрғыдан ханафи жолына емес «ахл хадис» мектебінің ерекшеліктерін көрсететін революциялық жолдағы ағым. Исламның негізгі рухына сай емес ұстанымдармен сомдалғандарын өздері сезінбейтін топ. Демек ақылдан гөрі сезімге берілетін ойлауға емес, еліктеушілікке ұмтылатын нағыз фундаментаистік бағыттағы исламофобия құбылысына қызмет ететін жалданды топтар. Бұларды дер кезінде мемелекеттік деңгейде бақылап тиісті шешімдер арқылы тізгіндемесек, ертең қазақ болмысынан айрылып, дін деп араб мәдениетінің сойылып соғып кетуіміз ғажап емес.
         Ясауи дүниетанымының негізінде сопылық жатыр. Сопылық ешқашан исламға сырттай оппозициялық сипатта болған да емес. Сопылық исламның мазмұны, мәні. Ал форма мен мазмұн біртұтас нәрсе ғой. Сопылық исламның, мұсылмандардың ең қиын-қыстау кезінде қорғаушысы бола білген. Мысалы, тарихта моңғол шабуылына қарсы, кубраийа, крестшілерге қарсы шазилия, орыстардың отарлауына қарсы Ясауиа, нақшбандиа, қалмақтарға қарсы нақшбандиа, Африкада француз империалистеріне сенусийа, тижанийа ағылшындарға қарсы сухрауардийа тариқаттары үздіксіз соғыс жүргізді. Көрдіңіз бе, сыртқы дұшпандарға қарсы азаттық соғысын жүргізу мұсылман әлемінде тариқаттар арқылы мүмкін болған еді. Бұл соғыстар сол дәуірлерде өз мәдениетін, еркіндігін, азаттығын, Отанын қорғау үшін жүргізілді. Сонда сопылық – исламға оппозиция ма? Жоқ әлде мұсылмандардың рухани тірегі ме? Оны өзіңіз саралаңыз.
Тарихтағы Ясауи жолы – дін іші тұтастыққа және діндер арасы татулық пен толеранттылыққа шақырады. Бұл жолдың ұстындық негізі – шариғат, психотехникалық жүйесі – тариқат, танымдық негізі – мағрифат және ақиқаттан тұрады. «Шариғатсыз тариқатқа, мағрифатсыз ақиқатқа өтуге болмайды», – дейді Ясауи. Ясауидің төрт ұстанымы мен шарты, яғни, «заман, мекен, ихуан, рабти сұлтан» қазақ мемлекеттілігінің негізгі ұйытқысы болды. Ясауи ілімі бүгінгі қазақ мұсылмандығының негізі. Сондықтан біз Ясауи жолындағы қазақ мұсылмандарымыз. Оны ешкімнен жасыра алмаймыз. Ясауи жолы фикхтық жағынан Имам ағзам Әбу Ханифаның, ақаидтық (доктриналық) жағынан имам Матурудидің іліміне негізделген, түркі халықтары арасында кең тараған нағыз түркілік мәдениетпен сомдалған дәстүрлі мұсылмандық түсінігіміздің айнасы. Ясауи ілімі Қазақстандағы діншілік қана емес діндер аралық татулық пен толеранттылықтың темірқазығы. Иасауи ілімі, қазақтың ұлттық болмысы мен мемлекеттілігінің, мәдениетінің негізі.

Сөз соңы:

Қазақ деген – тарпаң Азияны құтхана қылып, Бабыл елі (Вавилон) мен Ел атаны (Эллада) билеген жаужүрек жұрт.

Қазақ деген – Византия мен Римнен салық алып, күллі Еуропаны құлдықтан құтқарғаны үшін ерлері етігін сүйіп, сұлулары төсегін қиған Аттила – Еділ батыр…

Қазақ деген – асау Ассирия құрмет тұтқан көшпендінің алтын ұрпағы қайсар Мәді қаған…

Қазақ деген  едірең Еуропаның етегін жасқа толтырып, азулы Азияның тістерін шықырлата сындырған «патшалардың патшасы»; жалғыз ұлын ұлтының жолына құрбан қылып, атажауы Кир патшаның басын кесіп, әкесінің кегін қайтарған Сақ патшайымы Тұмар ханым…

Қазақ деген – ғибратты ғұнның көсемі, жайсаң жұртын айдаһардай қарақұрым қытайдың ажалды ауызынан аман алып өткен парасаты мыңсиқырлы Мөде…

Қазақ деген – Мысырға құлдықпен қадам басып, ақыл-сабырының арқасында елдің сұлтанына айналған, Хақ Тағаланың қасиетті діні мен мәдениетін қызғыштай қорғаған қайтпас қыпшақ Бейбарыс сұлтан…

Қазақ деген – кие қонып, қасиет дарыған салқар жері, шалқар көлін жанындай сүйген кекті Керей хан…

Қазақ деген – әз Жәнібектің, алмас қылыш Әбілқайырдың, ақылы артық Абылайдың, қапыда кеткен Кененің нар намысы мен өр рухы…

Қазақ деген – темір түйіп, жез жонған; алтын үйіп, мыс илеген құрыш білек еңбекқор…

Қазақ деген… Қазақ деген… Қазақ деген…

Қазақстандық конфессиялардың бірқатары өздерінің әлеуметтік доктриналарында мемлекеттік-конфессияаралық қатынастардың діни түсінігін қалыптастырды. Бірақ, мемлекеттің зайырлы тұрпаты Қазақстан Республикасында діни саясаттың негіздемесіне түпкілікті және жүйелі қарым-қатынастардың қажеттілігін анықтайды. Дін әрқашанда  біздің халқымыздың және барша адамзаттың әлеуметтік-рухани санасы үшін үлкен рөл ойнады. Сондықтан дінді білмей өз тарихымыз жайлы толық хабардар бола алмаймыз. Мысалы, Шығыс халықтарының тарихы Еуропадан ерекше? Осы бағамды оқу арқасында тарихқа жаңа көзқараспен қарап, көптеген кезеңдер өзгеше мәнге ие болады. Қазіргі кезеңдік мәселелер мен қайшылықтық ахуалдар біздің көршілес елдеріміз бен әлемде діни ілімдерге байланысты болып отыр. Сондықтан діндер ерекшеліктерін білу діни ахуалға немқұрайды қарамауға және оған сақтықпен қарауға үйретеді.

Оның үстіне мәдениет, өнер және ғылымның барлық салалары діни сезімдермен тікелей байланысты. Өз сеніміңнің негіздерін білмей жатып, өз ұлтыңның ойшылдарын, жазушыларын, өнер және мемлекет қайраткерлерін түсіну мүмкін емес. Өйткені, діни бейнелер барлық елдердің шығармашыл адамдарының  ой-болмысын қамтиды. Үстіміздегі III мың жылдықта әлемнің барлық халықтарында дінге деген қызығушылық белең алуда. Бұл ахуал әсіресе біздің елімізде ерекше байқалады. Қазақстанда көп конфессиялы жағдай қалыптасқан - әрбір діни бірлестіктердің уағыздаушылары өз сенімдеріне қазақстандық жастарды көптеп тартуға күш салуда. Олардың көпшілігі өздерінің діни парыздарын орындауда, бірақ кейбір бірлестіктер жетекшілері діни топтарды өз қара ниетті мақсаттарына құрал есебінде пайдалануға ұмтылуы мүмкін. Сондықтан мұндай «орға» түсіп қалмас үшін діндер жайлы, әсіресе соңғы кездердегі жаңа бірлестіктер туралы білу қоғамдық қажеттілік деп санаймыз. Кез келген халықтың діни сеніміне және дәстүрлі ұстанымдарына сыйласымдықпен қарау – мәдениеттің жоғары деңгейін көрсетеді. Дәстүрлі әдет-ғұрыптарға немқұрайды қарау білімділікке жатпайды. Кейбір діни ұстанымдары мінез-құлықтық тәртіпке айналған елдерде оны дөрекі түрде елемеу немесе бұзу соттық іске әкеліп тіреуі әбден мүмкін. 

Қолданылған әдебиеттер:

1. Ақатай С. Ұлттық діл деген не?//Ақиқат. -1997. №3.

2. Бұрханов Қ. Қазақстанның қоғамдық өміріндегі исламның орны// Ислам ынтымақтастық пен бірлік жолында. – Алматы: Атамұра, 2008.

3. Бұлұтай М. Дін және ұлт. – Алматы, 2006

4. Қасабек А. Ұлттық діл// Ақиқат. – 2000. -№8-9.

5. Дербісәлі Ә. Ислам және заман. – Алматы, 2003.

6. Мурат Аджи. Полынь половецкого поля. – Москва, 1994.

7. Жәнібеков Ө. Уақыт керуені. – Алматы: Жазушы, 1992.

8. Кенжетай Д.Т. Исламдағы Ханафи мәзхабының қазіргі маңызы.  Яссауи университеті Хабаршысы. - Түркістан, 2010.
9. Әбдірасілқызы А. Дін. Дәуір. Дәстүр: зерттеулер, мақалалар,       сұхбаттар. – Алматы, 2014.

10. Әмірғазин С.Т. Діни келешегіміздің келбеті. –Алматы, 2000.

11. Назарбаев Н.Ә. «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол». Қазақстан халқына кезекті жолдауы. – Астана, 2014.

Әмірғазин С.Т. ф.,ғ.,канд., профессор

ҒЗТО жетекші маманы

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3222
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5276