ОҚО: ЕНДІГІ МЕЖЕ - 100 НАҚТЫ ҚАДАМ
Жақында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов іс-сапармен Созақ ауданында болды. Сапар барысында өзінің жетекшілік жасайтын сала жұмыстарымен етене танысты. Яғни, негізгі бағыт аудандағы жастардың жұмыспен қамтылуы және денсаулық, білім беру салалары бойынша 9 айда атқарған жұмыстардың нәтижесін тыңдап, туындаған бірқатар мәселер бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.
Облыстағы ең шалғай аудан саналатын Созақ өңіріне жасаған іс-сапарын Ерлан Қуанышұлы өзекті деген әлеуметтік нысандарды аралаумен бастады. Атап айтқанда, экологиялық аймақта басты назар аударатын жәйт, ол денсаулық саласы. Сондықтанда аудан орталығындағы аурухананың бүгінгі жағдайымен танысып, ем алушы жергілікті тұрғындармен тілдесті. Өз кезегінде, ем алушылардың сұрақтарына жауап беріп, денсаулық саласына мемлекет қолдауы аясында атқарылып жатқан жұмыстармен де хабардар ете кетті. Сонымен бірге аудан активінде өңірдегі барлық денсаулық саласы мекемелері басшыларының қатысуымен жиын өткізілді. Жиында аудандағы денсаулық саласы мамандарының 9 айда атқарған жұмыстары бойынша есептері тыңдалды. Күн тәртібінде өңірдегі денсаулық сала бойынша халыққа қызмет көрсету сапасы, нәрестелер өлімі және кадр тапшылығы бойынша мәселелер талқыланды. Жиын соңында аталған саладағы анықталған мәселелер бойынша аудан әкімшілігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына тапсырмаларын берді.
Ал, сапардың келесі бағыттында облыс әкімінің орынбасары аудандағы түрлі саладағы еңбек етіп жүрген жұмысшы жастармен, мемлекеттік бағдарламамен жұмысқа орналасқан және белсенді жастармен бейресми кездесуін өткізді. Жастармен кездесу барысында Ерлан Қуанышұлы Елбасымыздың ел жастарына деген қамқорлығы аясында жұмыс жасап жатқан мемлекеттік «Жасыл Ел», «Дипломмен — ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Жұмыспен қамту 2020″ «Бизнес – жол картасы» бағдарламалары жайында айта кетіп, жастардан қойылған сұрақтарға жауап берді. Жиын соңында өңір жастары тарапынан айтылған біршама тың ұсыныстар назарға алынды.
Іс-сапардың соңғы бағыттында Созақ ауданындағы №1 және №24 кәсіптік колледждердің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, оқытушылары және студенттерімен кездесу ұйымдастырылды. Кездесу барысында аталған екі колледж басшылығына соңғы 3 жылда бітірген түлектердің жұмыспен қамтылуы бойынша талдау жасалынып, мәлімет дайындауды тапсырды.
Оңтүстік Қазақстан облысының білім, жастар саясаты
және тілдерді дамыту басқармасы