«ШЫМКЕНТ КЕЛБЕТІ» САЙЛАУШЫЛАРҒА «ҚОЛЖЕТІМДІ» ДЕПУТАТТЫ ТАУЫП БЕРЕДІ
Редакциямызға хабарласқан оқырманымыз амандықтан соң ОҚО-да «қолжетімді» депутат кім? деген сұрақ қойды. Ойланып қалдық. Әлгі «қолжетімді» дегені орыс тіліндегі «доступно-ның» қазақшасы екені мәлім. Дегенмен, қолжетімді дейтіндей депутат баспана немесе бағасы қымбат дүние емес арамызда жүрген азаматтар емес пе деп жазады қалалық «Шымкент келбеті» газеті.
Әйтсе де, сайлаушы, біздіңше оқырманымыз, мәслихат депутаттарының қайсысы халыққа жақын, ашық, яғни тұрғындармен тығыз байланыста екенін білгісі келсе керек. Сайлаушылармен жиі кездесіп, өзекті мәселелердің, талап-тілектердің шешімін табуы мақсатында белсенділік танытып жүрген депутатты атағанымызды қалаған болар.
Қалалық мәслихат депутаттарының барлығы өз құзыреті және белгіленген тәртіп шеңберінде сайлаушылармен кездесулер өткізіп жүргенін білеміз. Кездесулерде көтерілген мәселелерді сессияларда немесе мәжілістерде ортаға салып, оң шешімін табуына ықпал етіп жүргендерінен де хабардармыз. Десек те, ақиқатын айтайық, қала тұрғындарының арасында қайбір жылы өздері дауыс берген депутаттарының аты-жөнін бүгінде есіне түсіре алмайтындары да баршылық. Төрт жылға жуық уақыт бұрын сайлауалды бағдарламасын жария етіп, жұрт алдына жиі шыққан депутаттарының атқарған жұмысын білгісі келетін сайлаушылар да көп. Сайлау алды бағдарламада қандай мәселелер айтылған еді, бүгінгі депутат – кешегі үміткер жоспар-жобасын, мақсат-мұратын қалай жеткізген еді көпшілікке? Бағдарламаның орындалу барысы қалай, депутаттың жариялылығы, ашықтығы, белсенділігі қандай?
Ендеше, өткенді еске түсіріп, сайлаушылармен бірге сауалдарға жауап іздеп көрелік. Яғни, құрметті сайлаушы, қалалық мәслихат депутаттарына қояр сұрақтарыңыз, өтініш-тілектеріңіз болса хабарласыңыздар. Ал, біз депутаттардың жауаптарын жариялауға, сайлаушы мен депутат арасындағы байланысты нығайтуға септігімізді тигізуге дайынбыз.
Байланыс телефонымыз: 46-42-02, 46-42-22. e-mail: shymkent_media@mail.ru
Abai.kz