ЖЕТКІНШЕК ФОЛЬКЛОРҒА ҚАЙТСЕ ҚЫЗЫҒАДЫ?
2013 жылы халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерінің бейнелерін инновациялық технологиялар арқылы біріздендіру идеясы көтеріліп, ғалымдар мен өнер қайраткерлері, суретшілер мен аниматорлар, әдебиетші ғалым өкілдері арасында талқыға түсіп үлкен қолдауға ие болған болатын. Мәселе мемлекеттік деңгейде көтеріліп, жүзеге асу үлкен мақсаттардың бірі болатын.
Мәселенің көтерілуі мен тұжырымдалуына негіз болған проблема мультфильмдер мен анимациялардағы, кітап бетінде берілген суреттердегі, электронды құралдардағы халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерінің бірізді образының болмауы еді. Ендігі кезекте алдағы уақыттарда шығатын барлық мультимедия өнімдері мен иллюстрациялық материалдардың, оқулықтар мен кітаптардың шығуына арналған біртекті ауыз әдебиеті кейіпкерлерінің бейнелерін жасап беру.
2012 жылғы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтiк-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына жолдауында жастарға білім берудің тәрибелік жағын қалыптастырып, рухани қуатын дамытуға мән беруді атап көрсеткен болатын. Осы жолдау аясында ұсынылған жоғарыда маңыздылығы айтылып өтілген «Бесігіңді аяла» жобасы «Инновациялық технологияларды пайдалану арқылы фольклорлық кейіпкерлерді біріздендіру» атты ғылыми жобаға айналып, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Әлеуметтік және қоғамдық-гуманитарлық ғылымдардың өзекті мәселелері мен пәнаралық зерттеулері нысаны бойынша 2015-2017 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру мүмкіндігіне ие болды.
Жобаның әлеуметтік маңызы жөнінде көптеген пікірлер мен БАҚ беттерінде материалдар жарияланып, халық пен өнер жұртшылығы кеңістігіне насихаттау, жоба жайында хабар беру қолға алынып жатыр. «Айқын», «Жас қазақ» республикалық басылымдарымен қатар, www.baq.kz www.mtdi.kz сайттарында, «Аңыз адам» журналы мен «Хабар», «Еларнада» телеарналарында, Шалқар радиосында материалдар дайындалды. Бұл өз кезегінде халықтың да өзіндік атсалысуына мүмкіндік береді әрі жаңаша көзқарастардың қалыптасуына негіз болады деп ойлаймыз. Алдағы уақытта да БАҚ өкілдерінен үлкен қолдауды қажет етеміз, жарнамалау жұмыстары жүйелі түрде іске асыру үшін алдағы уақытта БАҚ мүшелерінің көмегі өте қажет болмақ.
Аталған жобаның маңыздылығы мен міндеті жайындағы ақпаратпен қоса, халық ауыз әдебиеті кейіпкерлерінің (әзірше, мифологиялық кейіпкерлер) әдеби-мифологиялық сипаты жайындағы зерттеулер мен мағлұматтарды www.tilortalyq.kz сайтынан толықтай танысуға болады. Фольклорлық кейіпкерлерге жасалған әдеби зерттеулер халық шығармашылығындағы кейіпкерлердің жалпы концептуалдық бейнесі-образдарын жасауға тырысқан. Бүгінгі таңда мифологиялық персонаждарға арналған 35 кейіпкердің әдеби тұлғасы жасалынып суреткерлердің назарына ұсынылған. Ұсынылған мифология кейіпкерлерінің әдеби-көркемдік сипатына қарай отырып суретшілер ұлттық колоридтегі өз нұсқаларын жасап шығарады. Қазіргі уақытта осыған байланысты суретшілер арасында байқау ұйымдастылып жатыр. Байқаудың нәтижесі 2015 жылдың 3 желтоқсанында жарияланып, жеңімпаз суретшінің «кейіпкері» алдағы уақытта жетілдіріліп, өзге өнімдердің шығуына қолданылатын болады. Ұлттық мазмұны мен идеялық салмағы қанық, портреттік келбеті ерекшеліктерге толы, сюжеттік қызметі толыққанды образдарды жасап шығу қиынның қиыны екендігі белгілі. Сондықтан мұндай шығармашылық сапарда суретшілер қауымының атқаратын жұмысы да, жасайтын детальдары да өте маңызды, шешішу факторлардың бірі екендігі түсінікті.
Жоба толықтай орындалуы үшін өзіне 2 кезеңге бөлінген болатын. І-кезең бекіту, тұжырымдау жұмыстарынан тұрады. Яғни, халық ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлерді анықтап, тізімін жасау, мәтіндегі сипаттамаларын тауып, талдау жасау, филолог, этнограф мамандардан комиссия құрып байқау жариялау, қорытындысын шығарып, халық ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлердің портреттік бейнелерін бекіту жұмыстарын жасау болып отыр. Сондықтан жобаның қазірше бірінші кезеңінің орындалып жатқанын байқауымызға болады. Жоғарыда аталып өтілген байқау өз нәтижесі мен комиссиялық қорытындылауын шығарса жобаның алғашқы кезеңі өз мәресіне жетеді деген сөз.
Жалпы жұртшылықтың, әсіресе, жас жеткіншектердің қазақ фольклорын танып-білуге деген құштарлықтарын оята отырып ұлттық идеяны қалыптастыру мақсатын ортақ күшке айналдырып отырған бұл жоба фольлортанушы, әдебиетші ғалымдар мен суретшілердің, аниматорлардың тығыз байланысын орната отырып алдағы уақытта да үлкен жұмыстарды жасауына негіз бола алады. Байқап отырғанымыздай, бұл жоба алдағы уақытта жасалынатын өнімдерге алғышарт дайындап қана қоймайды, өзіне дейін жасалған жобалардың да игерілуіне мүмкіндік береді. Мәселен, 100 томнан тұратын, алдағы уақытта 150 томға жеткізу жоспарланып отырған «Бабалар сөзі» академиялық басылымының игерілуіне үлкен жағдай туғызады. «Бабалар сөзі» жинағының 63 томының өзі ғана халық ауыз әдебиеті үлгілеріне арналған екен. Демек, бұл том шаң басқан күйі архивте қалмай қандай да бір ізденушілік энциклопедияға айналмақ. Мамандар арасындағы байланысты қамтамасыз ете отырып ашық тендерге қатысу жобаның сапалы орындалуына үлкен мүмкіндік тигізетіні белгілі. Сондықтан аталған жобаны тек орындап қана қою маңызды емес, насихаттау мен санаға сіңдіру де өте маңызды нәрсе болмақ.
Екінші кезең насихаттау жұмыстарымен қатар инновациялық өнімдерді шығару, яғни, тұтынушылық аудиторияны қалыптастыру тәрізді ауқымды жұмыстар атқарылу жоспарға алынған. Нәтижесінде бекітілген ұлттық кейіпкерлер арқылы мултьфильмдер мен фильмдер шығару, компьютерлік ойындар, бояма кітаптар мен иллюстрацияланған кітаптарды, аудиокітаптарды, дыбысталатын қуыршақтар жасап шығарылатын болады. Демек, академиялық нұсқа тек жасалып, бекітіліп қана қойылмайды, оны пайдаланудың да, тәжірибеде қолданудың да үлкен механизмі іске қосылады деген сөз. Бұл өз кезегінде жасалған академиялық жұмыстың кең маштабты түрде игерілуіне мүмкіндік беріледі.
Әрине, жобаның кең ауқымды жүргізілетін болғандықтан ұзақ уақытты, процесті қамтиды. Инновациялық өнімдердің дайындалуымен қатар, аталған кейіпкерлерді ЖОО оқыту мен пәндік предмет ретінде енгізу, әдебиетші қауымдармен қатар, аниматор, суретшілер қауымға да фольклорды терең оқытылуы да қолға аса маңызды болмақ.
Мұндай кең ауқымды жобаны орындауға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі (Мектепке дейінгі және орта білім департаменті, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы РМҚК, «Мектепке дейінгі балалық» республикалық орталығы РМҚК, «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы РМҚК), Мәдениет және спорт министрлігі (Мәдениет комитеті, Тілдерді дамыту және қоғамдық саяси жұмыс комитеті, Ақпарат және мұрағаттар комитеті) қолдау көрсетіп отыр, алдағы уақытта республикалық бұқаралық ақпарат құралдары мен балаларға өнім шығаратын барлық ұйымдарды (баспаханалар, ойыншық шығаратын мекемелер, анимациялық студиялар және т.б.) жұмылдыру жоспарланып отыр.
Слямбеков Қымбат
Abai.kz