ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ
«Абай» Мәдениет сарайында Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік шара өтті. «Елін сүйген Елбасы» тақырыбымен өткен мәдени іс-шараға аудандық мәслихат аппараты мен мәслихат депутаттары, ардагерлер ұйымы, қала, ауыл әкімдері мен барлық мекеме, ұйым басшылары, басқа да қонақтар қатысты. Мемлекеттік әнұран орындалып, кешті жүргізушілер Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірбаяны мен саяси еңбек жолына кең көлемді шолу жасаған соң аудан әкімі Қамытбек Айтөреев құттықтау сөз сөйледі.
- Бүгін шардаралықтар барлық қазақстандықтармен бірге ерекше мереке - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күнін атап өтудеміз, - деді Қамытбек Нұржанұлы. -Бұл мереке жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айрықша еңбегіне құрмет ретінде белгіленді. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан басшылығына қиын кезеңде келді. Алайда, Мемлекет басшысының кемеңгерлігі мен саяси ерік-жігері қиындықтарды жеңіп, еліміз экономикасы қарқынды дамушы елдер қатарынан көрінуде.«Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы» деп Н.Назарбаев қадап айтқандай, Егемендік, Тәуелсіздік, Мәңгілік Ел ұлтты біріктіруші күшке, ұлттық идеологияның рухани тірегіне айналды. Ол мемлекеттіліктің өркениет жолын ұсынды. Президенттік саяси институт енгізді. 24 жылға жуық уақытта Қазақстан әлемнің азулы мемлекеттерінің қатарынан өз орнын ойып алды.
Мемлекет басшысы биылғы жылы 11 наурызда «Нұр Отан» партиясының ХVІ сьезінде қазақстандық мемлекеттілікті нығайтудың бес негізгі институттық реформасын айқындап, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын ұсынды.Бүгінгідей бүкіл әлемді шарпып отырған әлемдік дағдарыс жағдайында «100 нақты қадам» Ұлт жоспары ел экономикасын жаңғырту, елімізді дамудың жаңа деңгейіне көтерілуіне серпін берері анық.
Бүгінде ел тарихына алтын әріптермен жазылатын 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті мерекесі елдікті ту еткен халқымыздың асқақ арманы мен айбарлы рухының мерекесіне айналуда.
Баршаңызды осы мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін.
Мұнан соң үздіктерді марапаттау рәсімі болды. Республикалық ұлттық бизнес – рейтингіні ұйымдастыру комитетінің Қазақстандағы мекемелердің қаржы – экономикалық көрсеткіштерін зерделеу қорытындысының нәтижесі бойынша шығарылған шешіммен «Шардара аудандық ішкі саясат бөлімі» мемлекеттік мекемесі «2015 жыл мемлекеттік кәсіпорны» ұлттық сертификатымен марапатталған болатын. Осынау сертификатты аталмыш бөлімнің басшысы Бауыржан Шомпиевке аудан басшысы салтанатты түрде табыс етті. Сондай-ақ, Тұңғыш Президент күніне арналған шығармалар байқауында жеңімпаз деп танылған шығармашыл жастарға да сый-сияпаттар табыс етілді.
Аудан әкімінің құттықтауынан соң мерекелік концерт басталды. Қанат Дауылбаев, ағайынды Серғазы және Әділғазы Ибрагимовтер, Қатира Мұстапаева, Әлия Ақбаева, Мұрат Қоңырбаев сынды әншілер мен «Ақ әжелер» ансамблі, аудан өнерпаздарынан құралған әншілер тобы Елбасы мен елдік туралы әндер шырқап, көптің көңілін көтерді.
Аудан әкімі аппаратының баспасөз қызметі