Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 5159 0 пікір 26 Қараша, 2015 сағат 14:05

МУЛЬТФИЛЬМ


Баяғыда біздің редакцияға бір оқушы хат жазыпты. Хатында «газеттеріңізді оқимын, өте жақсы...» деп келіпті де, «Бірақ телевидения программасында мультфильм өте аз екен, соны көбейтсеңіздер...» деп аяқтапты. Оқушы бала теледидар апталығын газет журналистері жасамайтынын қайдан білсін?!. Күлгенбіз де қойғанбыз
Шынында біздің бала кезімізде теледидардан мультфильм деген мүлдем аз берілетін. Бір күнде біреу, ары кетсе екі рет... Онда да 10-15 минөт қана... Жексенбіде жиырма минөт берілуі мүмкін. Болды. Там-тұмдап берілгеннен кейін бе, балалардың мультфильмге деген құмарлығы да ерекше еді. Ол кезде ауылда үй сайын телевизор да жоқ. Телевизордың қасындағы дуалға апталық программаны кнопкамен жабыстырып қойғанбыз. Қаптаған бағдарламалардың арасынан жылт-жылт еткен 5 минөттік мультфильмді іздеп жүріп тауып алып, соны зарыға күтеміз.
Мүлдем бала кезімізде ағаларымыз алдайды екен. Программадан мультфильмнің қай уақытта болатынын алдын-ала көріп алады. Үйде істен шыққан ақ телефон аппараты болатын. Соның тұтқасын көтеріп бір жаққа звандайды:
«Алло, бұл телевидение ме? Біздің үйге балалар жиналып қалып еді... Бір мультфильм қойып жіберіңіздерші... Алло! Жақсы естілмей жатыр ғой. Қай уақытта қоямыз дейсіз?.. А, мейлі-мейлі, жақсы, күтеміз» деп, тұтқаны орнына қояды. Бізге қарап: «Балалар, мультфильмді сағат 11-де көрсететін болды. Зорға дегенде көндірдім. Оған дейін мал қораны сыпырып тастаңдар деп жатыр... Әйтпесе қоймай қоюы мүмкін». Бәріміз шулап, қораға қарай жүгіреміз. 
11-дегі мультфильмді көріп болғаннан кейін ағамыз ақ телефонды қайтадан алдына алады. «Сіздерге үлкен рахмет. Балалар мультфильмдеріңізді көрді. Тағы да көрсетсе деп жатыр бәрі... Айтпақшы бұл балалар айтқанды тыңдап, қораны жақсылап тазалап тастады. Сол еңбектерін ескеріп, тағы да берсеңіздер... Енді түс қайта көрсетесіздер ме? Сағат төртте ғой, ә? Ой, жақсы болды. Айтамын балаларға... Бірақ оған дейін бауды тазалап тастау керек пе? Мейлі, мейлі, айтамын...» Сағат төртке дейін бәріміз бауда шулап жүреміз. 
Қанша заман өтсе де балалардың мультфильмге деген махаббаты, ынтықтығы басылған жоқ. Қазір балалы үйдің телевизорын қай уақытта қосып қалсаң да, жарқ етіп алдыңнан "Балапан" арнасы шығады. Кей кездері келіншегім екеуіміз бір жаққа кетіп бара жатып балаларға: "Телевизорды қоюшы болмаңдар, одан да сабақтарыңды оқыңдар" деп, әбден нығыздап кетеміз. Сөйтіп білдірмей телевизорды "Хабар" ма, "Қазақстан" ба, әйтеуір басқа арнаға ауыстырып, өшіріп қоямыз. Келгеннен кейін қосып қалсаң, алдыңнан әлгі арна емес, мультфильм жарқ ете қалады ғой.

Оралхан Дәуіт

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3224
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279