САПАЛЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖҮЙЕСІ - ЕЛ ДАМУЫНЫҢ АЙРЫҚША ФАКТОРЫ
2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижелері, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының жобасына сәйкес денсаулық сақтауды дамытудың келешегі және оны құқықтық қамтамасыз ету шаралары сенаторлардың Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің басшылығымен өткен кездесуде талқыланды. Оған өзге де министрліктердің, сондай-ақ, жоғары оқу орындарының, ғылыми, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қатысушыларға арнаған сөзінде Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың денсаулығын қорғау Президент Н.Назарбаевтың стратегиялық бағдарының басты басымдықтарының бірі болып табылатынын атап өтті. Сапалы денсаулық сақтау жүйесі – ХХІ ғасырдағы ел дамуының айрықша әлеуетті факторы. Денсаулықты қорғау жүйесін тиісті деңгейде қамтамасыз ету әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кірудің маңызды кепілі болмақ.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау және медицина ғылымдарының озық жүйесін құру, дені сау ұлт қалыптастыру міндетін қойды. «Аталған іс-шаралар Қазақстанның ішкі қажеттіліктеріне ғана емес, адамзат дамуының заманауи үрдістеріне, әсіресе, Біріккен Ұлттар Ұйымы қабылдаған Мыңжылдық даму мақсаттарын және 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму күн тәртібін орындау міндеттемелеріне лайықты жауап береді», – деді Қ.Тоқаев.
Сенат Төрағасы Қазақстан Мыңжылдық даму мақсаттарының көпшілігін, оның ішінде балалар өлімін азайту, аналар өмірін сақтауды жақсарту, АҚТҚ/ЖҚТБ (ВИЧ/СПИД) және өкпе ауруларымен күрес секілді тармақтар бойынша міндеттемелерді орындағанын атап өтті.
Президент Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің деңгейіндегі денсаулық сақтаудың негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізу мақсатын алға қойған болатын. Бұл, Қ.Тоқаев атап өткендей, «отандық және халықаралық тәжірибенің үздік үлгілеріне негізделген денсаулық сақтаудың жаңа және ұзақ мерзімді үлгісін құруды талап етеді». Сенат басшысының айтуынша, дәрігер мамандарды даярлау саласында күрделі жағдай қалыптасып отыр, жыл сайын жоғары оқу орындарының жүздеген білімі төмен түлектері өмірдің маңызды саласы – медицинаға аяқ басып, орны толмас зиян келтіруде.
Төраға, сондай-ақ, дәрігерлерді тұрғын үймен қамтамасыз етуде сақталып отырған өзекті мәселелерге, дәрігер мамандар еңбекақысының төмендігіне, дәрі-дәрмек өнімдерін заңсыз әкелудің арта түскеніне назар аударды. Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің материалдық жағдайын жақсартуды олардың кәсіби біліктілігіне қарай, сонымен қатар, медициналық қызметтердің тікелей тұтынушысы – халықтың пікірін ескере отырып жүзеге асырған жөн екені де айтылды.
Қ.Тоқаев денсаулық сақтау саласында орын алып отырған ахуалға негізгі басымдықтардың тоқтаусыз ауысуы, сан түрлі бағдарламалар мен стратегиялардың, ережелер мен ұйғарымдардың көптігі жағымсыз әсер ететініне назар аударды. Төраға: «Сондықтан, біз де нақты бір модельге тоқтап, соны іске асыру бағытында жұмыс істеуіміз керек», – деп атап өтті.
Қ.Тоқаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын заңнамалық қамтамасыз ету аясында Парламент «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңды қабылдағанын еске салды. Жоғарғы палата басшысының пікірінше, ендігі жағдай осы жүйенің табысты жұмыс істеуіне байланысты болады, бұрынғы қателіктерді қайталауға жол бермеу керек. «Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті күшейтуге және жекеменшік медицинаның дамуына қолдау көрсетуге, медициналық мекемелерде корпоративтік басқару жүйесін енгізуге баса назар аудару қажет. Бұл орайда, барша қоғам салалық министрлік пен басқа да жауапты органдардан Елбасы реформаларын сапалы түрде іске асыруды талап етуге құқылы», – деді Сенат Төрағасы.
Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Ақан Бижанов денсаулық сақтаудың маңыздылығын атап өте келіп, осы саланың құқықтық негіздерін жасауға және жетілдірудегі Парламенттің рөліне тоқталды. 2009 жылы қабылданған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекске қосымша депутаттар таяуда еліміздің денсаулық сақтау саласын алдыңғы қатардағы халықаралық және отандық тәжірибеге сәйкес дамытуды қамтамасыз етуге арналған бірқатар заңдарды қабылдады.
«Елімізде жыл сайын тегін дәрігерлік көмектің кепілдендірілген көлеміне, материалдық-техникалық жабдықтауға, қазіргі заманғы медициналық құралдар мен дәрі-дәрмектер сатып алуға қаржы бөлу жыл сайын ұлғайып келеді. Соңғы жылдарда елімізде өмір ұзақтығы, балалардың дүниеге келуі арта түсті, адамдардың қайтыс болуы мен өкпе ауруларынан қаза болу, қан айналымы жүйесінің аурулары азайды», – деді А.Бижанов.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың нәтижелері туралы баяндап, 2016-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының «Денсаулық» денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жобасын таныстырды.
Министрдің айтуынша, денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту үдерістерінде жұқпалы емес арулардың өсуі, жаңа технологияларды енгізу есебінен денсаулық сақтау жүйесінің ресурс ауқымы мен егде халықтың саны арта түсуі секілді жаһандық қатерлерді ескеру қажет.
Қазақстанға алғашқы денсаулық сақтауды дамытуға, мемлекеттік дәрігерлік ұйымдардың тиімділігін, ашықтығын және есеп беретін менеджментке басымдық беруді, қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру және дамытуды, жүйеге қатысушылардың бәріне ортақ жауаптылықты дамыту арқылы денсаулық сақтау жүйесін қайта құруды қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жолдарының бірі – адам ресурстарының сапасын жетілдіру.
Талқылауға «Ұлттық ғылыми-кардиохирургиялық орталық» АҚ басқарма төрағасы Юрий Пя, Астана қаласындағы Амбулаторлық гемодиализ орталығының бас дәрігері Жақсылық Смайылов, сенатор Әли Бектаев қатысты, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы
Abai.kz