Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 12594 1 пікір 20 Қараша, 2015 сағат 14:52

CЫПАТАЙДЫҢ ӨЛІМІ

Ханын ардақтаған батыр да ардақты. Сабақты инесіне тигізбей Арыс өзенінің бойына «Хан төбе» жазығына таңдаулы бір қос жылқысын, түйесі мен сиырын 50-60 үйлік дүние мүліктен киіз, сырмақ, қалы кілемдерін Күнімжан бәйбіше алты баласына ғана отаулық жиһаз алдырды. Ауызы мұқият тігілген, қоржынның екі басы толған күміс ақшаны Садық сұлтанның шешесі Жаңылға тапсырып «Садық сұлтан керегіне жаратсын» деп ықтияттады. Оны батырлар да білді, бала шағалар да білді. Елдің төрт көзі түгел отырғанда шығарып салар рәсімінде дастархан басында табыстаған-ды. Ағыбай батыр өз иелігінде қалған киіз үйлерді сол бетінше Сандықтас пен Таңбалытастың етегіне «Ақдала» көз алдында жататын Теректі өзенінің бойына тіктіретіндігін айтты. Хан үйінің көшін орналастырғаннан кейін  Қашқантеңіз жағалауындағы туыстарын да көшіріп әкеліп «Ақдаланың» екінші бетіне Бүйрекшиге жағалай қоныстандырды. Бір қарасаң Таятқан мен Шұнақ тауының қойнауы түнгі жұлдызды оттарға ұласты. Ағыбай батырдың жер мен көктің арасын тіреп тұрған Қарқаралы генерал губернаторының өз қолынан жерді кестіріп алу аңызға бергісіз жыр болып ақындардың тіліне оралды.

Кенесары ханнан қалған он екі қанат үйлердің ыдыс-аяқ, тостақ шараларын, ет салатын астауларын дайындатып, Қарқаралыдан әкелінген қап-қап ұндардан бауырсақ пісіріліп киіз үйдің еденіне дастархан төселініп, төбе болып үйілді. Қап-қап қытай күріші келетін қонақтың жерік асындай қазанына асығып тұрғандай қатталып тұр. Бұл үлкен дайындық жалғыз Ағыбайға емес бүкіл Шұбыртпалыға сын болғалы тұрғанын тілі шыққан баладан еңкейген кәрісіне дейін білетіндей бәрі қуаныштан жүгіріп жүр. Арғынның Мейрамсопы батыры Түркістандық қожалардан қыз алғаны белгілі. Нұрпая қызды шығарып салуға жесір жеңгесі Айнамкөз, қайын сіңлісі Қарқабат ере келеді. Сол жылы Арқа қысы ерте түсіп қалың жауған қар, мамыр айына дейін астынан еріп, мұртын бұзбай жатып алады. Көктем шыға қалмақ-қазақ соғысы басталып батыр жорыққа аттанып кетеді. Соғыстан аман есен келген батырға үш мұңлық өзара келісе келе Қарқабатты Мейрамсопыға қосады. Қызға бергісіз сұлу жеңгесі Айнамкөзді де Нұрпая үгіттеп «үшеуміз бір жерде болайық» деп Мейрамсопыны көндіріп үшеуі үш отау болып отырады. Қарқабаттан Болатқожа (қаракесек) туып шешесінің аты Қаракесектің ұранына айналады. Шұбыртпалыдан өрбіген ұрпақ өсе келе рулы елге айналып Ағыбай батырдың арқасында Сарыарқаның Шөларқасын кестіріп алып отыр. Бұған бес ата Қаракесек (Әлтеке, Сарым, Қояныштағай, Керней, Кәрсон) ерекше қуанышпен қарап тойдың салмағын көтеруге ат салысты. Көкбөрі Кернейдің, немересі батыр Балтаның, Әлтеке-Жидебай, Сарым-Деріпсалы, Түйте-Жарылғаптың батырлығын жалғастырып алты Алаштың Ағыбайы болып, исі қазақтың ұранына айналды. Кене ханның бәйбішесі Күнімжан төресінен сұрапты.

«Төрем, (хан Кенені Күнімжан төрем деп атайтын) барлық батырларыңызға атақ даңқ беріп, есімдерін қасиеттеп  аспандатып, әспеттеп жүрсіз, ал Ағыбайды «көсе» дейсіз»... дегенде: «Бәйбіше, сұрап қалған екенсіз айтайын депті. Абылай заманында жауға шапқан сарбаздар «Абылай, Абылай» деп шапқан, менің сарбаздарым «Кенесары» деп шаппайды, «Ағыбай, Ағыбай» деп шабады. Ақмола, Созақ, Жүлек бекіністерін алғанда өзімен теңдес батырлар да, сарбаздар да өлген-тірілгеніне қарамай «Ағыбайлап» ұрандап шапты. Сарбаздарымның бетін қалай қайтарам. Ағыбайдағы ақыл, Ағыбайдағы батырлық екінің бірінің қолынан келе бермейді» дегенді өз құлағымен естіген, қасында жиі болатын Мамыт құмалақшы талай мәрте айтып отыратын. Сол Ағыбайды көкке көтерудің сәті «қоныс тойын» тым болмаса алты арыс Орта жүзге паш ету. Қаракесектің Атымтай жомарты Нұрлан мырза Ағыбай батырдың «қоныс тойына» деп арқасы тақтайдай, жүген құрық тимеген қырық қысырақ ту биені айдатып келіп, Теректі өзенінің бойына иіріп, өзі бұрын көрмеген Ағыбай батырды іздеп тауып «мен Байсейіт бидің баласымын, атым Нұрлан деп таныстырады.

- Атақты Нұрлан мырза сен екенсің ғой, - деп қолын ұсынды.

- Көке, көрші болып «қоныс тойын» жасап жатқаныңызға қуанып  «сойыс малыңыз» деп қырық қысырақ айдатып келдім.

- Рахмет, балам. Алладан қайтсын. Әкеңнің жасап жатқан қызметінің өзі қырық қысырақтық емес пе?, - деп риза болып арқасынан қағып, үлкен баласы Аманжолды шақырып алып, «бөлек үйге түсіріп, ерекше құрмет көрсетіңдер» деп  табыстады.

Белгіленген жұма күніне мал сойылып қазан көтеріліп қонақтардың санын түгелдегенде Тезек төре, Бөлтірік шешен, қыпшақтың Балғожасы түсетін үйлер бос тұрды. Шабанбай би отырған үйге Құнанбай түсіріліп, Жанғұты отырған үйге Құсбек төре жайғастырылды. Нұрлан мырза отырған үйге Нысанбай жырау кіргізіліп мырзаның құрметіне Кенесары ханның өмір жолын, Ағыбай, Наурызбай батырлардың ерліктерін, соғыстағы қимылдарынан жырау жыр толғады. Нұрлан мырза Кенесары-Наурызбайды көзімен көргендей әсер алып рақаттанып отырды. Арғы бергі қиссалардың мырзаға қызықты-ау деген жерлерінен үзінділер тыңдатты. Бес ата Қаракесектің билері Алшынбай, Байсейіт, Қара билер әр үйді бөліп алып сыйлы қонақтарды қабылдап билік жүргізді. Кешкі бесіннен кейін табақ тартылып мүше-мүше сыбағаларын салдырып, қоқандық сарттардың қолынан шыққан майлы палауды Бағыс батыр мен Айтмұхамбет ат үстінен тараттыртып жарық барда жасатты. Арнайы бөлінген жігіттер пісуі жетілген сары қымызды, күн көзінен қорғап киізге оралған белдеудегі байланған қара местен ағаш шараға құйғызып, иісін бұрқырата дастархан басына қойды. Семіз  қазы қарта майлы күріштен кейін тояттана іше отырған сары қымыз әңгіме дүкенді қыздырып Ағыбай батырдың жер алуын, Қарқаралы генерал губернаторы Густав Госфорттың қалай жылдам келісе қойғанын әңгімеледі.

Көпбай болыс отырған үйде ертеңгі бәйгенің тағдыры талқыға түсіп кімнің қандай ат әкелгені, оның қанша бәйге алғаны, сәйгүліктің сирағының ұзындығы, кеудесінің қушиғандығына дейін сөз болды. Бәйгеге 37 аттың үкіленіп әкелінгені, оның иесінің кім екені, Түйтенің көкшағырынан тұқым болса бас бәйгеге сол таласар деп жормалдады. Енді біреуі Саққұлақ бидің басы көзін тұмшалап, тұяғына дейін жабулап әкелген жылқысының тұрқының ұзындығын әңгімелеп жылқыға бітпеген сипат деп ауызының сілекейін жұтынып отырып айтады. Бәйгеге ат қосқан Көпбай болыстың «әлде қалай болар екен» деген уайымы күшейіп сырғақтап бас бәйгені біздің жүйрік алмағанда кім алады деген дәмесі сейіле бастады.    

Таң білінбей Теректі өзенінің ұзына бойына бір құмғанға бес-алтыдан ортақтасып жағалаған үлкен кісілер намаздарын оқып үйге қарай жүрді. Саққұлақ сәйгүлігін қайда тығып қойғанын «көрейін» деп едім деп Көпбай болыстың хатшысы Нұртанай сөйлеп келеді

- Бәйге аттар байланған кермелерді қарап шығып ем көрінбеді, - деп еді қасында келе жатқан серігі:

- Батпақсу өзенінің жағасында ақ жібек жабуы бар екі атты жетектеп жүрген екі баланы көрдім. Бәйгеге қосылатын 37 ат деп еді ғой, санап көрдіңіз бе?

- Санағаным жоқ, тұяғына дейін жабуы бар деген соң, соған зер салдым.

- Онда Батпақсудың жағасындағы аттар болды. Кеше кешкісін дәу шара етті солай қарай алып бара жатқанын байқап едім. Атпен бармасаңыз алыстау көрінеді.

- Оны не қыламын. Біз де бәйгеге қосатын атымызды Тастөбенің етегіндегі бұлаққа үй тіктіріп тастап кеттік. Жинақталған қазысы көңілдегідей болып жұқармаған соң бұлақтың суын, қарынына бес мезгіл шаштырып, суытып отыр дедік.

- Бәсе, кермедегі бәйге аттарының саны аз көрініп еді, көзден таса қылып ұстап отыр екен ғой, - деп бірге еріп келе жатқан жігіт өзіне жаңалық ашып таңданды. «Мына үкіленген аттар шын тұлпарлардың қасында қуыршақ болып қалады екен ғой» деді.

- Неге олай дейсің. Олар да сеніп келіп отыр ғой. «Ат шаппайды бақ шабады» деген қайда? - деп Нұртанай хатшы Саққұлақ бидің сәйгүлігін көре алмағанына іштей өкініп, қызық түскі намаздан кейін басталар, сонда көреміз бақ шаба ма, бап шаба ма, - деп екеуі екі бөлек үйге бөлініп кетті.

Суытылған қазы-қарта, бауырсақты тіске басып ыстың исі бұрқыраған сары қымызбен түнгі шөлді басып аттарын алдыртып сыртқа шығуға дайындалды. Алшынбай мен Байсейіт би бәйге аттарды екі қатарға қойғызып, иелерін танып, шабармандардың аты жөнін сұрап «Балалар, мәре алыс, жол қашық шыдайсыңдар ма?» - деп тәптіштеп сұрап Құнанбай, Құсбек, Жанғұты, Шабанбай, бастаған төбе билерге Алшынбай келіп бәйге аттардың иелерін дәрежелеп айтып таныстырды. Төрт би батасын беріп сәйгүліктерді жолға салдыртты. Алғашқы кеткеннен Саққұлақ бидің «Ақсирақ» жүйрігі қара үздіріп кетті. Оны әркімдер әрқалай жорып «мынандай шабыспен ұзаққа бармас, мәренің алыстығын түсіндірді ме екен» деп жаны ашығансыды. Жарты айналымға жетерде аттардың арасы сирей бастап Көпбайдың «Жезкиігі» үлкен тобырдан бөлектенді. Алда жетемін деген нысана бар ол Саққұлақ бидің «Ақсирағы» төбе билердің, қалың көпшіліктің алдынан өткенде оқ бойы жеке кетті. Батыр Балтаның шөбересі Дауылбайдың қосқан жүйрігі «Жұлдыз» құйрық тістесіп Көпбайдың «Жезкиігіне» қатарласты. Бәйгеге қосылған үкіленген 37 аттан алға оза шауып бөлектенген оншақты ат шаңнан ада, ауада еркін жүзіп бара жатқандай қамшы салдырар емес. Қалған аттан үмітті үзе берсе де болар еді, қапелімде қабырғасына қанат біткендей бір ақбоз ат құстай ұшып алдағы он шоғырға қосылды. Көп кешікпей «Жезкиік» пен «Жұлдызға» жетіп тыныстап үш сәйгүлік бастарын бірде оздырып, бірде қатарласып бірінші айналымнан асты. Елдің айқайы, әруақ шақыруы себеп болды ма Итқара батырдың шөбересі Аққошқардың Арапы  қосқан жүйрік «Сазген» көкбөрі Керней атасының екі жүйрігінен бөлектеніп шыға берді. «Мынау кім, мынау кім» деген таңданысқа жауап берген Қара би «бұл Аққошқар батырдың Арапы Созаққа барған сапарында «Сазкент» деген ауылдан бәсін беріп, құнын төлеп сатып алып еді, қателеспеген екен. Сазкенттен сатып алдым деп жүріп жүйрігі «Сазген» атанып кетті деп таныстырды. Қара би бірге сапарлас болғанын баяндап.    

Ақдаланың бәйге жолындағы жүйріктерді бақылаушы шолғыншылар төрт жүйріктің дара кеткенін кім екендерін анық танып ілесе келе жатқан он жүйрікке қиқулап «мәре жақын қалды, сал қамшыны» деп дем беріп келеді. Қас қылғандай жүйріктер бірінен бірі озбай, қаз қатар жіпке тізгендей құлағының түбінен тер тамшылап алқынып келеді. Көп ат алғашқы айналымнан кейін-ақ бәйгеге ілікпесін білгендер жолдан шығып аттарын жетектеп көрерменге айналған. Елдің көзі «Ақсирақ» пен «Сазгенде». Атбегі сыншылар «Сазгеннің» тізгінін ертерек жібергенде мәреге алғашқы болып келуінде шәк жоқ еді» деп соқса, «Ақсирақтың» қасында алаңдайтыны болса теңдік бермейді. «Байқайсыз ба артқы аяғының серіппесі бар секілді жерге тірелгенде алдыңғы аяқ он аршынға бір-ақ түседі» деп мақтауын асырып та жіберді. Саққұлақ би «иә, Әруақ қолдай гөр» дегенше болмай «Ақсирақ» мәреден өте шықты. Екінші Араптың «Сазгені», Көпбайдың «Жезкиігі», төртінші болып Дауылбайдың «Жұлдызы» қатарлса келген жеті атты мәрені бірдей басып өтті деп төбе билер өзара келісіп тұрған-ды.

Ортаға шыққан төбе билердің қасына Алшынбай, Байсейіт, Саққұлақ, Қара билер барып тұрды. Сөз бастаған Шабанбай би:

- Бәйге жарысы көз алдарыңда өтті. Бұра тартатын еш нәрсенің жөні жоқ. Бас бәйге Саққұлақ бидікі екені айдан анық. Екінші бәйге Итқара батыр балаларының қосқан «Сазгені» мен Көпбай болыстың қостырған «Жезкиігінікі». Үшінші  бәйге Қараша балаларынікі. Бәйгенің саны үшеу екені сіздерге хабарланған. Екінші бәйгеде жеті жылқы бір түйеден болатын. Үшінші бәйгеде бес жылқы, бір өгізден болатын. Бізде екінші бәйгеден жеті жылқы бір түйе, үшінші бәйге түгел қалып тұр. Сонда жиырма бір жылқы, бір түйе, екі өгіз қалып тұр. Халайық сіздер не айтасыздар естиік?! Төбе бидің мүшесі Құнанбай қамшысын жоғары көтеріп гүр ете қалды.

- Сізді ел төбе бидің басшысы сайлады. Бұл жерде даулы ештеңе көріп тұрғаным жоқ. Жеті аттың қатар келгені рас. Менің ұсынысым аттың тері үшін қатар келген он атқа үш жылқыдан жетектетілсін.

Құнанбай өктемдікке салса да Шабанбай би:      

- Риза болсаңыздар бәйгенің қызығы тәмәмдалды, - деп елге жариялап, көп тұрып қалдыңыздар дәмге барайық, - деді.

Он екі қанат ақ боз үйде бас қосқан аға сұлтандар Құсбек, Құнанбай, Саққұлақ, Шабанбай, Жанғұты, Алшынбай, Байсейіт, Қара билер, Көпбай болыс, Нұрлан мырза, Ағыбай батыр тағы да дастархан басында бас қосты.

Сыртта жүргенде Жанғұты биге оңашалап Құнанбайға «шаппай алатын» бәйгесін берейік. Өткенде үш мың күміс ақша, қасқыр ішік бергені атаусыз қалмасын деп еді. «Оның да дұрыс екен. Алғанымызды айтпасақ та, беретінімізді айтайық» деп келісе кетті. Үлкен тамаққа қарамай қымыздан ауыз тиген Көпбай болыс, Нұрлан мырза, Қара би Ағыбай батырдан ұлықсат сұрап қайтпақ болды. Дастархан жиналып тізені босатып еркін отырғанда Құнанбай Саққұлақ биге қарап:

- Сақа! Мына жүйрікті мысықтай қылып қайдан тауып алғансыз?

- Құнеке! Тауып алғаным жоқ. Бөгенбай атамыз қайтыс болып Түркістанға қойылып, қырқын берерде мініп жүрген айғырын жылына  жаратуға, жал-құйрығын күземек болып алдырады. Әкем марқұм (Балпық) «Союға жылқы таппай қалдыңдар ма? Ажалынан өлгенше тірі жүреді, 10-15 байталға қосып бөлек бағам» деп алып қалыпты. «Өлсе басына бейіт соғып, әкемнің көзі деп қарап отырамын» деген көрінеді.

- Біздің естуімізше атаңыздың бойы екі аршыннан асады, қолы бір аршын дегендей еді, мәстек жүйріктің айғырына мінбесе керек, - деп сөзді сыңарезулетіп еді Саққұлақ би:

-   Айғырды көзі көргендер айтады, тісі дөңгеленіп, шөп жеуден қалып, 35 жастан асып аштан өлді деп, шіркіннің сүйегі асыл болса керек. Терісімен бітеулей өлген жеріне кең, терең шұңқыр қаздырып екінші жағына аунатып түсіріп, арулап көміп басына төрт құлақ бейіт соғыпты. Жүйріктің мәстек боларын Толыбай сыншы айтып кетті емес пе? Оған несін таңданасың?!

 - Осы жүйрігіңіздің бір-екі омыртқасы артық, шабысын байқап тұрдым, үстіндегі бала да жайбарақат отыр «басы қатты теңбіл көк» емес. Жүйріктігі қадамының ұзындығынан жылқыда өт жоқ деуші еді, мынауыңызда өкпе де жоқ шығар. Әлі талай бәйгені қанжығаңызға байлайды, Сақа деп тоқтағанда Жанұзақ би:

- Сақаңның «Ақсирақ» жүйрігінің мақтауын келтірдіңіз. Сізге де бір бәйге бар екен Ағыбай батыр «шаппай алатын бәйге» деп ат қойыпты, онысы «бір ақ бас атан, он жылқы»

- Бәйге алатын жөнім жоқ. Рахмет. Мені орыстың шен шекпенін киді, ақшасымен күн көріп отыр дейді. Бәрі рас. Марқұм Кенесары да осы үшін өкпеледі. Азғантай Тобықтыны басқарсам да, қазақтың мүддесі үшін алысып жүрмін. Қарқаралыдан қазақ мұсылмандары үшін мешіт салуға генерал губернаторды көндіріп қаржы жинастырып жатырмыз. Ақ бас атан да, он жылқың да соған қосқаның болсын. Өзімнің айтатын бұйымтайым бар, ертең жүрерде айтам.

Таңнан ерте тұрғандар Саққұлақ би, Құсбек төре намаздарын оқып келесі үйдегі жайылған дастарханда бас қосқандармен бірге дәмнен ауыз тиіп, қымыздан сіміре жұтып шөл басты. Би мен төре нөкерлерінің дайындығына асығып ұлықсат сұрап Ағыбай батырмен есен сау айтысып сыртқа шықты. Үйде тобықтылар мен қаракесектердің би шешендері қалды, қаракесектердің ішінде «ертең айтам деген бұйымтайы не болды екен?» деп Құнанбайдың қас қабағын аңдып отырғанда билердің үлкені, беделдісі де Шабанбай биге қарап:

- Біз осында келерде «Қарасаз» деген жерді аралап Көкбөрі Кернейдің Шаң, Балапан балаларының ұрпақтарынан қымыз ішіп, түстеніп шықтық. Әкелеріміз Кеңгірбай, Өскенбай арғы атамыз Әнет баба да тобықтай жерді иемденіп, місе тұтып қанаттарын кең жаймапты. Өткен қыстың, арғы қыстың қатты болғанын білесіздер. Әсіресе, Ертіс бойының қысы ерекше ғой жылқысы бар, мүйіздісі бар ұсақ малдардан көп шығын болды. Таяқ ұстап қалмасақ та соған жақындадық. Шабеке, сізден үлкені жоқ, екі үш жылға Тоқырауын өзенінің басына, «Қарасаз» тоғайына құда түскелі отырмын.  

- Құнеке, тойға келдің бе, әлде, қыстан қырылған малыңның құнын даулай келдің бе, бұл қай қысастығың? Матайлармен азуласып қан төгіске де бардың. Жалайырға тізе батырғың келіп Бөлтірік шешеннің бөктергісінде кеттің. Қара би мен Нұрлан мырзаның кетіп қалғанын көрдің бе, «Қарасазға» қолы жетпей, арманда жүргендердің бірі солар, Балапан батырдың балалары тік көтеріліп сойыл шоқпарын ала шыққанда зорға басу айтып едік. Сіздікі сол басылған ашуды қайта қоздырып жібереді, райыңыздан қайтыңыз, -  деп тоқтады Шабанбай би. Сөзі көктен түскен найзағайдай кеудесін осып жіберді ме Құнанбайдың үні шықпай қара тақиясын алдында жатқан қызыл тобылғылы, басы күмістелген қамшысымен  жоғары көтеріп, қабағын ашып Алшынбай биге қарады. Бұл кезде құдандалы болмаған би Құанбайдың тізесін басып «сыртқа шығып келейік» деп ишарат білдірді. Жері жоқ, қыстау, жайлауы жоқ Ағыбай батыр 10-15 жыл бойы көкбөрі Керней-Балта батырдың жерін жайлап Бағыс батырымен бірге өніп өсті. Ағыбай батырға еншілеп бермеген жерді Ертістің бойындағы сізге береді деген қисынға келмейді деп Алшынбай тоқтатқанда:

- Әкеліңдер, аттарды. Қайттық елге, - деп нөкерлеріне әмір берді.

Қатты дауыстан үйдегілер жапа тармағай сыртқа шығып ашулы Құнанбайды көріп «ашуыңызды басыңыз, Құнеке! Қымыз ішіп аттаныңыз» деген Ағыбай батырдың сөзіне де иланбаған соң, Алшынбай да еріп 20-30 адам  жүріп кетті. Қонақтың ең соңында қалған Шабанбай, Жанғұты, Байсейіт билерге арналып дастархан жайылып «Тойды» қортындылап, Құнанбайдың өкпесі тойға қатысы жоқ, базналық деп шешіп, «келген қонақтардың барлығы риза болып қайтысты» десті.

Ел аяғы басылып қоныстанған шұбыртпалылардың басын қосып «Ал енді елді болдық, жерлі болдық, істі неден бастаймыз» деген сұрақты Ағыбай батыр төтесінен қойды. Бірінші кезекте Теректі өзенінен тоған салуға, тас жинап су жоқ кезде алдын бекітуіміз керек. Екінші, ұн тартатын су диірмені керек, оның тасын «Қызыл арай» тауынан алдырамыз, қазір қолда бар шаруаны бітірейік. Менің көз қуанышым бізде ұл балалардың баршылығына шүкіршілк. Барлығына жарамды аттар бәсіреленсін, бір-бір қылыштары төрде ілулі тұрсын, ат ойынын үйренсін, Ағыбай елінің жігіттері деген атаққа сай болсын.

Ағыбай батырдың ақылынан соң қауымдасқан елдің балалары, ересек жігіттері тау етегінің тастарын көтергені көтеріп, домалатқаны домалатып өзеннің екі бетіне жинастыра бастағандары үлкендердің көзін сүйсінтеді. Балаларына ересек адамдарша қарап қымызын, тамағын дайындап аналары батыр ұйымдастырған елдік қасиетті танып қуаныштан жарылардай. Күздей тасылып жиналған тасты көріп биіктігі үш аршын, ені екі аршындық тоғанға әлі де талай тас керек екендігін пайымдап, күрек, қайланы көбейтуді  ескертті. Алдағы жаздан тағы да тас жинап су тартылған кезде тоғанды бастамаққа, өзен суының деңгейін байқап, диірменнің қалағын айналдыратын сарқырама судың ағар жерін белгілеп алу да келер жылға қалды.

Ел болған соң өздерінің күйкі тіршіліктері бірінен бірі туындап өзгеріп отырады. Ірі малдарды, ұсақ қой ешкі бұзау торпақтарды да құмды жайлатып қыстатып шығаруға бекінді. Ол жақтағы ұры қарыдан қорғану ертеңгі сарбаздарға тапсырылып бірге көшіп қонып жүретін болды. Қыс та жайлы болып, ит құстан аман, күйлі шыққан мал ел жұртты жадыратып бие құлындап, қой төлдеп, сиыр бұзаулап түлікке түлік қосылды. Бұл Ағыбай елінің бақуатты елге айналғанын бес ата қаракесек түгел мойындады. Шұнақ тауының сыртындағы Болат тауына қарай қыстап шыққан үш үйір шұбар жылқы, алты үйір жылқыға айналды. Тоқабай мен Құли (Пірімқұл) нағыз жылқышы болуына Тоқабайдың ақылды, естияр келіншегі «екі мырзаны» қас қабағымен ұстап тындырымды болып кездесті. Сыпатайдың көзі тірісінде жылқыларын аманат деп есептеп сойыс малдарын, соғымдарын Аманжолдың мойынына салып қойған, сұратпай беріп тұрады.

1853-ші жылдың жазында Шоқпардың теріскейінен арғы беттегі Жұмажан жайлауына елін көшіріп қондырған Бөлтірік шешен Ағыбай батырдың жер алғанына бірнеше жылдар өтсе де жолы түспей жүр еді. Сәті түсіп 16-17 атты нөкерімен құжынаған ел қаптаған тоған басына сау ете қалды. Арнайы келген кісілермен ауылда жатқан батырға ат шаптырылып Бөлтірік шешеннің келгенінен хабар берілді. Батыр келгенше шыдатпай жасы ұлғайған соң мініп жүрген жуас ту биесін жықтырып нөкерлеріне сойғызып тоған басындағы киіз үйдегілерге қазан көтертті. Ағыбай батыр Мамыт құмалақшы, Қаңлыбай батырмен, қасына ерген басқа да кісілермен бірге келіп Бөлтірікке сәлем берді. Айқара құшақтасып сағыныстарын білдірген батыр мен шешенге ел риза болып сөздерін естуге топтаса жиналды. Сөз бастаған шешен:

- Тоған құтты болсын, Батыреке. Бұл бір игілікті іс болған екен. Балалардың еңбегін көріп, көрімдігіне ту биені жықтырып, маңдайларының ащы терін сүртейін, батамды берейін деп сойғыздым.

- Дұрыс-ақ, Бөлтеке. Тілейтініңіз жақсылық, жақсылықтың басында жүресіз. Біздің қоныстанған жерімізді Арғындар «Шөл арқа» дейді. Соны балалар «Сулы арқа» жасаймыз деп әрекеттеніп жатқаны ғой.

- Тегіс жерлеріне бидай ексе де, өнім ғой.

- Ой, Бөке-ай арғындардан диқан шыға қоймас, шығып жатса көрерсіз, ниетіңізге рахмет.

Тоғанның табанын тастан қиуластырып, балшықпен қалап жатқан қоқандық сарттардың ісін көріп рақаттанған Бөлтірік:

- Жайсан тауың етегіне, Еспенің бойына тас ексең, тас та өніп шығады. Соған құнт жоқ. Малды айдап бағып, сойып жеп жабайылыққа әбден етіміз үйреніп кеткен, шөптің басын сындырмаймыз. Осыны айтып тұрған  Бөлтіріктің қуанышында шынында шек жоқ еді.     

Тамақ желініп, бата жасалынып болған соң екі дос тоғанның аумағын көрмек болып Теректі өзенінің басына қарай өрлеп біраз жерге барып қайтты. Екеу ара әңгімеде «Билікөл, Талас бойындағы қалың ыстылардың үлкені де кішісі келіп көшіріп әкетеміз деп қолқа салып жатыр. Соған келесі жылы қозғалмақпын. «Пәледен машайық қашыпты» дегендей Сыпатайдан да қашық отырайын. Өткенде, қоныс тойыңа да келе алмадым. Тезек төре бастап Сүйінбай ақынды алып 7-8 кісі, Орман манап әкесіне ас беріп шақырған екен соған барып қайттық. Астың артынан айтыс болды, қырғыздың Қатаған ақынын біздің ақын ит терісін басына қаптағанда сегіз қанат ақ отау, жасау жабдығы, сұлу қызымен қосып берді. Алтын сапты қылыш тұлпарымен, айдап қайтарға бір үйір жылқысын қоса сыйлады. Кенесарының құнын даулағанда Орман манап селкілдеп орынында отыра алмады. Сүйінбай қайта тумайтын ақын ғой. Орман манаптан көзінің тірісінде Кенесарының кегін алды. Содан қайтқан соң, көрініп қош айтысып қайтайын деп келдім. Өмірдің ащы-тұщысын да бірге өткіздік. Жарықтық Кенесары марқұм «сауысқанша сақылдатпай өлтіре сал» дегеніне де көнбедің. Шын өлтіретін болса Наурызбайды жұмсар еді, екеуміздің сіз бізімізді доғартқысы келді марқұмның. Қайда жатса да топырағы торқа болсын. Қазақтың басын біріктіремін деп жүргенде Сыпатайдың қырғызшылдығынан мерт кетті батыр. Қазақтың бәрі оған қарсы емес еді, орыстың от ауызды мылтығынан қорықты. Бөгенбайдың заманы болса қылыш, найзамен тым болмаса орыстан Абылай тұтастырған жерді қорғап қалар еді, қазақ. Қырғызды қосып алып Ташкент, Түркістанға дейінгі қазақты қоқандықтардан босатам ба деп еді, ол да болмады. Басқа түскен тауқыметшіл. Көрер тауқыметіміз әлі баршылық. «Қонып асықпай ертең қайтарсыз» деген Ағыбай батырға қош айтысып жүрерде «елімді, жерімді өзімнің төр туысқаным Бәйтік биге тастап кеттім. Әрі өткенде бері өткенде тоқтап сусын ішіп тұрарсың» деп табыстағандай болды.

Қасында қалған Қаңлыбай батырмен Шұнақ тауының сыртында жатқан алты үйір шұбар жылқыларды көріп жабағыларын бөліп үйірге үйір қосуға шықты. Құрық алған жігіттер қалың шұбарды көргенде далада құлан жайылып жүргендей әдемі көрініске тап болды. Қасында келе жатқан Қаңлыбайға:

- Сыпатайдың енді бізде әкесінің құны жоқ. Мына шұбардың екі үйірін таңдап алып баққыз. Бір-бір үйірден Бағыс пен Айытмұхамбетке берейік. Қалғанын мына екі бала бағып ермек қылсын. Басы артық еркек тайларын соғымға беріңдер деп әңгімелесе келіп 7-8 үй болып отырған жылқышылар ауылына келіп тоқтады.

Сәлем берген Тоқабай да, Құли да сойталдай жігіт болғанын көптен көрмеген Ағыбай батыр:

- Сендер жігіт болып қалыпсыңдар, елдеріңді  сағынған жоқсыңдар ма?

- Елге барғанда да осы тіршілік, - деген Тоқабай әкесі туралы сұраққа жауап бермеді.

Екі балалы болған Тоқабайға ат үстінен құтты болсын айтқан Ағыбай батыр Аманжолға қарап «көрімдік бердіңдер ме, бермесеңдер жақсылап бәсірелеп беріңдер» деп тапсырып құрық ұстаған жігіттердің шаруасын көріп алты үйірге тағы екі үйір қосылғанын көзі қарақты Қаңлыбай батыр байқап қалды. Енді Таятқан тауы жақтағы жылқысы бар, мүйізді қарасы «өз» малдарына барарда ауылдан шапқыншы келді.

- Батыр ата, Түркістаннан Садық төре жіберген үкіленген найзалары бар жиырма сарбаз келіп сізді күтіп отыр деді, - ат терлетіп шауып келген екі бала. Сөздің арғы жағын күтпей екі батыр желе жортып ауылға келді. Өзін Саян деп таныстырған қияқ мұртты қара торы жігіт батырларға сәлем беріп Садық сұлтанның жіберген жаушылары екенін айтты. 

- Не айтты Садық балам? - деді батыр қысқа ғана.

- Орыс әскерлері Түркістанға шабуылдап мұсылмандардың ордасына айналған Яссауи мешітін қиратпашы екен. Соны қорғауға соғысқа дайындалып жатыр. Сізге Иқан қаласы жағынан келуді тапсырды.

- Жақсы, - деді батыр. Қаңлыбай батыр екеумізден басқа соғыс ісін түсінетін адам жоқ, «Аттан, Қаракесек» демеске амал жоқ. 15 жыл найза ұстамаған бес ата қаракесектерге «Қазыбек би мен Абылайдың, Бөгенбай мен Балтаның сүйектері жатқан кесенені орыстар бұзғалы жатқанын» хабарлап  ұран салуға Бағыс пен Айтмұхамбетке жаушы шаптыр, - деп Ағыбай батыр жұп-жуас қалпынан айбаттанып шыға келді. Келген сарбаздарды Бүйрекшидегі туыстарына жіберіп демалдыруды ұйғарды. Қалың Қаракесектің рухын Қазыбек би оятты ма, 10-15 күннен кейін найзаларын желектетіп лек-легімен келе бастады. «Таңбалытастың» баурайына жиналған сарбаздар күн-күн сайын қылыштасып қолдарын жаттықтырып, атпен аударыспақ жасап біріне-бірі білген әдістерін үйретіп, тамақтан басқа уақытта дамыл таппады.

Қарашаның ортасында жинақталған 1000 сарбаздың 200-дейі Шұбыртпалы екенін анықтап үлкен баласы Аманжолды қолбасшылыққа қойып, әскердің алдыңғы сапында болуды тапсырды. Қаңлыбай батырға «Ер азығы мен бөрі азығы» жолда екенін ескертіп жүз жылқы да жетер, ширақтау жігітке міндеттеп қазан ошағын да жинатып бер. Өзің қол басқарып екі жүздікті алып, менің сапымда болғайсың. Бағыс, Айтмұхамбетке де қол басқартып, Әлтеке, Сарым сарбаздары өздерін өздері басқарып келіп қосылар» деді. Ағыбай батырдың жорыққа жүрерін естіген Қаракесек билері Алшынбай, Байсейіт, Қара, Нұрлан мырзалар да келіп сапарларына ақ жол айтқанмен, батырға тоқтау да айтты. «Батыреке, жасыңыз алпыстан асты, қамал бұзар қырық жаста емессіз. Жастарды жұмсап, тілекші болып отырсақ қайтеді» деп еді.

- Садық шақырып жатқанда қоярға жаным жоқ. Өлсем шәйітпін, сол кесенеде қаламын. Өлмесем мына сарбаздарды «қан сонарға» саламын, ақ баталарыңды беріңдер? - деп қолын көкке көтергенде Алшынбай би тақпақтап қиыстырып:

Қарттыққа бас ұрғанда қол бастадың,

Ақ батасын алған ең Жаратқанның.

Ағыбай ең, қашаннан Ақжолтай ең,

Қайралған қайрағына намыс ардың.

 

Найзаңның ұшы қанды, кеппеген ед,

Алдыңнан жауың тірі кетпеген ед.

Жеңіспен орал, батыр, абыроймен,

Сарыарқа саңлақтары саған сенед.

 

Қазыбек би, Абылай, Бөгенбайдың,

Қолдасын әруағы ер Балтаның.

Қорғауда Яссауидің жатқан жерін,

Жолы болсын, Ақжолтай-Ағыбайдың, - деп батасын аяқтағанда мың түмен жайғасқан «Таңбалытас», «Сандықтас» тауы қоса жаңғырып қоштағандай үні құлақта күмбірлеп тұрды.

Ағыбайдың ақ туын көтерген, шала жасақтанған бір түмен әскер «Таңбалытастан» аттанып Мойынқұмның етегімен Шу, Шаян өзенінен өтіп Төрткүл даласымен Иқаннан бір-ақ шығып ат шалдырды. Түркістан қаласын қорғауды қолға алған Созақ қаласының әкімі Садық төре «Ағыбай батыр келді» деген хабардан соғыс даласынан атының басын шұғыл бұрып келіп батырға сәлем береді. Мән жайды түсініскеннен кейін қолда бар қаруды «мергенбіз» дегеніне мылтық, қолына тигеніне қылыш таратып бергізді. Ағыбай батырға жасап жатқан әрекеттерін баяндай келіп:

- Батыр аға, қазір Иқанда полковник Веревкиннің екі жүз әскері мылтықпен, үш зеңбірекпен қаруланған екі жүз әскері бар. Түркістанға бағытталған Жемчужниковтың алты зеңбірек, төрт жүз әскері бар. Мақсаттары: екеуі қосылып Яссауи ғимратын атқыламақ.

- Бізге не бұйырасың? - деді Садықты бас қолбасшыға бағалап.

- Мені қайда салсаңыз сонда барамын. Сіз қолбасшы боласыз. Сіздің келгеніңізді естісе Әлімқұл бек қатты қуанатын болды. Екі-үш күнде келіп қалар екі зеңбірегі бар, Яссауидің маңына қоямын деп келе жатыр.

Екі-үш күнде кеш қаламыз деген Ағыбай батыр:

- Оған дейін бір жүздікті шабуылдатып арғы сыртына өткізіп жіберіп, артынша екінші жүздіктің қылышына туратайық. Орыстың сарбаздары ұйқышыл келеді. Зеңбірек сүйреп жаяу жалпы шаршап жүріп, мылтықтарына сүйеніп қалғып мүлгіп ұйықтай береді. Таңғы тәтті ұйқының кезінде сәресіге жеткізбей  ұрысты бастайық, - деп ұйғарды.

Ерте тамақтанған алғашқы жүздікті шабуылға қатысып үйренген Бағысқа басқартып зеңбірекшілердің шебін бұзып тоқтамай әрі қарай өте шығу тапсырылды. Екінші жүздікті Айтмұхамбет басқарып қылыштасып зеңбіректің маңайын тазарту тапсырылды. Таң атып жарық түсе жаппай шабуылға шығып есауылдың әскерін қарусыздандырып қолға түсіріп Түркістанға бет алуға келісілді. Діттеген уақытта шабуыл басталып Ағыбай батыр өзі ат үстінен қадағалап отырды. Алғашқы жүздік сап түзеген есауылдың әскерін құйын соққандай ойран топырын шығарып аттың төсіне қағылған зеңбіректер дөңгелектерінен бір жағына қисайып деңкиіп жатты. Ізін суытпай екінші жүздік бас сауғалап, аралары сиреп, күннің суығынан бүрісіп, сүйретілген шинелді солдаттарды баудай түсіріп, тірісін бір жерге топтастырды. Ішінде есауыл Серовтың өзі де бар. Күн найза бойы көтерілгенше созылған соғыс жеңіспен аяқталып Түркістанға Жемчужниковтан бұрын жету үшін, тұтқындарды екеу-екеуден атқа мінгестіріп алып жүрді. Кешкі бесінде жеткен Ағыбай батыр жүздік басқарған серіктерімен кесенеге кіріп бастарына көк тас қойылған Қазыбек би, Абылай хан, Бөгенбай баһадүр, Балта батыр жатқан бейіттерге құран оқытып зират жасап әруақтарынан медет сұрады.

Әлімқұл бек бастаған жеті жүз қол екі түйеге артқан зеңбірегімен ымырт жабыла келді. Қуана қауышып қарсы алған Түркістандықтар Ағыбай, Садық бастап сәлемдесіп жүктерін түсірттіріп алды. Таңнан басталған қарбалас жұмыс Иқаннан алынған үш зеңбірекпен, түйемен келген екі зеңбіректі Яссауи ғимаратына оқ жетпес жерге орналастырудан басталды. Тұтқын орыстардың атқыштарынан ақыл сұрамайтын қоқандық сарттардың өнерпаздары да бар екен, зеңбіректі ұршықша үйіріп, оқ дәрісін дайындап Жемчужниковқа «келсең кел» дегендей қатар-қатар сапқа тұрғызды.

Жемчужников шабуылға асықпады. Иқан түбіндегі шайқастан хабар алып Садық төре мен Әлімқұл бектен  жеңілген есауылдың зеңбірегімен, мылтығымен қаруланғанын естіді. Оның үстіне көптеген орыс сарбаздарының тұтқынға түскенінен түңіліп ойы он саққа бөлініп қалайда тұтқындарды құтқару керектігі бірінші кезекке қойылды. Полковник Веревкинмен ақылдаса келіп «ақша сұраса нақты ақша жоқ» деп не де болса Әлімқұл бекке кісі салып «не сұрайды екен, білейік» деп елші жібереді. Келген бес кісі елшімен сөз ауайын аңдай отырып «бір тұтқынға екі доп оқ, екі зеңбірек, бір-бір мылтықтан, он жәшік патрон бересіңдер» деп шешті.  Қолдарындағы тұтқынды санап шықса 122 тұтқын бар екен. Садық төре: Мына сұрағандарымызды берсе, өздері құр алақан қалады. Түгел басып алып жойып жіберуге болады екен» дегеніне Ағыбай батыр басу айтып «жатқан жыланның құйрығын бассақ, басы сирағыңа оралады» жоқтаушысы көп қой сабыр етейік. Берсе бұл да жаман олжа емес. Соғысудан бас тартып кері қайтады. Әлімқұл, Ағыбай, Садықтар өзара ақылдаса келіп елшілерді сый сияпатпен қайтарды. Ертеңіне қайта келген елшілер «барлық талаптарыңызға келісеміз» деп Веревкин мен Жемчужниковтың арнайы хатын ала келді. Сол күні қаланың сыртында Әлімқұл бек пен Садық төре тұтқындарды ауыстыруды жүзеге асырды. Қазақ айтқандай «Әлімқұл бек шала байып қалды». Веревкиннің айтқаны: «біздер енді сіздермен соғыспаймыз» болды. Олар алды артына қарамай тұтқыннан шыққандарын мінгестіріп, Шиеліде тұрған бекіністеріне жетіп, жаралы сарбаздарын емдетіп демалдырды. Қайта айналып соғар деген қауіптен қатарын бұзбаған сарбаздар Иқан мен Түркістанға бөлініп, қыстап шықты. Ақмешітте отырған генерал губернатордың бұйрығымен  Веревкин жұмыстан алынып, Жемчужников басқа жұмысқа ауыстырылғанын Әлімқұл бек пен Садық төре де білді. Қарқаралы генерал губернаторы Густав Госфорттан жер алғаны үшін аса әйгіленбей астыртын қызмет жасағандай орыстардың үлкендері бас қосқан жерде бақылаушы болып сөзге араласпайтынды әдет қылған. Орыстар жаз шыға кек алу мақсатымен шабуылдарын бастап Түркістанға қайта соғар ма деген үмітпен  күзге дейін зеңірек атудың, мылтық атудың әдіс айласын меңгеріп тұрақтамақ болды.

Ағыбай батыр сәуірдің басында үш баланы ауылға - Таятқан, Шұнақ тауына, аман есендіктерін білдіруге қару жарағын асындырып, тамақты өздерің тауып жейсіңдер, - деп тапсырып тұрып:

- Сендер соғыста көргендеріңді, орыстарды жеңіп сарбаздарын тұтқындап, мылтықтарын алғандарыңды мақтаныш етіп, қылыш сермеп жау түсіргендеріңді айтыңдар. Ел қуансын, ата аналарың той жасасын, - деп шығарып салды.

Соғыстан мол олжа түскеніне ризашылдықпен қараған Әлімқұл бек Ағыбай батырдың тапқырлығына, ұрысты төндіре жүргізетініне келешекте қолданатын әдіс екен деп Садық төреге тәптіштеп әңгімеледі. Соғыссыз жан тыныштықта отырғанда Ташкеттен жаушылар келіп Мерке, Әулиеата жақтан келген Черняев отрядның Ташкент қаласының қақпаларын атқылап жатқанын айтты. Әлімқұл бек алды артына қарамай түйеге артылған екі зеңбірегіне тағы бір түйелі зеңбірек және қосымша патрондар алып алты жүз сарбазымен шұғыл жүріп кетті. Түркістанға енді жау шаппайтынын генерал губернатор Перовскйидің ауызынан шыққан бір ауыз сөз «мұсылмандардың қасиетті мешітін атқылауға болмайды, орыстардың шіркеуін ешкім атқылап жатқан жоқ» деп Түркістанға жазалаушы отрядтарды жіберуді қойғызыпты. Перовскийді дұрыс адам деп естіген Ағыбай батыр да Сарыарқаға қайтпаққа сарбаздарын мұздай қаруландырып күздің аяғына жолға дайындалды. Әлімқұл бектен келген жылдам хабардан Садық төре де араға ай өткізбей алтыжүз сарбазымен Ағыбай батырмен қош айтысып Ташкентке аттанып кетті. Қаланы қоршауға алған Черняев отряды он екі қақпаны түгелдей зеңбірекпен атқылап ақыры бір қақпаны бұзып ішке кірді. Әлімқұл бек тиген оқтан ауыр жарақат алып қайтыс боларында Садық төреге сәлем айтыңдар «Черняевтің отрядымен келген Сыпатай маған өзі келіп берілді. Қасындағы он екі адамымен Жызақ қаласына алып кетті» деп айтыңдар. Мен өліп кетсем жазасын өзі берсін.   

Ташкентті орыстар басып алып Садық төре Бұқар хандығына кеткен еді. Артынан жеткен хабаршылар Әлімқұл бектің сәлемін жеткізгенде Бұқар қаласы үшін шайқас шарықтау шегіне жетіп қолдан қолға ауысып, ұрыс қызып, қоян қолтық айқас басталған-ды. Сыпатайдың ұсталғанын естіп «әкемді сатқан адам ұсталды» деп кетіп қалса орнына қалдырар сенімді әскер басы жоқ. Қасындағы оққағары Қоңырат жігіті, өзінің Созақ қаласындағы көмекшісі Жанарысқа «сөйлесуге келсе сөйлесерсің, оны қамап отырғаннан гөрі, ат құйрығына байлап өлтіре салған дұрыс шығар» деп 4-5 жігітпен аттандырып жіберді. Жызақ қаласында тосып отырған Әлімқұл бектің адамдары қолдары байлаулы 13 адамды Жанарысқа табыстап Ташкентке кері кетті. Сыпатайдан жауап алған Жанарыс:

- Неге сатқындық жасадыңыз? - деген сұрағына:

- Мен сатқындық жасағам жоқ. Батырларын қайтарып жіберіп өзі берілді. Қайтып қазаққа хан бола алмайтынын білді. Ол ұсталған соң біздер қашып құтылдық, - деп жанын жалдап, жылап бағып еді. Жанарыс сенбеді. Әкім Садық төренің айтқан жазасын қолданып асау айғырды құрықпен ұстатып, құйрығының ұшын екі бүктетіп Сыпатайдың мойынына тоқымнан кесіп алған киізді орап байлатып, қыл шылбырды саларда өлерін анық білген сатқын «әй Тұрап» деп айқайлап соңғы сөзін айтты.

- Болары болды. Маған да келді, бір зауал. Сүйегімді ағам Андастың қасына қойыңдар. Әрі қарай сөйлеуге шамасын келтірмей айғырдың құрық ноқтасын алып, дойыр қамшымен сауырдан бір тартып жіберді. Қатты тиген қамшыны ауырсынған айғыр құйрығының ауырғанына қарамай ұзап кете барды.

Жұмыстарын бітірген Жанарыстар тобы: «сүйегін алып кетсеңдер де, көміп кетсеңдер де ұлықсат» деп 12 адамның қолдарын шешіп мініп келген аттарын қайтарып берді. Аттарының тартпасын тартып мінген сыпатайшылар серіктерінің бассыз денесін іздеп әрең тауып, көлшіктің маңына апарып қан жынын жуып, құрақ қамыстан кездіктерімен орып соған салып алты жерінен байлап, иілмейтіндей етіп, өз атының ертоқымына оң жағына теңдеп қайдасың Шалдуар деп жолға шықты. Бұл 1867 жылдың маусым айының аяғы еді.

Соғыстың саябырсыған шағында 29 жасқа толған Садық төре «қырғыздарда әкемнің кегі жоқ, Сыпатайдан қайтты» деп Орман манаптың, Қалығұлдың еліне, әкесінің бассыз денесінің жатқан жерін көруге, бейіт тұрғызып қайтпаққа келеді. Қырғыз елі жақсы қарсы алып Орман манаптың жайлауына жеткізіп салады.

- Мен әкемнің кегін қуып келгем жоқ, жатқан жерін көрейін, ертоқымын беріңдер атыма салайын, алтын қынды қылышын беріңдер, беліме тағайын, - деп Орман  манапқа өтініш айтады. Ертоқымы жылдам әкелінді, ауыр болғандықтан атқа салмапты. Қылышын іздестіріп сұрастырып манаптың ықпалымен зорға табылды. Жиналған көпшіліктің көзінше ердің құлын терісінен тігілген тысын кездігімен тіліп жіберіп, қақ айырғанда төгілген алтынға көздері сүрініп, әсіресе, ерді көтеріп келген үйдің иесі есінен танып құлап түсті. 19 жыл құрым киіздің арасында керексіз болып жатқан ердің іші толған алтын екенін кім біліпті. Бейіттің орнын білетін адамдар жоқ болып шыққан соң нөкерлерімен Ағыбай батыр еліне қонақ болып, сәлемдесіп қайтуға бет алды.

Арқаның суығы түспей елге қайтқан Ағыбай батыр шошайған мылтықтарымен кездескендерді шошытпай, мекен қыстақтардан сырттап, тура шыққан-ды. Айдаған  тамақтық қырық жылқысымен өзен судың бойына тоқтап тамақтандырып Таятқан, Шұнақ тауына жетіп сарбаздарын үйлеріне қайтарып, аман есен келгендіктеріне құдайы тамақ тараттырды. Елдің күнделікті жұмыстарынан хабардар болып күн кешіп жатқанда Мойынты өзенінің бойынан Нұрлан мырзаға кезіккен Садық төре мырзаның сыйлы қонағы болып бір күн кідіріп, Ағыбай батырға жетуге асықты. Қонағын қошаметтеген би, батырлар, төрелер жиналып Садық төрені «Ақдала» жайлауында отырған Ағыбай батырға жеткізді. Нұрлан мырзаның үйінде айтылмаған әңгімелер айтылып Түркістанды қалай қорғағанын, Иқан қаласын қалай алғанын, Ағыбай батыр болмаса мұндай жеңістің келмейтінін, отырған қонақтарға кеңінен баяндады. Черняев бастаған орыс әскері Ташкент қаласын қоршап бір жеті атқылаған шайқаста Әлімқұл бектің ауыр жарақат алып, қайтыс боларда жіберген сәлемін де Сыпатайдың орыс әскерінен қашып өзі келгенін де, уәдесін орындап байлатып тастаған. «Қазақты сатқанда сартты сатпайсың ба?» деп қасындағы серіктерімен Жызаққа жібергенін айтқанда Ағыбай батыр «қоқанға сіңіп кетуге» жолы болмаған екен пақырдың деп бір күрсініп қойды.  Бұқар шайқасы қызып жан алысып, жан берісіп жатқанда өзімнің қолым тимей көмекшім Жанарысты бес сартпен Жызаққа жібердім. Жанарыс батыр Сыпатаймен бір ауыз тілдескенде «Кенесарыны мен сатқаным жоқ, өзі сатылды. Ағыбаймен бірге қоршауды бұзып шығып бірге кеткенде аман қалатын еді» депті. Мойынына құрым кигіз оратып асаудың құйрығына байлатып жіберіпті. Басын екі күн іздеп таба алмай, Тұрап деген серігі көп әуреленіп денесін құрақ қамысқа оратып, алып кетсе керек. Енді менің қырғызда кегім жоқ, ертоқымын, қылышын алдым деп сөзін аяқтады.

- Садық төре, Түркістан түбінде қалай соғыстыңыздар? - деді Нұрлан мырза әңгімеге қызығып.

- Ол жерде біз соғысқанымыз жоқ. Ағыбай батырдың ақылымен Иқан шайқасында тұтқынға түскен орыстарды тастамай аттарға мінгестіріп ала келгенбіз. Сол тұтқындарды екі зеңбірек, көптеген мылтық, оқ дәріге айырбастап оларды қарусыз қалдырған соң, амал жоқ кері қайтты. Содан кейін Яссауи мешітін бұзамыз дегенді орыстар қойды.

Емін еркін әңгіме күнде-күнде жалғасып Садық төрені сөйлетуден жалықпады. Нұрлан мырзаға хандық жүйе ұнап Абылай хан ісіне қанық болғандықтан «әкеңіздің ісін жалғастырып, айдаладағы қоқанның сойылын соққанша өзімізде хандық құру ойыңызда жоқ па?» деген сұраққа «Әкем айтады екен, қазақтың басын біріктіргеннен қасқырдың басын біріктірген оңай» деп. Сол рас сөз. Далиып жатқан қазақтың даласының о шеті мен бұ шетіне шыққанша, екінші жағына бекініс салады, қазір зеңбірек пен мылтықтың заманы қасына жақындатпайды. Өзімізден шығатын қару жарақ жоқ, сатып алу керек, әйтпесе тартып алу керек, тым болмаса оқ дәрісін өзіміз шығарсақ, онда да, нар тәуекел дер едік. Қазаққа қысқа жіп күрмеуге келмейтін заман болып тұр ғой.

Садық төре көптен ойында жүрген сұрағын Ағыбай батырдан сұрауға енді жөні келгенін байқап:

- Ағыбай көке, сізді әкемнің ренжіткен жері болды ма?  деп қойған сұрағына ыңғайсызданып ұяла бетіне қарады.

- Әкең мені ренжіткен жоқ, әкеңді мен ренжіттім. Көкбөрі Кернейдің Аққошқар деген батыры болды, өз жағына тартуға көп әрекеттенді. Батыр көнбеді. Көнбеген соң Бопай қарындасының төлеңгіт батырларынан «өлтіріңдер» деген тапсырмамен үш батырын жіберді, үшеуі де өлді. Кенекеңнің бір жақсы жері сұлтан төрелердің ауылын шапқанда, жылқыларын барымталағанда біздерді-қараларды жібермейтін. Бопайдың 600 төлеңгіт-сарбаздары бар соларды жіберетін. Үш төлеңгіті өлген соң маған қолқа салды. Мен: «Керней баласына қылыш көтермеймін» деп едім, өкпелеп теріс қарап жатып алып «кете бер» деді. Аққошқар батырға інісі Наурызбайды жұмсап, уланған найзамен өлтіріп тынды. Екінші, Ысты-Бөлтірік бидің әр жерде айтқан сөзінен мезі болған болу керек, «сауысқанша сақылдатпай, жанын жаһаннамға» жіберші деді. Үндемей кеттім. Көп күн өткеннен кейін «Көсе, менің тапсырмам не болды?» деді. Хан ием «Бөлтірікті өлтірсем, үйсіннің бел омыртқасы сынады» дедім. Екінші қайтып әңгіме айтпайтынына сендіріп құтылдым. 

Оншақты күн қонақтаған Садық төрені шығарып салған соң Тоқабай мен Құлиға әкелерінің өлгендерін естіртіп «енді оларды іздеп келетін ешкім жоқ. Қайтуларына ұлықсат беріңдер. Алдарыңдағы сауын бие, сиырларын айдатып, сойыс малдарын беріп, қос түйелі көш етіп қайтарыңдар» деген тапсырмасы орындалғанда Тоқабай мен  Құли Ағыбай батырға жолығып.

- Батыр аға, өлер әке өлді. Әкенің тапсырмасын орындаймыз деп қолды болдық. Жаман болғамыз жоқ балалы-шағалы, мал-жанды болдық. Туғаннан қырғыздың арасында өстік. Ботпайлар бізді танымайды. Елің бар, жұртың бар деп таныстырған жоқ. Бір малшыңыз болып жүре берсек қайтеді - деп өтініп еді. Ағыбай батыр:

- Балаларым, оларың болмайды. Шешелеріңді қуантып немересін, жап-жақсы келінді көрсетіп, біліссеңіздер «ат кісінескенше» дегендей бір-екі күнде шұрқырасып кетесіңдер. Қайтқандарың жөн - деп шығарып салды.

Осымен Сыпатай жыры бітті.  

Садық СМАҒҰЛОВ

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3234
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364