Сенбі, 23 Қараша 2024
Қоғам 6523 0 пікір 16 Қараша, 2015 сағат 13:55

ӘКІМ-ҚАРАЛАР СТАЛИННІҢ БҰЙРЫҒЫН ӘЛІ ОРЫНДАП ЖҮР МЕ?

Қараша түсіп,  қаз қайтысымен ормандай орыстан бұрын  Қазақстанда  жаңа жылға дайындық басталып кетеді. Биыл да соның нышаны байқалады. Өткенде жаздық. Бірінші болып бұл бастаманы Астанадағы «Керуен» сауда орталығы қолға алыпты (http://abai.kz/post/view?id=5459).

Ал, жаңа жыл мерекесіне дейін «Тұңғыш Президент күні» мейрамы тұр. Оның арғы жағында қасиетті «Тәуелсіздік күні» мерекесі бар. Бірақ, «сити-митимен» аты шыққан Астананың бұрынғы әм қазіргі әкімі Әділбек Жақсыбеков Елордадағы «қарбаласты» елеусіз қалдырып отыр. Дегенмен де сұрақ туады: әкім аталған сауда орталығының Тәуелсіздік мерекесін атап өтпей жатып, шырша орнатуын елеусіз қалдырып отыр ма, әлде соны жаны қалап отыр ма? Дұрысы – қалап отырса керек. Өйткені, бұл да Есімов сияқты «есте сақтау қабілеті» төмен сапастың бірі ғой. Былтыр  Ахметжан Есімовтың  «Айды аспанға шығарып», «Мен Тәуелсіздік монументіне барып гүл шоғын қоймаймын. 15 желтоқсан - туған күнім. Туған күнімде қалада болмаймын», - деп кеңк-кеңк күлгенін ұмыта қоймаған шығармыз.  Әйтсе де, өзінің жағынан жаңылып тұрғанын ұққан Алматының экс-әкімі: «Тәуелсіздік, әрине, үлкен мереке. Тәуелсіздік туралы көп айтуға болады», - дегенсіп  ақталуға тырысқан. Бірақ, әлгі сөзінен кейін-ақ,  Есімов үшін Тәуелсіздіктің құны – екі қойың бір тиынға есеп екендігі әбден-ақ аңғарылған. Міне, осындай есірік, ерме, көзін шел басқан шенеуніктер армиясы қазір Қазақстанды билеп-төстеп, білгенін істеп, былықтырып жүр. Соларды шыққыр көзің көріп тұрған соң: «Бұ да бір Құдайдың сынағы шығар» дейсің амалсыз. Неге? Себебі: «Дендеп кірген ауру мысқылдап шығады». Құдайдың кезекті сынағы болмаса, Тәуелсіздікпен бірге қазақ билігіне ыңғай бір қаракөк: сен тұр, мен атайын марқасқа, ұлтшыл, мемлекетшіл тұлғалар келуі керек еді. Олай болмады. Керісінше Тәуелсіз елдің мемлекеттік лауазымын Ресейге қалтқысыз қызмет деп түсінетін қортық саналы, қоян жүректі кездейсоқ біреулер қаптады. Қаптап кеп билікті басып қалды. Әлгілердің қазақ мемлекеттілігін мойындамауының  бір шындығы: 16 желтоқсаннан бұрын жалбаң қағып, жаңа жылға дайындықты қарашадан бастап жіберетін қаракеттерінен көрініп келеді. Әйткенмен де, биліктегілердің бәрі Жақсыбеков не Ахметов емес, араларында ел жақсылары, елін жақсы көретіндері де кездеседі. Соның бірін өз басымыз Асқар Мырзахметов деп танимыз. Асекең Оңтүстік Қазақстан облысын сұрап тұрған кезінде алдымен Тәулсіздік күнін ұлықтап өткізіп, жаңа жылға дайындыққа содан кейін жол беретін. «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған ол, міне, сол ұстамын енді саяси партияның деңгейінде көтеріп, партия жанынан құрылған "Мирас" қоғамдық кеңесіне мүше зиялы қауым өкілдерінің Үндеуін жариялап, облыс, аудан басшыларының жаңа жылға деген асық «махаббатарына» тоқтау салып жатыр.   "Мирас" қоғамдық кеңесінің Үндеуін өткенде атыраулықтар қолдаған еді. Енді жамбылдықтар да «Нұр Отан» мен «Мирастың» талабын құп алыпты. Бәрекелді!

Осындай игілікті бастаманың жалғасын Қостанай, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарынан күтеміз. Әрине, жыл ауысымы ретінде жаңа жылды лайықты қарсы алып, жаңа белестерді игергенге не жетсін? Алайда,   Тәуелсіздігіңе түкіріп қойып жүре беретіндердің көңіліне  қарап, шырша тігіп шыр айналудың қажеті шамалы. Әр нәрсе орнымен, жөнімен болса, кім кімге өкпелегендей?

«Жаңа жыл» дегеннен шығады. Режиссер Болат Атабаев қайбір жылы әлеуметтік желіде «Әжем айтқан бір әңгіме» деп жазып еді. Еске түсе кеткені.

1940 жылдар болса керек. Әлде одан да ерте ме екен. Аш, арық, үрейлі ел бір күнді ұясына қондырып барып көз ілмей ме? Сөйтіп, азапты жұмыс, ауыр бейнеттен қалжыраған ауыл ұйқыға бас қоя бергенде азан-қазан болады да қалады. Баяғы шолақ белсенділер, қарулы солдаттар... Үй үйді аралап, қалтылдаған қарт, қызыл қарын бала-шаға, қорғансыз әйелдерді қойдай иіріп шулатып жүр. Шулатып жүріп  сорлы жұртты қыстың аяз буған түнінде ауыл ортасындағы алаңқайға айдап әкеледі де: «Неге тырайып ұйықтап жатырсыңдар? Сталин жолдастан тікелей бұйрық келді. Бүгін – жаңа жыл. Қазақтар жаппай жаңа жыл мерекесін тойлауы керек. Әйда, тойлаңдар!» - дейді барқырап.

Қазаққа жаңа жыл меркесін тойлау рәсімі, міне, осылай енген екен. Бірақ бүгінгі қазаққа,әсіресе, жақсыбековтер мен есімовтерге бұны айтып сендіре алмайсыз. Әлде олар әлі күнге Сталиннің бұйрығын орындап жүр ме екен?

Дәурен Қуат

Abai.kz       

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475