ШЫРАЙЛЫ ӨМІРДІҢ ШЫРАҚШЫСЫ ЕДІ
«Дәстүр» журналы ашылғанда Сейітхан қария арнайы ақ батасын беріп, басылымның болашағы зор болуына тілегін білдірген еді. Жасының ұлғайғандығына қарамастан журналды үзбей оқып, пікірін білдіріп, ақыл-кеңесін беріп отыруды да дәстүрге айналдырған болатын. Тоқсанға қараған шағында ауыл аймағына еңбегімен, өнегелі ісімен, ақыл-кеңесімен қадірменді болған ақсақал дүниеден озды деген қайғылы хабар келді. Қарияның алды пейіш, арты кеніш болсын деген имани тілегімізді білдіре отырып ақын-жазушы Қасымхан Бегмановтың әкесі туралы жазған естелігінен үзінді беріп отырмыз.
«...«Әкем, өмірден ертерек кеткен інісі мен әкесінің ортасындағы бос жерді көрсетіп тұрып, «Мен кетсем мына жерге қоясың, балам», – деді. Көңілімнен алай-түлей ақ боран көтерілді. «Әлі ертерек қой, қайда асығасың?»– дедім тамағыма ащы өксік тығылып. Жоқ әлде бұл сөздерді ішімнен айттым ба екен. Анық есімде жоқ. Мен қазір өзімді жоқ іздеген жалғыз жолаушыдай сезінемін. Жалғыздың жары АЛЛА дейтін еді мына молада жатқандар. Мен қазір өзімді жоқ іздеген жалғыз жолаушыдай сезініп келемін.
Әкем батасын беріп үйдің жанынан түсіп қалды. Әлі де әңгімелескім, сөйлескім, сырласқым келді. Бірақ оған уақыт тапшы, дүйсенбіде қызметте болуым керек. Қаладағы бастығыммен келісімім солай еді. Тіршілік, бала-шағаның қамы. Алдымда тағы да мың шақырым жол жатыр. Сол жолды өзім рульде бір тәулікте жүріп өтуім керек.
Қазір әкемнің жасы 90-ға келіп қалды. Түркістан қаласында өзімнен кейінгі інім Садырханның қолында тұрады, артық сөзі жоқ, зиялы адам. Әкемнің әкесі, яғни атам Сталинградты қорғауға қатысқан майдангер, кейін елге аман-есен оралып ел басқарған сауатты адам болатын. Соғыстан кейін нағашы атам бір колхозды, өз атам екінші бір колхозды басқарып аудан орталығына жиналыста кездесіп жүріп арнайы құда түсіп, менің шешем ұзатылып кеп келін боп түскен екен. Бұл менің бала кезімде көп естіп өскен сөздерім десем де болады. Ескі, көз көргендер ел жақта әлі күнге дейін айтады.
Әкеміздің бізге үнемі айтып отыратын бір сөзі: Кісінің аманатына қиянат жасаушы болма, біреуге қиянат жасап сайда жүргенше, біреуден таяқ жесеңде қырда жүр балам, жүзің жарқын, ашық болады деп отырады. Ол кісі ешқашанда лебізін жұтпайтын адам. Уәдеге берік, артық сөзге жоқ, таза еңбектің адамы. Бізді адал еңбек етуге тәрбиеледі. Одан жаман болмаған сияқтымыз...»
Редакциядан: ақын-жазушы, баспагер Қасымхан Бегмановқа әкесі Сейітхан ақсақалдың дүние салғанына байланысты қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.
Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы