Өңірде 70 мыңдай агроқұрылым бар десек, олардың әрқайсысы ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосып келеді. Дихан қауым жерден тапқан несібесін ысырап етпей, жинап-теріп жатыр. Науқанның аяқталуына да жақын қалды. Аудан-ауылдардағы диқандардың осы еңбектерін бағамдайтын облыстық «Алтын күз-2015» мерекелік шарасы аптаның сәрсенбісінде Шымкент қаласында өтті. Биыл аймақтағы ауыл шаруашылығы төңірегінде атқарылған жұмыстардың барысымен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Полатбек Тастановпен сұхбаттасқан едік.
– Полатбай Жұматайұлы, күзгі жиын-терім уақыты бітуге жақын. Биыл өнім көрсеткіші қандай?
– Биыл дихан қауым үшін көктемгі ауа райы қолайсыз басталып, біраз жеміс-жидектерді үсік шалды. Дегенмен, жиын-терім уақытында мақтадан басқасына күн райы қарасты. Егісті межелеген мөлшерден өткен жылмен салыстырғанда артық жинап алдық, тек мақта жинау науқаны толық аяқталған жоқ.
Өңірде «Агробизнес – 2020» бағдарламасының нәтижелі іске асырылуының арқасында 2015 жылдың 9 айына ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі 247,3 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20,2 млрд теңгеге артты. Ал, жыл соңында жалпы өнім көлемі 350 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 105 % жетеді деп отырмыз.
Қазір мақталы өңірлер мақта егуде жаңа технологияларды қолдануды қолға алды. Бау-бақша өнімдерін егуге де басымдылық беріліп отыр.
Нәтижесінде жаз бойғы тер төккен диқандар өндірген өнімдерін Астана, Алматы қалаларына және ТМД елдеріне, Европа елдеріне жөнелтуде.
– Мал шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламаларды шаруалар тиімді пайдаланып жатыр ма?
– Қазіргі таңда ірі қара малдың саны 859 мың, қой мен ешкі 4 млн 111 мың басты, жылқы –224 мың, түйе 23,4 мың және құс басы 2 млн 460 мың басты құрайды. Ет өндіру – 5 %-ға, сүт – 2 %-ға, жұмыртқа өндіру 6,2%-ға артты. Мұның барлығы шарулардың тынымсыз еңбегінің арқасы деуге болады. Жоғарыдағы бағдарламадан бөлек, «ОҚО мал шаруашылығын дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» тікелей әсерін тигізуде. Яғни, күні бүгінге дейін 3397 жоба іске асырылды.
«Ірі қара мал экспортының әлеуетін дамыту» жобасы шеңберінде «Сыбаға» бағдарламасымен ағымдағы жылы 18 172 бас аналық ірі қара сатып алынды. Бүгінгі күнге тұқымдық түрлендіруге 50,9 мың бас аналық ірі қара мал қатысуда. «Құлан» бағдарламасы бойынша 3763 бас аналық жылқы, «Алтын асық» бағдарламасы бойынша 38823 бас тұсақ қой әкелінді.
– Субсидия биыл қай салаларға көбірек берілді?
– «Агробизнес-2020» бағдарламасының инвестициялық субсидия бағыты осы салаға жеке инвестиицияларды көптеп тартуға жол ашуда. Осы бағдарлама шеңберінде жайылымдарды суландыру, фермерлік қожалықтарды жаңа техникалармен қамтамасыз ету, жылыжай салу, тамшылатып суғару әдісін енгізу және қайта өңдеу кәсіпорындарын салуға басымдылық беріліп отыр.
Бұдан бөлек, қаржы институтары арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндіруішілеріне 20 млрд теңгеге жуық жеңілдетілген несие қаржылар беріп, жаңа жобалар іске асырылуда.
– Келесі жылы шаруаларға берілетін субсидия көлемі арта ма?
– 2016 жылдан бастап егін шаруашылығында басым дақылдардың гектарына төленетін және жылыжайларға берілетін субсидияны Үкімет тарапынан тоқтатуға ұсыныс түсіп жатыр. Бұл жерде субсидияны мүлдем бермей қояды, деген пікір қалыптаспауы тиіс. Мемлекет қаржылай көмекті заман талабына сай жер мәдениетін толық сақтаған шаруаларға ғана беруді көздейді. Жер мәдениеті дегеніміз – жердің ылғалдылығын, агротехниканы сақтау, арамшөптерді жоюға арналған препараттарды қолдану, яғни, жалпы заман талабына сай ғылым мен техниканы дұрыс қолданса, субсидия керісінше еселеніп беріледі.
Келесі жылы субсидиядан бөлек, Үкіметке шаруаларға төмен пайыздағы жеңілдетілген несиелер беру жөнінде ұсыныс тастадық. Бұл оң қолдауға ие болды. Оның қандай жолдармен жүзеге асатындығын уақыт көрсетеді. Қараша, желтоқсан айында аудандарға барып, ірі шаруа қожалықтардың басын қосып, мән-жайды түсіндіретін боламыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Айгүл КЕРІМБАЙҚЫЗЫ