Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3637 0 пікір 10 Қараша, 2015 сағат 15:57

Ахметов ісі: Жылыжай кешені қондырғысының құны әдейі көтерілген


9 қарашада Қарағанды облыстық сотында «Ахметов ісі» бойынша «Топар жылыжайлары» құрылысына қатысты жетінші эпизодты қарау жалғасты.

Бүгінгі сот отырысында сотталушы, испандық «Rufera Technoagro S.L» компаниясында менеджер болып істеген Кәмила Пірәлиева түсінік берді. Айта кетелік, бұған дейін куәгерлерден және сотталушылардан сотта жауап алу кезінде «Топар жылыжайларын» салу үшін испандық «Rufera Technoagro S.L» фирмасымен келісім жасалып, жобаның құны 3 млн. еуроға әдейі көтерілгені мәлім болған. Тергеудің нұсқасы бойынша экс-премьер С. Ахметовтің «Топар жылыжайлары» ЖШС-нің құрылысына «ҚазАгроқаржы» ұлттық компаниясының еншілес мекемесі 15 млн. еуро қарыз ақша бөледі. Бірақ оны бөлу үшін кәсіпорын иесі қаржыландырудың 15 пайызын өз мойнына алуы тиіс. Жылыжай иесінің мұндай ақшасы болмағандықтан испандық фирмаға қондырғының құнын 3 млн. еуроға көтеріп көрсетуге ұсыныс жасалады.

Соттағы сөзінде К. Пірәлиева 2012 жылы сәуір айында «Топар жылыжайлары» ЖШС-нің директоры А. Забировпен қалай танысқаны, жылыжай кешеннің қондырғыларын жеткізетін испандық компаниямен арада мәміле қалай жасалғаны жөнінде әңгімеледі. «2012 жылы сәуірде Алматыда өткен көрмеде А. Забировпен таныстым. Ол 8 га жерге жылыжай салуға жоспарын айтып, аумағын көруге ұсыныс жасады. Жобаның құны бастапқыда шамамен 15 млн. еуро деп белгіленді. Бұл өте ірі жоба болған соң коммерциялық ұсыныс дайындауға компанияның барлық қызметкерлері қатысты. Біз коммерциялық ұсынысты бір ай уақыт дайындадық. Түпкілікті шешімді компания басшылығы ғана айта алатын. Мен шетелден келген құжаттарды «ҚазАгроҚаржы» компаниясына жеткізіп отырдым».

А. Забиров қондырғының құнын әдейі көтеруге ұсыныс жасағанда, ол келіссөздерге қатысуға «Rufera Technoagro S.L»-тың бас директоры Хосе Антонио Моралесті шақырады. Қазақстандықтар мен испандықтар екі рет кездесіп, соның соңғысында мәміленің талаптары ашық айтылады. Бұл оқиғаның қалай болғанын куәгер К. Пірәлиева былай әңгімеледі: «Біз Х. А. Моралес екеуміз кездесуге бардық. Алдымен жобаның техникалық детальдары талқыланды. Содан соң қаржы мәселесі айтылды. Жобаның құнын 3 млн. еуроға көтеру ұсынылғанда бас директор менен: «Сіз бұған сенімдісіз бе?» деп сұрады. Ол 3 млн. еуроның үлкен сома екенін білді. Осы кезде А. Забиров сөзге араласып: «Бұған бола уайымдаудың керегі жоқ. Біздің жоғары лауазымды акционеріміз бар. Ол барлық мәселелерді шеше алады» деді. Одан әріде бізге ақшаны Қазақстанға қайтаратын төрт компанияның деректемелерін жіберді. Біз қайтарылатын ақшаның басқа мақсатқа қолданылатынына ешқандай күмәнданған жоқпыз».

Кездесудің нәтижесінде тараптар мәмілеге келіп, «Rufera Technoagro S.L» қазақстандық компаниялардың шотына 2 млн. 600 мың еуро аударады. 400 мың еуро жүкті кедендік ресімдеу кезіндегі қосымша шығындарға жұмсалады. Сотталушы К. Пірәлиева сондай-ақ қазақстандық «Водоводстрой», «ТоргПромСтрой», «Казинтрактив 21 век» және «Renessanse» ЖШС-мен жалған келісім жасалғанын хабарлады. «Келісім жасалар кезде испандық компанияға жобаның құнын 3 млн. еуроға әдейі өсіруге және ол ақшаны Қазақстанға қайтаруға талап қойылды. Біз бұл ақшаның мұндай ірі мәміле жасауға арналған пара екенін сездік. Бас директор бастапқыда бұған келіскісі келмеді. Бірақ оны тәуекелдің өте аз екеніне сендірді. Біз екі жағдайды (біріншісі – кіммен мәмілеге келгенімізді, екіншісі – компания үшін экономикалық тиімділікті) ескеріп, ұсынылған сызбаға келісім бердік», – деді ол сотта.

Әмина БӘКІР

Aбай-ақпарат

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371