ИІСШІЛ ИТТЕР ЕСІРТКІ ТАСЫМАЛЫНЫҢ ЖОЛЫН КЕСУДЕ
Оңтүстік өңірлік басқармасына қарасты «Мерке» тексеріп-өткізу бекетінің «Сыпатай батыр авто» көліктік-шекаралық тексеру бөлімшесінің шекарашылары 7 қараша күні сағат 23.20-да Қырғыз Республикасынан біздің елге келушілер залында «Кайта» атты қызметтік иттің көмегімен жылу батареяларында полиетилен пакетке салынып, тығылған «Гашиш» есірткісін тапты. Көлемі аса көп емес, 3-4 гр деп хабарлайды ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі.
Ізге түскен ит есірткінің иесі ретінде 1970 жылы туған Ашыралы есімді Қырғызстан азаматын көрсетті. Әдетте ит қателеспейді. Айғақты зат күдіктімен бірге ішкі істер қызметкерлеріне тапсырылды, анық-қанығына солар жететін болады.
Қызметтік иттер өздерінің есірткі тасымалының жолын кесуде таптырмас көмекші екендігін күнделікті дәлелдеуде. Мысалы, Петропавл шекара отрядының «Қызылжар авто» бөлімшесінде 08 қараша түні сағат 01.30-да «Мики» атты қызметтік ит «Петропавловск-Тюмень» (Қазақстаннан Ресейге қарай) бағытына бет алған «Сетра» жолаушылар автобусын тексеру кезінде № 37-38 орындықтардың жастықшаларына тығылған қағаз түйіншекті тауып, артынша оның «марихуана» есірткісі екендігі анықталды. Бұл да көп емес, бар-жоғы 4-5 грамм, біреудің жолда «ермек» қылуға алып шыққан есірткісі болар. Көлемі аз болса да зардабы көп болуы да ғажап емес еді.
Дәл осы бөлімшенің шекарашылары сол күні таңертеңгі сағат 09.00-де «Теміртау-Тюмень» бағытымен кетіп бара жатқан жолаушылар автобусындағы 1966 жылы туған Сергей есімді ҚР азаматының күртешесінің қалтасынан 2-3 гр. «марихуана» есірткісін тапты.
Бір сағаттан кейін (сағат 10.00) тағы да сол бекеттің шекарашылары «Теміртау-Тюмень» бағытымен кетіп бара жатқан тағы бір автобустан 1-2 гр «марихуана» есірткісін алып жүргендігі үшін қазақстандық Андрей есімді азаматты ұстады. Жоғарыда аталған екі жүргінші де айғақты заттарымен бірге Қызылжар аудандық ішкі істер бөліміне жөнелтілді.
Оңтүстік өңірлік басқармасының Қордай шекара отрядына қарасты «Қордай авто» бөлімшесінде 8 қараша күні қызметтік ит 1962 жылы туған Тұрахан есімді қазақстандық азаматты (Қырғызстаннан-Қазақстанға келе жатқан) есірткі тасымалдаушы ретінде көрсетті. Тексеру бөлмесіне алып бара жатқан шекарашылар аталған азаматтың әлдебір нәрсені қалтасынан алып лақтырып жібергендігін көздері шалып қалды. Лақтырылған түйіншек табылып, гашиш есірткісі екендігі анықталды (2,26 гр).
Абай-ақпарат