Көші-қон қазақ елінің өсіп-өркендеуі үшін қажет!
Халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы осы салада қалыптасып отырған кейбір түйткілді мәселелерді ортаға салды. Қазақ ұлтының, қандастарымыздың тағдыры шешіліп жатқанда, өз ойын ірікпей айтып, көші-қонның көші түзелу үшін шырылдау сенатордың серкелігін көрсетсе керек...
Біз Мұрат Бақтиярұлының пікірін толығымен оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Бұл өзінің ұлтын, елін сүйетін азаматтарды бей-жай қалдыра алмайтын, қоғамымызда әртүрлі пікірлерге арқау болып келе жатқан көкейтесті мәселенің бірі. Өйткені ол еліміздің әлем алдындағы беделіне, ұлтымыздың демографиялық өсіміне, шетелдегі өмір сүріп жатқан қандастарымыздың тағдырына тікелей қатысты. Жалпы көші-қон әлемдік деңгейдегі тоқтаусыз жүріп жатқан үрдіс. Қазақ елі шетелде тұрып жатқан қандастарын өз Отанына көшіріп алу бойынша дүниежүзінде ең алдағы үш мемлекеттің қатарында екенін айтуымыз керек. Шетелдегі ағайындарды елге көшіруде тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз. Тіпті экономикалық дағдарысқа қарамастан жуырда ғана Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауға арналған салтанатты жиында елбасымыз «Көші-қон қайта жанданатын болады» деп кесіп айтты. Соның айқын дәлелі – бүгін қабылданайын деп отырған заң жобасы. Жаңа заң жобасында министр ханым айтып кеткендей, Қазақстаннан тыс елдерде өмір сүретін этникалық қазақтар Атажұртына оралғаннан кейін бұрынғыдай әуре-сарсаңға салынбай «оралман мәртебесіне» еш кедергісіз қол жеткізіп, әдеттегідей төрт жыл емес, бір жыл ішінде еліміздің азаматтығын ала алады, бұрынғыдай төлем қабілеті туралы анықтама талап етілмейді. Сондай-ақ, соңғы үш жылда қандастарымызды сергелдеңге түсірген «тұрақты тіркеуден шығып келу» талабы алынып тасталынды. Сонымен қатар, заңда үкімет айқындаған өңірлерге қоныстанатын қандастарымызға қосымша әлеуметтік өтемақылар қарастырылған. Мұның барлығы соңғы жылдары тоқырауға ұшыраған көші-қонның жандануына жаңа қарқын береді деген сенім ұялатады. Сондықтан да осы заңды өзім толық қолдаймын және әріптестерімді де қолдауға шақырамын.
Талқыға түсіп отырған заңда қоғамда, БАҚ-та үлкен пікір-талас тудырған мәселе – қандастарымыздың келген елінде «соттылығының» бар болуын, не жоқтығын растайтын құжатты талап етуге байланысты. Әсіресе, Қытайдан көшіп келетін қандастарымызға «соттылығына» анықтама алуда ол елдің ішкі заңдылығына байланысты біршама қайшылықтар бар екендігі белгілі болды. Әрине жаһандану кезіндегі әлем елдеріндегі көптеген қақтығысқа байланысты босқындардың көбеюіне қатысты ұлттық қауіпсіздікті қорғау мақсатында сырттан келетін келімсектердің көші-қон ағынымен туындайтын қауіп қатердің алдын-алу өте өзекті және қажет. Дегенмен бұрын мұндай талап шетелдерден келетін этникалық қазақтарға қатысы жоқ болатын. Және Үкімет қаулыларының көбінде мәселе шетелдегі қазақтарға қатысты болған жағдайда «этникалық қазақ өкілдерінен өзге» деген тіркес арнайы қосылатын еді. Тиісті министрліктер осы мәселеге тағы бір талдау жасап, шетелдік қандастарымыздың Ата жұртына оралуына біршама кедергі жасайтын осы мәселенің дұрыс шешімін ұсынады деп сенемін.
Сонымен қатар, әлі де болса этникалық көші-қон тек оралмандарға ғана емес, ол ең алдымен тәуелсіз Қазақстан үшін, Қазақ елінің өсіп-өркендеуі үшін қажет деген Үкіметтің оралмандарға деген ұстанымы, көзқарасы, яғни көші-қон жұмысының Үкімет ұсынған нақты бағыт-бағдары мен іс-шаралар жоспары жетіспейтін сияқты. Мысалы осы кезге дейін Заңның этникалық көшке байланысты баптарын қалай жүзеге асырамыз деген мәселелер толыққанды қарастырылған емес. Атап айтсақ, өркениетті мемлекеттерде өз қандастарын атажұртына көшіру жұмыстарын алдымен шетелдерде бастайды, көшушілердің тізімдерін жасау, олардың азаматтық алуға қажетті құжаттарын жинау, олар шекарадан қашан өтеді, еліне келгенде қай жерге орналасады, баспананы қалай алады, қай жерге жұмысқа орналасады сияқты мәселелер алдын ала анықталады. Бізде бұл жұмыстардың бірде-біреуі жүргізілмейді. Өйткені шетелдердегі Қазақ елшіліктерінде не қаржы, не штат арнайы бөлінбеген. Осының салдарынан қандастарымыз елге өздері келеді, орналасатын жерді, тұрақты тіркеуді өздері шешеді, ал елдегі көші-қон мекемелері өз жұмыстарына тек осы мәселелер реттелгеннен кейін кіріседі. Сол себепті көптеген этникалық көштегі келеңсіз, даулы мәселелер осындай жағдайдан туындап жатады. Сондықтан да қандастарымыз көп тұратын Қытай, Монғолия, Өзбекстан сияқты елдерде бұл мәселені шешудің жолын қарастыру керек.
Көші-қон жұмысының жандануына кедергі болатын мәселелердің бірі – ол көші-қон айналысатын мекемелердің жиі өзгеріске ұшырауы мен республикалық деңгейде үйлестіріп отыратын тұрақты органның болмауы. Қазіргі кезде көші-қон жұмыстары Сыртқы Істер, Ішкі Істер, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Білім және ғылым министрліктері мен жергілікті атқарушы әкімшіліктеріне жүктелген. Көші-қон мекемесінің өзі Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне қарасты комитетінің ешкімге үкімі жүрмейтін, облыстарда ешқандай бөлімшелері жоқ шағын басқарма ғана. Мұндай жағдайда қандастарымыздың елге оралуына барынша жағдай жасалынады дегенге сенудің өзі қиын. Сол себепті көші-қонға қатысты бар мәселелерді үйлестіріп, шешіп отыратын құзыреті бар бір орталық орган қажет деп есептеймін.
Көші-қонға байланысты тағы бір үлкен мәселе шетелден көшіп келетін қандастарымыздың жеке меншігіндегі ауыл шаруашылық, т.б. салаларында пайдаланылатын техникалары мен мал жануарларын шекарадан өздерімен бірге алып өтуге қатысты туындап отыр. Әсіресе, Монғолиядағы қазақтардың меншіктерінде 6-7 млн. тарта қой-ешкі және жылқы малдары бар. Елге көшкісі келетіндер өздерінің жоғарыда аталған дүние-мүліктері мен малдарын ата жұртқа екі елдің арасындағы жолға байланысты алып өтудің мүмкін еместігін айтады. Бұл мәселе заң арқылы емес, Қазақстан, Ресей, Монғолия арасындағы келісім шарттар арқылы және мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық құжаттары арқылы реттелуі керек шығар. Егер осы мәселе оң шешіліп жатса елімізге қандастарымызбен бірге олардың байлық капиталы да қатар кіретін болады.
Соңғы төрт-бес жылдың көлемінде БАҚ-да оралмандарға қатысты қарама-қайшы пікірлер көп айтылуда. Жалпы оралмандар мәселелері туралы ақпарат шынайы, нақты материалдарға сүйеніп берілгені дұрыс. Елге көшіп келген бауырларымыз ұлтымыздың тілін, дінін, салт-дәстүрлерінің діңгегін берік ұстанған еңбекқор, кәсіпшіл, отансүйгіш азаматтар екенін көріп жүрміз. Олардың арасында елге еңбегі сіңген белгілі ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, оқымысты ғалымдар бар. Атажұртым, елім деген азаматтарымыздың арасында атқарушы, заң шығарушы органдарында қызмет жасаушылар жоқтың қасы. Үкіметіміз осы мәселеге де көңіл аударса екен дейміз.
Сонымен қатар, шетелдердегі тұрып жатқан қазақ диаспораларын білімге, мәдениет саласына қатысты, яғни оқулық, баспасөз өнімдері, тәлімдік және көркем әдебиет, театрлардағы режиссерлік жұмысқа, ұлттық аспаппен қамтамасыз етуге қажетті мамандарды Қазақстанда дайындауға нақты қолдау жасау жоқ десе де болады. Әсіресе, Өзбекстан мен Моңғолиядағы қазақ мектептерін оқулық, ғылыми-әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету мәселесін Білім және ғылым министрлігі өз құзіретіне алуы керек. Саяси-тарихи жағдайларға байланысты шетелдердегі тарыдай шашылып тұрып жатқан этникалық қазақтар тұтас қазақ ұлтының бір бөлшегі, біздің ортақ бауырларымыз, туыстарымыз, қандастарымыз. Олардың шет елде болашағы бар деп айта алмаймыз. Ұлт ретінде олардың жойылып кететіндігі тек оларды ғана емес, бізді де алаңдатуы тиіс. Оларға атажұртынан үнемі қолдау көрсету біздің де, үкіметіміздің де парызы екенін ұмытпайық!
Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламент Сенатының депутаты
Abai.kz