Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Үміт пен күдік 7209 0 пікір 6 Қараша, 2015 сағат 20:11

МҰНАЙЛЫ АУЫЛ ДА МҰҢАЯДЫ...

Жер астындағы қара алтынға сенген халық,

жер бетіндегі байлықты да ұмытпауы тиіс.

Автор

 

Жарығы жоқ, суы жоқ, ауыл қайтіп күн көрер... жиғаны жоқ, күйі жоқ адам қайтіп күн көрер... Мұнайлы өлкенің бүгінгі тірлігі – мұңлы. Қара алтынның үстінде «жалаңбұт» отырған ауылдар әлі де бар. Жанып тұрған шам жарығы түбіне түспесе, оның сәулесінен не пайда? Қара алтын құны қарыштап тұрғанда қарық болмаған ауылдың күйі, мұнай арзандағанда мүлдем мүшкіл. Қазыналы қазақ жерінде ауыл кеші көңілді болуы керек еді ғой...

Көңілсіз көрініс, сүреңсіз тірлік. Судың соңында көше кезген халық. Бұл ауылда судың қадірі қара алтыннан да қымбат боп тұр. Себебі суды сағаттап, сығымдап береді. Қазақстан мұнайының үштен бірін өндіріп отырған Жылыой ауданы бұл. Тоқсан мыңға жуық халқы бар. Мұнда су тәулігіне бар болғаны бес сағат беріледі. Онда да, әрі кетсе жеті мың куб суға рұқсат бар. Ал халықтың қажеттілігі одан үш есе көп. Ойдым-ойдым шұңқыры көп жол қиындығы да бір төбе. Айта-айта ауыз талған, жаза-жаза қолдан да әл кеткен. Ауыл халқының ендігі қорқынышы жұмыссыз қалу. Халықтың көбі нәпақасын мұнай саласында жүріп табады. Сондықтан қара алтын құнының төмендеуі олардың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етті. Қысқартудың ауылы да алыс емес. Бұл жағдай өзге де мұнайлы өлкелерге тән болып тұр. Осы бағытта  ауыл шикізатпен шектеліп қалмай, өңдеуші саланы да белсенді түрде игеруі керек. Жуырда мұнайлы аймақ ауылдарын аралап келген «KazService» Қазақстандағы мұнайсервистік компаниялар одағының Президиум төрағасы Рашид Жақсылықовтың пікірі де осыған саяды.  

– Ауыл шаруашылығын шындап қолға алатын кез келді. Көзін тапса, мұның пайдасы шикізаттан аз емес. Жерді игеріп, мал баққан озады. Төрт түлікті түгендеген кәсіпкер төрге шығады. Мал шаруашылығы атадан қалған кәсіп. Оны дөңгелентіп әкетуге ауылдағы қаракөздің шамасы да, мүмкіндігі де жетеді. Одан бөлек мал шаруашылығын дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар да көңілге қонымды. Бір ғана мысал келтірейін, «ТенгизШевройл»  қызметкерлерін тамақтандыру үшін бір күнде 5 тонна етке тапсырыс береді. Бұл дегеніміз бір күнде етке олар 25 мың доллар ақша жұмсайды деген сөз. Есептей беріңіз, бір айда 750 мың$,  бір жылда 9 млн.$. Қып-қызыл ақша. Қайда кетіп жатыр деп ойлайсыздар? Шетелге... ТШО күнделікті жейтін етін Канададан алдырып отыр. Мұрнымыздың астында тұрған мұндай қомақты тапсырысты жіберіп отырмағанымыз өзімізге сын. Әрине бұл дерекке біз бей-жай қарай алмаймыз. ТШО басшылығына мән жайды айтып, қазақстандық үлесті арттыру керектігін алға тарттық. Шетелдік инвестор етті өз елімізден алуға келісті. Бірақ... ең қызығы, ТШО сұраған жоғары сапалы етті күнделікті үзбей жеткізіп отыратын тұрақты бірде-бір қазақстандық компания табылмады.

 

Мал шаруашылығы ақсап тұр...

Бүгінгі таңда еліміз азық-түліктің үштен бірін шетелден сатып алып отыр. Бұл ойланарлық дерек. Тиісті шаралар шұғыл қолға алынбаса, сіз бен біз мұхит асқан тауық аяғымен, күмәнді көкөністерді тұтынуға мәжбүр боламыз. Отандық тауар өндірушілер «экспорт» деп жанталасып, ішкі нарықтың қажеттілігін ескермей жатады. Импортталған өнімді ығыстыру үшін ауылдағы шаруашылықты жандандыру қажет. Елімізде жүз миллион гектар жайылымдық жер және егіндік алқаптың 30% қолданылмай бос жатыр. Осы кең даланың төсін мыңғырған малға толтырып, астықты жайқалтсақ, сырттың өніміне күніміз қарамас еді. Әрине бұл мүмкін болатын нәрсе. Ал әзірге судың әр тамшысын сұрап үшкен Жылыойлықтар жәйі не болмақ? Рашид Хасенұлы тіршілік нәріне ауылды қарық қылу үшін мықты инвестор табу керек деп отыр. Ауылда су қоры мардымсыз. Сондықтан оны алыстан тарту қажет. Ал бұл қомақты қаражатты талап ететін жұмыс.

Жалпы ауылда Қазақстан халқының қырық үш пайызы өмір сүреді. Ауыл тағдыры барша қазақтың тағдыры. Сондықтан Мемлекет басшысы ауылды дамытуға көп көңіл бөліп келеді. Үш жыл ауыл жылы болып жарияланды. Одан бөлек мал шаруашылығын, егін шаруашылығын, ауыл бизнесін, ауыл жастарын қолдау мақсатында талай бағдарлама қабылданып, жүзеге асты. Мемлекеттің де инвестордың да ауылды көркейтуге жасаған қадамдары қарышты. Енді ауыл халқы да көштен қалмай нарыққа икемделуі тиіс.

Рашид Жақсылықовтың айтуынша, ауылдың өзінен де ұсыныс, құлшыныс күту керек. Әрі мемлекеттен бөлінетін қаражаттың да есебі бар екенін әрбір тұрғын сезінуі тиіс. Бұл жауапкершілікті ауылдықтар өз мойнына алмайынша, оларды жұмыс істету қиын. Масылдықтан арылып, бағдарлама бойынша бөлінген ақшаның тиімді жұмсап, істі одан әрі дамытып әкетуге дағдылануы керек. Олай болмаған жағдайда, бөлінген қаржының берекесі болмай, желге ұшады».

«Ауыл халқын да сұранысқа сай келер мамандықты игеруіне мүмкіндік жасау маңызды. Ол үшін алдымен Кеңес кезінен қалған СПТУ-лардың бәрін зерттеп, білім базаларын дамытуға тиіспіз», – дейді Рашид Хасенұлы.  Қазір ауылдық елді-мекендердегі үлкен-үлкен зауыттар пайдаға жарамай, босқа қаңырап тұр. Неге қалаларда ашылған «Еркін экономикалық аймақтарды» ауылдық жерлерде іске асырмасқа? Бір мысал: Алматы облысы Ақсу ауданында үлкен қант зауыты бар. КСРО кезеңіндегі 148 қант зауытының ішінде ең ірі тоғыз қант зауыты болған, сол тоғыздың біреуі. Қазір сол зауыт өзінің бұрынғы қуатының 10 пайызын да орындап жатқан жоқ. Территориясының 90 пайызы бос тұр. Осы зауыттың базасындағы қаңырап тұрған орынды ауылдың еті тірі жігіттеріне неге бермеске?! Ынтасы бар, білімді жігіттер тігін өндірісін ашсын, нан шығаратын, ет шығаратын өндіріс ошақтарын ашсын.

Дағдарыстың салқыны ауылға да оңай тимесе анық. Бұл ретте елді мекендерді ірілендіру қажет. Рашид Жақсылықовтың айтуынша, 2400 елді-мекенді аз уақыт ішінде аяғынан тік тұрғызу қиын. Сол үшін көршілес орналасқан шағын ауылдарды қосып ірілендіру маңызды. Бұл бағытта  шағын елді мекендерді неғұрлым көлік желісінің бойына жақынырақ шоғырландыру тиімді. Ірі теміржол желілерінің, тас жолдардың бойында орналасқан ауылдардың жайы шалғайдағы елді-мекендермен салыстырғанда көш ілгері. Бұрын «Өзен жағалағанның өзегі талмайтын» болса, енді «Жол жағалағанның қарны ашпайтын»  кезең. Темір жол, тас жол бойынан жұмыс та табылады, сауда жасауға да мүмкіндік бар, қатынауда да қиындық жоқ. Сондықтан теміржол құрылыстарын жобалау кезінде де ауыл қамын есте ұстаса деген тілек бар.

Одан бөлек Қытайды, Қиыр Шығысты Еуропамен жалғайтын «Жаңа Жібек Жолы» жеріміз арқылы өтеді. Қазақстан – осы үлкен тасымал желісінің бойындағы маңызды дәліздердің бірі. Мұны да ұтымды пайдаланған жөн.

Әсіресе шекара маңындағы ауыл аймаққа баса назар аудару қажет. Бүгінде «жағдайын жақсартамын» деп үй жайын тастап қала, облыс аудан орталықтарына көшіп жатқандар қаншама. Бұл тенденция геополитикалық қауіп тудыруы әбден мүмкін. Қытаймен шекаралас жатқан Зайсан ауданына қарасты ауылда 12 000 тұрғыннан бүгінде небәрі 4 000 ғана қалған. Мұндай шекара маңындағы ауылдарды иесіз қалдыруға біздің моральдық, саяси құқығымыз жоқ, дейді Рашид Хасенұлы. Сондықтан ауылды көтеруді бірінші кезекте шекара бойындағы ауылдарды сақтап қалудан бастау керек. Халықтың көшіп кетуі оңай, бір ақ күнде мүмкін болады. Ал бос қалған жерлерге халықты қайта орналастыру қиынның қиыны. 

Шұрайлы жердің шырайын келтіретін халық. Адамның еңбегі. Ауыл шаруашылығы ел экономикасының тірегіне, тіпті қазығына айнала алады. Ол үшін «еңбектенем» дегенге қолайлы жағдай жасалса болғаны. Жер астындағы қазба байлығына сенген мұнайлы өлке тұрғындары енді жердің бетінен де байлық алуды игерсе жөн. Мал шаруашылығының да бейнетінен зейнеті басым. Тек ерінбеген шаруаға, көзін таба білген кәсіпкерге жер анада аянып қалмас.

Айнұр Күзербаева

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006