Жұма, 22 Қараша 2024
Тамыр 10295 0 пікір 5 Қараша, 2015 сағат 13:23

Ж.АЙМАУЫТОВТЫҢ ЖАРИЯЛАНБАҒАН АУДАРМАСЫ

 

 АЛҒЫСӨЗ

 ХХ ғасыр басында қазақ әдебиеті озық үлгідегі тәржімалармен толыға түсті. Бір ғана Жүсіпбек Аймауытұлының Дж.Лондоннан, Р.Тагордан, К.Берковичтан, Мопассаннан аударған шығармаларын оқи отырып, сол кездегі қазақ зиялыларының білімінің тереңдігіне, ойының ұшқырлығына, тілінің көркемдігіне, талғамының кірпияздығына таң қаласың. Бүгінгі назарларыңызға ұсынып отырған туынды осы уақытқа дейін жарыққа шықпаған (тек аталып қана жүрген) Ж.Аймауытұлының америка жазушысы Конрад Берковичтен тәржімалаған  «Тұқым» атты аудармасы. Румын елінде туғанымен, ұлты еврей болғандықтан тағдырдың теперішін көп көрген Беркович ел мен жер, әділеттілік, дәстүр деген ұғымдарға ерекше назар аударған.

Аударманың бірінші бөлімі «Жаңа мектеп» журналының 1926 жылғы 12 санында, қалғаны 1927 жылғы 1 санында  жарыққа шыққан екен. Алайда, осы уақытқа дейін әдеби айналымға түспей келген.

 «Әділдіктің жаршысы» атанған Берковичтің алты бірдей шығармасын қазақ тіліне тәржімалаған Жүсіпбек Аймауытұлының «Тұқым» атты аудармасы бүгінгі ұрпақтың көңіліне келелі ой салады деген үмітпен, назарларыңызға ұсынамыз!

Арнайы Abai.kz ақпараттық порталының оқырмандары үшін  әзірлеген

Әубәкірова Қарлығаш.

 

ТҰҚЫМ

 Қоңырат Беркөбіштен (Конрад Беркович)

Жолдың нелер бейнетін тартып, Дүбіржінің теріскейіндегі Оспан Сеспенің ауылына жеттім.  Бабатау орманынан өткенде бір мезетте атым қымтырылып, пысқырына бастады, сонша болмады, сулығын тістеп алды да жөнелді.  Басы бой бермей қойды, ағаштың түбірінен аса секірем деп, аяғын сындырды да тыныш болды.  Атымның жанын қинамайын деп, бауыздадым да, жаяу аяңдай бердім.  Қыркүйек мизанның лайсаң жауыны, жер былғаныш, орман ішімен жиырма шақырымдай жаяу, жалаң аяқ малтығып, үсті басымды өрім-өрім қып, алакеуімде әрең дегенде келіп, Ысмайылдың есігін қақтым.  Сабадай сары шалбар, барқыт қынама киген, қызыл бас тақиясына жасыл сәлде ораған, қара сақалды серкеш есіктен шығып, еппен үйіне кіргізді.  

Ұзақ күнді кештің денін ұйқымен алдым.  Әлден уақта оянсам, үйдің іші еркек, әйел, бала-шағаның дауысымен азан-қазан екен.  Бәрі де жердегі тапал қарағай үстелді жағалай отыр, үстелде буы бұрқыраған палау, қуырған қойдың еті, әтір исі мұрынды жарып, алтын дәні шып-шып шығып бал тұр.  Астың исі көзімнен жас шығарды, мейілінше ашығып келгем ғой.

 –  Қонаққа орын беріңдер! – деді Ысмайыл мені көріп.  Бәрі де ұшып түрегелді.  

 –  Қош келдіңіз! – деп, бәрі де тәжім етіп, қошеметтеп жатыр.  

 –  Қош кеппіз! – деп, мен де үй иесінің оң жанынан орын алдым.  

Қожайын қолыңызды жу деп, арқама қапталын жапты.  Сапты аяқтан мен бал алып татқанымша тамаққа қолын салмады.  

 –  Біздің әдетіміз сол, қонаққа алдымен бал береміз, қонақ үй иесімен балдай тату болуға жақсы – деп мәнісін түсіндірді.  

 –  Балдай болыңыз,  – деп өзгелері де бас изеді.

Қарқынымды басқан кезде, қожайын маған бүгін оразаның айты екенін білдірді.  Айт мейрамы бүгін кешке бітпек екен.  Жиылған адамдар өлең айтып, билеп жатыр.  Ол думанға араласуға өзім шаршап келген кісі мұршам болмады.  Көзімді жұмып, кілем құрулы қабырғаға сүйеніп отырып, жан- жағымда қоңырау сылдырлап, қара торы бұраң белдер қоңыр қаздай байпаңдап жатқанда тағы ілініп кетіпті.  

Ертеңінде Ысмайыл ақсақал тұла бойымды майлап, жараларымды байлап берген соң, қонақ асы кемірек болды, айып ете көрмеңіз – деді де, қырық жыл бұрын бабасы қонақ қылған бір ақын жайынан әңгіме сөйледі.  

Бір күні сәскеде арып-ашып, далба-дұлба боп, үйі жоқ, күйі жоқ бір ақын Қаратеңізге қарай бара жатып, біздің ауылға соқты.  Қошамет қып қарсы алдық.  Дастарханға отырғызып ет асып, бал беріп қонақ қылдық.  

Көктем кезі еді, жол жаңбырмен езіліп көпірлер бұзылып жатыр еді, сонымен жүре алмай жатты.  Өлең айтып ел кезіп жүріп көрген білгенін сөйледі.  Талай жердің өлеңін айтты.  

Ауылда босқа жатып іші пысар деп жігіттер біздің елдің өлеңін үйретті, бикештер билеп, бозбалалар жақсы аттарды көрсетіп, бәйге жасап, әйелдер жібектерін, бәтестерін мақтап, көңілін көтерді.  Үйткені о кездегі біздің жылқы шіркін жылқы еді, деген араб жылқысының нақ өзі.  Әйелдердің тоқитын жібектері қандай! Мақтануға тұрғандай еді.  

Өзен кемерінен қайтып, батпақ кеуіп, жол тақыл бола бастаған соң ақын жолына жүруге қамданды.  Құранның бұйрығын қолымыздан келгенше орындадық.  Қонағымыздың қоржынына қақтаған ет, нан, бал салып бердік.  Жолда ашығып қалмасын деп жүрміз.  Бізбен қош айтысқанда ақсақалды ақын көзіне жас алды.  Екі туып бір қалғанымда мені мұндай күтпес.  Қай елге барсам да, кімге жолықсам да, теңізден теңіз өтсем де жүрген жерімде сіздің ауылды мақтармын.  Сіздердің тәтті ет, әтір иісті балдарыңызды өлеңіме қосармын, жүйрік аттарыңызды, жібек жүнді қойларыңызды аузымнан тастамаспын.  Алып еркек, сұлу әйелдеріңізді жырлармын.  Бәрінен де кез келген қонаққа дастархандарыңыздың мұнша кеңдігін, есіктеріңіздің жабусыздығын сөйлермін.  Жүректеріңіз де сондай кең екен.  Тек тәңірі сендерге мәңгі мейірім етсін! – деп, жүріп кетті.  

Ол ақын келгелі қашан, онда менің бала күнім.  Егінге тұқым, араға ұя, қойға қошқар, биеге айғыр қандай керек болса, біздің халыққа о кезде әлгіндей әдет те сондай керекті еді.  Әдет жас еді, бірақ жаңа емес еді.  Енді біздің әдетіміздің бәрі жаңа, бірақ бәрі ескі.  Неге дейсің ғой? Неге десең біз бөгде ақынды қонақ қылдық, сыйладық, сонымыздан таптық.  Ол ақын жиын жерде біздің иісті балымызды жырлап мақтаған, оны естіп қайдағы – жайдағы адамдар біздің елге келіп ұя-ұясымен араларымызды сатып алып кетті.

Біздің бір ұямызға олар екі-үш ұясын берді.  Біздің ұяларымыз да, араларымыз да молайды.  Бірақ балымыздың бұрынғы тәттілігі болды ма деп сұрасайшы.

Біздің бір саулығымызды, бір қошқарымызды сатып алуға олар екі-үш саулықтан, екі-үш қошқардан әкелді.  Бірақ қойларымыздың жүнінде бұрынғы ұяңдық, бұрынғы жұмсақтық қалды ма десейші.

Қорадан жылқымыздың, даладан егініміздің тұқымын әкетті.

Біз сұрай бердік, олар бере берді.  Көп алған сайын кедей бола бердік.  Үнемі өзге елдермен айырбас саудаға қызығып, еңбек, жұмыс қылуды  ұйып алдық.  Айырбаспен, саудамен күнелтетін болдық.  Атамыздың әдет-ғұрпы аттарымыздың арқасымен, араларымыздың қанатымен ере кетті.  Оның орнына орнаған әдет жаңа болса да, жас болмады.  Ашуы жетпеген саумал қымыз тәрізді болды.  Өйткені бір жерден бір жерге тасығанда ең көне қымыз да араласып өліп қалады ғой.

Алланың әмірі – әмір ғой.  Тентіреген, үйсіз, күйсіз ақынды қонақ қып сыйлағаннан күнә-сұмдығым артты ма? «Бөгде қонақты сыйласаң, құдай он есе төлейді» деп құранда айтады.  Анығында, бергенімізден алғанымыз неше есе артық болуын болды.  Бірақ саны көп болғанмен, сапасы болған жоқ.  Неге дейсіз ғой? Бал қорек қылған араның балында дәм де, тату да болмайды екен.  Қырман басында қызылдай айырбастаған тұқыммен албарларымызды толтырдық.  Біздің жігіттер бұрын өз қолымен еңбек қып табатын бұйымдарды енді базардан табуға айналдық.

Біздің жылқымыз да, қойымыз да, арамыз да адам сұрағысыз болды.  Өзіміз салмаған астық пен албарларымыз шыпылдады.  Егіндеріміз тұқым себілмей қаңырады.  Жерімізге, кісілерімізге үйренбеген жат жылқы ат қорамызды жайлады.  Біздің кісілер о жылқыны жақсы көруді қойып алды.  Тек сатарманға бола ұстады.  

Көгілдір жүннен тоқылған шүберек киген балаларымыз да бүрісіп, құнысып бұрынғы билеуінен, жүгірісінен, жүрісінен айрылып қалды.  

Қозғалмаған қол бостық пен еріншектіктің арты ауруға соқпақ қой.  Енді біз кедейдің кедейі болдық.  

Неліктен десең, жазығымыз үйсіз қаңғырған қаңғыбас ақынға үй болып, ас болғанымыз.  Ондай ақын ауылымызға енді келе қалды бар ғой, қонақ асымызды беріп отырып айтамыз: «Жолың болсын, бізді өлең қылам десең қыла бер, бірақ өлеңіңді жуан қалталы байлардың алдында айта көрме, өзің тәрізді үйсіз – күйсіз ақындардың алдында айт» – деп сұраймыз.  

Менің атым Ысмайыл Алтайлы.  Жүз жылдар өтті, долы патша Қапқаздан жүз мың серкешті қуып жіберіп, солар Дүбіржінің дала жазығымен қопасына сіңіп кеткен.  Біздің бабаларымыз сол жүз мың серкештен болады.  Дунай өзенінен бергі саздауыттарды жарып өтетін жол бойы сонау Қаратеңізден Селістірдің байтақ даласына шейін көмілген ата – бабаларымыздың сүйегі.  Содан бері талай соғыс та болды.  Зеңбіректің күрсілін де талай естідік.  Бірақ біздің соғысқан жауымыз Дүбіржі қопасының безгегі болды.  Түптеп келгенде біз жеңдік.  Біздің еліміз, рас, азайды бір-ақ уыс қалды.  Сонда да жеңген соң не керек.  Біз аязды ұзақ қыспен арпалыстық, ондай қысқа бұрын үйренбеген елміз ғой.  Бұрын адырлы, таулы жерді мекен еткен басымыз, топырағы сары саз, жазық далаға да үйрендік.  Адам басқа түссе баспақшыл болады екен.  Саудагерлермен айналыс қылуды қойсақ та, өз қолымыздан өсірмеген астық пен малға аңсаудан тыйылсақ та, құдай далада қалдырған жоқ, болысты.  

Осыны айтып Ысмайыл сөзін доғарды.

Әбден тыңайып алған соң төртінші күн дегенде Ысмайылға жүретінімді сездірдім.  Ол жүрем дегенді құлағына да алмады.  

 –  Мейрам бітпей кетуге болмайды.  Мейрам өткен соң тағы бір күн мұнда болып, біздің құдалықты көріп кет, биылғы болып отырған құдалықтың алды осы.  Кетсең ренжиміз.

Көнбесең әддім болмайды.  Жаңа ақсақал құдалық күнгі ат шабыстың ішінде болғанымды қалады.  Оның үстіне ақсақал ұлы атасынан қалған тұқымнан өткен бидайды көрсетпек болған.  

 –  Ұлы атам өлгенде осы тұқым бір уыстай – ақ еді, бірақ қолыммен дұрыстап мәпелеп ектім.  Егін піскенде бір тұқымын да жоғалтпайын деп, әр бидайдың басын алақаныммен үйкеп үктім.  Одан келесі жылы менің тұқымым жиырма есе көбейді.  Қалпетімен тағы да жерге септім.   Сөйтіп жылдағысын жылда өсіре бердім.  

Бірнеше жыл өткенде Алтайлының тұқымы ауыл аймағына егін салуға жететін болған.  Сонымен баяғы саудагерлерге сатып, айырылып қалған дәулетін қайта орнатып алған.  Ескі тұқымды сақтап қалуға қам қылған жалғыз адам Ысмайылдың ұлы атасы бопты.  Бұл тұқым шынында баданадай салмақты әрі қатты тұқым екен.  Сатарманға айырбасқа бола егетін тұқым емес, жақсы тәтті бауырсаққа бола еккендей тұқым  екен.

Күн түске таянған кезде үй-үйдің арасынан Ыстамбұлдың қызыл тақияларын киген жалаң аяқ балалар көрінді.  Олар үкілеген, тұмарлаған аттарын жетелеп, өлеңдетіп, адырдың баурайындағы жаңа шабылған шалғынға алып кетті.  Өмірі жылқы көріп жүріп, неше атасының тұқымын бір жерден көргенім осы, быртық аяқ, жалпақ тұяқ малдабан (Молдован?) аты да осында.  Дүбіржінің қатба түйелері бейнелес, қабырғасынан бұғы көрінген, сұлының иісі мен уысты құлақ сабаннан өзге дым жемеген Дүбіржі мәстектері де осында.  Бойы серейген, басы шүйкедей, көзі сығырайған Мәскеу жылқысының тұқымы да осында.  Әр тұқымнан араласқан, будан жас айғырлар да осында.

Өңшең әлем байланған, құйрық жалы өрілген, сүзілген.  Жүні сабындап жуылған, сары маймен майланып жылтылдаған аттар о жерден де, бұ жерден де шықты.  Бастарын қақырайтып, пысқырынып, кісінеп, қылаң ұрып, ойнақшып, айқайласқан, даурыққан, топтанысқан, шұбырған жаңа өспірім жігіттердің тақымында тұрмай барады.  Бәрі де бәйге болатын жерге бара жатыр.  

Жұрт тегіс жиналған кезде, ауылдың татар жағынан бір шуылдаған дауыс шықты.  Кідірмей аттарына мініп, шоқытып, бәйгелі жерге татарлар да жөнелді.  Мақамбет (Мұхаммед)  дінінде болғандықтан татарлар да ораза айтын мейрам қылады екен.  Он екі айдың ішінде татар мен серкештің татулыққа келісетін бір ғана жұмасы осы екен.  Жар дегеннен жеребе салысты.  Бір ат татардікі, бір ат серкештікі болып қос – қосымен құйылды.  Анау да, мынау да қос-қос атқа екі жар болып, бас салысып жатыр.  Жұрт ию -қию, жаңылдасқан, дауласқан, боқтасқан дауыс.

Мен өз қожайыным Ысмайыл ақсақалмен қатар тұрмын.  Ақсақал тым-ақ тұнжыраңқы, елең-селеңі жоқ.  Артында тұрған екі қатыны да қабақтары түсулі.  Тек қызы Гүлшет атты қашан жібереді деп шыдай алмай жүр.  Гүлшеттің жүзі жарқын, айнадай.  Бұл бір бойы сымбатты, сопақ бетті, торсиған қызыл ерінді, шүңіректеу қара көзді, қыл шашты, он бес жасар қыз бала.  Таза серкеш қаны бар бір ғана үйдің іші Ысмайыл ақсақалдікі болса керек.  Ауылдың өзге адамдары, өте-мөте жас буын будан көрінеді.  Бет-аузы аппақ, шашы сап-сары әйелдер бәдәуи тәрізді қап-қара баланы көтеріп тұрғанын көресің.  Көк көзді, қылаң жүзді жастар, бәдәуидей қап-қара әкесінің қасында тұрғанын көресің.  

Жарысатын аттардың дау-жанжалы талай уақытты өткізді.  Қонаққа келген татарларға қышқыл қымыран мен ашшы бозаны баса берсе керек.  Сусын бойға тараған сайын көздері шатынап, дауыстары әкірең-әкірең шығып, болып берді. . .

Аяқтап келгенде, ат шабыс басталды.  Әуелгі шабатын қос аттың жері жеті шақырымдай шамаланды.  Озған жақ Гүлшеттің қолынан күміс мәждие (сый) алмақшы.  Ат шабатын алаңның бір жағында қатын, бала – шағасымен татарлар, екінші жағында серкештер тұрысты.  Құлақты жаңғырықтырған айғай-ұйғай аттың дүрсілі біртіндеп басыла берді.  Екі ат мерзімді жердің орталығына жеткен кезде қараушылар қыбыршып, жыбыршып қозғала бастады.  Татар аты озып бара жатыр, серкештер қиқуды салмасын ба, не керек түк шықпады.  Жеңгендер жеңілген жақты мазақ қылды.  Татар жігіті Гүлшеттің қолынан күміс мәждие алды.  Мұның артынан тағы екі ат жіберіліп еді тағы бәйгені татарлар әкетті.  Үшінші, төртінші жіберілген аттардан да татардікі озып келді.  Татар аттары озған сайын Ысмайыл ақсақалдың өңі сұрлана берді.  Серкештер ұтылудан көз ашпады.  Татарлар күліп, қаңқулап-ақ өлтірді.  

 –  Ұят-ай, ұят-ай! Аттарың ат сияқты-ақ ат қой! Мұнша тырбаңдатып, қостаған бақа қып қойғандарың не? – деп айғайласты.   Серкештердің аузына құм құйылды.  Әбден ұялды, әбүйірі төгілді, қор болды.  

Татардың ақсақалы Ақымет кендір келіп, Ысмайылдың жанына отырды.  Ең соңғы екі ат шауып жатыр еді.  

 –  Сенің аттарыңа не болды? – деді өтірік жаны ашыған кісімсіп.  Ысмайыл оны сезе қойды.  

 – Әлде сендердің сұлыларың жоқ па? Жоқ, жігіттерің жығылам деп қорқып шаппай жүр ме? – деп тағы басып өтті.  Ысмайылда үн жоқ.   

 –  Жылқыларың жаман болса, бізден тұқымға бірнеше бие, айғыр сатып аларсың? – деп тағы бір қойды.  

Соңғы аттар тоқтаған соң Ысмайыл орнынан тұрды да айтты:

 –  Ақымет, енді таңдама аттар шықсын.  Мен атымның қақ маңдайын шығарамын, өз тумамнан қосамын.  Ол қай жылқының тұқымы десең баяғы біздің жылқы, будандарға араласпаған таза күніндегі, біздің жеріміз жаттан келген жаман тұқыммен былғанбаған кезіндегі жылқының тұқымы.  Тобыңнан таңдап шығар, мен де жақсы атымды шығарамын.  Бәйгеге бес жүз мәждиде тігем десең де даярмын – деді.  

–  Алты жүз! – деп айғайлады Ақымет ақша қалтасын қолына алып.  

–  Алты жүз елу! – деді Ысмайыл жұлып алғандай.   

–  Ап кел бері патшаны – деді Гүлшетке қарап.

Серкештер сергіп, көтеріліп қалды.  

 –  Тырапайды келтіріңдер – деді Ақымет бір жігітіне.  Деді де Ысмайылға қарап:  – Мына алаңды төрт айналғанда менің атым озатындығына екі жүз алтын саламын – деді.  

Екеуі бірінің бірі қолын қысты да, кілемге төгіп алтынды санай бастады.  

 –  Бір! – деді Ақымет, алғашқы ақшаны жерге тастап.  

Татар, серкеш топырлап, басшыларын қамалап, айғайлап, олар да қабат санасты.  

 –  Үш, төрт, бес, алты!. . .

Жайылған кілем үстіне алтын ділда сылдырлап, шөмеле болып үйіліп қалды.

 –  Ысмайыл Алтайлы жарты сағаттан кейін екі жүз ділдалы болады – деп серкештер дауыстады.  

 –  Одан да өз ділдаларына қош айтыссын! – деп татарлар күлісті.  

 –  Патша (Ысмайылдың бәйгеге шығарған аты) озатындығына он ділдә тіктім – деп бір серкеш айғай салды.  

 –  Мен де тіктім! – деп бір татар екі алтынды лақтырып тастады.  

Екі атты бәйгелі жердегі бағанға әкелгенше егесе-егесе жүзден астам адам бәс тігісті.   Еркек былай тұрсын, қатын, балаға шейін  бәс салысты.  Екі жүйріктің сырт бітімінде пәлендей айырым жоқ.  Ақыметтің ала атынан гөрі Ысмайылдың аты әнтек сидамырақ, басы да ананікінен кішірек тәрізді.  Екеуі де араб жылқысының тұқымы, марал аяқты, тазығыр жылтыр жүнді, омыраудың, алдыңғы аяқтың сіңірлері айқыш-ұйқыш болып білеуленіп тұр.  

Ысмайыл атының жанына барып сылады, сипады, тұмсығынан сүйді, құлағын ақырын уқалады.  Не айтқаныңды ұқтым, татарға серкештің намысын жіберме деп тұрсың ғой дегендей ат аяғымен жер тарпыды.  

О кезде Ақымет те тырапайын ерттеп жатты.  Патшаның жанынан Ақымет өтіп бара жатқанда, патша ойнақтап, шапшып, елегізіп, кісінеп жіберді.  

 –  Сенің атың немене? Сен бізді жек көр деп үйретіп қойдың ба? – деп Ақымет Ысмайылдан сұрады.  

Қалай да патшаға таңырқамай қарай алмады.  Серкештің мына жүйрігіне қарағанда құстың тырнағына ұсаған жіңішке саусағымен селдір сақалын сипап, дүрдек ернімен тамсанып өтті.  

 –  Ысмайыл әпенді, атың бек әйбат екен.  Мұндай аттан озған қандай рақат – деді.  

 –  Сенің атың да осал көрінбейді, шамаң келсе озып көр – деді серкештің ақсақалы.  

 –  Менің атыма балам Абдул мінеді.  Абдул, бері келші – деп баласын шақырды.  

Он алты жасар қамыт аяқ Абдул атқа сып етіп мініп, ақыл үйреткен ағайындарына жымиып жауап берді.  

 –  Гүлшет, Гүлшет! Бері кел! Патшаны саған мінгіземін – деп Ысмайыл қызын шақырды.  

Ақсақалы жазатайым іс қып тұрғандай, серкештер басшысына таңырқап қарады, Ақымет кендір тағы ашуланды.  

 –  Бұ не, қылжағың ба, мазағың ба? Менің кісілерімді қорлағалы қыз мінгізіп тұрсың ба? – деп қолы беліндегі қанжардың сабын іздей бастады.  

Ысмайыл жайымен тұрып:

 –  Алла сақтасын! Бұл менің туған қызым.  Менде ұл жоқ екені өзіңе аян, атымды қызымнан өзге кісіге мінгізуге сенбеймін, өйткені патша Гүлшеттен өзге адамды қасына жолатпайды – деді.  

Екі отағасы алтын үйілген кілемнің екі жақ басына отырысты.  Діңгекке байлаулы патша тағы аласұра бастады, шұлғыды, пысқырды, шапшыды, сасық иіс сезгендей мұрнын тыжырып искеді.  Он қадамдай жер былай таман апарғанда ғана дамыл тапты.  Ақымет долданғандай Ысмайылға қарады.  Ысмайыл да көзі жалт етіп жауап қайырды.  

 –  Дайынсыңдар ма? – деп қарт ат басқарушы дауыстады.  

 –  Дайынбыз! – деді Гүлшет пен Абдул бір дауыспен.  

 –  Топтан! – деп ат басқарушы қамшысын сермеді.  

Атылған оқтай екі жүйрік ата жөнелді.  

–     Шүу! – дегенде патша тосаңсып, татар атынан қалыңқыраса да аздан соң қатарласа бастады.  Жек көруден де күшті әлдебір соқыр сезім бойын билегендей патша мойнын тырапайдың мойнына құшақтағандай егесе шапты.  Аттар алғашқы рет кругты айналып Ысмайыл мен Ақыметтің қасынан өткенде, екеуі де бір елі артығы жоқ бастары қаз қатар өтті.  Әлдебір екі басты, сегіз аяқты жалғыз мақұлық шауып бара жатқан тәрізденді.  Қараушылар намазда тұрғандай тым-тырыс болды.  Олар бір дыбыс шығармастан жұлындай ұшып бара жатқан екі қараға көздерін қадады.  Екінші рет өткенде тағы да әлгідей қайнасып, қатарласып ағып өтті.

Ақымет:

 –  Ысмайыл, сенің атың керемет екен – деді.  

Серкеш ақсақалы:

 –   Ақымет кендір, сенікі де осал көрінбейді – деп жауап қайырды.  

Екі жүйрікке үңіліп, емешесі құрыған екі басшы егесті де ұмытып кетті.  Татардың көзі өз атынан да ана атты ішіп-жеп барады.   Үшінші орағытып өте бергенде серкеш жақтан қуанышты айғай ду ете түсті.   Патша тырапайдан озуға айналып еді.  Әуелі тек тұмсығы озды.  Бара-бара басы озды.  Абдулға әртүрлі ақыл үйретіп татарлар да айғайлады.  Ақымет бейне бір өз атынан жаман патшадан екі көзін айырмады.  Патша үдей берді.  Тырапайдан кеудесі түгел озған шақта қымқуыт айғай болды да кетті.  Ысмайыл отағасының жеңінен шап етіп Ақымет:

 –  Аллай-ай, Алла-ай! Атың не деген ат еді! Қызың неткен қыз еді! Он жігітке татығандай қыз екен! – деп бажылдады.  Патша тырапайдан есік пен төрдей жер озған кезде татарлар да, серкештер де екі асақалдың қолдарын қысысқанын көріп, таң қалды.  Ақсақалдарын көріп олар да бірінің қолын бірі қыса бастады.  Ұпай қайырма қайтыс болды.  Соңғы озған ат бастапқының бәрін жуып кетті.  

Ұялғаннан қызарып аттан түсіп жатқан баласына Ақымет:

 –  Мұндай аттан қалғаныңның арманы да жоқ – деді.

Ысмайыл ақсақал бір дорба алтынды беріп жатып қызын құшақтай алды.  

 –  Бар қарағым, Гүлшет, әжеңе – деді.   

Топ-топ болып татарлар үйді-үйіне тарай бастады. Бәс тігіскен серкештер бәсін қолдарына ұстасып, патшаны кезек-кезек сүйісіп жатыр.  Патшаны жетелеп Ысмайылдың атқорасына әкетті; атқора мен Ысмайыл өзі жататын үйдің  арасында жұқа тақтайдан ғана бөлме болатын.   Ақымет Ысмайылдың қасына тұрып қалды. Ол Ысмайылға асық жарынан жаман телмеңдеп қарап тұр.   

Тұрып-тұрып,  Ысмайылға:

 –  Айғырыңа төрт жүз ділдә ал! – деп,  келтесінен қойып қалды.   Ысмайыл:

 –  Патша,  сатылмайды, – деді.  

 –  Бес жүз.  

 –  Жоқ!

 –  Алты жүз!

 –  Атым сатылмайды. Сыбайлас, қош бол. Үйім күтіп отыр – деп,   Ысмайыл үйіне бет қойды.  

 –  Міне,  тап менің патшам сықылды аттарды шетелге сатып сатып жүрдік; он есе артық алып жүрдік; не керек: саны көп болғанмен,  сапасы жоқ,    –  деп,  бәйгі біткен соң Қонақбай маған қарап сөйледі.   Онда жылқымыз шетінен осы Патша тәрізді еді,  сен көрген шобырлардың,  қайда,  онда бірі де жоқ.   Енді сен ұлы атамнан қалған бидайдың тұқымынан пісірген нанды жеп көр; Келер жылдан әрі енді нанды сол бидайдан пісіреміз.  

Маған атқорамен астасқан сарайшаға төсек салып берді; атқорада Патшадан өзге де үш ат тұр.   Кешкі тамақтың үстінде қымыранды молырақ ішіп жіберсем керек: шешінуге де мұршам келмей,  төсекке басым тиісімен қата қаппын.   Аттың елегізіп кісінеген,  тықыршыған дауысымен ояна келсем,  таңда рауандап,  ағарып қалған екен.   Патшаның неге кісінегенін барып білгім келді.   Атқораның есігіне таянғанда Ысмайыл ақсақал ұшырады.   Ақсақал  жүгері егілген аңыз жаққа қарап:

 –  Ұрымтал жерге тентіреп татар келді – ау деймін.   Патшаның дәйексізденіп тұрған мәні сол,    –  деді.   Біз сөйлесіп тұрғанда Гүлшет жалаң аяқ бізге келіп,  менің неғып ерте оянғанымды сұрады.   Ақырын сөйлессек те,  біздің күбірімізбен қоңсыларда оянды: есіктер сықырлап,  тауық шақырып,  еркектер,  әйелдер тысқа шығып,  өріске жібер дегендей,  қой маңырап,  сиыр мөңірей бастады.   Бітегенеден соң,  ұстаның дүкенінен төске шақылдаған балға дауысы да естілді.   Әуені иіскелеп төңіректі тағы да шолып қарады да,  Ысмайыл дәрет алуға үйге кірді.   Гүлшет алысқа қадала қарап,  атқораның жанында тұра берді.  Ол ат үстінен

 –   Керемет!  –   деп Гүлшет өзінен – өзі дауысын қаттырақ шығарып жіберді.   

Мен оған жалт қарап:  –  О кім?  –  деп сұрадым.  

 –  Абдул.   Абдул.   Абдул!  –  деп  айтқан сайын дауысын қатайта берді.   Жүгерінің алтын сабағының арасынан қарайып бір бұйра бас көрінді.   Гүлшет көрмегенсіп тұр.   Гүлшет дос адамдай қолымнан ұстап,  елеусіз үйге қарап,  жетелеп:

 –  Қонақ, сен біздікінде қанша боласың? – деп сұрады.  

 –  Үш – төрт күндей болармын,   –  дедім.   

 –  Ендеше мен саған бұ күн жүгері пісіріп берейін,   –  деп,  жүгері егінге жүгіріп кетті.   

Жарты сағаттан кейін,  тәтті қуырған жүгеріні алдыма әкеп қойғанда,  қарасам,  қыздың өңі гүл – гүл жайнайды,  көзінен нұр төгіледі,  әкесімен екеумізді аяғының ұшымен тік тұрып,  күтіп жүр.  

 –  Қалай? Жүгері ұнай ма? Мен ең жақсысын таңдап әкелдім,   –  деп, бет–аузы шиқандай боп кетті.  

Әкесі тамаққа қолын салып жатып,  қызына жауап қайырған адамдай:

 –  Патшаға сақ болу керек,   –  деді.   Айттың сілемі әлі бар: жұрт жеңіл – желпі жұмыс болмаса,  шаруаға әлі оңды қараған жоқ.   Мен ақсақалмен бірге ескі ауыл жамасып отыр едім,  оқыста Ақымет кендір келіп,  жұмысымызды бөліп,  ол ең сәнді киімін киінген, түрлі – түсті асыл таспен безелген жалпақ былғары белбеуінен шолақ мылтықпен қанжары салбырап тұр .   Ыстамбұл тақиясын кіршіксіз ақ сәлде жауып тұр.   Амандықтың орнына:

 – Не Хабар бар? – деп сұрады.   Ысмайыл ісін тоқтатпай:

– Хабар жоқ, – деді.  

 – Ысмайыл, мен сенімен атың жайынан тағы сөйлескелі келдім, – деп, жұмысын айтты.  

 – Ақымет әпенді, оның не сөйлесетіні бар?! Атым сатылмайды дедім ғой.  

Ақымет қоймады:

 – Не нәрсенің болсын, құны бар ғой.  Алушы қанша береді? Әңгіме сонда ғой.  

– Жалаң онда емес, иесінің сататын ойы бар ма, жоқ па? – әңгіме сонда ғой деп, Ысмайыл шегерді.  Ақымет тақымдап болмады.  

 – Бағасыз нәрсе болама алты жүз ділдә алтын деген ойынышық емесқой.  

 – Жоқ! Алты жүз елу!

 – Жоқ!

 – Екеуіде дым қойды.  Көпке дейін ләм деспеді.  Ысмайыл көзін ісінен айырмады.  Ақымет жеп қоятын немедей тікірейіп Ысмайылдан көзін алмады.  Ақыметтін абайсызда белбеуге таман барып қалған қолы Ысмайылды орнынан ұшып тұрғызды.  Екі басшы біріне –бірі қадалып әлтек тұрып қалды.  Ақымет дым көрмегенсіп жұмсақ дауыспен:

 – Жеті жүз ділдә болса қайтер еді? – деп сұрады.  

 – Менің патшам сатылмайды! – деп Ысмайыл қатайып кетті.  

Ақымет басын еңкейтті де кетуге оңтайланды.  Ысмайыл қақпаға дейін шығарып салды.  Татар кеткен соң ақсақал жәймен ісіне қайта отырды.  Бір мезетте шошығандай атқораға тұра жөңелді.  Жанына теңейтін атымен күбірлесіп сөйлесті де бойын жаздыруға қораға шығарды.  Қайта келіп іске отырып жатып, патшаға енді бұрынғыдан бетер сақ болу керек –деді.  

Маған дауысы әнтек қалтыраған іспетті көрінді, дереу өңі құп – қу болып кетті, ренжіп кетсе Ақыметтің қолынан келмейтіні жоқ –  деді.  Сол кезде Гүлшет келіп әкесінін құлағына күбірледі.  Гүлшет айғырға таянып еді, айғыр әлдебір жаман иіс сезгендей осқырып үрікті.  

 – Менің қызым кеше саған ұнады ма? – деп Ысмайыл менен сұрады.  

 – Атқа мұндай мықты әйелді көргенім осы –  дедім.  

 – Бұл қызым бұрынғы тұқымнан.  Бидайым мен айғырымның тұқымы қандай болса, Гүлшетте сол тұқымнан жаралған бала.  Бұда сатуға болатұғұн емес, туған емес.  Мұны алса, Оспан Сеспе серкештері ғана алады.

Біз түске дейін іс істедік.  Түскі тамақтан кейін көп кісі келді, көбі жастар, күлісті, түрлі ойын ойнасты, жуырда тойы болатын күйеу мен қалындықты сықақ қылысты.  Бар ойынға басшы боп жүрген Гүлшет.  Аты озып келгеннен бері Гүлшет жұрттың көзінде найза бойы көтерілгендей, ардақты боп кеткен.  Оған бірдене демеген, оған көңіл бөлмеген жан жоқ.  Гүлшет шаттанып, біресе оңда, біресе мұнда жүгіріп, әбігерленуде.  Құрақ ұшуда.  Екі езуі құлағында.

Кешке кешке таман қыз, бозбала бір ұзататын қыздың есік алдында алқа оттан отырысып жар – жар айтысты.  Әр өлеңнің басын біреу жеке айтып, аяғына бәрі қосылып отырды.  Жеке шырқап айтуға Гүлшетті қойыпты.  Әншілер бір қалындық үйіне айтып болып, екінші, үшінші қалындықтардыкіне қыдырды.  Дауысы жақсы кыздар болса да, барған үйде өлең бастаушы Гүлшет болды.  

Күн таудың тасасына қалай түсті, солай Гүлшет те жүгерісіне жүгіріп кетті.  

Түнде тағыда патша кісінеп, мені оятты.  Атқораның артында сыбырласқан дауыс естілді.  Бір минут өтісімен мылтық дауысы шықты, жаңғырығы күңгірлеп, алысқа кетті.  Мен сарайдың тесігінен басымды шығарып қарадым.  Қолында ұзын шам орнатқан панары бар Ысмайыл атқораны қарап жүр екен.  

 – Сен түк естіген жоқсың ба? – деп, менен  сұрады.  

 – Мен тек аттың кісінегенің естідім, – дедім.  

 – Қап.  Не болса да көрерміз.  Патшадан көз айырмай күзету керек, – деп, үйге қарай жөнелді.  

Таң алдында жататын үйіне қайтып келе жатқан, Гүлшеттің ақырын басқан тықыры естілді.  

Түс кезінде Ақымет кендір Ысмайылдікіне тағы келді.  

 – Не хабар бар? – деп сұрады.  

 – Еш хабар жоқ!Түнде мылтық атам деп, жақсы сыбайласымның мазасын алдым білем, – деді Ысмайыл, кешірім сұраған кісіше, Ақыметке қарап.  

 – Жоқ! Сыбайлас, менің ұйқым қатты болатын.  Немене? Әлде ұры келді ме?

 – Атқораға таман біреу келе жатқан тәрізденді, –  деді.  

 – Құдай сақтасын! – деп Ақымет шын шошып кеткендей болды.  Ысмайыл, айғырыңды сатсайшы.  Бәйге болғаннан бері ұйқыдан да, күлкіден де қалдым, ішкен ас тамағымнан жүрмейді, есілдертім айғыр болады да тұрады.

Тыныштығым да, абыройым да, тіршілігім де осы айғырда тұрған тәрізді.  Ысмайыл алтыалалы сатсайшы маған, айғырыңды, – деп, жалбарынған адамша, Ысмайылға қолын созып жалынды.  

 – Сатым сағат емесқой, Ақымет кендір.

 – Мен сияқты кісі саған келіп, мен сияқтанып, ырысым да, өмірім де осы айғырда деп отырғанда, мен сияқтанып саған жеті жүз, сегіз жүз сом сап алтын, – жоқ,  мың ділдә берем деп отырғанда, Ысмайыл ақсақал, неғып бір қайыспайсың? – деп, қолын уқалап, екілене сөйледі.  

 – Мен айттым ғой.  Сатым сағат емес.  Атымды өмірі сатпаймын.  

 – Тырапайды қоса берсем де деме? Сенің атыңнан әнтек кеме төмен екенін өзіңде көрдіңғой.  Сонда қайтер едің, Сымеке?

 – Менікінен әнтек қана төмен өз атың тұрғанда,  менің айғырым саған неге керек?

 – Неге десең, мен оған жерік болдым.  Одан артық не айт дейсің? Атты өзің де жақсы көресің, менің қалымды ұқсаң керек қой

 – Рас! Мен Патшамды жақсы көремін.  Өмірі оны кісіге бермеймін.  Ол тұқым ғой, халқымның абыройы ғой.  

 – Ендеше, біліп қой, Ысмайыл.  Ат құйрығын кескен жеріміз осы, бұдан былай арамызда соғыс басталады, деді Ақымет құшырланып, Патша менің қолыма тисе, менің қандас адамдарымды анадайдан сезіп, кісінейтін, тыпыршитын әдетін қойғызармын, деді.  

 – Сенің қандастарының қолына патша өмірі түсе қалмас! – деп Ысмайыл кетіп бара жатқан Ақыметке ақырды.  Сендер, сияқты өңшен алыпсатарлар асыл нәрсемізді құрттыңдарғой түгел.  Нанымызды да, астығымызды, атымызды да, әйелімізді де алдыңдар, олардың қаржуына жалғыз кебектен басқа не бердіндер? – деп ақырды.  Сол күні де, оның ертеңіне де Гүлшет айғырмен бұрынғысынан көп ойнады.  Мейрамның келесі түні Гүлшет айғырға мініп, ұзатылатын қыздардың үй алдындағы жеті отты шырақ ұстап айналған көп кісілердің сауығына кетті.  Серкештердің тойын көруге бірталай татарлар да келді, олар таянғанда, бұрынғыдай емес, патша пәлен үріккен жоқ, кейбір оттар сөнген соң, Гүлшет айғырын атқораға әкеліп байлады.

Үйге қайтып келген соң, атқора жақтан құлағыма сыбыр естілді.  Абдулдың дауысы екенін тани кеттім.  

 – Қарашы маған үйреніп келеді.  Енді біраз күнде әбден үйір болады.  

 – Әйтсе де сенің кеткенің жақсы Абдул, – деді Гүлшет.  

 – Ақсақал тыста жүр ғой.  Мұнда пішеннің іші тіпті жылы, жайлы, – деді жас жігіт.  

 – Маған үйге қайтатын уақыт болғанын білесің бе? Әкем біліп қойса арты неге шабатының білесің бе? Өлім ғой, Абдул, өлім ғой!

 – Гүлшет, сенің  жаның қалай тәтті еді? Мен сені ер ме деп ойлап едім.

Есің жоқ екен.  

 – Өз жаным емес, сенің жаныңа бола айтам!

Осы сөздердің артынан сақылдаған күлкі, солқылдаған жылау естілді.  Тысқарыда соңғы от сөніп, соңғы қыз, бозбала үйді – үйіне тараған кезде, төбедегі тесіктен Абдул тысқа шықты.  Гүлшет қақпадан шығып, өз бөлмесіне кетті.

Аздан соң, қасына төрт жігіт ерітіп, Ысмайыл отағасы атқораға кірді.  Қынаменденің сол түні өмірі есімнен кетпес! Жіп – жиі жұлдыздар шашылған, айнадай көгілдір аспан.  Күміс нұрын тоғайдың басына, сағылтаудың үстіне төгіп тұрған, бадалған, бозғылтым ай.  Шалқар қотанды жағалай шөпшек пен жағылған самаладай жүз бір от.  Оттың үстінен аспанға көтеріліп будақтаған түтін алқа қотанның қақ ортасында жаңа қосылған жастарға қолын жайып бата беріп тұрған, ақ киімді ақсақалды Қожа.  Күйеулердің кигені қызыл мен жасыл,  қалындықтардың кигені сары мен көк.  Еркектер бір сыдырғы қоңыр әнге басып, әйелдер алақанын шапалақтап, қоңырауын сылдыратуда.  Әуенің иісі қуырдақ, күйген бал.  Алқа қотаннын сыртынан аттарына әлем – жәлем байлап, безеген салт атты жігіттер лек – легімен өтіп, қолдарында семсері қанжары бар неше түрлі ат ойынын істеп оттардан ат секіртіп жүр.  

Думанның деген қызу үстінде, Қожамен сөйлесіп тұрған, Ысмайыл ақсақалдың алдына бүкірейген жалғыз жетіп барды, бұл Ақымет кендір еді.  Төбеге ұрғандай, жұрт тым – тырыс болды.  Қоңыраулар доғарылды.  Татар Қожаға тәжім етті де Ысмайылдын қасына отырды.  Ол Ысмайылмен азақ сөйлесті, Ысмайыл болмайды дегендей басын шайқаған кезде, қолын ұсынып, даусы дірілдеп, жалына бастады.  Олардың сөзіне Қожа да кірісті.  Қожаның сөзін құлақ қойып Ысмайыл тындап болды:

 – «Жоқ, жоқ, жоқ» – деп, тағыда басын шайқады.  Әкесі Ақыметпен сөйлесіп отырған кезде, Гүлшет патшаны шаужайлап, менің қасымда тұрды.  Ақымет қасына Ысмайылды ертіп, алқа қотаннан шықты.  Аз күннің ішінде ол  ап соққандай жүдепті.  Оның жанын улы шер жеді ғой, ол тоқтады да, ауыр қасіретпен патшаға қарады. Содан кейін жалынған, жасаураған көзі Ысмайылға түсті.  Ысмайылдың бетінен де жас тамшылап тұр еді.  Екі еркек ләм деспей, бірінің көзіне бірі қарап, қадалып көп тұрды.  Содан кейін Ысмайыл атының жанына келді.  Атын  сипап, аялады да, қолындағы орамалымен көзін жапты.  Мылтық жылт етті, дауысы күлп етті.  Патша жерге күрс етті.  Екі шал өлген аттың басын құшып жылап жатқанда,  Абдулдың құшағында тұрып Гүлшет жылады.   

 – Әке, мені ая! Мен оны сүйемін! – деп жылады.  Сол түні серкеш, татар бас қосып, тағы бір құдалықты тойлады.                                   

 Жүсіпбек

Abai.kz

2015 жыл, 5-қараша.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322