Қоғамдық келісімнің басты кепілі
Конституция – кез келген мемлекеттің саяси-құқықтық тұғыры, қоғамдық келісімнің басты кепілі. Сондықтан жаңа Ата заң жобасының ұсынылуы – жай ғана заңнамалық өзгеріс емес, ел дамуының бағытын айқындайтын тарихи кезең. Осылай деген Астана қаласы Заң консультаттар палатасының заң консултанты Нұрсұлтан Байменов елімізде жүріп жатқан конституциялық реформаларға қатысты өз ойын тарқатты.
Оның айтуынша, бұл құжаттың мазмұны мен рухы қоғамның болашақтағы бет-бейнесін қалыптастырады.
«Жаңа жоба ең алдымен құқық үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталуға тиіс. Заң бәріне бірдей қызмет еткенде ғана мемлекет әділетті бола алады. Конституциялық нормалардың нақты әрі түсінікті жазылуы – олардың тиімді орындалуының басты шарты. Екіұшты тұжырымдар құқық қолдану тәжірибесінде қайшылықтар туғызуы мүмкін. Сондықтан әрбір бап айқын әрі нақты болуы қажет», - деді ол.
Өз ойын билік тармақтарының тепе-теңдігі туралы жалғаған заңгер демократиялық мемлекетте заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің арасындағы теңдік – тұрақтылықтың негізі екенін еске салды.
«Егер жаңа Конституция жобасы билік тармақтарының өзара бақылауы мен теңгерімін күшейтсе, бұл саяси жүйенің сапасын арттырады. Парламенттің рөлін нығайту, сот тәуелсіздігін нақты кепілдендіру – құқықтық мемлекеттің басты белгілері», - деді.
Сондай-ақ ол адам құқықтары мен бостандықтарының кеңінен әрі нақты бекітілуі – заманауи қоғамның талабы екенін жеткізді.
«Әлеуметтік кепілдіктер қағаз жүзінде емес, нақты іске асатын тетіктермен қамтамасыз етілуі керек. Әсіресе еңбек, білім, денсаулық сақтау салаларындағы құқықтар нақты орындалу тетіктерімен бекітілгені жөн», - деді сарапшы.
Нұрсұлтан Байменов мемлекеттік тіл мен қоғамдық талқылаудың маңызына да тоқтала келе, Конституция – ұлттық бірегейліктің айнасы екенін атап өтті.
«Мемлекеттік тілдің мәртебесі тек декларативті сипатта қалмай, нақты қоғамдық қатынастарда толық қолданылуын қамтамасыз етуге тиіс. Тіл – тек қатынас құралы емес, мемлекетшілдіктің тірегі. Ал Конституция халықтың келісімімен қабылдануы керек. Ашық пікірталас, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерінің ұсыныстары – құжаттың сапасын арттырады. Әрбір азамат өз пікірін білдіруге құқылы әрі жауапты», - деп ойын түйіндеді.
Abai.kz