Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Билік 6554 0 пікір 30 Қазан, 2015 сағат 15:16

ОҚО: ПАРТИЯЛЫҚ ЖҰМЫСТЫ ЖАНДАНДЫРУ КЕРЕК

«Нұр Отан» партиясының Оңтүстiк Қазақстан облыстық филиалының кезектен тыс XXV конференциясы өттi, - деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан газетінің тілшісі.

Мәжiлiсте ҚР Президентi, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Н.Назарбаевтың «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» бойынша облыстық партия филиалының мiндеттерi мен алдағы уақытта атқаратын жұмыстары нақтыланды. Конференцияға облыс әкiмi, партия филиалының төрағасы Бейбiт Атамқұлов, мемлекеттiк орган басшылары, филиалдың саяси кеңес мүшелерi, облыстық мәслихат депутаттары, аудан-қалалардан сайланған делегаттар және БАҚ өкiлдерi қатысты.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бiрiншi орынбасары Берiк Оспанов «Саяси және идеологиялық бәсекелестiк жағдайындағы облыстық партия ұйымы қызметiнiң тәжiрибелiк мәселелерi» тақырыбында баяндама жасап, бес реформаның маңыздылығына тоқталды.

– Бүгiн бiз саяси және идеологиялық салаларда бәсекеге қабiлеттiлiгiмiздi арттыру үшiн жұмыс iстеп жатырмыз. Заман талаптарына сай болу үшiн үнемi жаңғырту және жетiлдiру жұмыстарын жүргiзуiмiз қажет. Сондықтан да партия ұйымдары мен партия белсендiлерiнiң халыққа көрсетер қызметi пәрмендi әрi өз дәрежесiнде болуы тиiс, – дедi Берiк Серiкұлы.

Конференция барысында облыстық «Южный Казахстан» газетiнiң бас редакторы, партияның саяси кеңесi бюросының мүшесi Марина Лимаренко, «Нұр Отан» партиясы Еңбекшi аудандық филиалы төрағасының бiрiншi орынбасары Бердiқұл Садықов, Арыс қалалық «Орталық» бастауыш партия ұйымының төрайымы Алтынай Бердiмбет, облыстық филиалдың «Жас Отан» жастар қанатының белсендi мүшесi Диана Мерсиева сөз сөйледi. Шешендер Елбасы жүктеген сенiмдi ақтауға атсалысып, «Мәңгiлiк ел» болу жолында жұдырықтай жұмыла еңбек етуге шақырды.

Мәжiлiсте облыс әкiмi, партияның облыстық филиалының төрағасы Бейбiт Атамқұлов қорытынды сөз сөйледi.

– Қазiр партияның облыстық филиалының алдында iшкi партиялық жұмысты жандандыру мiндетi тұр. Партияға белсендi өмiрлiк позициясы бар, жауапкершiлiгi жоғары, лайықты азаматтарды – кәсiпкерлердi, бюджеттiк сала қызметкерлерiн, ауыл жастарын тарту маңызды. Партия мүшелерiнiң бiлiмi мен бiлiгiн арттырып отыруға мән беруiмiз керек. Барлық салада қызмет етiп жатқан «нұротандықтар» өз атына лайық болуы керек. Бұл облыстық мәслихаттағы фракцияда жұмыс iстеп жатқан депутаттарға да қатысты. Ендi олардың алдында облыстағы әлеуметтiк-экономикалық мәселелердi шешу мiндетi тұр, – дедi Бейбiт Бәкiрұлы.

Сонымен қатар, ұйымдастыру мәселесiне байланысты Саяси кеңес және Саяси кеңес Бюросының құрамына өзгерiс енгiзу мәселелерi қаралды. Мәжiлiс қорытындысы бойынша қарар қабылданды.

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036