Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Билік 6792 0 пікір 29 Қазан, 2015 сағат 13:53

ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ 550 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КӨРМЕ ӨТЕДІ


Суретші, ақын, композитор Ерсайын Қайырлыұлы Жапақтың ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ 550 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «МЕНІҢ МЕКЕНІМ – МАМЫРАЖАЙ» атты көрмесі өтеді. Шара қараша айының 6-сында Алматы қаласындағы «Греческая таверна» мейрамханасында болады, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.

Мен, Ерсайын Қайырлыұлы Жапақ, дүниеге 1961 жылы 15 қаңтарда келдім. Мектепте 6 сыныптың оқушысы болған жасымда өлең шығаруды бастап, арасында оларды қағазға түсіріп қоятынмын. Ал музыка туындыларын, көбінесе ән шығарумен 20 жасымнан бастап шұғылдандым. Қазіргі таңда нотаға түсірілген 100-ден   астам әндерім бар. Сурет салу да сол 20 жасар кезімнен бастау алады деуге болады. 

Эстонияның Нарва қаласында әскер қатарында жүргенімде (1978-1981) өзім қызмет еткен ротаның казармасын мозаикамен безендірген болатынмын. Ал музыка мен бейнелеу өнерін түбегейлі ұштастырғаным 1995 жылдан басталды. Алматы қаласындағы «Вояджер», «Ұлар», «Суретшілер үйі», ДХВ (Көркем көрмелер дирекциясы), «Тәңір-Ұмай» атты галереяларда бірнеше жеке көрмемді, сондай-ақ өзім ұйымдастырған «Ван-Гогтың құлағын кесу акциясының 111 жылдығы» (1999), «Ақын, батыр Махамбет Өтемісовтің 200 жылдығы», композитор Шәмші Қалдаяқовтың 70 жылдығы құрметіне «Летние мелодии» атты және т.б. көрмелерді өткіздім.

Менің көрмелерімде әртүрлі музыкалық топтардың өз өнерлерін ортаға салатыны өзіндік бір дәстүрге айналды. Кезінде әндеріне өзім сөз жазған «Үркер» тобы қазір Еуропаға, тіпті, әлемге танымал. Олардың «Наурыз», «Ән-мекен», «Сағыныш сазы», «Тұран елі», «Бесбармақ», т.б. әндерінің сөзін мен жазған едім. Қазіргі таңда осы топтан еншісін алып, жеке шығармашылықпен айналысып жүрген Дәурен Сыздықовтың жобаларына атсалысып, әндерінің сөзін жазып беріп жүрмін. Сондай-ақ, композитор Бақтияр Аманжоловтың та көптеген әндеріне сөз жазған болатынмын. Екеуіміздің бұндай шығармашылық байланысымыз әлі де жалғасып келеді. Ал, өзімнің әндерімді нақышына келтіре жоғары кәсіби деңгейде орындап жүрген әнші Азамат Нәдірбековпен бірлесіп, ойға алған жобаларымыз тіптен көп. Мысалы, ол менің әндерімді жеке бір диск ретінде шығарғысы келеді. «Мамыражай-Музыка» атты концепциямның аясында екеуіміз бірлесіп, 2009 жылдың жазында Латвияда өтетін өнер жәрмеңкесіне апарсақ деген ойымыз болған. Сол жерде өзім шығарған әндерді және  оларға үндесетін картиналарымды қатар қойып, екі түрлі өнердің өзара жарасымын паш етпек болдық. Ал Азамат Нәдірбеков сол әндерді көрме аясында ұлттық аспаптармен (нақтырақ айтсақ, домбырамен) орындайтын болған.

Бұндай үрдіс – әлемге әйгілі суретшілердің шығармашылығында бұрыннан жарасымды сабақтастығын тапқан белгілі көрініс. Маған олардың өмірі, өнері, әсіресе, шығармашылық кредосы ұнайды. Мысалы, орыс бейнелеу өнерінің майталманы Константин Алексеевич Коровин өзінің көптеген туындыларын музыкамен байланыстырады. Атақты композитор  П.И. Чайковскийдің «Фауст», «Конек-Горбунок», «Щелкунчик» атты туындылары оның «Буырқанған теңіз жағасындағы раушангүлдер», «Париж кафесі», «Париж бульвары» атты айтулы картиналарының дүниеге келуіне сеп болған. Өнертанушылар бұл жөнінде былай деп пікір білдірген: «Осы жылдары оның станоктық сыршырайының суретші шығармашылығына бұрыннан да тән айғайлаған дыбыстары мен кең құлашты жазу мәнері кейде шектен шығып кетіп жаты». Оның Римский-Корсаковтың «Алтын әтеш» операсын Туриндік опера театры үшін безендіруі орыс музыкасы мен ұлттық төл мәдениетке деген ықыласын білдіргендей еді. Өмірінің соңғы жылдары ол Еуропа, Америка, Азия және Австралия құрлықтарының ірі театрларында жемісті еңбек етті. Оның шығармашылығы жөнінде К.Ф. Юон мынандай тамаша пікір білдірген болатын: «Коровиннің сыршырайы суретшінің бақыты мен өмір қуанышының бейнелі көрінісі іспеттес. Әлемнің барлық бояулары оны қызықтырды һәм оған мейірлене қарады».

Маған сондай-ақ өзінің бейнелеу өнерін музыкамен ұштастырған орыс суретшілері − Андрей Петрович Рябушкин, Владимир Евграфович Татлиннің өмірлері өте қызықты да тағлымды болып көрінеді. В.Е. Татлин − ежелгі трубадурлар сияқтанып көшпелі музыкалық топтармен Еуропаға дейін қыдырыстап барып тұрған, өнердің синтездік бағыттарының дамуына үлкен үлес қосқан суретші.

Ал көптеген музыкалық этюдтер, симфониялық шығармалар жазған литвалық көрнекті музыкант, атақты суретші Михаил Константинович Чюрленистің өмірі мен өнері мені ерекше тебірентеді. Ол айтқан ғой: «Әлем маған ұлы симфония сияқты болып көрінеді, ал адамдар сондағы ноталар іспеттес». Оның «Көктем сонатасы», «Жаз», «Әлемді жарату», «Райгардас» триптихі сияқты суреттері және «Күн сонатасы», «Жаз сонатасы», «Пирамидалар сонатасы», «Мұң» атты музыкалық туындыларымен сабақтас. М.К. Чюрленис былай дейді: «Мен өзімнің бұрынғы және болашақтағы жұмыстарымның бәрін Литваға арнаймын деп шештім». А. Савицкастың мынадай бір сөзі бар: «Халық музыкасы мен поэзиясынан нәр алған өз идеяларын көрсету үшін Чюрленис өзінің осы, М. Горькийдің сөзімен айтар болсақ, «музыкалық сыршырайына» бірден бір жарамды форманы таба білді. М. Горький Чюрленис өнерінің мазмұны − арманды, қиялды, романтиканы және оның иірімдері − ырғақ пен саздылықты өз қамқорлығына алған еді. «Маған Чюрленистің ұнайтын жері, − деген болатын ол, − бұл кісі мені әдебиетші ретінде ойлануға мәжбүрлейді!»

Менің жаныма жақын, бәлкім, сонысымен де болар, әйтеуір,  өзі де, өнері де, ерекше ұнайтын суретшілер көп-ақ. Мысалы, қазақ бейнелеу өнеріне өзіндік авангардтық бағытпен келген Орал өңірінің тумасы, балет-музыкалық оқуды Санкт-Петербургте бітірген, атақты суретші, менің ұстазым Сәкен Ғұмаровтың «Музыкалық ресте» атты музыкаға арналған суреттер топтамасының мән-мағынасы туралы мен бірнеше мәрте қалам тербедім.

Сондай-ақ, өз суреттерін музыкалық шығармалар қойып салатын, қазақтың рулық таңбаларының сакралдық сырына арналған «Таңба» атты суреттер циклін жазған суретші Абдрашит Сыдықановтың да туындылары ырғақ пен әуенге тұнып тұрған дүниелер.

Атақты грузин суретшісі Николай Пиросманишвили өзінің «Әнші Маргарита» атты туындысын музыкаға деген шексіз құштарлықтан туғызған. Ал, Алла Пугачеваның орындауындағы «Миллионы алых роз» әні суретшінің өміріндегі бір эпизодқа арналған.

Маған өнердің бірсарындылығынан гөрі, оның егіздігі, сегіздігі, әржақтылығы ұнайды. Мысалы, үнді ақыны, философы, романист-жазушысы Рабиндранат Тагор сурет салуды 60 жасынан бастап қолына алған. Соның өзінде артына бейнелеу өнерінің 3000-нан астам баға жетпес туындыларын қалдырып кетті.

Менің картиналарым мен шығармашылық концепциям туралы өнертанушы Ирина Петровна Юферова былай деп жазған болатын: «Көрнекі болмыс көңілдің көк дөненінің күшімен құбылып сала береді, сол себепті емін-еркін, тура джаздағыдай, сыршырайлық суырыпсалмашылық туындайды: сызықтар әнтек ирелеңдейді, жанып-өшкен бояулар қақтығысы орын алады, шым фактура діріл қағып, түрден түрге баяу алмасып жатады…».

Ал, өнертанушы, суретші Әмір Жалынұлы Жадайбаев былай деп жазған еді: «Ерсайын Жапақ 1999 жылдан бері «Мамыражай» атты бір атаумен біріктірілген көптеген көрмелердің ұйымдастырушысы болды, ол көрмелерде қазіргі заманғы қазақстандық және шетелдік суретшілердің туындылары көрсетілген еді. Осы көрмелердің ортақ манифесті ретінде Жапақ өз идеясын былай жеткізген болатын: «Менің арманым, ол − бүкіл адамзаттың арманы: қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған Жерұйық. Әлемге Ұлы Үйлесім − Музыка, Сыршырай және Сұлулық үстемдік етсін!»

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052