Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Әдебиет 6692 0 пікір 28 Қазан, 2015 сағат 15:17

ШӘМШІНІҢ ФАМИЛИЯСЫ ӘУЕЛДЕ ДОМБАЕВ БОЛЫПТЫ

Саз әлемiнiң сұңқары, қазақ музыка өнерiнiң шыңға бiткен шынары Шәмшi Қалдаяқовтың туғанына биыл 15 тамызда 85 жыл толды. Қарапайым ұстаның киелi Отырар жерiнде дүние есiгiн ашқан ұлы ұлттық ән әлемiнiң ұстазына айналып, мемлекетiмiздiң Әнұранын әлемге әйгiледi. Осындай дара таланттың тiршiлiктегi бiзге беймәлiм қырлары, айтылмаған сырлары әлi де аз емес. Оның адами келбетiн жақсы бiлетiн ең жақын адамдары жанымызда жүр. Сондай жақын адамдардың бiрi – Шәкеңнiң туған бауыры Қадыр Домбаевпен аз-кем сырласудың сәтi түскен едi деп жазады Оңтүстік Қазақстан облысындағы әріптесіміз Асхан МАЙЛЫБАЕВА. Біз Асханның Қадыр ағамен сұхбатын қаз-қалпында жария еткенді жөн көрдік.

– Қадыр аға, фамилияларыңызға қарасақ, Шәмшi аға екеуiңiздi бiр әке-шешеден туған бауырлар деп ойламас едiк. Сiз –Домбаев, Шәкең – Қалдаяқов?

– Иә, былайғы жұрт расында бiздi бiр-бiрiне қатысы жоқ бөтен жандар деп ойлауы мүмкiн. Себебi, фамилиямыз ғана емес, сырт келбет, пiшiнiмiз де бөлектеу. Бiрақ бастапқыда екеумiздiң де тегiмiз бiр едi. Шәкең де құжатында Домбаев болатын. Кейiн өзгертiп алды.

– Неге?

– Е-е, ол бiр қызық әңгiме. Шәкеңдi мектеп бiтiрген соң 1947 жылы Кентауға ФЗО-ға оқуға жiберген ғой. Әрине, өзiнiң қалау-құлқымен емес, мәжбүрлеумен барған емес пе?! Онда оқығысы келмеген ағамыз бiр күнi жаяулатып ауылға қашып келедi. Ол кездегi талап пен тәртiп қатал екенi белгiлi. «Партияның тапсырмасын орындамай қашқан адамды соттайды» дейдi қайтып келген оған. Содан шынымен үрей туады. Заңмен қудаласа солай болуы да мүмкiн бе едi? Әкемiздiң паспорт столында iстейтiн бiр жолдасы болған екен. Сол кiсi бiр күнде фамилиясын өзгертiп, басқа құжат жасап бередi. Сонымен тегi Қалдаяқов болып өзгерiп шыға келген Шәкең ауылда көп аялдамай Ташкентке тартып кетедi. Тәшкен жақта шешемнiң сiңлiсi Зиякүл деген апамыз тұратын едi. Сол кiсiнiң үйiнде бiраз тұрақтаған Шәмшi ағамыз әкемнiң «әмiрiмен» Сарыағаш ауданындағы Қапланбек зооветтехникумына мал дәрiгерi окуына түстi.

– Тағы да өз қалауы емес, әкелерiңiздiң «әмiрiмен»...

– Иә, солай. Ол кездiң балалары әке-шешенiң қалауынан, айтқанынан аса алмай, көңiлдерiне қарап өстi ғой. Шәкең де сол райдан шыға алмаған болар. Кеңестiк кезеңде ауылда шаруашылық саласының мамандары аса беделдi саналатын. Әкемiздiң «малдың маңында жүрсең жаман болмайсың. Ең болмаса етiмiздi әкеп берiп тұрарсың» деп әзiл-шыны аралас айтып отыратыны бала болсам да емiс–емiс жадымда қалыпты. «Капланбектi» тәмамдаған соң жолдамамен Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында зоотехник болып iстеп жүргенiнде әскерге шақырылып, армияға кеттi. Қиыр Шығыс – Оңтүстiк Сахалинде үш жыл әскери борышын өтеп, 1953 жылы офицер шенiмен қайтқан Шәкең ауылға соқпастан Мәскеуге өтiп кеткен ғой.

– Әскери қызметке ме?

– Жоқ. Оқуға. Мәскеудегi П.И.Чайковский атындағы мемлекеттiк консерватория жанындағы академиялық музыкалық училищеге барып түсiп, сол жақта бiр жыл оқыды.

– Қызық екен. Бұрын естiмеген жаңалығымыз сияқты. Сосын? Оны бiтiрдi ме?

– Бiтiре алмады. Турасын айтқанда, бiтiруге мұрсат бермедi. Үйдегiлер. Шешемiз «ойбай, ана бала орыстың iшiнде жүрiп орыс болып шоқынып кететiн болды, қайтсын, қайтарыңдар» деп қан қақсап, жылай бердi. Содан үстi-үстiне аттандап телеграмма салып, «шешең бүйтiп қалды, анау өйтiп қалды» деп қара аспанды төндiрiп хат жаза берiп, қайтарып алдық. Мәскеуде оқып жүргенде скрипка ұстап түскен суретi де бар.

– Ол кiсi орысшаға жүйрiк болыпты. Ол тiлдi сол сыртта жүрiп үйренген ғой?

– Иә, үш жыл армиясы бар, бiр жыл Мәскеуде жүргенi бар, орысшаға жетiк болып оралды. Тiптi, ауылға келгенде оны «ойбай-ау, Қалдаяқтың баласы шала қазақ болып кетiптi» деп таңданғандар да аз болмады. Негiзi ол кiсi қай нәрсеге де қағылез, қабiлеттi едi. Әйтпесе, қалың қазақ қоныстанған ауылда орысшаға тiл сындырмай өскен Шәкеңнiң орыс тiлiнiң түбiн түсiрiп сөйлеуге аз уақыт аралығында машықтанып кеткенi тегiн емес.

– Сонымен келген соң зоотехниктiгiн жалғастырды ма, не iстедi?

– Жоқ. Ол мамандықпен сол бойы қоштасты. Армиядан оралған соң ауылда экспедитор болып iстедi. «Темiр» кеңшарының сол кездегi директоры Шерiм Ерманов деген кiсi едi. Осы шаруашылықты 20 жылға жуық басқарып, Социалистiк Еңбек Ерi атағын алған адам. Оның әйелi Сәлима деген апай совхоздың мәдени шараларын ұйымдастырушы болды. Өте iскер, жұмысты жандырып жiберетiн, ойын-сауық, мәдени шараларды қыздырып ұйымдастырып, ауыл жастарын үйiрiп әкететiн. Шәкең сол кiсiнiң қызықты шараларының басы-қасында жүретiн белсендi өнерпаздардың бiрi болды. Бойындағы өнерге деген құштарлық оны осы жолға бiржола бет бұрғызып, ол 1955 жылы Ташкенттегi Хамза атындағы музыка училищесiне оқуға кеттi. Ол онда музыка теориясы факультетiне профессор В.В.Великановтың класына қабылданған едi. Осында оқып жүргенiнде бiрде Шәкең халық әртiсi Жамал Омароваға жолығады. Ол кiсi «Сен Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға бар, оқуға түсуiңе жәрдем беремiн» деп кеңес айтады. Әншi апамыздың көмегiмен ағам консерваторияға қабылданып, 1956–62 жылдары оның барлық курсын тәмамдағанымен, диплом ала алмай қалыпты.

– Себеп?

– Оның себебiн Шәкең ашып айтқан емес. Менде ол кiсiнiң 1990 жылы Қазақ радиосына берген сұхбатының көшiрмесi бар. «Бақыт құшағында» деген сол хабарда Қарлығаш Оңалова деген журналист қызға берген жауабында Шәкең консерваторияның дипломын ала алмағанын бiр-ақ ауыз сөзбен «өзiмнен де болған шығар, өзгеден де болған шығар» деп жұмбақтап қана айтқан да қойған. Тегiнде ол кiсi бiреудi жамандап, бiреу жайлы жағымсыз әңгiме айтпайтын адам едi.

– Шәмшi ағамыздың бойындағы өнердiң бұлағы бастауын қайдан алды екен? Әдетте қазақ «қанмен берiледi» деп те жатады. Арғы-бергi тектерiңiзден тараған бiр тамыр бар ма әлде?

– Мүмкiн солай да шығар. Бiздiң нағашы жұртымыз Шәдi төренiң iнiсi Бұхарбай төре болып келедi. Бiр анадан туған шешемiз Сақыпжамал мен Зиякүл осы Бұхарбайдың қыздары. Шешелерi қайтыс болып, анамыз бен сiңлiсi жетiм қалған екен. Әкемнiң Дiлдәгүл деген қарындасы болды. Тұрмыс құрмай оң жақта отырып қалған қыз екен. Сол апамызды Бұхарбайға қосыпты.

Тегiнде төрелер қараға қыз бере бермейтiнi бар. Бiрақ бiздiң әкемiз Қалдаяқ Шәдi төренiң шәкiртi болған адам. Шәдi Жәңгiрұлы ақындығымен қатар темiр ұсталығымен де әйгiлi екенi белгiлi. Әкемiз зергерлiк өнердi сол кiсiден үйренiптi. Ұсталыққа бата берген де сол Шәдi төре екен. Шәдi ақынның жазғандарын қағазға көшiрiп, түгендеп, үнемi қасында жүрген көрiнедi. Әкемiз ол кiсiнiң iнiсi Бұхарбайдың қызын алып, қарындасын Бұхарбай төре алып, алмасып, жалғасып жатқаны да содан. Сонда бiр қызығы – нағашы атамыз әкемiзге әрi қайын ата, әрi күйеу болып келедi.

Анамыз Сақыпжамал да, әкемiз Қалдаяқ та өнерден қаражаяу емес едi. Екеуi әнмен айтысып табысқан екен. Әкемiз қыздардың ортасында тұрған шешемiздiң тұсына келiп: «Сақыпжамал, бiр өзiңде екi адамның есiмi бар, жүрегiмнiң саған деген шешiмi бар» деп әндетiп қоя беретiн дейдi. Анамыз да қарап қалмайтын көрiнедi. «Мына жұрт сiздi тегi «ұста» дейдi, Сөзiңiздi қайымдап ұшта мейлi. Атымыз екi есiмнен тұрады рас, Сiздейге бiздей сұлу сыр алдырмас» деп тәкаппарси тiл қатып, өлеңiне өлеңмен жауаптасады екен. Негiзi ақындық жағынан шешемiз басым түсiп, әкемiздi сөзбен тұқыртып тастайтын болыпты. Әйткенмен, әкем қыздың қасындағы жеңгелерiнiң аузын өзi соққан бiлезiк, сақиналармен «майлап» қойып, жеңгелерi «Қалдаяқ жеңдi» деп қыздарын әнтек жығып бередi екен. Апам әкемдi сол өлеңiнде айтқанындай өмiр бойы атын атамай, «ұста» деп кеттi. Ал, өзi расында сөзге шешен, әнге құмар адам едi. Қатты ауырып отырғанында да өзi өлең құрастырып, ыңылдап ән айтып отыратын. Әкемiз Қалдаяқтың бойынан да өнердiң түр-түрi табылатын. Гармон, домбыра тартатын, әу бастан музыкаға әуестiгi бөлек адам едi.

Атамыз – әкемiздiң әкесi Арыстанбек те ел iшiнде сөз бен iске ұста болған деседi. Аузы дуалы, сөзi уәлi кiсiлермен, Шәдi төремен аралас-құралас болған адам. Шәкеңнiң талантының тамырын iздесеңiз, мiне, осылардың өзi-ақ жеткiлiктi емес пе?

– Әлгiнде фамилияларыңыз, әуелi Шәмшi ағаның да фамилиясы Домбаев болған дедiңiз. Сонда арғы бабаларыңыздың атын алғансыздар ғой, солай ма?

– Бұл да бiр бөлекше әңгiме өзi... Домбай деген негiзi атамыздың лақап аты. Қалдаяқтың әкесi Арыстанбек домаланған iрi кiсi болған екен. Сол тұрқына қарап жеңгелерi Домалақ деп ат қойған да, оны қысқартып Домбай атап алған. Елге де солай Домбай атанып кетiптi. Сонымен өзiнiң азан шақырып қойған Арыстанбек аты ұмытылып, бiздiң фамилиямыз да Домбаев болып шыға келген ғой.

Әкемiз Қалдаяқ та атамыз сияқты орта бойлы төртбақ кiсi болатын. Ал, шешемiз шүйкедей қара кемпiр едi. Әкей 1976 жылы қарашада, 85 жасында қайтыс болды. Ал, анамыз Сақыпжамал шешектен қалған бозөкпе ауруынан ертерек, 1959 жылдың қарашасында дүние салған болатын. Шешем жарықтық 11 құрсақ көтерген екен, солардан бесеумiз – Тұмаркүл, Шәкең, Раушан, мен және Райхан ғана қалыппыз. Қазiр Райхан екеумiз ғана бармыз.

– Неге, екiншi аналарыңыздан да бауырларыңыз бар емес пе?

– Иә, әрине... Мен Сақыпжамалдан туылғандарды ғана айтып отырмын ғой. Өзi ұзақ ауырған соң шешем әкеме Жұмаш есiмдi қызды алып берген. Ол кiсiден Күләйхан, Көшербай, Клара, Қыдыр, Сабыр, Бақыт есiмдi бауырларымыз бар, Аллаға шүкiр. Олар да – Қалдаяқов. Көшербай iнiм ОҚМУ- да шет тiлдерi кафедрасының меңгерушiсi. Әйелi Қалдаяқова Ғайша пединститутта (ОҚМПИ) шет тiлiнен сабақ бередi. Көшербай Алматыда Шәкеңнiң қолында жүрiп оқыды. Бiз ешқашан аналарымыз бөлек деп бөлiнген емеспiз.

– Аналарға арналған гимн сияқты болып кеткен «Ана туралы жырын» композитор ағамыз Сақыпжамал апа өмiрден өткенде жазған дейдi?

– Шешемiз қайтыс болғанда Шәкең Алматыда тұратын. Ол уақта басында тұрақты баспанасы жоқ, пәтерден пәтерге көшiп қиналып жүрген кезi. Салған телеграммамыз қолына уақытында тимей, қаралы хабарды бiр жарым айдан кейiн естiптi. Қазiргiдей телефон байланысы деген қайда ол кезде?! Шешемiздiң қазасы, оған уақытында жете алмағаны, топырақ сала алмағаны Шәкеңдi қатты қайғыға салды. Анамызды аза тұтып, езiлiп, еңiреген ол 40 күн бойы бiр орнынан тапжылмай, дұрыстап тамақ та iшпей, тұңғиық мұңға батып, отырды да қойды. Iштей өзiн де жеп, отырған көрпесi ойылып кеткенше орнын да өзгертпедi. Анаға деген махаббат, анаға деген сағыныш пен мұң көкiрегiнен ән болып төгiлдi. Шешемiздiң қазасынан кейiн көп ұзамай сол ән дүниеге келдi. Сөзiн Ғафу Қайырбеков жазды. «Ана туралы жырдың» толғағы күштi болды, бұл әндi дүниеге келтiру үшiн оның 30 түрлi вариантын жаздым» дейтiн едi Шәкең. Бұл ән бүкiл аналарға қойылған ескерткiш болып қалды.

– Бүкiл қазақ елiнiң көгiнде әнi шалқыған Шәмшi ағаның Қазақстан Композиторлар одағына мүше болуына консерваторияны бiтiрген дипломының жоқтығы ғана себеп болды ма, жоқ оған кедергi келтiрген, қысастық жасаған жандар болды ма? Бұл туралы ағаның өзi айтатын ба едi?

– Шәкең кiсiнiң жасаған жақсылығын асыра айтуға бар, бiрақ бiреудiң жасаған қиянат, қысастығын жұртқа жария етiп, жамандаған жан емес. Ол кiсiге жасалған қиянатты қасында жақын жүрген жандар көрiп, бiлген болар. Солардың бiрi – Мұхтар Шаханов. Ол кiсi Шәкең жайлы соңғы жазған «Шәмшiнiң ғұмырлық геометриясы» деген эсселар жинағында бiраз шындықты ашып айтыпты. Онда Қазақстан Композиторлар одағын 28 жыл басқарған Еркеғали Рахмадиевтiң Шәкеңдi одаққа мүшелiкке қабылдамай, қиянпұрыстық пиғыл танытқанын, оның бұл қылығын Мұхаң бiрнеше рет бетiне басып айтқанын жасырмай жазыпты. Бiрақ күннiң көзiн алақаныңмен көлегейлеп жаба алмайтының секiлдi Шәкеңдей дара талантты жекелеген бiр басшылар мойындағысы келмегенiмен оның бағасын халық берiп, елi мойындады. Әрине, өмiрде әртүрлi пендешiлiктер болады. Еркеғали ағамыз да өзiнiң кезiндегi ағаттықтарын кеш те болса сезiнген болар, Шәкең қайтыс болғанда ол кiсi Мәдениет министрi ретiнде жерлеу рәсiмiнiң бар шаруасын өз мойнына алып, қаралы жиында «Шәмшi қазақтың ұлы композиторы», «Халықтың дара мақтанышы» деген сөздердi бiрнеше рет қайталап айтқанын дүйiм жұрт естiдi. Әттең, бiрақ жақсылар тiрiсiнде бағаланып, лайықты қошеметiн көрсе ғой...

– Шәмшi ағаның туған бауырысыз. Бiрге өстiңiздер. Ол кiсiнiң өнерге жақындығы бала күнiнен байқалушы ма едi?

– Шәкең менен 12 жас үлкен. Арамыз алшақтау болғасын ол кiсiнiң бала күнiнен естелiк айта алмаймын. Бiрақ сәл есейген шағындағы кейбiр көрiнiстер есiмде қалыпты. Шәуiлдiрде оман арық бар едi. Бiздiң үй соның жағасына қауын ектi. Ел ол кезде негiзiнен мақта егетiн. Жаз бойы сол арықтың жағасында ойнап, шомыламыз. Арықтың қасында үлкен тал болатын. Соның бұтағына шығып алып, суға секiремiз. Осы арықтың жағасындағы сол талдың көлеңкесiнде Шәмшi ағам да отыратын. Мектептiң жоғары сыныбындағы кезi болса керек, қасында Мәкен деген немере әпкемiз, Қалтай деген досы болатын көбiне. Есiмде қалғаны – үшеуi «Бiр бала» деген әндi айтып отырушы едi. Шәкең мандолмен сүйемелдеп, әнге қосылатын. Ал, «Құсни-Қорлан» әнiн ағам махаббаттың гимнi санайтын.

– Сол оман арықтың жағасынан арна алған ән теңiзi бүгiнде бүкiл қазақ елiн вальс толқынымен тербеп, Шәмшi ағамыз қазақтың Қалдаяқовына айналды. Артындағы бауыры ретiнде көкейiңiздi не тербейдi, не толғандырады?

– Көзi тiрiсiнде өзi көп құрмет көре алмағанымен оның өлмейтiн әсем әндерi өмiрiн жалғап келедi. «Менiң Қазақстанымы» елiмiздiң гимнiне айналды. Ән көгiнде әндерiмен бiрге есiмi де мәңгiге қалықтап қалды. Соны ойласам, бауырлық сезiммен ет-жүрегiм елжiреп, көкiрегiмдi мақтаныш сезiмi кернейдi.

Құдайға шүкiр, Шәмшi Қалдаяқов атындағы ән фестивалiн тұрақты өткiзу дәстүрге айналды. Былтыр 14-шi рет өттi. Әндерiн тыңдап, қанаттанып қайтамыз. Бiрақ сөз ретi келгенде көңiлдегi өкпе-назымызды айтсақ, айып етпеңiздер. Бiз, Шәкеңнiң бауырлары қарапайым адамдармыз. Қазiр қарапайым адамдарды көзге iлмейтiн заман болды ғой. Егер бiз мықты бiр қызметтегi немесе ақшасы қалың бай бiреу болсақ, «Шәкеңнiң туыстары» деп құрақ ұшып, қол-аяғымызды жерге тигiзбей қошеметтеп жатар едi. Ағамыздың ән кештерiне Райхан екеумiз шақырыламыз. Раушан барда ол да келетiн. Бiрақ бiздi келдiң бе, кеттiң бе деп жатқан жан болмайды. Әйтеуiр, бiр шеттен орын тиiп, қатысқанымызды қанағат етiп қайтамыз. Бiздiң Көшербай бастаған басқа бауырларымызға неге шақыру берiлмейдi? Состиып Райхан екеумiз ғана барамыз. Қаншама кештерi өтiп жатса да тиiстi мекемедегiлер, ұйымдастыру алқасындағылар «мына кiсiлер Шәкеңнiң бауырлары» деп халыққа бiрауыз таныстырып, iлтипат бiлдiрсе де төбемiз көкке жетiп қалар едi. Тiптi, «осы кештен Шәмшi ағамыздың бауырларына естелiк» деп бiр қаламсап сыйлаған емес. Мұны бiр сыйлық дәметкеннен айтып отыр демеңiздер. Көрiп отырамыз, кейде әлгi ұйымдастырушылар мен басқарма басындағылар Шәкеңдi өмiрi көрмеген бiреулердi қолпаштап, қолтықтап, шәт-шәлекейлерi шығып жатады. Неге? Өйткенi, олар дөкейлер, абыройы қалтасымен өлшенетiндер. Сондайда жетiм баладай бiр бұрышта қалғаныңа қапаланасың. Шәкеңнiң әруағы үшiн болса да бiздiң ол жерде өз орнымыз бар деп ойлаймын. Кейде көңiлдi сондай жағдайлар мұнарландырады.

Бiрақ Шәмшiнiң есiмiн ешкiм төмендете алмайды. Ол халқының жүрегiнде, ән әлемiнiң биiгiнде Шолпан жұлдыздай жарқырап мәңгiге қалды. Ең үлкен бақыт – сол!

– Ағыңыздан жарылған әңгiмеңiзге рахмет, Қадыр аға!

Сұхбаттасқан Асхан МАЙЛЫБАЕВА. 

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052