Эпштейн дауының лебі Қазақстанға жетті
Мәжіліс депутаты Асхат Рахимжанов Бас прокурор мен ҰҚК төрағасының атына депутаттық сауал жолдап, қазақстандық жоғары лауазымды тұлғалардың Джеффри Эпштейнмен ықтимал байланыстары туралы ақпаратты тексеруді талап етті.
Әлемдік саяси ортаны «Эпштейн файлдары» деп аталатын материалдардың жариялануы дүрліктіруде. Осыған байланысты әр елдерде жанжалдар туып жатыр. Ол туралы ЖСДП партиясының төрағасы, мәжіліс депутаты А.Рахимжанов «Жетекші демократиялық державалар бұл жанжалға қатысы бар тұлғаларға қатысты парламенттік тергеулер мен қылмыстық қудалауларды бастап кетті», — деді.
Депутат Қазақстан азаматтары «ел тағдыры кімдердің қолында болғанын және мемлекет тағдырының күмәнді жабық клубтарда саудаға салынбағанын білуге құқылы», деді..
Депутаттың сауалында жарияланған материалдарда «ескі Қазақстан» деп аталатын саяси элитаның өкілдері аталғаны көрсетілген. Эпштейн тізімінде Қазақстаннан Масимов пен Келімбетов бар деген деректер пайда болды.
Атап айтқанда, ол қазіргі уақытта мемлекетке опасыздық жасау және билікті басып алуға әрекет ету ісі бойынша жазасын өтеп жатқан бұрынғы премьер-министр әрі ҰҚК-нің экс-төрағасы Кәрім Мәсімовті атады.
«Кәрім Мәсімов жазбаларда кемінде 8 рет аталады. Жазбалардан Эпштейн мен Мәсімовтің жеке таныс болғаны тікелей көрінеді», — деді Асхат Рахимжанов.
Депутат мынадай сұрақтарды көтерді: қазақстандық жоғары лауазымды шенеунікке Эпштейнмен кездесулерді бастау не үшін қажет болды және бұл кездесулер қай жерде өтті?
Осыған байланысты Қазақстанда арнайы тергеу не сот шаралары өте ме, ол жағы белгісіз.
Abai.kz