Жұма, 22 Қараша 2024
Өз сөзім... 8486 1 пікір 28 Қазан, 2015 сағат 12:08

ӘЙЕЛДЕР КҮЛГЕ АУНАП «БҮЛІНІП» ЖАТҚАН ЖОҚ

Бүгін ғана Abai.kz порталының электронды почтасына Мырзан Кенжебайдан бүгінгі қазақ қыздарының қоғамдағы кескін-келбетін сынаған мақала келіп түскен болатын. Аталған материалды "Алаштың жауы - "казашкалар" деген (http://abai.kz/post/view?id=5246) атаумен оқырман назарына ұсынған едік. Осының артынша, Алмахан Мұхаметқалиқызы атты оқырманымыз қазақ жігіттерін сын тезіне алған "ӘЙЕЛДЕР КҮЛГЕ АУНАП «БҮЛІНІП» ЖАТҚАН ЖОҚ" атты мақала жазып жіберіпті. Бұл Мырзан Кенжебай мырзаға жазылған жауап емес! Екі автордың да "илегені - бір терінің пұшпағы", қазақ ұлтының жайы-күйі екенін ескертеміз.

Редакциядан 

Әлем, жарық дүние – ер азамат үшін жаралған. Жаратушы Топырақтан ең алдымен Адам атаны жаратады емес пе?! Адам атаның тілегімен жер бетіндегі бүкіл тіршілік атаулыны адамзаттың құзырына берген. Сүйікті құлының ақырғы тілегі ретінде Адам атаның қабырғасынан әйелді жаратады.

Даланың заңын таныған бабаларымыз бұл сұраққа «жеті қазына» арқылы түйін жасаған. Яғни Ер азаматтың жарық дүниедегі өмір сүруі, тұрмысы, барлық жағдайын жаратушы өзі берген. Ер азаматтар – әйелді серік қылу үшін құдайдан қалап, сұрап алған. Жаратылыстағы адамзатқа қажетті дүниенің кілті ер азаматтың қолында. Әйелді серік қылу, ұрпақ өсіру, оларды тәрбиелеп жеткізу үшін тұрмыс жағдайын жасау, әлемдегі барлық кереметті қалаған сұлуымен серіктесу арқылы өзіне бағындыру, жеті қазынаны өзінің пайдасына жұмсай отырып, қамшының сабындай қысқа ғұмырында мағыналы өмір сүру – ер азаматтың қолында.  Бүгінгі азаматтар жеті қазынаға ие болып, жаратушының берген сыйын дұрыс бағалай алып жүр ме?!  Жаратушының сүйген құлы өзіне тиісті аманатына қиянат жасамады ма?!

Бағаламаған қасиеттен кие қашады. Қадірлемеген құндылықтан береке кетеді. Ер азаматтар жүйрік аттың қадірін білмеді – қазіргі таңда қанша баптасаң да жылқыда – қазанат жоқ. Ер жігіттер өз орнын, өз құрметін, өз құнын түсіріп алған соң – азамат жоқ. Қыран бүркітті баптай алмай, қадірін білмей тұғырдан ұшырып алған соң – қыран бүркіт жоқ. Елі мен жеріне, отбасына қайраты жетпей, қамқоры кеміп, құр кеуденің қамын ойлап, құр дүниенің құлына айналып, білек қүші кеткен соң – берен мылтық жоқ. Сүйген сұлуына серт беріп, берген сертін орындай алмай, өзінің жары мен отбасына иелік ете алмай, опасыз, күй кешіп, «ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені» дегенді ұмытып, өзіне міндетті жүкті көтере алмай ұрпақ алдына ұсақталып кеткен соң – ер жігітті қадірлейтін әйел жоқ.  Жаратушының берген байтақ даласының дархандығы мен сұлулығына қанығып, жүйрік ат мініп, қыран бүркітті қызықтап, құмай тазыны құмарынан шығарып баптай білмеген соң – құмай тазы жоқ. Пенденің аз уақыт сынға берілген ғұмырының мәнін ұғынбай, жақсы-жаманды ажыратпай, ақ пен қараны айыра алмай, байырғы бабаларымыздың өнегесі мен даналығын, салт-дәстүрін ұмытып, ақылын нұрландыра алмаған соң – ғылым-білім жоқ.

Иә, жеті қазынаның жетеуін де «жоққа» шығарып отырмын. Өйткені таразының басы «барға» қарағанда «жоқты» басып кетіп тұр. «Бағаламағанға бақ қонбайды», «Бақпаса мал кетеді, қарамаса қатын кетеді», «Берекесіз елде – бірлік болмайды», «Отан – отбасынан басталады» деген тәмсіл сөздерді мен айтқан жоқпын, бабадан қалған асыл сөз. Ұлтты бүлдіру үшін, ұрпағын аздырып, мемлекетті ыдырату үшін алдымен сол елдің әйелдерін бүлдіру хандар тарихынан белгілі. Бүгінгі таңдағы әйелдер қауымының  түнгі клубтарды жағалап, ішімдікке салынып шектен шығып бара жатқаны әр азаматқа сын болу керек. Әрбір қазақ әйелі – әр қазақтың намысы.

Біз өскен ауылдың жігіттері біздің желкілдеп өсіп келе жатқан шағымыздан бастап, өзге ауылдан келген бір жігітті маңайымызға жолатпай, ауылдан шығарып, қуып тастаушы еді. Қорғанымыз, ер азаматтарымыз бар екенін сезетінбіз.  Көрші ауылдан келген жігіттердің аман-есен үйіне жетуін қатты қадағалайтынбыз. Қазіргі жігіттерде неге ондай намыс жоқ?! «Қызға қырық үйден тыйуды» бүгінгі жігіттер неге білмейтін болған?! Бір отбасының ер азаматы жігерсіз, жалқау, опасыз болса – отбасы бүлінеді.  Қазір жиі айтылып жүрген көп әйел алу мәселесін қоя тұрып, әр азамат үйдегі әйелін «жөндеп» алса да болады. Әйелдер күлге аунап «бүлініп» жатқан жоқ. «Көтере алмайтын шоқпарды белге байлап», «тастандылардың» санын көбейткеннен не табамыз?! Әйел деген – гүл, ер азамат деген – күн. Күн шуағын түсіре алмаса – гүл солады. Өзгеден шуақ іздейді. Әйел – нәзік құбылыс. Нәзіктігін көретін, сезімін аялайтын, қадірлей алатын азаматтар азайған кезде нәзіктік қатыгездікке айналады. Оны түзету қиын. Өнегелі ел, өрелі ұлт боламыз десек – алдымен қыздарымызды құрметтеп, қыз тәрбиесіне көңіл бөлуіміз керек. Әр қазақ ұлт намысын ойлайтын уақыт жетті. Қадірлемеген қасиет – қасіретке айналмасын деп тілейік.

Алмахан Мұхаметқалиқызы, Астана қаласы. Инновациялық Технологиялар академиясы, «Абайтану» орталығы

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1457
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3225
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279