Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Мәйекті 5119 0 пікір 27 Қазан, 2015 сағат 15:15

ҚАЗАҚСТАН-РЕСЕЙ: КІМ КІМНІҢ ЕСЕБІНЕН КҮН КӨРУДЕ?

Ресейлік сарапшылар «ЕАЭО аясында Қазақстан Ресей есебінен күн көруде» деп есептейді. Мұндай пікірді жақында РФ Қауіпсіздік кеңесінің сарапшысы, саясаткер, Андрей Суздальцев танымал «Огонек» журналына берген сұхбатында айтқан. Бұл туралы «abai.kz» порталы 365info.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Суздальцев (суретте) «Огонек» журналына берген сұхбатында Қазақстан мен Белоруссияны «Ресей есебінен күн көруде» деп ашық айыптаған.

Ресейлік сарапшының  сөзіне сүйенсек, Ресей кедендік шекара мәселелерімен сонау 1995 жылдан бері күресіп келеді. Алайда, Қазақстан мен Белоруссиядан әкелінетін контрабандалық тауарлар Батыс елдерінің өнімдеріне салынған эмбаргодан кейін екі есеге көбейген.  Суздальцевтің айтуынша, әдіс өте қарапайым. «Еуропадан әкелінген тауарлар Қазақстан мен Белоруссияға жеткізіліп, ол жерде қайта қораптарға қапталады да, жаңа құжатпен Ресейге кіргізіледі. Міне, осылайша Қазақстан да, Белоруссия да  Ресейді алдап соғып отыр»,-дейді сарапшы.  

Мысалы, «қазақстандық» деп көрсетілген  Қытай тауарлары дәл осындай форматпен Ресей шекарасынан еркін өткізілуде. Иә, сол баяғы «made in China», тек қазақстандық құжаты бар.

Суздальцевтің айтуынша, өз кезегінде ресейлік тауарлардың Қазақстан нарығына кіргізілуіне Астана ресми  тосқауылдар қоюда.

«Қорытындылай келе түйіндейтінім, Кедендік одақ аясында Ресей билігі өзінің ішкі нарығын Белоруссия арқылы Еуропаға, Қазақстан арқылы Қытайға ашып берді.  Бұл өз кезегінде ресейлік кәсіпкерлердің қалтасына едәуір шығын келтіруде. Енді бізге қайтпек керек? Егер одақтастарымыздың өздері Ресейді ашық тонап жатса»,-дейді Суздальцев мырза.

Шын мәнінде кімді кім тонап жатқанын Суздальцев мырза түсінбесе керек. Субективті сюжетке құрылған сұхбатты оқып, бірсыдырғы пікірлерге альтернативті жауап іздестірген едік.

Біріншіден, Суздальцев мырза ешбір ресми статистикаға сілтеме келтірмеген.

Ал қазақстандық сарапшылар түзген статистикаға сүйенсек, үстіміздегі жылдың 8 айының қорытындысы бойынша, екі ел арасындағы тауар айналымы ресейліктердің пайдасына шешілген. Мысалы, осы уақыт аралығында Қазақстаннан Ресейге экспортталған тауар айналымы көрсеткіші – 3 млрд.62,1 млн.  долларды құраса, ЕАЭО-ға төраға болып отырған Ресейден импортталған тауар айналымы көрсеткіші – 7 млрд. 14 млн. долларды құраған.

Сондай-ақ,  2015 жылдың есебі бойынша, Ресей нарығына экспортталатын қазақстандық тауарлар балансы 28,8 %-ға, кеміген.  Қазақстанның аналогиялық жағдайы Белоруссия нарығында да маңдып тұрмағанын ресми статистика дәлелдейді. Дегенмен, бұл мемлекетке жөнелтілетін экспорт көлемі 18,8% -ға артып, 53,8 млн. долларды құраса, импортталған тауарлар көрсеткіші бұдан әлде қайда жоғары болып шыққан. Белоруссия мен Қазақстан арасындағы импорт  айналымы 28,9%-ды құрап, 312,2 млн. долларға артқан.

Сондай-ақ, ЕАЭО мен Кедендік одақ аясында уәде етілгендей тауар айналымы көрсеткіші еселенудің орнына, құлдырай бастаған. Мысалы, ЕАЭО шеңберіндегі елдерге жеткізілетін қазақстандық тауарлар  26,9%-ға төмендеген.  Бұл – ақшаға шаққанда  3 млрд. 504,5 млн. доллар шығын деген сөз.

Кремль қазіргі қалыптасқан қаржылық қиындық кезеңінде экономикалық стратегиясын радикалды түрде қарастыруда. Тіпті, The Telegraph басылымының сарапшылары айтқан пікірлерге сүйенсек, Ресей мұнай бағасының әлемдік нарықтағы бұрынғы бағасын қайтару үшін бәріне дайын.  Ресей де, Қазақстан да мұнай және газ секторына тәуелді мемлекеттер болғандықтан  бұл мемлекеттердің  классикалық анамезасы – «Голланд індеті». Бұл өз кезегінде екі мемлекет үшін де фундаментальді қателік еді. Енді әркім өз шама-шарқынша әрекет жасайтыны түсінікті. Оның үстіне Ресей Орталық Азиядағы ықпалынан айырыла бастағаны тағы рас. Тек халықаралық аренада қандай да бір мәлімдеме жасау үшін, деректер, статистикалар мен мәліметтерге сүйену керек екенін Суздальцев мырза білмейтін болса керек.  Айта кетейік, бұл ресейлік сарапшылардың Қазақстанға жасап отырған алғашқы ақпараттық шабуылы емес. Енді Суздальцев мырзаның субьективті пікіріне қазақстандық сарапшылар не деп жауап береді екен? 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052