Сенбі, 23 Қараша 2024
Қылмыс 5034 0 пікір 21 Қазан, 2015 сағат 09:37

АХМЕТОВТІҢ ІСІ: «ӨЗ АДАМЫ» ҰЛЫ БОЛЫП ШЫҚТЫ

20 қазанда Қарағанды облыстық сотында экс-премьер-министр Серік Ахметовке және басқа да жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты қылмыстық іс бойынша куәгерлерден жауап алу жалғасты. Куәгер ретінде сотта жауап берген айыпталушылардың бірі Ахметовтердің «араб компанияларына» ақша аударуды бас кейіпкердің ұлы – Данияр Ахметов жеткізгенін хабарлады.

Сот отырысында Қарағанды қаласындағы канализациялық тазалау жүйесінің құрылысына қатысты оқиға қаралды. Осыған орай сотқа түсінік берген «Қазақстандық өнеркәсіптік корпорация» ЖШС-нің бас директорының бұрынғы орынбасары Әлжан Ақмолдаев бюджеттің ақшасын «қарағандыша» жымқыру жүйесінің сызбасын жариялады.

Ол Серік Ахметовтің облыс әкімі қызметін атқарған кезінде канализациялық тазалау жүйесін салуға қатысты мердігерлерді анықтау, жабдықтарды жеткізу және технологияларды қолдануға қатысты мәселелерді тікелей өзі қарап, мақұлдап отырғанын мәлімдеді. Және өзінің экс-премьер-министрмен кездесулері қалай, қай жерде өткенін егжей-тегжейлі баяндап берді. Сотқа дейінгі тергеудің нұсқасы бойынша, С.Ахметов Қарағандыдағы «Металлургия-Метал өңдеу» индустриалдық паркін салуға арналған бюджеттің миллиардтарының ізін жасыру сызбасын жасаған. «Алғашқы кездесуімізде ол маған индустриялық парктің инфрақұрылымы құрылысының жобасына енген жұмыстардың бір бөлігін қосалқы мердігерлікке алуды ұсынды. Себебі мен инфрақұрылым құрылысымен кәсіби айналысатын компанияның өкілі едім. Ұсынысқа келісе кеттім. Сөйтіп, индустриялық паркті жаңартуға бөлінген 15-16 млрд. теңгенің 5 млрд-ы қосалқы мердігерлікпен айналысатын ұйымның еншісіне тиді. Сол кездесуде Серік Нығметұлы маған «өз адамының» хабарласатынын айтты» деп еске алды оқиғаны Ә.Ақмолдаев.

Одан әріде Данияр Ахметовпен қалай танысқанын, оның қандай ұсыныс жасағанын, кейінірек Даниярдың С.Ахметовтің ұлы екенін қалай білгенін түсіндіріп берді. Бұл оқиға жөнінде: «Бірде өзімнің бастығымның баласы Біріккен Араб Әмірліктерінде үйлену тойын өткізді. Сол тойда күтпеген жерден Даниярды көрдім. Жанымдағы адамдардан сұрағанымда ол С.Ахметовтің ұлы екенін айтты» деді ол. Кейіннен Данияр Әлжан мен әкесінің арасындағы делдал рөлін атқарады. Ақмолдаев кіші-Ахметовтың өтініші бойынша нысанның құрылысына қатысуға рұқсат алу үшін «араб компанияларының» шотына сыйақы ретінде аса ірі көлемдегі соманы аударады. «Бірақ мұндай ақшаны қайдан табамын? Содан соң бас мердігер Думан Нұрбаев (ол сол кезде «Эко Третмент Систем», «Сапа Прожект Групп» компанияларының жетекшісі болған ) екеуміз экономикалық ұсыныс ойлап таптық. Мен алдағы уақытта 300 млн. теңгемді қайтарып алу үшін, индустриялық парктің шаруашылық-тұрмыстық суағарын тазалайтын жабдықтардың құнын асырып көрсетуді ұсындым. Ол келісті. Ешқандай түсінбестік болған жоқ», - деді сотта «Қазақстандық өнеркәсіптік корпорация» ЖШС-нің бас директорының экс-орынбасары.

Айыпталушы сондай-ақ, «Эко Третмент Систем» компаниясының сол кезеңде аталған құрылыста үлкен тәжірибесі бар үздік отандық компания екенін атап айтты. Ә. Ақмолдаевтың айтуынша, Д. Нұрбаев нысанның құрылысын алдын-ала есептеп, оның жалпы құнын 1,6 млрд. теңгеге бағалаған. 330 млн. теңгесі құрылыс-монтаждау жұмыстарына, ал 1,286 млрд. теңгесі жабдықтарды сатып алуға жұмсалуы тиіс болған.  Ақмолдаев болса С.Ахметовке пара беруді ескеріп, Д.Нұрбаевқа жабдықтардың құнын 300 млн. теңгеге ұлғайтуға ұсыныс айтады. Кейінірек, бұл ақшаны қайтарып алуға тиісті екенін де ескертеді.

Сот процесінде Ә.Ақмолдаевтың жауабын тыңдаған Серік Ахметов онымен өзінің таныстығын жоққа шығарды.

Әмина БӘКІР

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5435