АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ: ЖАҢА ЖОБАЛАРДЫҢ ТАНЫСТЫРЫЛЫМЫ ӨТТІ
Экономикалық дағдарыс қыса түссе де өңіріміздегі құрылыс қарқыны бәсеңдер емес. Басқасын айтпағанның өзінде Талдықорғанның 6–7-шағын аудандарындағы тоқтаусыз салынып жатқан құрылыс нысандарына қарап, көңіліңіз жайлана түседі, - деп жазады Алматы облыстық "Жетісу" газеті.
Облыс аумағындағы нысандарды салуға республикалық және жергілікті бюджет есебінен қомақты қаражат қарастырылумен қатар жеке инвесторлар да өңірімізге қаржы құюға қызығушылық танытуда. Десе де саннан гөрі сапаны басты орынға қоятын жерлестеріміз нысандардың сәулетіне, өңірге сән беретін көркемдігіне, тұрғындардың тіршілік етуіне ыңғайлылығы мен сапасына ерекше назар аударады. Сондықтан құрылыс басталмас бұрын оған тапсырыс беруші және жобалаушы мекемелердің жұмысын саралап, сараптап алу дәстүрге айналды.
Осыған орай облыстық әкімдікте облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымовтың қатысуымен жаңа жобалардың таныстырылымы өтті. Оған облыстық мекеме басшылары, Қазақстан Сәулетшілер және Дизайнерлер одақтарының мүшелері мен аудан, қалалардың бас сәулетшілері шақырылыпты. Жиналысқа қатысқандар алдағы уақытта өңірімізде салынатын бір инвестициялық, 9 мемлекеттік, жалпы 10 бірегей жобаның мүмкіндігімен танысты. Шараны облыстың бас сәулетшісі Дәркен Нұржанов жүргізіп отырды.
Облыс әкімінің орынбасары алдымен өңірімізде салынып жатқан құрылыстардың жағдайы мен алдағы уақытта бой көтеретін нысандар туралы ақпарат беріп өтті. Келесі кезекте жобалаушы кәсіпорын өкілдерінің өз жобасын таныстыруға уақыт бөлінді. Осы орайда, алғашқы болып сөз алған «Бис Проект» ЖШС өкілі Талғар ауданы, Бесағаш ауылында салынатын құрылыс заттарын сақтайтын қойма мен тұрмыстық қызмет көрсететін торап құрылысының жобасын таныстырды. Келесі кезекте «ЭнергоРесурсСнаб» ЖШС-нің Талғар қаласында салынатын денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жобасы, «ПСК Градцентр» ЖШС-нің Талдықорған қаласының оңтүстік-батыс аумағынан салынатын 570 орынға арналған бассейн құрылысының жобасы, «Ару-ана» ЖШС-нің Талдықорған қаласында бой көтеретін музыка мектебінің жобасы, «БарысЖоба» ЖШС дайындаған Талдықорған қаласының оңтүстік-батыс аумағынан салынатын 16 қабатты 3 тұрғын үйдің құрылыс жобасы, «Казгипроград» ЖШС-нің Алакөл жағалауының құрылыс жобасы, «Урбостиль» ЖШС-нің Жаркент – Қорғас қалақұрылысы мен өңірлік агромерациялық дамыту жобасы, «Нур Саулет» ЖШС-нің Қорғас шекара бойындағы халықаралық ынтымақтастық орталығының толық жобасы сияқты өңіріміздің өркендеуіне үлес, сәулетіне сән қосатын жобалар көпшілік назарына ұсынылды.
Басында осыған дейін де талай маманның алдынан өтіп, сансыз өзгерту мен түзету, толықтырудан өткен, әбден иі қанған жұмыстардың бізге кемшіліксіз сезілгені рас. Алайда, елімізге танымал сәулетшілер мен жобалаушылардың сынағына түскенде олардың кейбір олқылығы айқындалып, олқы тұстары белгілі болып жатты. Әсіресе әр жобаның қала мен елді мекендердегі жол қозғалысы қауіпсіздігіне үйлесімділігі туралы көп айтылды.
Осылайша, Ғалымжан Райылұлы өзінің жарты жұмыс күнін алдағы уақытта салынатын сәулетті нысандардың жобасымен танысуға арнады. Әсіресе ол жұмыстың сапасына айрықша мән берді. Жіберілген қателіктерді сол жерде сынға алып, тез арада түзетуді тапсырды. Осыған байланысты тапсырыс беруші және жобалаушы мекеме өкілдеріне сапаға көңіл бөлуді айрықша міндеттеді.
Abai.kz