ПӘК СЕЗІМНІҢ МЕН БАРМЫН КЕМЕСІНДЕ...
СЕН ҰЙҚТАШЫ АЛАҢСЫЗ
Бір ай өтті.
Жырым жарық көргелі.
Әй, Әлия, іздемедің сен мені.
Енді қалай жүрегіңді ойатам?!
Қайтер еді сорлы ақынды аясаң.
Бір ай болды.
Сенен қабар күткелі.
Күз де келді.
Қойды және құс келіп.
Мен өзіңе ұсынып ем бір жүрек,
Бір жүректі тастадың ба үш бөліп?!
Не істесең де сол жүректі түсінші,
Ұйықтамадым...
Өлді күнім үшінші.
Ал, сен, ұйықта...
Саған қарай кетті ұшып,
Кірпігіме қонақтаған құсұйқы.
Сен ұйықташы,
Ұйықтай қойшы алаңсыз.
Жүрек ояу, қаным салқын...
Санам-сыз!
Ақ қайыңнан жасап алып тұлғаңды,
Құшағыма қысып жатам амалсыз.
Сен ұйықтай бер алаңсыз!
28.11.2013ж. Бесін.
СҮЙРІК САУСАҚТАР
Саусақтарың жорғалады жыр жаздың,
Өз-өзімнен өз жырымды қызғандым.
Денеңнің нәзік айтпайын қозғалыстарын,
Ғажайып екен тербелісі де сырғаңның.
Оқыдым өлең, отырдың үнсіз көшіріп,
Кеудемде тулап, жүректе қунап неше үміт.
Ілесе алмай дауысым саусақтарыңа,
Ішімде жүрек жылады жырға қосылып.
Ойында түк жоқ қаршадай қызы даланың,
Сүйрік саусаққа сүйініп ұзақ қарадым.
Тереңдеп қайтем, айтпаймын саған ар жағын,
Саусақтарыңнан бір сүйгіз маған қарағым.
***
Әлия тағы түсіме ендің,
Қайыңды бақтың ішінде көрдім.
Қолыңда кесе шұбатқа толы,
Сен маған соны ұсына бердің.
Ұсына бердің шұбатты маған,
Сен болып мені жұбатты Анам.
Тербетіп бізді тұр екен деймін,
Қуатты Далам, Шуақты ғалам.
Әлия солай түсіме кірдің,
Қайыңды бақтың ішіне кірдім.
Үйірден бөлек кетіппін деймін,
Құдай-ау, жалғыз кісінеп жүрмін.
Кісінеп жалғыз жүр екем деймін,
Жанарың жанған нұр екен деймін.
Шұбатқа толы кесеңде сенің,
Сағымы Айдың тұр екен деймін.
Тұр екен деймін сағымы Айдың,
Оянып кеттім... тағы мұңайдым.
Шұбатқа қосып мен ішіп қойдым,
Дірілдеп тұрған сағымын Айдың.
Әлия сосын ойанып кеткем,
Көрінді маған Ай анық көктен.
Жалғасын көрмей әдемі түстің,
Жаман-ақ екен оянып кеткен,
Жаман-ақ екен оянып кеткен!..
КҮТШІ МЕНІ
Әлия.
Әй, Әлия күтші мені...
Сарқылып сабырымның бітті демі.
Мен саған ғашық болған күннен бері,
Табиғат үш жаңарып, үш түледі.
Әлия.
Әй, Әлия күтші мені.
Махаббат оты неткен ыстық еді?!
Өртеніп жатыр менің ет жүрегім,
Дерт еміп жатыр менің ыстық ернім.
Әлия күтші тағы үш жыл мені,
Өңімде емес түсімде құштым сені.
Алдында терезеңнің ұзақ тұрам,
Мұз қатып кірпігіме қыс күндері.
Әлия жүрегіме ұялашы,
Ақынның шабыт-қасық, қиял асы.
Тым жақын жүрегіміз бір-біріне,
Тым жырақ болғанымен үй арасы.
Әлия қызығамын қарап саған,
Біздерді қосар ма екен қалап, ғалам?!
«Керемет», «Құдырет» деп оқылады,
Аударсам есіміңді Арапшадан.
Әлия шыныменен кереметсің,
Іргеме қонып жатыр Көбелек-Түн.
Келеді біздер күткен керемет күн,
Шынымен әй, Әлия кереметсің!
ҰЙҚЫМ ҚАШТЫ...
Әлия, бүгін тағы ұйқым қашты,
Ұйқым қашты...
Көңілден күлкім қашты.
Аңсамайын десем де, аңсамайын,
Аңсайды жүрек құрғыр сылқым жасты.
Әлия, ұйқым қашты тағы бүгін,
Қарашы бұл жүректің қағынуын.
Өзіңді ойлағанның тәттілігі,
Көңілдің шешек атты бағы бүгін.
Көңілдің бағы бүгін шешек атты,
Не көрдің араладың кеше бақты?!
Жылы сөзге семірдім әй,Әлия,
Кеудеме шам-шырағын шеше жақты.
Кеудеме шеше жақты шам-шырағын,
Өзекке өтінемін тамшыла мұң.
Мен қалғып бара жатсам әй, Әлия,
Жонымнан сен аямай қамшылағын.
Сөнбеші, Сөне көрме шам-шырағым!
ТАҒЫ ОЙЛАДЫМ, ӘЛИЯ, БҮГІН СЕНІ
Бірінен соң шылымның бірін шегіп,
Тағы ойладым, Әлия, бүгін сені.
Тым құрыса көзіме бір көрінші,
Өзегіме өмірдің нұрын сеуіп.
Бір көрінші көзіме тым құрыса,
Өзегімді өртеді мұңлы-құса.
Мың айналам, Әлия, сіздің үйді,
Шыр айналған шырақты жынды құсап.
Шыр айналам шырақты көбелектей,
Неге отырмын бұл сәтті өлең етпей?!
Сені ойласам қызыуым көтеріліп,
Жүрегім мен жанады денем өрттей.
Денем өрт боп жанады сені ойласам,
Арыламын ойлардан қалаймақан.
Мені осылай тозаққа күйдіргенше,
Абайласаң, қайтеді, абайласаң?!
***
Арамызда 23 жыл айырма бар,
Бар ма менде мүмкіндік,
Жарың болар?!
Ұсынамын жаралы жүрегімді,
Әй, Әлия аялап қабылдап ал.
Қабылдап ал аялап жүрегімді,
Жастық етем мен саған білегімді.
Сенесің бе, Әлия, сенесің бе,
Сенсіз сүре алмаймын бұл өмірді.
Бұл өмірді сүре алман сірә сенсіз,
Сен бақытты болсаң да жүдә менсіз.
Әй, Әлия, қасымнан табылмасаң,
Көз көрмеске кетемін жылап, елсіз.
Әй, Әлия сен соған сенесің бе?!
Пәк сезімнің мен бармын кемесінде.
Саған деген мөп-мөлдір махаббатым,
Аңыз болып қалса екен ел есінде!
***
Мен сені қимаймын басқаға,
Басыңа силаймын бас пана.
Есіңе кіргенде мен әрең,
Есіңнен шығарып тастама!..
Мен сені қимаймын басқаға.
Мен сені бермеймін өзгеге,
Бұл құрғақ айтылған сөз деме.
Мен саған ес-түссіз ғашықпын,
Әшейін жүрген бір ез деме!
Мен сені бермеймін өзгеге!..
Мен саған ес-түссіз ғашықпын,
Шашыңнан искеуге асықпын.
Айың боп туамын оңыңнан,
Кеудемді тұрса да басып Түн.
Мен саған ғашықпын!!!
***
Мен жүрген жерде сен жоқсың,
Сен жүрген жерде мен жоқпын.
Өзіңді іздеп жүрмін ғой,
Арасын кезіп Жер-көктің.
Сен жүрген жерде мен жоқпын,
Жабысқан маған сен дертсің.
Буынып бір тал шашыңа,
Ұлықсат етші өлмекпін!..
Себебі, жалғыз жарығым,
Сен жүрген жерде мен жоқпын!..
Адалбек Ақмәдиұлы
Abai.kz