Сенбі, 23 Қараша 2024
Судың да сұрауы бар... 7404 0 пікір 15 Қазан, 2015 сағат 12:54

ШЕНЕУНІККЕ БҰЙЫРҒАН БАТПАН ҚҰЙРЫҚ

Кейінгі кездері сыбайлас жемқорлықпен күрес тәп-тәуір жүргізіп келе жатқандығы дау туғызбаса керек. Мұның нәтижесіне көз салсаңыз сан түрлі сауалдар санаңызға маза бермейді. Халық қаржысын қымқыруға келгенде неше түрлі қулық пен сұмдықтарды шебер меңгерген алаяқтардың айлакерлігіне таң қаласың. Олардың «Түйені түгімен, биені жүгімен» жұтатындығы соншалық, тіпті қақалып қаламын ғой деп те ойламайды. Бұлар үшін жүздеген, тіпті миллиардтаған теңге мен миллиондаған долларлар әншейін бір сөз қылуға тұрмайтын ұсақ-түйек дүниелер секілді. Осындайда «ойпырай, қомағайлықтың шегі жоқ па?» деп қаласың.

Бір қызығы, кейде биліктің шыңындағы емес, қарапайым ғана лауазым иелерінің адам қызығырлықтай дүние жинағандығын байқап қаласың. Жай орынтақтың өзі тәп-тәуір табыс әкеліп, кішкентай бастықтың қалтасын бірден қалыңдатып жіберетін  «сыйқырлығы» бар екен. Және бұл жай кейде аяқ астынан жария болып, жағамызды ұстаймыз.  Жақында «ҚазТАГ» ақпарат агенттігі Астанада ақша айырбастау пунктінің иелерінің 900 мың долларын алдап алып, оларды сазға отырғызып кеткен алаяқтың сотталғандығын харбарлады. Жарайды, «мың асқанға бір тосқан» дегендей қылмыскер лайықты жазасын алды. Бұл жерде бізді таңқалдырғаны бұл емес. Сот барысында «Қазақ зағиптер қоғамы» бірлестігінің басшысы өзінің айлық еңбекақысының 875 мың теңге құрайтындығын, өзінің туысына 600 мың доллар қарыз бергендігін айтады. Сонда қалай болғаны? Бұл кісінің айлық табысы  Парламент депутаттарынан да жоғары болғаны ма? Ал біз зағиптердің жағдайының мүшкіл екендігін, оларға үкімет тарапынан көмектің тым болымсыз екендігін, оларды жұмыспен қамтамасыз етудің қиындығын бұқаралық ақпарат құралдарынан күнде оқып, көріп отырмыз емес пе? Қарамағындағылардың жағадайының пәлендей еместігін көре тұра, осыншама айлық алу әділеттілікке жата қояр ма екен? Сонсоң, қалтасынан еш қиналмастан 600 мың долларды суырып беретіндей ол кісінің асып бара жатқан қандай байлығы бар?

Кішкене бастық дегеннен шығады, жақында біздің Қостанайда осындағы әуежайдың бастығы Юрий Ким дегеннің үйін әлдебіреулердің үптеп кеткендігін жергілікті баспасөз жарыса жазды. Сонда ұрылар не алды дейсіз ғой? О, орындықтан құлап қалмаңыз. Бұл оңбағандар бастықтың адал еңбегі мен маңдай термен тапқан 14 миллион теңге тұратын зергерлік бұйымдарын жымқырғанымен қоймай, сейфтен 30 мың долларын, 5 мың евросын және 5 миллион теңгесін де қалтаға басқан. Білетіндердің айтуына қарағанда әлгі зергерлік дүниелер тек ақ алтынмен және рубинмен көркемделген сырғалар мен сақиналардан тұратын көрінеді. Кімнің қайда және нені жасыратындығын жақсы білетін ұрылардың «жоғары кәсіби деңгейіне» тәнті болады екенсің.

Жақында бізде тағы бір дау шықты. Жаңағыдай баукеспе ұрылар бір мықтының пәтерінен аса қымбат тұратын швейцарлық сағаттар мен зергерлік бұйымдарды тонап кеткендігі белгілі болды. Солардың ішінде екінің бірінің қолы жете бермейтін мынадай маркілі сағаттар бар көрінеді.

Осындағы өріп жүрген өсектерге сенсек бұл пәтер Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің бастығынікі деседі. Алайда әлгі депарьтаменттің баспасөз қызметі мұны жоққа шығарып отыр. Бұлар пәтер бір кәсіпкердікі дегенді айтады. Ол да мүмкін, біздегі полиция басшылары үйіне қымбат дүниелерді жинап ұрылдырды қызықтырмайтын шығар. Екінші жағынан, қазекемнің «Жел болмас шөптің басы қимылдамайды» дегенді айтып кеткен ғой.

Осы орайда тағы бір жаңалықты айтпай кетсек, ішіміз кеуіп кетер. Кезінде 300 мың доллар парамен ұсталған табиғи монополистерді реттеу департаментінің батсығы Мұрат Оспанов мырза сот кескен 1 миллиард теңге қарызынан құтылыпты. Мәкең шынымен «мырза» екен. Министр емес, қатардағы департамен бастығының осылайша жалғанды жалпағынан басып, шалқып өмір сүретіндігіне дамыған елдердің шенеуніктерінің қай-қайсысы да қызыға да қызғана қарайтын шығар. Ал Мәкең қазір сүттен ақ, судан таза. Кезінде ұсталған басқа да бастықтар секілді. Біз осылай кете берсек түбі қандай озық 30 елдің қатарынан көрінетіндігімізді бір құдайдың өзі білер.

Мұратбек Дәуренұлы, Қостанай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394