БҰ ҚАРТТАРДА ЫНСАП ЖОҚ
Негізі ол былай болған ғой. Үкімет қарттарға екі жарым млн теңге, әр зейнеткерге 9 мың теңгеден қаражат бөледі.
Сосын оны қалай үлестіреміз деп бас қатырып отырғанда, соткі шұқылап отырған бір шенеунік ФБ-да Бейбіт Сарыбайдың кәртүшке жайлы постын оқып қалады. «Оппана, картошка!» - дейді, ақыл тауып кетіп.
Сөйтіп үкімет қарттар мерекесіне берілетін сыйлықты картошка күйінде таратуды ұйғарады. Есептей келсе әр зейнеткерге 5 мүшектен келеді екен. «Тым көптеу емес пе?» - дейді үкімет мүшелерінің бірі. «Таң ертең жылытпа, түсте қуырмаш, кешкісін кеспеге сап жеген күннің өзінде артылып қалады. Дағдарыс кезінде босқа шірітіп алмай ма» - деп, әр зейнеткерден екі мүшектен кәртөшкеден алып қалу қажет деген пікір айтады. Бұл пікір кабинет тарапынан қолдау тауып, қызметтік шопырлар шақырылады. Үкмет мүшелерінің, олардың туған-туыстарының үйлеріне төрт-бес мүшектен картошка жеткізіп, оны балкондарына дейін шығарып беру тапсырылады.
Содан не керек, әр зейнеткерге үш мүшек кәртөшкеден үлестіру мәселесі Әлеуметтік қорғау министрлігінің еншісіне қалады. Министрлік өз ішінен кішігірім жиналыс өткізіп, «үш мүшек кәртөшке де көп» деген шешімге келеді. Бір мүшегі тағы қысқарып, әр зейнеткерге екі мүшектен келетін кәртөшке Облыс әкімдігіне жол тартады.
Әкімдік жиналыссыз жұмыс жасамайды:
«Егер зейнеткер үкіметтен берілген кәртөшкені немере-шөбере, келін-кепшікке бермей, өзі ғана езіп жейтін болса екі мүшекті де бір қысқа ойланбай жеткізуге болады. Тіпті палауға қосқанның өзінде артылып, босқа шіріп кетуі мүмкін» - дейді жергілікті билік өкілі. Қысқасы, әр зейнеткерге екі мүшектен таратуға шешім қабылданады. Оны таратып беру де оңай шаруа емес, негізгі жұмысты атқаратын адамдардың үлесі бар, ұсақ-түйек Бәкең, Мәкеңдер бар, қызметкерлер, шопырлар бар.
Қысқасы, соңында зейнеткердің үйіне тура бес келі кәртөшке кетіп бара жатады. Есігінің дәл алдына келгенде үлестіруші жігітке бір ой келеді: «Бес келі кәртөшкең бір тамаққа көп, екі тамаққа аз. Қой, мұны тұп-тура қылып берейін» деп әрқайсысынан 700 грамнан алып қалып, 4 келі үш жүз грамнан үлестіріп береді.
Бірақ бұ қарттарда ынсап жоқ. 4 келі 300 грамнан кәртөшке тараттыңдар деп даулап жатқан көрінеді. Таратпай қойса қайтер еді?
Сәкен Нұрқабекұлы
Facebook-тегі парақшасынан