Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Мәйекті 10369 0 пікір 2 Қазан, 2015 сағат 16:48

БІЛІМ МИНИСТРІНІҢ АТАСЫ - СӘРІНЖІП АҚЫН БОЛҒАН

ОНЫҢ "САРЫАРҚА" ДЕГЕН ЭПИКАЛЫҚ ДАСТАНЫ БАР...


 

Қазақстанда қолдан «Тұлға» жасау өнері дамып кеткен екен. Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Серік Негимовтың «Сәрінжіп ақынның «Сарыарқа» дастаны және дәстүр жалғастығы» атты мақаласы бар. Төмендегі айтпағымыз осы мақаладан өрбімек.

Енді бір құлақ естіген әңгіме: өткен айдың басында Алматыдағы жалдамалы пәтерімізге бір үлкен ағамыз қонаққа келген-ді. Және өзіміз сынды әдебиеттің маңайындағы жас жігіттер жиналды. Әңгіме барысында «қолдан тұлға» жасау өнері жайлы сөз болды. Сонда бір жігіт 2014 жылдың көктемінде Астанадағы Еуразия университетінің профессоры Серік Негимов Қарағанды өңіріне келіп, «Қарағанды-Болашақ» университетінің филолог-студенттерін қасына алып, елді мекендерге фольклорлық экспедиция жасаған екен. Яғни, ауылдағы көнекөздерден Сәрінжіп Әзбергенұлы есімді «Ақын» шығармашылығын жинастыру. Еске салайық, Аслан Бәкенұлы Сәрінжіпов - Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі. Қызметіне 2013 жылдың 7 қыркүйек санында тағайындалды. Жыл өткеннен кейін Еуразия университетінің профессоры тарихтан өзінің әділ бағасын ала алмаған, халық білмейтін, бірақ, шығармашылығы ел ауызында жүрген «Ақын» жайлы зерттеу жұмысын жазуды қолға алыпты. 
Жуырда кітапханаға барып, газет-журнал ақтарып отырып, профессордың мына мақаласын оқығанда, әлгі әңгіме еске түсті. 
Сәрінжіп Әзбергенұлы туралы білу үшін «гугл» мәліметіне сүйенейік: 
1) Сәрінжіп Әзбергенұлы (1862-1935) – ақын. Қаракесектің Кәрсен руынан. Шет аударғандағы Тағылытауының баурайында туған. Жастайынан өнер қуып ақындықты өзіне мұрат еткен. Атақты Нарманбет, Дия қажылардың тұрғылас замандасы. Сәрінжіптің көптеген өлеңі әлеуметтік теңсіздік тақырыбын қамтиды. Қазан теңкерісі басталысымен ақпен қызылдар арасындағы кескілескен ұрыстар жергілікті халыққа үлкен зобалаң туғызған болатын. Сол бірқатар түнек заманда Шу бойына қоныс аударуға мәжбүр болған қазақтардың ата-мекенді қимай қоштасуы Сәрінжіп ақын: «Күн барма қайта оралар кең мекеңге, Бұл жерде бала туып, ер жетер ме, Жөңкіліп жаудан үркіп, аудық қой біз . Еркімен жерін тастап ел кетерме...» - деп суреттейді. Арқаға қайта оралған елмен бірге туған жерге жеткен Сәрінжіп ақын «Жастерек» ұжымшарын ұйымдастырушылардың бірі болған. Ақынның шығармалары кағаз бетін көріп, жарыққа шықпаған Сәрінжіп өзі туған өңірде дүние салып , Тағылының баурайына жерленген. Дереккөздер
Қарағанды. Қарағанды облысы: Энциклопедия. - Алматы: Атамұра, 2006. ІSBN 9965-34-515-5

2) Әзбергенұлы Сәрінжіп 1862 жылы Шет ауданы Тағылы тауының баурайында туған. Жастайынан өнер қуып, ақындықты өзіне мұрат тұтқан. Атақты Нарманбет, Дияқажы ақындардың тұрғылас замандасы, олармен араласып тұрған. Көптеген өлеңі әлеуметтік теңсіздік тақырыбын қамтып, суреттеген. Арқаға қайта оралған елмен бірге туған жерге жеткен Сәрінжіп ақын «Жастерек» ұжымшарын ұйымдастырушылардың бірі. Ақынның шығармалары көзі тірісінде қағаз бетін көріп, жарыққа шықпаған. Соған қарамастанбіраз шығармалары бүгінгі күнге жеткен. (Дереккөзі: Шет ауданы: энциклопедия – Алматы: Қазақпарат, 2011.-74 б.) 
Қазақстанның Бас мұғалімі өзінің атасының ақын болғанын білсе, неге осы күнге дейін оны насихаттамады екен. Аслан Бәкенұлы – экономика ғылымдарының кандидаты, бірнеше тілді еркін меңгерген емес пе?! (Бірақ, Мемлекеттік тілге шорқақ! Егер атасы ақын болса, атасының өлең жазған Ана тілін неге білмейді?) Ал, Серік Негимов деген «данышпан» кім деп отырған боларсыз, ендеше, төмендегі дерекке қараңыз: 


Серік Негимов (13.7.1948 ж.т., Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы Шапай ауылы) – филология ғылым докторы (1992), профессор (1994).
1994 - ҚР Білім беру ісінің үздігі
1999 - Қазақстан Әлеуметтік ғылым академиясының академигі
1972 - ҚазМУ-ды (қазіргі ҚазҰУ) бітірген
1972-1992 Қазақстан Ғылым Академиясы-ның Әдебиет және өнер институтында аға лаборант, кіші, аға ғылым қызметкер, бөлім меңгерушісі (1972–1992),
1992–1997 Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде кафедра меңгерушісі ,
1997–1999 Еуразия ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі
2000–2005- ҚазҰУ-да профессор қызметтерін атқарды.
2005 жылдан Еуразия ұлттық университетінде профессор қызметінде. Ғалымның ғылыми еңбектері халық ауыз әдебиеті тақырыбына арналған. «Ақын-жыраулық поэзиясының бейнелілік-көркемдік жүйесі» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 400-ден астам ғылым жарияланымның авторы. 
Серік Негимов өзінің ғылыми қызметіне сай министріміздің атасын тірілтіп, оның шығармаларын туған елімен қайта қауыштырмақ екен. Бірақ, тарихи дерекке сүйенсек, Сәрінжіп Әзбергенұлы – ақын болған емес, мұғалімдік қызмет екен жан. Оның Сәкен Сейфуллин жазбаша айтысқандығы жайлы деректе бар дейді-мыс. Ал, Неимовтың айтуынша, Сарыарқа – сұлулықтың көрмесіндей, жұмақтың бақшасындай. Ақын Сәрінжіп Әзбергенұлы (1862 – 1935). Халық, Заман, Ұлт, Ел атынан сөйлеген. Ел жадында «Сарыарқа» атты тарихи дастаны (1919) сақталған. Дәуірнамалық сипаты айрықша. Колхозшылар қозғалысына белсене ат салысқан. Шу өңіріне ауған жерлестерін қайтаруда көп еңбек сіңірген. Киелі мекен, атажұрт Сарыарқаны тағдырдың теперішінен тастап көшу-көзіңнен қанды жас ағызады. Ақынның «Сарыарқа» атты эпикалық дастанында толағай сыр, өлшеусіз қыр бар. Тарихилық, деректілік жағынан алғанда тұйыққа тірелген елдің жан айқайы, сары даланың жылау күйі, отар күні, күңгірт тұрмысы мен келешегі шыншылдықпен терең баяндалған.
Енді «Сарыарқа» дастанының мәтінін тұтастай келтіріп, көркем ойы мен келісті өрнектеріне көңіл көзімен үңілейік:
САРЫАРҚА
Қолыма бисмилла деп алдым қалам,

Бере гөр өзің медет, Хақ Тағалам.

Көргенше қайта айналып кім бар, кім жоқ,

Кетейін амандасып, Арқа, саған!

Арқаның кейін қалды жайлаулары,

Балауса шөбі шүйгін, суы дәрі.

Қозы-лақ қызғалдақты жабыла жеп,

Кенелген бүлдіргенге балалары.

Арқаның тауы – биік, талы – аласа,

Ағады өзендері тайталаса.

Көкқасқа тастан атып бұлақтары,

Сылдырап былдырлайды жас балаша.

Сарыарқа, қалғаның ба, қайран мекен,

Оралып қайта айналып келер ме екем?

Үшқойтас, Сарыоба мен Мұқыр өзен,

Сендерді басқа жерден табар ма екем.

Ел болып Үшқойтасқа салдық егін,

Қап-қап қып, мол астықты алдық тегін.

... Пейзаж, түр-түс, дыбыс – ұлттық поэтиканың негізгі шарттары дейтін болсақ, онда «Сарыарқа» дастанында өзіндік ерекшеліктерге, өзіндік сыр-сипаттарға ие бейнелегіш-суреттегіш құралдардың тұтастай жүйесі бар.
«Қазақ тілінде қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сар далада үдере көшкен тұрмысы, асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі – бәрі көрініп тұр. Қазақтың сар даласы кең, тілі де бай» - деп жазады ұлт ақыны Мағжан Жұмабаев.
Өзі өскен таңғажайып кербез өлкенің яғни жер-суының білгірі, табиғат тамыршысы Сәрінжіп Әзбергенұлының «Сарыарқасы» – табиғат көріністерінің сұлу тізілген алқасы. 
Ақынның дүниетанымына, көзқарасына, ішкі жан дүниесіне орай жырлау мәнері, стилистикасы, бояу-нақыштары табиғи шеберлікпен жазылған. Семантикалық әрі синтаксистік – грамматикалық қайталаулар ақынның ойы мен сезімін өткірлеп жіберген, полифониясын байытқан. (Толық нұсқасын «Жұлдыз» журналынан оқыңыз)
Серік Негимовтың жаңалығына ел болып қуанайық. Енді Сәрінжіп Ақынды мектеп бағдарламаларының оқулықтарына енгізіп, атақты «Сарыарқа» эпикалық дастанын балалаларға жаттатып, Ақын атындағы мүшайра ұйымдастырып, Оның құрметіне арнайы медаль немесе сыйлық тағайындайық. Әй, осы 2015 жыл соңында профессор Серік Негимов «ҚР ЖОО Үздік оқытушысы -2015» атағын иеленіп, 3 миллион көлемінде арнайы сыйақы алмасына кім кепіл?! Ой, жарайсың, өшкенді тірілтіп, жаңғыртып жатырсың! Ел болып қуанамыз әлі ақ... Ол үшін министріміз тақтан құламасын! Ал, «Қамбар батыр» арағын ішіп, темекесін шегіп солай-ақ қала берсін... Пәлі, Қамбар батырың – ақын Сәрінжіптің қасында кім екен! «Қамбыр батыр» жыры емес, «Сарыарқа» эпикалық дастаны қазір маңызды... Енді мектеп оқулықтарын Серік Негимов жазатын болар... Аман болсақ, оны да көрерміз... 
Не десек те, Қазақстанда қолдан «Батыр, ақын» жасау ауруы өршіп тұр!!! Өлең жазбайтын қазақ кемде-кем емес пе еді...

Негимовтың «жаңалығы» аз десеңіз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қайрат ӘБІЛДИНОВ есімді ағамыздың «Сәрінжіп ақын» жайлы Бас газет – «Егемен Қазақстанға» шыққан мақаланы оқыңыз....

Бір анығы: Әдебиетші ретінде ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдағы әдеби мұраларды түгел қарастырып, оқысақ та, Сәрінжіп ақынның "Сарыарқа" дастанын кезіктірмеппін.Егер, Сіз көріп, оқысаңыз, айтыңызшы. Айтпақшы, Ғалым (Шын ғалым) Есмағамбет Ысмайылов 1930-1958 жылдар аралығында Қазақстанның түкпір-түкпіріне экспедиция ұйымдастырып, "Ақындар" деген монография жазған еді... Ол кітапта жоқ екенін бұл "ақын"...

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым минстрі болып Аслан Сәрінжіпов тағайындалды» деген хабарды естігенде Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Киікті ауылындағы елдің елең ете қалғаны рас. Мұның себебі тереңде еді. Өйткені, лауазымды тұлғаның бабасы Сәрінжіп ақын осы өлкенің тумасы. Және де бұл кісінің жақсы атын мұндағы ел ерекше құрмет тұтады.

«Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?» демекші, қазақ баласы Сәрінжіп ақынды біле бермеуі де мүмкін. Ендеше, «Сәрінжіп Әзбергенұлы кім, оның елге қандай еңбегі сіңді?» деген сұрақтарға шамамыз жеткенінше жауап іздеп көрелік.

Сәрінжіп Әзбергенұлы 1862 жылы бұрынғы Қарқаралы уезінің Мойынты-Сарыбұлақ болысында (қазіргі Шет ауданы, Мойынты-Киікті өңірі) дүниеге келген. Әкесі Әзберген ауқатты адам болған екен, үш әйел алыпты. Үшеуінен ұл болмай, бірнеше қыздан кейін Сәрінжіп туған. Көнекөз қариялардың айтуынша, «Сәрінжіп» деген сөз қытай жібек құртының өрмегі дегенді білдіреді екен. Дүниеге жаңа келген сәби нәзік және Құдайдан тілеп алған жалғыз болғандықтан үш анасы көз тимесін деп жұрттан жасырып өсіріпті. Содан жеті жасқа келгенінде ғана жарыққа шығарған. Сегіз жасында ауыл молдасынан сауат ашыпты. Он жасынан өлең жазып, Жаратқан берген дарынның арқасында ел алдында іркілмей сөйлеген. Ер жете келе суырып салып айтатын төкпе ақын болған екен.

Сәрінжіп – Арқа ақындарының көш басында тұрған ірі тұлға. Атақты Нарманбет, Дия қажының тұрғылас замандасы. Оның есімі айтыскер, сыншы-сатирик ақын ретінде белгілі болған. Сәрінжіп өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы бұлғақ заманда елді тұрақтандыру, ұжымдастыру шаруаларына белсене атсалысқан, қоғам қайраткері дәрежесіне дейін көтерілген ақын. 1920 жылдың басында Кәрсөн-Кернейге (Арғынның қаракесегінен тарайтын ру аттары. – авт.) қараған елдің басым бөлігі атаман Колчак бастаған ақгвардияшылардың жазалаушы отрядынан ығысып, оңтүстікке қарай үрке көшкен. Арада екі-үш жыл өтіп, ел іші тыншығаннан кейін ауған елді атамекеніне көшіріп әкелу үшін Боранқұл батыр мен Сәрінжіп ақын бастаған, ішінде елге сөзі өткен Мұқаш, Жұмақас, Үсен, тағы басқа ақсақалдар бар топ Шу бойына барады. Бұлар үйсіннің атақты ақыны Мәдіханның үйіне түседі. Келген шаруаларын айтып, екі жақ бірін-бірі сөзбен қағысып, әзіл-сықақпен ырғасып отырады. Сол кезде Мәдіхан ауылына келіп, ат шалдырған қонақтарға екі-үш шумақ өлеңді суырып салып айтады. Өлеңнің мәтіні толық сақталмаған. Бізге жеткен шумақтарының өзінен Сәрінжіп ақындығы анық аңғарылады.

Алмағайып заманда ел ауып, атамекеннен үдере көшкен кезде Сәрінжіп ақын «Сарыарқа» деп аталатын өзінің әйгілі толғауын жазған. Толғау былайша басталады:

Қолыма бісмілла деп алдым қалам,

Бере гөр өзің медет хақ тағалам.

Көргенше қайта айналып кім бар, кім жоқ,

Кетейін амандасып, Арқа саған.

Бұл ұзақ толғауда ақын елдің мұң-зарын айтып, жоғын түгендеуші есебінде қайраткер тұлға дәрежесіне көтеріледі. Сол заманның үрдісі бойынша қазақ үшін атамекеннен үдере көшуден өткен қасірет болмаған.

Сәрінжіп елінің намысын қызғыштай қорғаған ақын. Тарихтан белгілі, Арқадағы шертпе күйдің Қыздарбек мектебінің соңғы могиканы, дәулескер күйші Әбікен Хасенов заманында қудалауды көп көрген. Кеңес өкіметі ескілікті көксейтін зарлауық күйді елге таратты деген желеумен осы мектеп өкілдерін қырына аяусыз алған. Әбди, Мақаш сынды саңлақ күйшілер алдымен абақтыға қамалып, одан кейін қызыл жендеттердің қолынан өлім тапқан. Кезек Әбікенге келгенде, бұл кісі бас сауғалап, көрші қырғыз еліне өтіп кеткен. Сөйтіп, қағынан жеріген құландай өзге елде шерменде күйде жүрген күйшіні сол кездегі совнарком Сәкен Сейфуллин Алматыға алдыртып, театрға қызметке тұрғызып, қолынан келген жақсылықты жасап баққан. Яғни, Сәкен мен Әбікен бір-бірін бұрыннан жақсы білген. Тыныш заманда Сәкендей сұңқар ақын күйшінің өнеріне тәнті болып, жанынан тастамай алып жүрген екен.

Әбікен Хасеновтің қазақ музыка өнері тарихына сіңірген еңбегі – бұл кісі Тәттімбеттің бірнеше күйін Латиф Хамидиге айтып, нотаға түсіртіп кеткен. Қыздарбек мектебінің өкілдері саналған Әбди, Мақаш, Сембек, Ақмолда сынды шертпе күй шеберлерінің мол мұрасын бүгінгіге жеткізген де бір өзі. Және де бұл кісі өз жанынан күй шығарған аса дарынды сазгер де болған. Оның «Қоңыр» деп аталатын күйі кезінде заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтен жоғары баға алған, классикалық музыка туындысы дәрежесіне жеткен күй. Жоғарыда аттары аталған күйшілердің барлығы да Әбікен Хасеновтің аталас туыстары. Тағы бір қызғылықты дерек – қазақтың классик композиторы Сыдық Мұхамеджанов та осы атаның бір баласы.

Ел ішіне кеңінен тарап кеткен әңгіменің бірі – атақты Сәкен Сейфуллин дүрілдеп тұрған дер шағында Кәрсөн Көпбайдың Мақашының ару қызы Баһарға қырындап келіп, Киікті ауылының маңындағы жер жәннаты Шалтастан шығып келе жатқанында әдейілеп жолын тосқан Сәрінжіп ақын ат үстінде тұрып былай деген екен:

– Қыранша қонып Шалтасқа,

Қарғаша бұқтың жартасқа.

Қызымыз саған бармайды,

Опасыз дейді жолдасқа.

Сонда Сәрінжіп әкеміз сұлулардың көзқұрты Сәкендей сұңқар ақынның серілігін меңзеп айтқан ғой. Сөзден сүрінген Сәкен: «Әй, Сәкем-ай, сөзің неткен алтын еді…», – деп аттың басын кері бұрған дейді.

Жаңағы Көпбайдың Мақашы деп отырғанымыз Әбікен Хасеновке немере аға болып келеді. Бұл кісі де дәулескер күйші, Қыздарбек мектебінің ірі өкілі. Ал оның әкесі Көпбай осы өлкеде болыс болып, ел билеген, Арқаға имандылықтың дәнін егіп, медресе ашқан ағартушылық бағыттағы тұлға. Яғни, Сәкеннің күйші досы Әбікенмен ел аралап жүргенінде Баһар апамызға көзі түскен болса керек…

Сәрінжіп ақын 1924-28 жылдар аралығында ауылдық кеңес төрағасы қызметін атқарып, тарыдай шашыраған елдің басын біріктірген. Бұдан кейін 1933 жылы Тағылы тауының түстігіндегі «Қаражартас» деген жерден «Жас терек» атты мойынсерік ұжымшарын ұйымдастырады.

Сарыарқаның саңлақ ақыны Сәрінжіп Әзбергенұлы 1935 жылы дүниеден өтті. Шет ауданындағы атақты Тағылы тауының бауырына жерленген.

Сәрінжіп ақыннан Құсайын, Хасен, Бөден, Кәріғұл, Шөкей есімді бес ұл туады. Бұлардың ішінен бөле-жара Хасен Сәрінжіповті айтуға болады. Бұл кісі 1904 жылы Мойынты болысына қарасты Шалтас деген жерде дүниеге келген. Жас кезінде молдадан сауат ашып, тіл сындырыпты. 1930 жылы Қарқаралыдағы мұғалімдер даярлайтын педагогикалық техникумды бітіріп, Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлыда ұстаздық еткен. Мектеп директоры болған, партия-кеңес ұйымдарында түрлі қызметтер атқарды. 1939 жылы Мәскеудегі Одақтар үйінің Колонна залында КСРО Жоғарғы Кеңесінің төрағасы М.Калинин ақсақалдың қолынан Еңбек Қызыл Ту орденін алған. Ұлы Отан соғысы кезінде Шет аудандық халық депутаттары атқару комитеті төрағасының орынбасары болып қызмет етті. 1949 жылы Қайрақты кенішіндегі орта мектепке директор болып тағайындалып, осы жерден зейнет демалысына шыққан еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз. Әр кездері жазған өлеңдері мерзімдік баспасөз беттерінде жарық көріп отырған. 1980 жылы өмірден өтті.

2004 жылы Шет ауданының азаматтары жоғарыға ұсыныспен шығып, Қайрақты орта мектебіне Хасен Сәрінжіпұлының есімін беру жөнінде бастама көтерген болатын. Бірақ, осы іс аяқсыз қалып, күні бүгінге дейін шешімін таппай келеді. Халқына қалтқысыз қызмет етіп, өскелең ұрпаққа ілім-білімнің нәрін сепкен Хасекеңдей тұлғаға қандай құрмет көрсетілсе де артықтық етпейді.

Хасен Сәрінжіповтен Валерий, Маркус, Мәкен, Бәкен деген төрт ұл бар. Солардың ішіндегі Бәкені қазіргі Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің әкесі.

Ауылдағы ақсақалдардың айтуынша, болашақ министр жас кезінде Шет ауданындағы ағайын-туыстарына келіп тұрған көрінеді. Қазақ елінің ілім-білім саласын басқару тізгіні сеніп тапсырылған азаматтың осы өңірдің әйдік тұлғасы Сәрінжіп ақынның ұрпағы болғаны, атаға тартып туғаны, ата жолын қуғаны – елдегі жұртқа мақтаныш.

Қайрат ӘБІЛДИНОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Мақала Елдос Тоқтарбайдың Facebook-тегі парақшасынан алынды

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2055