Сәрсенбі, 25 Желтоқсан 2024
46 - сөз 7164 0 пікір 30 Қыркүйек, 2015 сағат 12:43

КУНДУЗ ҺӘМ ТАЛИБАН

2003 жылы шілдеде Кундуз Ауғанстан үкіметінің қолына енді өтіп, ес жия бастаған кезде комендант сағаты жарияланған қалаға деректі фильм түсіру тобы түн ортасында жетіп, жолымызды кес-кестеген сақшылардың оғы астында қала жаздап, төбесі бүтін қонақ үй таба алмай, UNICEF-тің кеңсесіне кіре алмай, орталық мешіттің құлыптаулы қақпасынан қайтып, ең соңында Солтүстік Альянстың штаб-пәтерін тауып жан шақырып едік.

Қапырық ыстықта әлгі үйшіктің ішіне сыймай, иістенген төсеніштерінен жиіркеніп, ауласына шығып, тақыр жерге жата кеткенбіз. Көрдей қараңғы қаланың бір шетінде баданадай жұлдыздары самсаған барқыт қара аспанға қарап жатып ұйықтаған сол түн есімнен шықпайды. Бес сағаттан соң алагеуімде қатты ұйқыдан шошып ояндым. Сөйтсем аузыма бір кішкентай жәндік кіріп кетіпті. Қарғып тұрып түкірініп, соңғы бөтелке таза сумен қайта-қайта шайынып, қалған серіктерімді ояттым. Балхта Дустум мен Мухаммад Аттаның соғысы қайта басталып кеткенін, Кабулға қайтар жолдың жабық екенін білеміз. Оның үстіне Саланг туннелін енді бір кесіп өтсек, өкпеміз өшіп қалатынын да сеземіз. Жол бойы Бағлан мен Пул-э Хумридің канализация арығының үстіне салынған шайханалары мен екінші қабаттағы "туалет-тесік" арқылы толатын бірінші қабаттағы "тыңайтқыш" толы бітеу бөлмелері бар "ресторандарының" тамағынан қайта ұшынғымыз келмейді. Сол себепті Кундуздан Пяндж өзені арқылы Тәжікстанға пароммен өтуге бел байладық. Бір айдай ыстық су, жұмсақ төсек пен дәмді ас көрмеген пақырларға сол кезде Тәжікстанның өзі жұмақ көрініп еді. Ал паром үстінде қайыршылық пен соғыстан қашып Тәжікстанға жұмыс іздеп бара жатқан ауған жастарын көріп жүрегім қатты ауырған. Бәрінің үстінде Батыс елдерінен келген атам заманғы "secondhand" киім. Атам заманғы екені дизайнынан көрініп тұр - әкелеріміз киген "колокола" шалбарлар мен жағасы иығына жететін костюмдер. Кейбірі костюмді көйлек орнындағы ақ майканың сыртынан киген. Сол Кундуз қаласы дүйсенбі түстен кейін 14 жылға ғана созылған тыныштықтан соң қайта Талибанның қолына түсті. Үйлердің төбелері қайта қирап жатыр, байы әуежай арқылы, кедейі Пяндж арқылы қайта сыртқа қашып шығуға тырысып жатыр. Бұл бейбақ қала осыншама оңай талибтерге беріле салатын болса, 14 жылғы инвестиция мен интеграцияның не құны қалды деп қайран қап отырмын.

Ғалым Боқаш

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036