БАЯННЫҢ ЖАРНАМАСЫ «БАЯНДЫ» БОЛА БЕРЕДІ
Редакциядан: Кеше Abai.kz ақпараттық порталында Qazaquni.kz сайтынан алынған шағын мақала жарияланған-ды (Қараңыз: http://abai.kz/post/view?id=4744 ). «БОТҚА-ШОУ: БАЯННЫҢ БАЯНСЫЗ ЖАРНАМАСЫ МА?» деген тақырыппен берілген сол мақалаға байланысты Хабар арнасынан көрермен аудиториясына жол тартқан «Жанды дауыс» бағдарламасының атқарушы продюсері Гүлнұр Мамасарипова қарсы уәж білдіріп, мәселенің мән-жайына тоқталыпты. Әр уақытта ашық ойлардың алаңы болып келе жатқан Abai.kz порталы оқырман қауымға енді Гүлнұр ханымның сөзін жеткізуді жөн көрді.
Әлқисса... «Жанды дауыс» ботқа-шоу Баянның баянсыз жарнамасы ма?» деген «креативті» тақырыппен бірнеше сайтта жарияланған, әлеуметтік желілерде қызу талқыға салынған «быламық мақалаға» уәж.
Мақаланың мәтіні «Бұл шоу қай тілде?» деген сұрақтан басталады. Жауап: Бағдарлама – екі тілде. 70/30! Әу баста тапсырыс солай. «Хабар» телеарнасының бекітілген форматына сәйкес. Ұлттық Арна 100 пайыз қазақшаланды, бірақ «Хабардың» тілдік саясатын бекітетін Баян Есентаева емес. Бұл – бір.
Екіншіден, «Жанды дауыс» жалғыз Баянның өнімі емес. Жүзге тарта шығармашылық, техникалық, логистикалық , әкімшілік сияқты топтардың ортақ өнімі.
Үшіншіден, бұндай форматтағы шоу-бағдарламалар «тегін» немесе «тиын-тебенге» жасалмайды, шығыны да, машақаты да көп. Айтайын дегенім, форматы шоу болғанымен, қияметі қыруар. Біз мемлекеттен берілген қаражаттың әр тиынына дейін есеп береміз. Оған күмәндәріңіз болмасын.
Тағылған айыптың тағы бірі, «Хабар» арнасы Баян Есентаеваның жекеменшік арнасына айналып кеткен» дегенге саяды. Неге екенін білмеймін, жалпы мемлекеттік арналардың тапсырысымен бағдарламалар жасайтын тек «Shine production» сияқты. Статистикаға сүйену дегенді білуші едік біз кезінде. Ақпарат жинайтынбыз. Қазір ешкімге дерек керек емес. «Ботқаны» тәрелкеге салған сияқты «былш» еткізеді де отыра береді. Ешкімнің аузына қақпақ бола алмайсың, дегенмен «журналист» деген дипломы барларды түсіне алмаймын. Сын айту үшін ең беріден қайтқанда, телевизияның «кухнясымен» (бұл сөздің қазақшасын білемін, бірақ, телеарналарда ауызекі тілде осылай айтыла беретіні бар) таныс болу керек қой. «Операторлар кейде ән айтып жатқан адамды ұмытып кетіп Баянды түсіре береді» дей салыпты мақаланың авторы. («Тауып айтқан» қыңыр сөзіне өзі риза шығар бәлкім). Бұл жайында тәптіштеп ештеңе дегім келмейді, монтаж жасап жүргендер біледі.
«Біреудің жеке басына» нұқсан келтіру, негізі Алланың да, заңның да алдында дұрыс емес. Сол жерде отырған әншілердің бәрі «әншісымақ» болып шықты. Ән айту да Құдайдың берген өнері екенін мойындамау да «кесірлік». «Алдымен пышақты өзіңе сал, ауырмаса кісіге сал» деп отыратын ауылда үлкендер. «Бетбақтыққа» салып, «сен ақынсымақсың немесе журналистсымақсың» дей салысам қалай болар еді, ағасы? Сөзге де, сынға да «абай» болу керек емес пе? Рас, жұрттың бәріне ұнау мүмкін емес. Талғам да әр түрлі. «Баянды жақсы көруге» ешкім де міндетті емес! Бірақ, тағы да айтамын, сын сапалы, орынды сын болсын!
Енді сіздер көрмеген немесе көргілеріңіз келмеген мәселелерге тоқталайын.
«Жанды дауыс» ең алдымен қаншама жас өнерпаздың өміріне өзгеріс алып келді. Шоу енді ғана басталды. Сол жерге шығып ән айтып жатқандардың бәрі қазақ, бәрі ауылдан шыққан таланттар! Басқа тілде ән айтса, оның несі айып? Бұл бір бағдарламамен шектелмейді. Әлі талай ән шырқалады. Музыкада тіл жоқ дегенді әлем баяғыда мойындап қойған жоқ па? Шоудың соңында қашама жас талант продюсерлерден шақырту алады. Олардың арманы әнші болу. Сондықтан да олар үшін бұл таптырмас мүмкіндік (Енді әнші болуды арманадмау керек дей алмайтын шығарсыздар).
Айта берсең әңгіме көп. Мақсат – ақталу емес. Баянды жақтау емес. Айтайын дегенім, мынау: әлеуметтік желіде батыр болғанша жоба жасап көріңіздер. Көпшілігіңізде кезінде ондай мүмкіндік те, өкілеттік те болды. Қолбайлау болған баяғы Баян ба? Әлде...
Бәрін айт та бірін айт, сол Баянның жырын айт. Сіздер жырлаған сайын Баянның жарнамасы «баянды» бола береді.
P.S. Ресейден көшіріп алған демей-ақ қойыңыздар. Жалпы, телевизия индустрия ретінде дамыған сала. Жаңалықтар, сараптама, ток-шоу, әлеуметтік, әдеби, шоу... Бәрінің форматы ұқсас. Тілі, идеологиясы, менталитеті, болмысы, табиғаты ғана бөлек. Сауатты, көргенді, оқыған адамдар осыны түсінеді деп ойлаймын.
P.S.2 «Баян өмірі қазақша сөйлемейді» дегендерге айтарым, Баян осыған дейін «Еларна» тееларнасында үш жыл қатарынан көрсетіліп, жоғары рейтингке ие болған «Саз әлемін» қазақша жүргізді, «Хабар» арнасында көрсетілген «Жұлдызды дода» бағдарламасының екі кезеңін қазақша жүргізді. Ол қазақ тілін білмейді, түсінбейді емес, біледі, түсінеді! Ойын қазақша жеткізуде қиындыққа тап болады. Ал, біздің қоғамда жаны қазақ болғанымен ойын орысша жеткізетіндер бір Баян ғана емес шығар!
Гүлнұр Мамасарипова,
«Жанды дауыс» бағдарламасының атқарушы продюсері.
Abai.kz