ШЕНЕУНІК ҚАЙТСЕ ЕСЕРЛІК ЖАСАМАЙДЫ?
Абай: «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық – Аздырар адам баласын» деп еді...
...Астанадағы «Сарыарқа» сауда орталығының кинотеатрында тағы бір тамағы тоқ, көйлегі көк бала – Премьер-Министр Кеңсесінің бас инспекторы Болат ТУРАКЕЛДИЕВ-тің ұлы – Қуаныш Болатұлы Туракелдиев (суретте) 21 жастағы қазақтың жас қызының ішінен теуіп құлатып, көргенсіздік жасады...
Егер осы қыздың орнында Қуаныш Туракелдиевтің туған анасы, әпке-қарындасы, жары немесе қызы болса, не қылар еді?!.
Меніңше, мәселені дәп осылай қабырғасынан қойып, қоғамдағы қарны тоқ надандардың ыстығын басып, ынсапқа келтіру керек. Басқаша айтқанда, мемлекеттің, яғни, халықтың байлығын қымқырудан қарны тойып, ішектері майланып-ісінгендердің жақындарының «ішінен теуіп құлатқандай» дүмпу-әрекет жасау керек. Әйтпесе, мұндай надандық ұлттық індетке аналып барады.
Алдымен, 2013 жылдың 11 қыркүйегінде «Қазинвестбанк»-тің Директорлар кеңесінің 35 жастағы мүшесі Дархан Маратұлы БОТАБАЕВ «Эйр Астана» әуе компаниясының Алматы қаласындағы кеңсесінде қатардағы қызметкері, қазақтың қызын боқтап-боралап; ауызынан ақ ит кіріп, көк ит шығып; ақырында, бойжеткеннің бетінен жұдырығымен бірнеше мәрте қойып қалды...
Егер бет ауызынан соққы алған қыздың орнында Дархан Ботабаевтың туған анасы, әпке-қарындасы, жары немесе қызы болса, не қылар еді?!.
Не керек, жәбірленген қыз құқық қорғау құрылымдарынан әділдік таппай жүргенде, бықсыған түтіннің жалындаған отқай айналып кетуінен зәресі ұшқан Дархан Ботабаев бойжеткеннің ізін аңдып, гүл сыйлап... әзер дегенде әупірімдеп кешірімін алды...
Сосын, көп ұзамай-ақ, 2013 жылдың 1 желтоқсанында келесі бір жоғарғы шенді шенеунік, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы Құрылыс департаментінің басшысы Қажымұрат ҮСЕНОВ-тің 23 жасар баласы Мақсат Үсенов BMW X6 маркалы көлігімен жолаушылар жолына шығып кетіп, бірден 6 адамды қақты. Бір кісі сол жерде көз жұмып, қалғандары жарақат алды.
Мақсат Үсенов небәрі 45 күн қапаста жатып, 500 мың теңге айып төлеп, жүргізуші куәлігінен 2 жылға айырылды. Бірақ, тамағы тоқ Мақсат еш саспай, куәліксіз-ақ көлік айдап жүріп, тағы бір жол апатында әйелді жарақаттады...
Егер жарақат алған әйел Мақсат Үсеновтің туған анасы, әпке-қарындасы, жары немесе қызы; ал, көз жұмған жігіт туған әкесі, ағасы-інісі немесе баласы болса, не қылар еді?!.
...Арада 2 жыл да өтпей, тағы бір шенеуніктің ұлы Қуаныш Туракелдиев қазақ қоғамына билік пен байлықтың күшін көрсеткісі келді...
Әрине, қоғамның «ыстығын» түсіру үшін «Болат Туракелдиев қызметтен кетуге арыз берді» (Бірақ, әлі кеткен жоқ. Қ.Ғ.), «Қуаныш Туракелдиев өз қылығына өкінеді», «Болат Туракелдиев ұлының қылығы үшін кешірім сұрайды», «Қуаныш Туракелдиевтің есі дұрыс емес секілді...» - деген сынды ертегілер айтыла бастады.
Бұл әрекеттердің мақсаты біреу-ақ – Қуаныш Туракелдиевті түрмеден аман алып қалу. Біздіңше, Қуаныш Туракелдиевтің дені сап-сау. Тек, тәрбие мен тәртіп жетіспейді. Ең қиыны - бұл жігітті бостан өмір «тәрбиелей» алмайды. Қыздың ішінен тебу - моралдық шекараны айыра алмау. Мұндайлар қоғамға аса қауіпті: ертең сіз бен біздің жақындарымыздың ішінен Қуаныш Туракелдиевтің теппеуіне кім кепіл?!.
Әнеки, Қуаныш Туракелдиевті ақтау науқаны басталып та кетті: біреудің мәпелеп өсірген қызының ішінен аямай тепкен қатыгезді кепіл ақша беріп, бостандыққа шығарып алды...
Ал, Президенттің жанындағы Мемлекеттік Басқару академиясы шұғыл түрде «Шенеуніктер мен олардың отбасыларының қоғамда өзін-өзі ұстауы туралы Ереженің» жобасын әзірлеуге кірісіп кетті...
Билік пен байлықтың шектен шығуы – есепсіз дүние мен қисапсыз қаржының буы, басқаша айтқанда, қазақ қоғамында сыбайлас жемқорлықтың асқынуының айқын көрінісі. Сыбайлас (сыбайлас емес те) жемқорлықпен күрес - әрбір шенеуніктің әр тиынына есеп беруден басталғанда ғана біз өркениетті ел боламыз. Жемқорлықты ауыздықтаудың басқа бірде-бір нұсқасы жемісін бермейді.
Жалпы, мен ойлаймын: қоғамның көңіл-күйі мен адамдардың өз ар-намыстарын қорғау деңгейі қаншалықты дәрежеде болса, биліктегілер мен байлардың мінез-құлқы мен пейіл-құлқыны дәп соншалықты дәрежеде болады. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін шындық.
Тілге тиек етілген билік пен байлық иелерінің бассыздығы – мыңнан бір ғана мысал. Мұның өзі өркениеттің арқасы – видеокамераға түсіп, қолға түсіп қалғандар...
Ал, күн сайын шалғайдағы аудан мен алыстағы ауылда шенеуніктер пен бай-бағландардың тарапынан қаншама әділетсіздіктер орын алып жатыр десеңші! Мұндай мониторинг жасап жатқан ешкім жоқ. Момын қазақ «құдай табар» деп жүре береді...
Шынында, билігі мен күйлілігі тасынғандар қазақты алдағанымен, құдайды алдай алмайды. Шеттерінен қармаққа түскен сазандай қайраңға шығап қалып жатыр...
Ең әділі, әрине, Бір Алла Тағала!
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
Abai.kz