Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 7383 0 пікір 21 Қыркүйек, 2015 сағат 08:15

ЖИГМОНД МОРИЦ. ЖАБАЙЫЛАР

Жигмонд Мориц (1879-1942)

Кішкентай ит − пули, құлағын тіктеп, иіскеленіп, біраздан соң азу тістерін көрсетіп, үре бастады.

− Не болды?- деді қойшы.

Ит одан бетер шәуілдеді.

− Қалалықтар ма?

Ит бір сәтке тына қалды.

− Әлде далалықтар ма?

Қайта абалады.

− Неге сонша шәбелендің?

Қойшы енді үрген итке көңіл аудармай,  есегінің көлеңкесінде ықтап,  тонының үстінде аунап жатa берді.

Біраз уақыттан соң екі командор[1] да бөтен біреулердің келе жатқанын біліп,  иесіне қоңыраулатқандай үре бастады. Тіпті әлдебіреу терісін сыпырып жатқандай, ащы дауыспен үреді.

Қожайын пулидің үруінен қойшы досының жақындап келе жатқанын бірден түсінді.

Әлден уақыттан соң, алыстан есекке мінген екі қойшының қарасы көрінді.  Есекпен аяңдап келеді, ал екі ит аяқ астарынан шәуілдеуін қояр емес.

Пули иесінің аяғына оралып, шәбеленуін тоқтатпады.

Комондорлар сабаларына түсті, қойшының тағдырластарын таныған сыңайлы. Иттерді де таныса керек, тынши қалды, сонан соң қайта өлеңдетіп бір-бір шәуілдеп барып тоқтап, үруге көп ықылас танытпады.

Тек пули пышақпен іреп жатқандай, ышқына үрді.

Екі қонақ отарға әбден таяғанда, комондорлар келген иттерге араласып, бір-бірлерін жерге жығып, тістелеп жанталасты. Қойшының бірі есегінен еңкейіп, таяғымен басынан ұрып сеспей қатырмақ болуға ұмтылды да, бірақ ұрмай, тонға қарай aяңдады.  

− E-е-ей!

− „Ей”,- деме, -ей!

Қойшы шынтақтай көтеріліп, жақындап келе жатқандарға қарады.

Қойыңдар енді!- деді саңқылдап иттерге.

Бұған төбеттер енді бір-бірін сондай қатты жұлқыласпай, біраз саябырлай қалды.  

Бір қонақ жерге түсіп, үйректей маңғаз басып қожайын қойшыға жақындады.

− Құдай жарылқасын.

− Сені де жарылқасын.

Бұл сыпайылық танытып, орнынан тұрды, қонақтың кісі сыйлайтындай қасиеті жоқ еді, дұшпаны болатын. Өткенде чардада отырғанда, оның отарын  дала қожайыны деп салды.  Неге олай дейді? Қайда көңілі қаласа, сонда мал жаятын ол кім еді сонша?

Адам көңіліндегі мен ойындағыны бірден жайып салмайды ғой. Екеуінің қолын алып:

−  Түс, бауырым, − деді.

Екінші қойшы да есегінен түсіп, екі есек қаңтарылды. Есектер орындарынaн тапжылмай, қонған сонадан қорынып, терілерін дірілдетіп тұра берді. Құлақтары ғана қозғалады, дыбыс жоқ.

Екі қойшы есектің үстінен тондарын алып, шөбі күйіп кеткен тақырлау жерге жайып, жастана кетті. Бір-бірлеріне қарсы жайғасып, алысқа қарап отырды. Тіл қатыспады.

Үш қойшының да отар қойлары бар еді. Анда-санда той-томалақ, базарға келгендері болмаса, жыл бойы күндерін қой соңында өткізіп, ауылдарының бетін көрмейтін. Күн қақтаған түз адамдары болатын. Айналаларында көкжиектен басқа ештеңе жоқ: көкте бұлттар айналып, жерде шегірткелер секіреді.  Сонау жерде жабайы алмұрт ағашы ғана қисая мұңайып тұр.

Отар алыста болатын, қойшының өгей баласы бағып жүрген. Қойшының он екі жасар баласының басында −  қалпақ, үстінде − шекпен. Тұрған бойы − осы, балаға тән аздаған әуесқойлығы да бар. Кеш қарая отарды қайырып, әкесіне де жетті.

Бұлар болса әлі тым-тырыс отырған. Қойшы халқы күні бойы үндемеуге бар. Бастары қосылса,бірге үнсіз отырады. Біреулер келіп-кетіп жатса да, пысқырмайды.

− Әйеліңізден не хабар? - деді қонақтың бірі үнсіздікті бұзып.

Тіл қатқан  ірі жирен еді. Секпіл бет, денелі кісі. Көзі көк, жирен мұртты. Қалпағы қасына дейін түсіп тұрғандықтан, шашының қандай екенін білу мүмкін емес.

Екінші қойшы да бір қозғалып қойды. Ол кішірек, таңқы мұрын, жылтырақ көзді еді. Шылым түтігін сорып, бір жаққа қарап отыр. Үндемеді.

−        Келіп кетті.

−       Қашан?

−       Бір апта бұрын.

−       Енді қашан келеді?

−       Сәті түскенде келер.

−       Азық бар ма?

−       Тіскебасар бар.

−       Екі аптаға жете ме?

−       Он күнге.

−       Он күн деші …

Бұлар тағы үнсіздікке батты.

Бала да тым-тырыс тұр. Қисық таяғына сүйеніп, үндемей қонақтарға қарап қалған. Бұлардың ойында не бар, не үшін келді? Білгісі келеді, айтуға бата алмады. Сөйлескісі де келмеді.  Қойшылар сөйлескісі келмесе, бұның да сөйлесуге зауқы жоқ. Асығатын не бар?

Күн ұясына кіруге шақ тұр. Ол да мына үш адамға әуесқойлықпен қарап:  „Бұлар кімдер? Ойларында не бар?”,- деп қарап тұрғандай. Көп ұзамай ол да өз отарымен қорасына кіретініне өкініп тұрғандай. Мүмкін оған дейін істің шеті көрініп қалар?

Ештеңенің ұшы шықпады, себебі үш адам сол орындарында аяқтарын айқастырып қойып, мүштікті темекілерін сорып жата берді.

Қожайын  қойшы ғана бір сәт отарын іздегендей жан-жағына қараған болды, әсілінде таяғы өзіне таяу жатқанын білгісі кеп еді.

Күн ұясына кіргенде, істің шеті көріне бастады. Үстерінен құстар арлы-берлі ұшып жүр. Ұсақ құстар топ-тобымен пыр-пыр етіп ұшады. Шыбын-шіркей шөп арасынан бұлттай қаптап көтеріліп, құстар соларды қуып әбігерге түскен.

−       Тыңда бері.

−       Не?

−       Қайыс белдігің бар ма?

−       Бар.

−       Былтыр қоштасқанда көргенмін, жезбен көмкерілген-ау деймін?

−       Иә, дәл сондай.

−       Соны маған сат

−       Сат дейсің бе?

−       Иә.

−       Сатпаймын.

−       Неге?

−       Неге сатпайсың?

−       Сатылмайды. Өзім үшін жасағам.

−       Өзіңе ме?

−       Иә, өзіме және ұлыма.

−       Ұлыңа да ма?

−       Иә, соған да.

−       Екеуіңе дейсің ғой?

−       Дәл солай.

Солай десті де тағы үндемей қалды.  

Ымырт үйірілді. Қараңғынын тез түскені сонша, „үф” деп шырақты үрлеп өшіргендей лезде тас қараңғы болды да қалды.

−       Сонымен сатпайсың ба?

−       Айттым ғой.

Бұған анау дәу қойшы таяғын алып, ақырын өзіне жақындатты, орнынан тұрайын деген секілді. Қойшы қозғала алмай қалды, қауіптеніп, тықсырыла берді.  

−       Бұл соңғы сөзің бе?

Осы сәтте қожайын орнынан атып тұрды. Ана екеуі жабыла кетті.

Таяқтар шарт-шұрт айқаса кетті. Екі таяқ бір таяқты ұрып, сонан соң бір таяқ қожайынның басына тиді.

Омақасып түсті.

−       Сол үшін келіп пе едіңдер?

Басқа сөз айтуға шамасы келмеді, аналар  әп-сәтте жанын жәһаннамға жіберді. Қойшы жансыз қалды, ал ана екеуі сонда да таяқтап жатыр.

Жеткіншек қастарында сілейіп қарап тұр. Бәрі көзді ашып-жұмғанша болды,  бала қозғала алмай қатты да қалды.

−       Шеш әкеңнің қайыс белбеуін!- деді жирен − Шеш деймін жылдам!

Бала өң-түссіз, аналарға жалтақтай қарап, әкесінің қасына барып, белінен қайыс белбеуді шешіп алды.

−       Әкел мұнда!

Бала қайыс белбеуді көтеріп, екеуінің қайсысына берерін білмей сасқалақтап  қалды. Сөйтіп қарап тұрғанда, басына таяқтың қалай тигенін аңғарған да жоқ. Төбесіне шарт тиген таяқтан құлап түсіп, лезде жан тапсырды.

Төрт ит түкке түсінбей тұрғандай еді, енді естері кірді. Екі комондор ана екі  итке тап берді, бір-бірлерінің алқымдарынан алып, алыса кетті. Қан шашып, арсылдап, қыңсылап, жұлысты.

Пули жирен қойшыға секіріп, аяғынан тістеді. Қойшы таяғымен ұрды, бірақ бірден өлтірмеді.

Төрт комондорды қараңғыда тану мүмкін емес еді. Бір-бірін талап жеді.

Екі пенде тік тұрып, таяқтарына сүйеніп, иттердің ісін бітіргенін күтіп тұрды. Бәрі бітіп, қан-жоса боп, жараларын  талап жандарына келгенде, жирен қойшы:

−       Қазыңдар!- деп бұйырды.

Екі ит жер қазуға кірісті. Көр қаза бастады. Бірақ жуық арада бітіретін түрлері жоқ.  

Екеуі есектің арқасындағы қысқа сапты күректі алып, иттерге көмектесті.

Көр дайын болғанда, тапал қойшы баланы шұңқырға тастады. Ал жан тапсырған қойшы  болса − денелі.

−       Қайыс белбеуі міне, -деп мойнына байлап, сонымен сүйреді.

Ай қара аспанның қақ төсіне қадалғанда, қонақжай қожайын мен оның ұлы және үш иті жерге көмілді. Ана екеуі моланың үстіне тезек қалап, от жағып, шошқаның майын шыжғырды. Дәмдеп кешкі тамақтарын ішті.

−       Бұл шаруа бітті,- деді жирен, − енді жылжиық.

Отарларын қозғады. Үш жүз бас қой далада келеді,еріне әрең қозғалады, сонда түнесе де болатын еді. Ұшы-қиырсыз далада неге көшіп жүру керек екенін қойлар түсінер емес, көшу керек болғасын көшеді де. Соңдарынан төрт есек пен жараланған  екі комондор да еріп келеді.

Екі қойшы асықпай-ақ соңдарынан ілесуде.

 

-2-

 

Арада он күн өткенде бір бойшаң, қара торы әйел дала кезіп жүрді.

Үстінде − кенеп көйлек, аяғында мықтап байланған баулы шәркей, басында − кенеп орамал.

Арқасында дорбасы бар, жүрісі жылдам, үш күн жаяулап келеді. Ауыл  тым алыста қалды, күйеуі өз отарына жаюға алыс та болса осы жайылым жердің өзін әрең алған.

Көз ұшында қисық алмұрт ағашы көрінгенде жүрегі өрекпи бастады, отағасы малын сол маңда жаюшы еді.

Aл қазір күйеуі еш жерден көрінбейді.

Күншілік жерде не қоныс, не ауыл жоқ. Тірі пенде жоқ, қу медиен дала. Егер адам әдепкі орнында болмаса, іздеп табу қиын. Жанған ошақтың орнын тауып, қасында біраз отырды.

Бұрын көрген жерлерін аралады. Отардың ізі де көрінбейді.  Жаңа басқан із, немесе ұсақ қойдың құмалағы да жоқ. Бірнеше апта бұрынғы ескі іздер кеуіп қалған. Жаңбыр жауып, боран соғып, іздер баяғыда-ақ шайылып кеткен.

Әйел үңірейген үрейлі аспанның астында  жатып қанша ойланғанмен,  отағасының қайда кеткеніне ақылы жетпей-ақ қойды. Аздап көз шырымын алған соң, басқа қойшыларды табу үшін, күншығысқа қарай бет алды. Мүмкін солар күйеуі туралы бірдеңе айтар.

Будақтаған көңілді түтін шыққан жерге жетті-ау ақыры.

Оттың жанындағы отағасы емес екенін жанған оттан-ақ аңғарды. Оның от жағуға зауқы болмайтын, тамақты құрғақтай, суықтай жей беретін. Таңғы асқа ешқашан от жақпайтын, нан мен шошқа майын, сарымсақ жейтін. Tүстікке немесе кешкі асқа құрғақ кеспе немесе көже пісіруге от жағатын, оның өзін де бала үшін әзірлейтін.

Алпамсадай иттер арсылдап бұған қарай ұмтылды, бірақ  бұл қорықпады. Иттің тілін түсінетін қойшының қызы, қойшының жары емес пе?! Иттер үргенімен, тиіспеді.

−       Қайырлы күн, жақсы адамдар, -деді әйел отқа жақындап.

Алып жирен қойшы алдынан шықты, қасында тағы үш бақташы бар.

−       Менің мырзам отарымен қайда кетті екен? Көрген жоқсыздар ма? Мырзам малды күнбатысқа жаюшы еді.

−       Үш жүз қойын ба?

−       Үш жүз қой … Иә. Дәл солай. Бодри қойшы. Аты солай еді.

−       Тізе бүгіңіз, әпке.

Әйел состиып тұр, енді асығыс айтатын сөзі болмаған соң, отырды. Қойшыға ұқсап, тізерлей жайғасты.

−       Мырзаңыз қайда екенің білмеймін. Күнбатысқа кеткен.

−       Қайда кеткенін айтпады ма?

−       Оны айтпады. „Дунайдың арғы бетіне кеттім”,- деді.

−       Дунайдың арғы бетіне?

−       Осы маңға келіп кеткеніне он екі әлде он үш күн болды ғой деймін. „Бұл жақтан алысқа кетуім керек, себебі шабармандармен бір дауым бар,”- деген сияқты болды.

−       Менің мырзамның ба?

−       Иә, соның.

−       Шабармандармен?

−       Заңмен.

Ешқашан ол туралы айтпап еді. Екі апта бұрын келіп қайтқанда, бұл туралы тіс жармаған.

−       Сөзге жоқ адам еді.

−       Сөзге жоқ адам болса, болар, бірақ осыны айтты.

Қазанды араластырып тұрған шанышқысын әйелге ұсынды:

−       Алыңыз.

−       Алам ғой.

−       Алыңыз, өз асыңызды ішкендей болыңыз. Сізден аямаймын.

Әйел тек басын шұлғыды. Шанышқыны алмады, қазанға салмады. Ет балбырап піскен, дәмді еді. Бұл адамдардың өмірі таңнан-ақ тамаша басталған.

Қойларға көз салды. Қойы мен қозысы аралас екен. Өз қойларын көргендей қарай берді, қарай берді. Егер мырзасы кетіп қалса, енді қойды да, қозыны да көрмейтін болады.

−       Осында келгенде есімде қалғаны қайыс белбеуі бар еді, жезбен көмкерілген, - деді жирен қойшы.

−       Иә, оныңыз рас.  Қайыс белбеуін жақсы көретін, белінен тастамайтын.

−       Сұрап едім, бермеді.

−       Жоқ, оны жалғанда ешкімге бермес еді.

−       Бәрін берем деп уәде бердім, миземей қойды.

−       Менің мырза жаным …− деп қолын қусырды әйел.

−       Сұрағаным сол еді, дереу кетем деді.

−       Мен туралы бірдеңе демеді ме?

−       Жоқ, сұрап едім, жауап бермеді.

−       Бір ауыз сөз айтпады ма?

−       Бар айтқаны: „Келіп кетті”. Қашан?- деп едім: „Бір апта шығар”− деді. Осыны айтты.

−       Бір апта шығар? Солай деді ме?

−       Солай деді.

−       Онда бір апта бұрын осы жерде болған болды ғой?

−       Бір апта бұрын ғана ма?

Әйел ана жігіттерге айнала қарап шықты, олардың ешнәрседен хабарсызын байқады.

−       Мыналар көрмесе, сол кезде осы жерде болмағандары ғой.

Сонда бұлар қайда еді?

−       Әрқайда.

−       Жаңа келген адамдар ма?

−       Жаңа адамдар емес, тек ол келгенде бұлар жанымда болған жоқ.

−       Сонда мырзам не үшін келіпті?

−       Жай келді. Отарымен аялдады. Самарқау көрінді. Бірдеңе жасырғаны анық, үн-түнсіз күйде жүрді.

−       Дәл өзі,- деді әйел.

Ойлы көздерін алысқа қадап тұр, жүрегі одан бетер шиыршық атты.

−       Ешқандай белгі қалдырмады ма?

−       Белгі? Неге? Қолы сондай ашық емес-ті.

−       Онда ..

Әйел орнынан түрегелді.

−       Қасында бала болмады ма?

−       Бала? Бір рет бір баламен қой жайып жүргенін көргенмін.

−       Иә.

−       Екі комондоры және бір пули иті бар болатын.

−       Дәл айттыңыз.

−       Күтініз, мүмкін күзге дейін қайтып келер. Мүмкін одан да кеш оралар … Үйіңізге қайтыңыз. Мұнда қалсаныз да болады. Бәріміз адамбыз ғой. Бір күн осында аялдаңыз.

−       Дунайдың арғы бетіне кетті дедіңіз бе?

−       Иә, Дунайдың арғы бетіне.

−       Онда мен соңынан Дунайдың арғы бетіне кеттім.

−       Тек күнбатысқа жүре беріңіз.

−       Иә, сұрай-сұрай жетем ғой.

Солай деп әйел орнынан тұрып, иығындағы дорбасын сілкіп, басын бір  шайқады да, кете барды.

Қойшылар соңынан ұзақ қарап ұрды. Ішті, жеді. Күбішеден шарап сораптады. Сонан соң орындарынан тұрып, қойларын қарауға кетті.

Әйел болса жүре берді, жүре берді. Шексіз далаға сіңіп кетті. Күн одан сайын биікке көтеріліп, дала кезіп бара жатқан, ақ кенеп киген қара торы әйелді бағып тұрды. Ал ол болса жүре берді. Үйіне де қайтпады, дала әбден жұтып қойғанша кезе берді. Дунайға да жетті. Қайықты адам оны Дунайдан асырды. Жолын ары қарай жалғады.

Қойшылар мал жаятын жайылым жерлерді іздеді.

Жаз бойы аяғынан таусылды, қар жауғанша бар жерді аралап, барлық отарды көрді, барлық қойшымен кездесіп: „Үш жүз қойы бар, сөзге сараң, кішкентай бір қойшыны көрмедіңдер ме?” - деп сұраумен болды.

Қысқа қарай ауылына қайтты. Есікті қуысқа тыққан кілтпен ашып, үйіне кіріп, қысты үйінде өткізді. Ол келгенше көршілері қарап қалған торайы да үлкейіп, тауықтары, балапандары да көбейіп қалыпты,

Көктем келе үйінде отыра алмады. Пули иттің кішкене күшігі бар еді, сол да  кішкене ит боп өсіп қалған. Соған:

−       Жүр, пули, иеңнің ізіне түсіп келейік,- деді.

Қайта баяғы далаға барды. Арқасына көтергенінше жүк алды. Жаяулап былтырғы отағасын көрді деген жерге келді.

Тағы да  сол үлкен алмұрт ағашын іздеп тапты. Жазды сонда өткізетін кісідей жайғасты.  

Сол жерде екі апта болды, бәлкім үш апта, санамады. Иті − жанында. Азығы таусылғанда, жүгін жинап,  үйге қайтты. Қайта жолазық дайындап, қайта жолға шықты. Ол далада енді басқа қойшы мал жайып жүрген.   

Күндерден соң күндер, жаңбырлы күндер өтіп жатты. Қалай да айналшықтап сол жерден кете алмады. Тұрағы − бір төмпешік.

Тамыз айы болғанда пули әлдене тауып әкелді. Бас киім.

−       Бұл менің мырзамдікі ғой, -  деді әйел − қайдан алдың, пули? Ит бастай жөнелді.

Ит кішкене үйілген құмды қопаруға кірісті. Ашулы, ырылдап қазып жатыр, қазып жатыр.

Кенет бір қол көрінді.

Әйел  құмды тырналай бастағаны сол еді, мырзасы шыға келді. Иістеніп, бүлініп кеткен. Мойнында − жезбен көмкерілген қайыс белбеуі.

Ұлын да тапты. Бала етпетінен жатыр, басында үлкен қалпағы бар, көтеріп еді басында үлкен жарық барын байқады. Анасы көз алды қарауытып кетті, бірақ көзінен тамшы жас та шығар емес. Бір ұрғаннан өліп кеткен. Жаны қиналмаған.

Күні бойы моланың жанында мең-зең боп отырды.  Кешке таяу құм қазып, төмпешік жасап, крес ағаш тікті де жолға шықты. Беталысы – күншығыс.

Tаңға жуық отарға жолықты.

−       Былтыр осы жерде қой жайған жирен қойшы қайда?-деп сұрады.

−       Сегедте.

−       Солай ма?

−       Көп жаман іске ұрынып,  ақ-қарасын тексеруге сот алып кетті.

Әйел түстенбей-ақ Сегедке қарай жүрді.

Үш күн дегенде Сегедке жетті. Бірден тыныштық сақшыларына барып, бәрін баян қылды.

Тыңшылар барып, арбалы атпен жиренді ұстап алып кетті.

Моланы аршып, көргендерін қағазға түсірді. Қайыс белбеуді қойшының мойнынан шешіп алып, Сегедке келді.

-3-

Тергеуші ұсталғандардан сұрақ алуды бастаған.

Қарақшыларды бірінен-соң бірін тергеді.

Сөзден сөзді суыртпақтап, ақыр-соңында жиреннің сансыз ұрлығы мен кісі өлтіргені дәлелденді. Қылмыстың шеті көріне бастады:

−       Саған Бодри қойшы туралы айтып тұрмын.

Жиреннің беті шімірікпеді.

−       Бодри қойшы? Ол әлі тірі ме еді?

−       Тірі ме едің не?

−       Тірісінде аты Бодри қойшы болатын. Ол қайда кетті?

−       Білмеймін, мырза.

−       Сендердің қастарыңда далада мал жайып жүрген. Ұлымен.

−       Мүмкін.

−       Танитын ба едіңіз?

−       Дунайдың арғы бетіне барам деген. Дунайдың арғы бетіне кетті ме екен, соны білу керек. Кетіп бара жатқанда маған келіп кеткен. Заң орындарымен бір дауым бар, күн батарда батысқа қарай кеттім деген.

−       Күн батарда ма, ел ұйқыға кеткенде ме?

−       Ел тынышталғанда.

−       Мен де солай деп ойлаймын. Оның жанын мәңгілікке тыныштандырған сіз боларсыз?

−       Мен бе, мырза?

−       Иә, ұлы екеуін.

−       Жоқ, ешқашан.

−       Қараңыз, сіздің шындығыңыз баяғыда ашылып қойған. Тек бір сұраққа жауап беріңіз. Сізге Бодри қойшы не істеді?

−       Ештеңе мырзам.

−       Ештеңе істемеді ме?

−       Маған титтей қиянат жасаған емес.

−       Онда чардада „Бодри қойшы малын тиісті жерге жаймай жүр”,- деп неге айттыңыз?

Жирен қойшының қасы жыбыр етті.

−       Мен олай деп айтқан жоқпын.

−       Естігендер бар.

−       Оны адам баласы естіген жоқ.  

−       Eстігендер бар,оны жақсы білесіз. Кімге айттыңыз?

−       Айтсам айтқан шығармын, бірақ жаман пиғылым жоқ-ты.

−       Онда қандай пиғылмен айттыңыз?

−       Оған айтқан жоқпын, әр қойшының өзіне тиесілі жерге мал жаюы керек дегенім еді.

−       Үш жүз қойы бар болатын. Солармен қайда кетті? Жердің жарығына түсіп кеткен жоқ. Шындық қой?

−       Шындық.

−       Өзі жоқ болса да, қойларының табылуы керек.

−       Еркек қой ма еді, саулық қой ма еді?

−       Еркек қой болған.

−       Болған, болған. Өзінікі ме еді, қожайының малы ма еді?

−       Ол өзіне ғана мәлім.

−       Сізге не деп еді?

−       Мен онымен тілге келген емеспін.

−       Онда қайдан білесіз?

−       Ел айтты. Көрдім. Жайып жүрген. Тұйық адам еді. Үндемейтін.

−       Үндемейтін?

−       Иә, үндемейтін.

−       Сол сәтте де үндемеді ме?

−       Қашан?

−       Сендер  таяқпен басына ұрғанда. Ұрдыңыз ғой, ұлын қоса.

−       Ұлы да бар ма еді?

−       Бір ұлы болған. Сіз басынан бір ұрғаннан қалмай жан тапсырған.

−       Маған бұлай сөйлемеңіз. Мен оның өзімен де, ұлымен сөйлескен емеспін.

−       Сөйлемесе, сөйлемеген шығар. Үндемейтін болса.

−       Менде неңіз бар?

−       Сіз жеңілдеңіз. Кінәңізді біртіндеп мойындап жеңілдей беріңіз дегенім ғой.

−       Қатысым жоқты мойындамаймын.

−       Ойланыңыз.

−       Ойланатын несі бар?

−       Жандарыңызда күрек те бар ма еді?

−       Күрек?

−       Иә, есекке артқан.

−       Есекке?

−       Істі таза бітіріпсіздер.

−       Мен емес, мырза.

−       Қойды айдап әкеттіңіздер ме?

−       Менің өз қойым бар, мәртебелі мырза, басқаның қойына сұқтанбадым.

−       Қойдын саны әжептәуір еді. Үш жүз. Бодри қойшы адал адам еді. Өз маңдай терімен жиып-терген малы болатын.

−       Онысын білмеймін. Танымаймын.

−       Қой отарымен әлі сізде ме әлде сатып жібередіңіз бе?

−       Маған мұндай сөз айтпаңыз.

−       Әй, сіз де ... Бала емессіз ғой. Одан да ауыр күнәға батып тұрып, үш жүз қой үшін дауласпай-ақ қойыңыз. Құдай алдына таза бармайсыз ба? Бодри қойшы сізді бұл мүмкіндіктен айырмасын дегенім ғой.

−       Мен сізге көмектесе алмаймын.

−       Боқмұрын баладай көзіңізге түкірейін бе?!  Күн батқанда басынан ұрғансыздар, итін де өлтіріп, құмға көмгенсіздер.

Жирен қойшы тістеніп, бақырайып  көзі аларып, тергеушіге бажырая қарады.

−        Бұлай демеуіңіз керек еді, мырза.

−       Жоғалыңыз, оңбағансыз. Көзіме көрінбеңіз!

Қойшы теңселіп қалды.  

−       Жоғалыңыз көз алдымнан. Қойшымын дейді ғой.  Оңбаған ез.  Дарға асылсаңыз да, азаптан құтылмайсыз.  

−       Жасамаған күнәмді мойныма алмаймын.

−        Кет!

Қойшы бұрылды да, ауыр қадаммен  есікке қарай беттеді. Есіктің тұтқасын ұстай берді де, кері шегінді.

Тұтқаға қолы тимеді. Қозғала алмай, мелшиіп, аузы көпірши бастады.

Қолы тұтқаның үстінде ілініп қатып қалды.

Сонан соң қолымен басын ұстап, кері бұрылды.

−       Мәртебелі мырза … Мойындаймын.

Тергеуші ештеңе деместен, көзі шоқтай жанып қарады да қалды.

−        Бодри қойшыны үш жүз қойы мен екі есегі үшін біз өлтірдік.

Сөйтті де басын  төмен салбыратты.

Тергеуші тындап болды да, қоңырауын қақты.

Екі сақшы кіріп келді.

−       Әкетіңдер. Жиырма бес рет дүре соғындар!

Қойшы басын төмен салып, тәлтіректеп есіктен шығып бара жатып: 

−       Көп рақмет, - дей берді.

Тергеуші соңынан қарап тұрып:

− Жабайылар!-деді ызғарлы дауыспен.

 (1931)

Мажар тілінен аударған Раушангүл Зақанқызы Мұқышева


[1] Комондор  мажарлардың төл ит тұқымы. Бұл итті он үшінші ғасырда мажар жеріне монғол шапқыншылығынан қашып келіп қоныстанған қыпшақтар мaжар тілінде (кундар, құмандар)  әкелген екен. 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415